ДIНИ АҒЫМДАРҒА ТОСҚАУЫЛ БОЛА МА?
ДIНИ АҒЫМДАРҒА ТОСҚАУЫЛ БОЛА МА?
Парламенттiң бiр топ депутаты жасаған "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер жөнiндегi кейбiр заң актiлерiне толықтырулар мен өзгертулер енгiзу туралы" Заң жобасы елiмiздiң жер-жерiнде талқыға салынып, түрлi ұсыныс пен тiлектi арқаланып қайтты.
Бiлуiмiзше, қорытынды салыстырмалы кестеге 58 түзету енгiзiлiптi. Көптiң көңiлiн күптi қылған заң жобасы жақында Парламенттiң бiрiншi оқылымында мақұлданды. Жаңа заң бойынша бiрлестiктердi орталық, жергiлiктi және дiни топтар деп классификациялау енгiзiлдi. Сонымен бiрге дiни бiрлестiктердi тiркеу тәртiбi мен оларды тiркеуден бас тартуға себеп болатын негiздер анықталды. Ал, "Әскери мiндет пен әскери қызмет" туралы заңға дiни мекемелердегi оқуды жалғастыруға мүмкiндiк беру үшiн әскер қатарына шақыру мерзiмiн шегеретiн өзгерiстер қабылдануда. Бұдан өзге "Дiни бiрлестiктердiң жасырын тұлғалар мен шетелдiк азаматтардан және ұйымдардан қаржылай және рухани тұрғыдан көмек алуын, садақаны кассалық-бақылау аппаратымен ғана алуды мiндеттеу мен жергiлiктi атқарушы органдардың араласуымен қайырымдылық көмекке есеп жүргiзу туралы" ережелердi заңнан алып тастау ұсынылды.
Аталған құжат бойынша баяндама жасаған Мәжiлiстiң Заңнама және сот – құқықтық реформа комитетiнiң мүшесi Берiк Бекжановтың айтуынша, заң жобасына енгiзiлiп отырған өзгерiстер "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы" Заңындағы конфессия және миссионерлiк қызмет мәселелерiне жаңа түсiнiк қалыптастырып отыр. Сонымен қатар құжат мемлекет пен дiни бiрлестiктердiң ара қатынасын нақтылайды. "Атап айтқанда, онда көрсетiлген мәселелер бойынша дiни бiрлестiктер мемлекеттен бөлек және заң алдында тең. Осыған байланысты мемлекет азаматтың дiнге көзқарасын анықтауға және балаларды ата-анасының дiни сенiм бостандығы құқығын ескере отырып тәрбиелеуiне, сондай-ақ дiни бiрлестiк қызметiне араласпайды. Мемлекет сонымен қатар дiни ұйымдарға қаржылай көмек көрсетпейдi. Елiмiздегi отбасының шырқын бұзуға итермелейтiн, адамның бiлiм алуына кедергi келтiретiн, денсаулыққа зиян келтiретiн дiни ұйымның қызметiне тыйым салынады. Бұған қоса дiни сипаттағы партиялар құруға жол бермейдi", – дедi депутат.
Оның айтуынша, заң жобасында дiни топтарға қатысты мәселелер екшеленiп, осы топтардың құқықтары да нақтыланған. "Атап айтқанда, оларға ғибадат үйiн құруға, жалға алуға немесе ұстауға рұқсат етiлмейдi. Олар кәсiпорындар құрып, миссионерлiк қызмет жүргiзуге құқылы емес. Ал олардың тiркелу тәртiбiне келетiн болсақ, Қазақстанда бұрын белгiсiз болып келген дiни ұйымды тiркеу 6 айға дейiн тоқтатылады. Ал уәкiлеттi орган арнайы ұсыныс түсiрсе, ол ұйым мүлдем тiркелмейтiн болады", – дедi заң жобасын қабылдауға бастамашы болған депутаттын бiрi Б.Бекжанов.
Сол сияқты депутат Серiк Темiрболатов әкiмшiлiк ғана емес, қылмыстық жауапкершiлiктi де қарастыру туралы ұсынысты қарастырды. Дiни бiрлестiктерге заңды бұзған жағдайда 8-ден 300 айлық есептiк көрсеткiшке айыппұл салу не елден толығымен аластату көзделдi.
Алайда, адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис: "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" Заң жобасы азаматтардың құқығын шектейдi" деген пiкiрдi айтып отыр. Оның айтуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төрағалық етейiн деп отырса да, аталған ұйым қойып отырған талаптарды орындауға құлшыныс бiлдiрмейдi. Парламенттiң төменгi палатасы мақұлдаған бұл заң жобасының қабылдануы елiмiздiң ЕҚЫҰ алдындағы мiндеттерiн орындау жолынан мүлде қарама-қарсы бағытқа ауысқанын, сондай-ақ, бiз қол қойған барлық халықаралық декларациялардан iс жүзiнде бас тартқанын көрсетедi, – дейдi ол. Алматы Хельсинки комитетiнiң төрайымы Нинель Фокина да Жовтистiң пiкiрiн толықтыра түседi.
– Заң жобасында шектеу көп. Олардың көбiсi Қазақстан Конституциясы мен халықаралық құжаттарға қайшы. Заң жобасына сәйкес, ресми тiркелуден бас тартқан дiни ұйымдар кез келген дiни рәсiм өткiзу үшiн көршiлерiнiң жазбаша түрдегi келiсiмiн алуы қажет болады. Сол сияқты сiзге топтан тыс үгiт-насихат жүргiзуге, үй-жай жалдауға және онда жиналуға тыйым салады" – дейдi Фокина ханым.
Бұған дейiн де дiни ағым өкiлдерiне бүйрегi бұрып, қолынан келгенше қорғаштап жүрген құқық қорғаушылардың бұл кезектi байбаламы сияқты. Әншейiнде елдегi оқиғаларға көздi жұма қарайтын оларды қандай түлен түрткенiн кiм бiлсiн, демократияны, ЕҚЫҰ-ға енудi желеу етiп жаңа заң жобасы қабылдануға шақ қалғанда алдын орап әуре.
Сонымен, егер жаңа заң жобасына Елбасы қол қойса, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен ұяшықтарын ашып алған дiни бiрлестiктер қайта тiркелуi керек. Осы талаптар орындалғанда ғана тамырын кеңге жайған миссионерлiк қызметтi ауыздықтай алатын шығармыз.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ