Жаңалықтар

ЖАЛҒАН "ПАЙҒАМБАРДЫ" ЖАЛАУЛАТҚАН ЖАСАНДЫ "ОДАҚ"

ашық дереккөзі

ЖАЛҒАН "ПАЙҒАМБАРДЫ" ЖАЛАУЛАТҚАН ЖАСАНДЫ "ОДАҚ"

Сырт көзге сыпайы, басында тақиясы, қабағы қалың ойға батқан, атағы айбынды "Қазақстан Мұсылмандар одағы" президентi Мұрат Телiбеков өз әрекетiн Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы мен Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениетi университетiне зiлдi сын айтумен бастағанда екiұдай күй кешкенiмiз бар. Дау-дамай сотқа жетiп, М.Телiбеков сәл-пәл айппұлмен айыпталса да "мұрты қисаймаған" жаңа Одақ президентi телеарна, баспасөзде жиi-жиi көрiне бастады.

Тiптi, оның өткiзген пiкiрсайысына шақырумен барып ашық ойымызды айтсақ та, салмақты, салиқалы аудармашылық қызмет атқарған М.Телiбековтiң өз пiкiрiн бiле алмай қайтқанымыз бар.

Дегенмен, "Қазақстан" ұлттық телеарнасының "Көкпар" сайысында (30.05.2008 ж.) М.Телiбеков мырза тереңнен сөз тартқан, тебiренiп бiр орнында тұра алмайтын "ойшылдай" теңселсе де, бар жасандылығы, көрермен алдында айқын көрiнiп қалған. Әлдекiмдердiң айтағына ерiп сүлiктей сорылған оның тобы тар шеңберде тайғанақтап, сұрқия ағымның сұрқылтайына айналып, "ахмадияны" жақтап шыр-пыры шыққандай.

Сонымен, әу баста жеке-дара "тапсырыспен" iске кiрiскен топ "Дiн туралы" Заңға өзгерiстер енгiзiлсе, терiс пiкiрлерi мен мемлекетке қауiп төндiрер айла-шарғыларының бет-пердесi ашылып қалатын болғандықтан "жандары алқымға келiп", тiкелей шабуылға көштi. Шырмауықтай шым-шытырық елiмiзге таралған секталардың бiр пұшпағы – Қазақстандық "ахмадияшылар" кiм? Басы ашық нәрсе, олардың лидерi – белгiлi жазушы, Халықаралық Абай клубының президентi Роллан Сейсенбаев, бұл ағамыз жайлы бұрындары "Ашық хатта" толығымен жазған болатынбыз "Мынау Абай, қай Абай?" немесе "Халықаралық Абай клубының президентi Роллан Сейсенбаевқа ашық хат", "Ана тiлi", "Жас Қазақ үнi", "Президент және Халық", "Ислам және өркениет", "Қазақ" газеттерiнде 2007-шi жылдың қыркүйек айында жарияланды).

Айтарға уәжi болмаған болса керек, Роллан ағамыз жауап жазбады, естуiмiзше көңiлiн қимаған әрiптестерiн үйiне апарып, бейне таспадан жалған пайғамбар, Үндi елiнен шыққан Мирза Гулям Ахмадидi көрсетiп, "Пайғамбарымыз осы" деп үгiт жүргiзедi екен. "Ислам және өркениет" газетiнде жарияланған Оңғар қажы Өмiрбектiң, "Абайлаңыз: Арандату!" мақаласындағы (01.02.2006ж.) төмендегi сөйлемдердi оқып, бiраз нәрсеге көзiмiз жеткендей болды: "Бұлардың штаб-пәтерi Лондонда, қызметтерi де сол жақтан бақыланып, басқарылады. М.Телiбеков жиi барғыш. Солардың садақасына телмiрулi. Солар қандай тапсырма берсе, соны орындайды".

Роллан ағамызды Лондонға "Абай үйiн" ашқасын, соның шаруасымен баратын шығар деп ризашылықпен қарайтынмын, амандығын Алладан тiлейтiнмiн, сөйтсем, Роллан ағам басқаша сайрайды: "…Затем я написал письмо в лондонскую мечеть. Там есть, оказывается, ахмедическое движение, и мы с женой поехали в Лондон. Оказалось, что все оснавные мусульманские центры расположены в Лондоне, в Европе. И там можно читать и на английском языке, не только на арабском. Я был больше всего потрясен ахмедическим движением. Из всего, что я читал о 73-х сектах, мне больше всего понравились их откровения. Они очень хорошо ложились в мою душу. И многие тайные моменты, которые для меня были непонятны, открылись мне в Лондоне.

…И потом, в Лондоне есть очень хорошие переводы на русский язык. Каждая из этих 73-х сект старается выпускать свои книги на русском языке. И лучше всех, очень близко в смысловом отношении, очень художественно переводит свою литературу ахмедическое движение…" (Донести слово тюрков до мира, "Литературная газета Казахстана", 27.11.2007ж).

Мiнеки, сүйiктi жазушы ағамның "Ашық хатыма" берген жауабы, не iстерсiң, тек әттеген-айы, жалған Пайғамбарды малданған ағамыз, данышпан Абайға да жалған дiндi тықпалауға "мұрындық" болып жүргенi өте өкiнiштi. Қазақтың ұлттық мақтанышына жасалған қастандық демей не деймiз?!?

Роллан Сейсенбаевтың арнайы тапсырыспен Абайды кришнайт етiп "Абайдың рухани мұрасы" (2007ж.) деп кiтап жазған Д.Омаровты ерекше мадақтап "алғы сөз" жазғанын жан-жақты талдап айтқан болатынбыз. Ендi, мiне, М.Телiбеков те кришнаиттерге ет-бауыры елжiреп жақтайды: "…Тем не менее я категорически против силовых методов борьбы.

Одна из ярких иллюстраций тому – конфликт с кришнаитской общиной в окрестностях Алматы. Меня, как мусульманина, глубоко оскорбляют подобные методы установления исламской монополии. Более того, подобные действия не приемлемы с точки зрения Корана и сунны. Что плохого сделали бедные кришнаиты? Они готовили государственный переворот? Обстреляли из минометов здание городского акимата? Неужели вся вина заключается в том, что они приобрели 20 гектар земли?" (Отделяйте зерна от плевел, "Свобода слова", 08.05.2008).

М.Телiбеков мүсiркеген "бейшара кришнайттар" Қазақстанға келе салып Абайды "кришнайт-ақын" деп "Абайтану" оқулығын жазып мектеп бағдарламасына енгiзсе, М.Әуезовтi "кришнайт-жазушы" деп докторлық диссертация жаздырса, қазақтарға "Хара Кришна" дегiзiп санасын сансыратса, оны да мiсе тұтпай Қарасай бабамыз бен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi Н.Назарбаевтың кiндiк қаны тамған ауданның қақ төрiнен, ең шұрайлы аймағын Кришна құдайының туған жерi деп ойып тұрып белгi қойса, сиырларды "сайрандатып" қойып, қазақтарға "ет жеу жауыздық, шөп-шалам жеу –нағыз адамгершiлiк" деп зорлықпен уағыз жүргiзсе, шетелдегi "кришнайттарды" заңсыз алаяқтықпен бiреулер арқылы сатып алған жерге шақырып алып, Қазақ елiнiң шырқын бұзса – қалай ғана оларды "бейшара, байғұс" демекпiз?

Қазақстанда таралымы көп орыстiлдi "Время" газетi, оның тiлшiсi Руслан Бахтигареев "…Следующим в список нетерпимых властью религиозных течени попало "Общество сознания Кришны" о "войне" кришнайтов с властями Карасайского района Алматинской области наша газета пишет давно и подробно" (Агнцы и козлища, "Время", 21.05.2008г.) деп үнемi кришнайттарды "әкiмшiлiктiң тоқпағы төбесiнен кетпеген бейшара келiмсек" ретiнде бiржақты жазып, солардың мүддесiн көздейтiндiгiн анық аңғартса, ал Р.Сейсенбаев пен М.Телiбековтер алдамшы iз тастап, бiреуi "қазақтың данышпанын", бiреуi "қазақтың ата дiнiн" қорғаған болып халықты шатастырумен келедi. Бiр таңданарлығы, шетелден келген "арам пиғылды" секталарды қорғайтын қазақстандықтардың көпшiлiгi "атағынан атан түйе үркетiн" қоғамдық ұйымның атынан сөйлейдi, сөзiмiздiң бiр дәлелi, дiнтанушы Мұртаза Бұлытайша айтсақ (Қарын, май және құмалақ хикаясы, "Қазақстан-Заман", 24.04.2008.) "Фокина әжей" Алматыдағы Хельсинки комитетiнiң төрайымы, ҚР Президентi жанындағы адам құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиясының мүшесi. Сол Нинель Фокина Дiн туралы заңға өзгерiстер енгiзу туралы пiкiр алысу үшiн К.Бұрханов бастаған Мәжiлiс депутаттарымен Алматыда өткiзiлген жиында "ақ тер, көк тер" болып жат пиғылды секталарды қорғаштап, заңды өзгерту дегенiмiз "қысым жасау" екенiн дәлелдеп бақты. Ұзаққа созылған жиыннан кейiн есiк алдына шыққан "секта көсемдерiнiң" ортасында "Фокина әжей" әлгiлерге: "Братья, қазiр қайсысың менi шығарып саласың" деп "еркелеп" тұрғанын көргенде ұстазым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы екеуiмiз бiр-бiрiмiзге қарап жағамызды ұстадық?!?

Тағы да ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмiрбектiң сөзiне жүгiнсек: "…Осы айтылғандарға сүйене отырып, М.Телiбеков пен оның жақтаушылары Исламның жалған "жанашырлары" демеске лаж жоқ. Өйткенi "Қазақстан мұсылмандар Одағының" қызметi мұсылмандарға қарсы бағытталған. Жарияланымдарының бәрi жала жабу, Ислам дiнi қызметкерлерiн қаралап, Ислам дiнiнiң беделiн түсiру, отандастарды ата дiннен бездiру. Өкiнiшке қарай, М.Телiбековке сенiп, арандап қалып жатқандар да бар". Осы айтылғанға бiздiң алып қосарымыз жоқ, тек ащы да болса шындықты мойындауымыз керек.

Жабал ШОЙЫНБЕТ, абайтанушы,филология ғылымдарының кандидаты