ҚҰРАНДЫ ЖАТҚА АЙТУДАН ЖАРЫС ӨТТI

Алматы қаласындағы Орталық мешiтте Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрге айналған «Құранды жатқа әрi мәнерлеп оқу» жарысы өттi.

Бұл игi шара 2000 жылдан берi III мәрте өткiзiлiп отыр. Жарыста биылғы қаңтар мен маусым айлары арасында республиканың барлық облыстарында жүрген «Құранды жатқа және мәнерлеп оқу» байқауынан үздiк деп танылып, жүзден жүйрiк шыққан 82 қари (Құранды жатқа айтатындар) бақ сынады.

— «Сендердiң ең iзгiлерiң Құранды үйренiп, оны басқа жандарға үйреткендерiң» деп сүйiктi пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.а.с.) хадисiнде айтылғандай, жасөспiрiмдер арасында сүре жаттауға, Құран оқуға деген ынтаны ояту, оны өз мақамына сай мәнерлеп оқуға баулу қолға алған шараның басты мақсаты», — дейдi Дiни басқарманың уағыз бөлiмiнiң меңгерушiсi әрi осы шараның ұйымдастырумен айналысып жүрген Қайрат Жолдыбайұлы.

Байқау төрт деңгейде, Құранның 5 парасы (1 пара Құранның 20 бетi), 10 парасы, 30 парасы (яғни толық Құран) бойынша жаттап және мәнерлеп мақаммен оқудан өткiзiлдi. Жарыста ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсалы бастаған дiни мамандар қазылық еттi.

2 күнге созылған жарыс нәтижесiнде әр деңгейдегi I орын жеңiмпаздары: 30 пара шымкенттiк Әмiре Ерсiн; 10 пара түркiстандық Мұхаммед Садық Табын; 5 параны жатқа айтқан алматылық Серiк Ахметовтер. Ал, мәнерлеп оқудың жеңiмпазы Байғабылов Еркебұлан. Жарысқа қатысып, орын алмағандар да құр алақан кеткен жоқ. Дiни басқарма оларға да ынталандыру сыйлықтарын бердi.

Дiнi күштi, дiңгегi мықты елдiң ғана болашағы бар. Ақиқат дiндi насихаттайтын, адасып келген өзге дiндер жетегiне түспеу үшiн осындай шаралардың атқарар ролi жоғары.

Жаратушы Иенiң адамзат баласына түсiрiлген қасиеттi кiтабы? Құран. Ал оны оқыған адамға оның әрбiр әрпiнен сауап жазылмақ. Байқаудың ең кiшi қатысушысы Мұхаммед Башир Ершатұлының 8 жаста екенiн естiп болашағымыздың дәл осындай жастар қолында екенiне қуанып қайттық.

 

Нұргүл НАЛТАЕВА, ҚазҰУ-дың I курс студентi

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button