ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі

"КӘСIПКЕРЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСУ КЕРЕК"

ҚР Президентi Н.Назарбаев жергiлiктi билiк өкiлдерiне шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауды күшейтуге нұсқау бердi. Бiрқатар экономикалық мәселелер талқыға салынған сейсенбiлiк кеңесте Елбасы кәсiпкерлiктiң бүгiнгi қиындығы туралы сөз қозғады.

Жыл басында мемлекет басшысының бұйрығымен, бұған дейiн түрлi тексерулерден көз ашпай келген кәсiпкерлердiң 2008 жылдың соңына дейiн түрлi орган қызметкерлерiнiң тексеруiнен құтылғаны белгiлi. Ал бұл жолғы шара қаражат қиындығын шешуге бағытталған. "Ең алдымен барлық облыс, қала және аудан әкiмдерi қазiр шағын және орта кәсiпкерлiктi мүмкiндiгi қарастырылған несиелермен қолдауы тиiс" деп мәлiмдеген Н.Назарбаев жергiлiктi бюджеттi түзуге көмектесетiн кәсiпкерлер қауымының еркiн әрекет етуiне жағдай жасау және олардың жолында кездесетiн әкiмшiлiк кедергiлердi жою керектiгiне тоқталды. Сондай-ақ, Үкiмет пен президенттiк әкiмшiлiктiң осы мәселенi қатаң қадағалап отыратындығын жеткiздi.

АШТЫҚТЫҢ АУЫЛЫ АЛЫС

Былтыр қаржылық дағдарыспен бас қатырған әлемдiк нарық бүгiнде азық-түлiк қауiпсiздiгiне алаңдаулы. Бiрқатар дамушы елдерде аштықтың кесiрiнен саяси тұрақтылыққа қатер төнiп, онсыз да сын көтермейтiн әлеуметтiк ахуал шатқаяқтады. Құдайға шүкiр, мұндай келеңсiздiк Қазақстанда болмақ емес.

Үкiмет мүшелерiмен болған кездесуде ҚР Президентi азық-түлiк бағасының шарықтамайтынын және тамақ тапшылығының орын алмайтындығын мәлiмдедi: "Ел iшiнде ең қажеттi деген тұтынушылық тауар бағасының, әсiресе, азық-түлiктiң тым қымбаттайтыны туралы сыбыс жүр. Астананың он жылдығын тойлап болысымен, баға аяқ астынан шарықтап кетедi дейтiндер де бар. Бұлар — негiзсiз, жалған сыбыстар. Бұған ешкiм сенбеуi тиiс. Ешқандай тосын қымбатшылық пен азық-түлiк тапшылығы болмайды". Назарбаев сүт, май, қант, күрiш пен ет секiлдi адамдарға ең қажеттi деген азық-түлiк түрлерiнiң қоры түзiлгенiн, ҚР азаматтарына керектi тауар түрлерiн экспорттау көлемi шектелгенiн және барлық аймақтарда астық пен ұнның тұрақтандыру қоры құрылғанын жеткiздi. Мемлекеттiк бюджеттi қайта қарау нәтижесiнде, шығындардың әлеуметтiк бөлiгiне арналған қаражат көлемi 30 млрд. теңгеге артқан. Тек зейнетақы мен жәрдемақы өседi деген хабар құлаққа тиiсiмен, бағаны шарықтатып жiберетiн ашкөз алыпсатарлар қарапайым халықтың қалтасына тағы да қол салмаса болды.

БАЛАЛАРҒА ҚИЯНАТ ЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ!

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң ұйымдастыруымен, Балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiне қарсы күрес жөнiндегi Ұлттық Үйлестiру Кеңесiнiң кезектi отырысы боп өттi.

Министрлiктiң баспасөз қызметi хабарлағандай, бесiншi рет ұйымдастырылған бұл шараға министрлiк қызметкерлерiмен бiрге үкiметтiк емес ұйымдар мен Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) өкiлдерi қатысқан. Балаларды ауыр жұмыс пен ең нашар жұмыстарға күштеп жегуге тыйым салатын ХЕҰ-ның №182 Халықаралық конвенциясын Қазақстанда iске асыру мәселесi күн тәртiбiне қойылды. Бүгiнгi таңда республикамызда балалар еңбегiн жеңiлдетуге септiгiн тигiзетiн түрлi құқықтық база мен заңдарды сақтауды қамтамасыз етудiң тиiмдi механизмдерi қарастырылған. Ең бастысы, ҚР Еңбек кодексiнде балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiне тыйым салу, кәмелеттiк жасқа толмаған балалардың еңбегiн қорғау мен олардың еңбегiн реттеу мәселелерi қамтылған. 2007 жылы құрылған Балалар еңбегi проблемасы жөнiндегi ақпараттық-ресурстық орталықта қажеттi ақпараттық материалдарды алуға мүмкiндiк бар. Мұндай қадамның қоғамның аталған проблемадан хабардар болуына оң ықпал ететiнi сөзсiз.

ЖЕМҚОР ШЕНЕУНIКТЕРГЕ ТЫЙЫМ

Бұрнағы күнi Алматы қаласының әкiмдiгiнде А.Есiмовтiң бастамасымен, Жемқорлықпен күрес жөнiндегi Алматы аймақтық комиссиясының алғашқы кеңейтiлген отырысы болып өттi. Отырыста қала әкiмi жемқор шенеунiктердi тұсаулауға тапсырма бердi.

Қазiргi кезде Қазақстанда жемқорлықпен күрес ауқымды түрде жүргiзiлуде. Құқық қорғаушылардың қармағына "шелек жалағандармен" бiрге "айран iшкендер" де түсе бастады. Апта басындағы "Алматы қаласындағы жемқорлықпен күрес мәселесiнiң жағдайы туралы" тақырыбында өткiзiлген кеңеске қатысқан қаладағы атқарушы билiктiң, құқық қорғау және арнаулы орган өкiлдерi, сондай-ақ, "Нұр Отан" ХДП Алматы қалалық бөлiмiнiң төрағасы қоғамды iштен iрiтетiн жемқорлықтың түбiрiне балта шабудың төте жолдарын таразы басына тартты. Алматы қаласының прокуроры Жақсылық Байтүкбаев соңғы үш жылда прокурорлық тексерулер нәтижесiнде 1000-нан астам заңбұзушылықтар тiркелiп, 50-ге жуық қылмыстық iс қозғалғанын мәлiмдедi. 1100-нан астам шенеунiк жемқорлыққа жол бергенi үшiн заң жүзiндегi түрлi жазаларды тартқан. Алматы әкiмi Ахметжан Есiмов әсiресе, жер, құрылыс, шағын және орта кәсiпкерлiк, кедендiк салықтар мен салықтан жалтаруға қатысты мәселелерге баса назар аудару керектiгiн айтты. Мемлекеттiк қызметкерлердiң шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiнiң жұмыстарына заңсыз араласуын тоқтату керектiгiн тiлге тиек еткен Есiмов тиiстi орган өкiлдерiне қызмет бабын асыра пайдаланған, жемқорлыққа ұрынған шенеунiктердi анықтауға тапсырма бердi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ