Жаңалықтар

ҚАТЫГЕЗ ҚОҒАМ, ҚАМКӨҢIЛ ҚАРИЯ, БЕЗБҮЙРЕК КЕЛIН...

ашық дереккөзі

ҚАТЫГЕЗ ҚОҒАМ, ҚАМКӨҢIЛ ҚАРИЯ, БЕЗБҮЙРЕК КЕЛIН...

Әртүрлi тағдыр иесi туралы премьера

Әуелде "Жүрейiк, жүрек ауыртпай" спектаклiнiң анонсы қолымызға тигенде, тақырыбына қарап, елеңдегенiмiз рас. Әрi биылғы маусымдағы соңғы премьера болғандықтан, жаңа дүниенi көруге құмарттық. 19-маусым күнi М.Әуезов атындағы драма театрдың сахнасында қойылған бұл спектакльдi көрген жандардың әртүрлi ойлардың жиегiнде кеткенi анық.

Қырғыз драматургi Құрманбек Жәкиевтiң "Жүрейiк, жүрек ауыртпай" атты драмасының желiсiнде қойылған спектакльдi қазақ тiлiне белгiлi театр сыншысы Әшiрбек Сығай тәржiмалапты. Қойылымның режиссерi — Есмұхан Обаев.

Оқиғаның күнделiктi өмiрден ешқандай айырмашылығы жоқ. Тұп-тура көз алдыңызда өтiп жатқан күйбiң тiрлiк. Қамкөңiл қария, безбүйрек келiн, момын күйеу, бағусыз немере. Мұндай оқиғалар әр отбасында болмаса да, кейбiреулердiң арасынан кездесiп жататыны жасырын емес. Көз алдымызда тiзбектелiп өтiп жатқан мұндай сорақы келеңсiздiктердi болдырмау мақсатында, театрдың сахнасына тағы бiр рет алып шыққан сияқты. Спектакльдiң де көтерiп отырған жүгi осы. Қатыгез қоғам мен рухани азғындаған жандарды тәубеге келтiру.

Қария — Сәбит Оразбаев. Белгiлi театр саңлағының көптен берi сахнаға шыққаны да осы шығар. Араға уақыт салып, майталманның сахнаға оралуы да, көпшiлiктiң спектакльдi көруге деген құлшынысын арттырғаны мәлiм. Өзi де қария, бiрақ спектакльдегi рөлiнiң бет-бейнесiн тұп-тура сол қалпында жеткiзуi актер шеберлiгiнiң мықтылығында жатқан шығар. Байқасаңыз, "төрiнен көрi жақын" қиқар шалдың анау-мынауға көне бермейтiнi де белгiлi. Бiрақ, айлакер келiннiң арқасында тұрған үйi мен мал-жайынан айрылып, қалаға келiп төрт қабырғаға қамалып отырысы анау. Тiптi, таза ауа жұтуға да кесепат келiн шығарған "үкiм" жол бермейдi. Содан кейiнгi ермегi қиялындағы бәйбiшемен телефон арқылы тiлдесу. Мұңдасу, шерiн тарқату. Қиқар шалдың ең басты трагедиясы — жалғыздығы. Сыр шертiп, алшаң басып жүретiн ауылдастарынан бездiрiп, қаланың қапас ауасына қамаған бала мен келiнге деген өкпесi "қара қазандай" болса да, iштен тынып әлек. Оны сыртқа шығарғанда да түсiнiп жатқан жан болса, кәнеки.

Ең бастысы, Қазақстанның Халық әртiсi Сәбит Оразбаевтың қариясы өзге құрамдағы актерлердiң қариясынан ерекшеленiп, шоқтығы биiк болары сөзсiз. Араға он жыл салып, театрға оралған актерiн сахнада қайта көру бақытына ие болған көрерменнiң ықыласында да шек жоқ. Жиi-жиi қол соғып, ыстық ықылас сезiмдерiн бiлдiрiп отырды. Бiрақ, маған осы спектакльдiң арасындағы ду қол шапалақтау тiптен ұнамайды. Бүгiнгi көрермен спектакль мен концерттi ауыстырып алған сияқты. Спектакльден алатын тәп-тәуiр сезiмiңнiң күл-паршасын шығарады.

Ұл — Бақтияр Қожа. Спектакльдегi ең бейшара, ынжық, сүмелек күйеудiң рөлiн сомдаса да, бiртүрлi актерге iшiмiз жылып отырды. Әрдайым тәкаппар, паң, өз-өзiне сенiмдi бейнеде көрiнетiн актердi осы бiр рөлде көргенiмiзде, "қалай болар екен?" дегендей дүдәмал ой басым болған. Қайдағы, таланттың аты талант екен. Қабағына дейiн салбырап, "долы" әйелiнiң алдына түсiп алып, томпаң қағып кетiп бара жатқан тұсын көрсеңiз, шынымен, iшiңiзден аяушылық сезiмi оянып отырады. Кiжiнiп келiп, "көкесiн" танытқысы-ақ келетiн күйеудiң қынжылысының бәрi iштен тынып қалады. Қолынан келер дәрмен жоқ. Жұмысы жоқ, бiр кездегi бiлдей зауыттың инженерi ендi әйелге кiрiптар болып отыр. Таксист болып тапқан бес-он теңгесiн әйелiнiң қанағат тұтпасы анық. Сосын, "үндемеген үйдей пәледен құтыладының" керiмен өмiр сүрiп жатқан жайы бар.

Келiн — Данагүл Темiрсұлтанова. Данагүлдiң кейiпкерi "ақ дегенi — алғыс, қара дегенi — қарғыс" боп жүрген безбүйрек әйел. Актрисаның шеберлiгiнде дау жоқ, бiрақ, Данагүлдiң спектакльдiң алғашқы бөлiмiнде өз кейiпкерiнiң рөлiне ене алмай қалғандығы анық байқалады. Көбiне-көп, "Тамашаның" сахнасындағы "келiндердiң" бейнесiне енiп кете беретiнi сезiлiп тұрды. Тек, кейiннен екiншi бөлiмде ғана өз бейнесiн анықтап алғандай. Былай қарасаңыз, спектакльдегi ең трагедиялық бейненi сомдайтын да — осы бақытсыз келiн. Бiр қарағанда шайпау, долы, безбүйрек көрiнгенiмен, көрермен үшiн ең жексұрын кейiптi сомдау да оңай емес шығар. Әрi бұл спектакльдiң алғашқы премьерасы болғаннан кейiн, бiрден "пәлен" деп сын айту да қиын.

Спектакльде түсiнiксiздеу болып өрiлген оқиғалар, екiншi бөлiмде басталады. Қарияның көңiлiн сұрай келген кейiпкерлердiң өз-өзiнен өз бастарынан өткен оқиғаларды айта жөнелгендерiн бiрден қабылдай алмайсың. Мүмкiн, осы бiр тұстарын режиссерге қайта қарау да керек шығар.

Жалпы, спектакль бiзге бүгiнгi бейберекет қоғам мен мейiрiмсiз адамдардың түр-тұлғасын көрсеттi. Өзiмiзге өзiмiз сырткөз арқылы баға беруге тырысып қайттық. "Жүрейiк, жүрек ауыртпай" десек те, көп жүректiң сыр берiп қалғаны анық. Оған адамдардың өзi де, бүгiнгi қатыгез қоғам да кiнәлi шығар, кiм бiлсiн?!

Гүлзина Бектасова