АСТАНА — МЕМЛЕКЕТIМIЗДIҢ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫНЫҢ ТРИУМФЫ

АСТАНА — МЕМЛЕКЕТIМIЗДIҢ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫНЫҢ ТРИУМФЫ

АСТАНА — МЕМЛЕКЕТIМIЗДIҢ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫНЫҢ ТРИУМФЫ
ашық дереккөзі

Аптаның басында Студенттер сарайында "Астана — мемлекетiмiздiң және Елбасының триумфы" атты ғылыми-тәжiрибелiк конференция болып өттi. Конференцияға Қазақстанның мемлекеттiк хатшысы Қанат Саудабаев, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң ректоры Бақытжан Жұмағұлов және Парламент депутаттары қатысты. Сондай-ақ, ғылыми-тәжiрибелiк конференцияға 16 мемлекеттен түрлi деңгейдегi ғалымдар мен саясаткерлер келдi.

Жиында қарастырылған мәселе бiреу ғана — Астананың он жылдық мерей тойына орай, елiмiздiң жаңа астанасының айбынын асқақтатып, абыройын асыру, оның архитекторы Елбасының ерен еңбегiн бағалау.

Алғашқылардың бiрi болып сөз алған Қанат Саудабаев: "Бүгiнгi Астана Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен қатар аталады. Президентiмiз — шын мәнiнде бақытты адам. Идеяны ұсынатын көшбасшылар көп, алайда, оны жүзеге асыру екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Америкада "адамдар аяғымен дауыс бередi" деген тәмсiл бар, яғни, олар қайда жақсы өмiр бар, сонда баруға бейiм тұрады. Он жылдың iшiнде Астанаға ат сабылтқандардың қарасы жарты миллионға дейiн өскен. Мәселен, 1998 жылы қалада 270 мың адам тұрған болса, қазiр 700 мыңнан асты. 2010 жылы қала халқының саны 1 миллионға жетедi деген жоспар бар" деген ой айтты.

Сенатор Ғарифолла Есiм: "Астана бiзге үлкен серпiлiс әкелдi. Жаңа мәдениет пен жаңа психология қалыптасып жатыр. Астанадағы тұрғызылған кешендердiң iшiндегi ең ерекшесi — Қазақ елi монументi. Биiктiгi — 91 метр. Қазақ елi монументi алдымен елдiң иесi қазақ екендiгiн еске түсiредi. Мұнда келген шетелдiк туристер қазақтың мәдениетiн, тiлiн, дiнiн қадiрлеу қажет екендiгiн түйсiнедi. Ол монументтегi сарайдың аты — Тәуелсiздiк деп аталды. Бiз қазiр ұлт емеспiз, елмiз. Ұлт деген кешегi тарих. Монументтiң орналасқан жерi де айбынды, Пирамиданың тұсында тұр" деген ой атты.

Болат Қылышбаев, стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

— Астана — Қазақстанды қайта құру бағдарламасының бiр бөлiгi ғана. Қазiр Қазақстанның қол жеткiзген табыстарын бүкiл әлем мойындап отыр. Мысалы, Елбасы жақында Францияға барып қайтты. Франция – ең алғаш революция болған, әлемнiң алдыңғы қатарлы елдерiнiң бiрi. Осы мемлекет Н. Назарбаевты Францияның ең жоғары наградасымен марапаттады. Конституциялық монархия басқарып отырған Жапония Қазақстанның даму жолындағы Назарбаевтың рөлiн жоғары бағалап, тағы да ең мәртебелi сыйлығымен марапаттады. Демек, Назарбаевты Батыс та, Шығыс та алдыңғы қатарлы көшбасшы ретiнде танып отыр. Назарбаевтың Еуразия идеясы бүкiл әлемнiң көңiлiнен шығып отыр, Қазақстан – бұл кеңiстiкте көшбасшы мемлекетке айналды. Еуразия идеясының жүзеге асуының бiр көрiнiсi — Астана қаласының бой көтерiп, сән түзеуi. Астана — Қазақстанның мақтанышы. Астана — Еуропа мен Азияның шекарасында тұр.

Бақытжан Жұмағұлов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң ректоры:

— Өз басым 8 жыл бойы Астанада тұрып бәрiне куә болдым. Ең бастысы — көзқарас өзгердi. Жаңа Астана жаңа көзқарас қалыптастырды. Бiз егемендiк алғаннан кейiн Одақтың сiресiп, қалыптасып қалған көзқарасынан сытылып шығу қажет болды. Бұл Астананың бой көтеруi осыған бiраз себеп болды. Тек қана қаланың өсуi емес, Қазақстанның гүлденуi — осы Астанадан басталады.

Камал Бұрқанов, Мәжiлiс депутаты:

— Астана — терең талдаулар мен зерттеулер нәтижесiнде жүзеге асқан стратегиялық шешiм. Мемлекетiмiздiң болашағына, тәуелсiз мемлекетiмiздiң нығаюына Астана жол салып бердi. Бұл шешiмнiң дұрыс болғандығын өмiрдiң өзi дәлелдеп, әлемдiк қауымдастық бас иiп отыр.

Осы аптада депутаттар Қазақстанның мерекелiк күнтiзбесiн тағы бiр қызыл бояумен толықтырды. Биылдан бастап 6-шiлде – Астана күнi ретiнде тойланатын болды. Астана қаласын бiресе "Нұрсұлтан", бiресе "Нұрорда", бiресе "Нұркент" деп атайық деген ұсыныстан бастары айналған депутаттар Елбасы бұл жарамсақтықтардың қай-қайсысын да қабылдамайтын болғаннан кейiн, 6-шiлде Нұрсұлтан Әбiшұлы мен астананың туған күнiн бүкiлхалықтық мерекеге айналдыруды жөн санапты.

Есенгүл Кәпқызы