Жаңалықтар

ҚАБАНБАЙ ЕСКЕРТКIШI — МАҚАНШЫДА

ашық дереккөзі

ҚАБАНБАЙ ЕСКЕРТКIШI — МАҚАНШЫДА

ТОЙ ДЕГЕНДЕ ҚУ БАС ДОМАЛАЙДЫ

Тоқсаныншы жылдардан берi Той көбейдi, Ас молайды. Алды ат шаптырады, соңы балуан белдестiредi. Немесе бар бәйгенi үкiлеп, айды аспанға шығарған аттылар бар; аттыға ерем деп таңы айырылған жаяулар да бар. Әйтеуiр, "жыртыл, қазақ, жыртыл!"Және… бұдан құр қалып жатқан құзырлы орындар да жоқ, басы — Үкiмет, аяғы — "әкимат" болып, анау ақынның — жүз, мынау батырдың — екi жүз жылдығын елiмiздiң әр түкпiрiнде, әр кезде дүркiретiп өткiзiп жатады. Өтiп болған жерде соңынан тасқа шыққан, атқа мiнген не батыр, не ақын қалады… Немесе ауыл шетiнде пәлен деген әулиенiң көк күмбездi, төрт құлақты мазары көз тартады. Бәрi жақсы! Құдай пиғылды Тойдан, ниеттi Астан айырмасын! "Өлi риза болмай тiрi байымайды". Ал тiрi байыса, тойсыз отыра ма! Әсiресе, ол қазақ болса.

Осы тұста бiр "қызық" ой миды қытықтайды. Қазақ үшiн Той жасау, Ас беру байлыққа аса байланысты емес секiлдi. Мәселен, бiздiң елдiң ең бiр таршылық пен тапшылыққа тап болған кезеңi — 1990-97 жылдардың аралығы едi. Тәуелсiздiктi жаңа алған кез. Экономикамыздағы бұрынғы байланыстардың бәрi үзiлiп қалған. Ақшада құн жоқ. Дүкенде дым жоқ. Бiрақ… (әлi есiмiзде) жер-жерде Той мен Астан көп тағы ештеме жоқ. Сәкен, Iлияс, Бейiмбеттердiң 100 жылдығы. Бiрiнен кейiн бiрi кезекте тұрған Алаш арыстарының әртүрлi мерейтойлары. Бұған қоса… әр ауыл, әр рудан шыққан батырлар мен ақындарға берiлiп жатқан Астар. Бұлардың соңында — бой көтерген еңселi ескерткiштер… Осының бәрi (бәрi болмаса — көбi) әлгi аталған жылдардың "жемiсi" едi. Сол жылдары өзiмiз де сондай Тойлар мен Астың талайына қатысқанбыз. Қатыса жүрiп, бiрiне "бәрекелдi!", бiрiне "әттеген-ай!" дегенбiз. Сахилық, жомарттық, қонақжайлық, өлгендi құрметтеу, арысын ардақтау — әрине, қазаққа тән керемет қасиеттер ғой! Соның бәрi Тойда көрiнiп жатса, оған қалай риза болмайсың! Бұған қоса, даңғойлық, дарақылық, ысырапшылдық, бәсекелестiк, мақтаншақтық қатар жүрсе, оған қалай кейiмейсiң. Жасырары жоқ, кейiнгi жылдарға дейiн осы бiр келеңсiз жайлар қазақ тойларында өте көп көрiнiс тапқан. Ал қазiр?.. Мүмкiн жұрт ақшаның қадiрiн түсiне бастаған болар, мүмкiн өзгеге қарап бой тiктеп, ой түзеуге көшкен шығар, әйтеуiр, қалай десек те қазақтың қазiргi тойлары көп жағдайда жарасымды қалыпқа түсiп, өнегелiк-үлгiлiк, тағлымдық-тәрбиелiк сипаты артып, мәдени рухани дамуымыздың бiраз биiкке көтерiле түскенiн байқатады.

Мiне, сондай бiр тағлымды Тойды жуықта бiз Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауданынан көрiп, көңiлiмiз марқайып қайтқаны бар.

ҰЛЫҚПАН-АҒА СЫДЫҚОВ

Бұл тойға бiздi шақырған — Ұлықпан аға едi. Кәдiмгi Қ.И.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетiнiң проректоры, философия ғылымының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов. Кәдiмгi дейтiнiмiз, Ұлықпан аға көпшiлiкке тек белгiлi ғалым, ұлағатты ұстаз ғана емес, тамаша талант, үлкен өнер иесi ретiнде де жақсы таныс қой. Кезiнде "Дос-Мұқасан" ансамблi сүйiп орындап, жұрт сүйiп тыңдаған "Той жыры", "Қуанышым менiң", "Бойжеткен", "Ғашықпын" әндерiн кiм бiлмейдi! Кезiнде деймiз-ау, бұл әндердiң қазiр де ауыздан ауызға көшiп, кез-келгеннiң құлақ құрышын қандырып жүргенi рас қой. Ал авторы? Кәдiмгi өзiмiздiң Ұлықпан аға ғой.

Осы ағамыз кешегi қыстың басында 60 жылдық мерейтойын атап өткен. Атап өткенде, бiреулер секiлдi дүниенi дүрлiктiрiп, туған айының әр күнiн күмпiлдетiп, дүмпiлдетiп жатпаған — Ұлекеңнiң бiз көрген той-томалағы дәл өзiндей қарапайым, дәл өзiндей мәдениеттi қалпымен жарасым тапқан сол шақта. Сонда бiз: "Е, бұл тойдың басы ғана ғой. Аманшылық болса, ағамыз нағыз тойын жазға қарай елiнде, Мақаншыда жасар дегенбiз. Айтқандай-ақ, жаздың басы, мамырдың аяғында Ұлекең бiзге телефон шалып:

— Алдағы аптада Мақаншыда Қаракерей Қабанбай бабамыздың ескерткiшi ашылмақ. Соған орай сонда салтанатты жиын болады. Соңынан Ас берiледi, — деп бiздi сөз соңында сол тойға шақырған. Бiрақ өзiнiң 60 жылдығы туралы бiр ауыз сөз қоспаған. "Е, ескерткiштi де көрейiк, ағаның тойын да тамашалайық" деп, бiз өзiмiзше тон пiшiп, келесi аптада "шу, қарақұйрық?" деп Мақаншыға жүрiп кеткенбiз.

ҚАЙРАНБАҚЫТ КIШI СЫДЫҚОВ

Мақаншыда, жан-жақтан келген қонақтарды күтуге арналған үлкен үйдiң алдында, бiздi кең иықты, мол пiшiндi, қырық пен елудiң ортасындағы бiр азамат құшақ жая қарсы алған.

— Ұлықпан ағаның iнiсi — Қайранбақыт деген азамат. Ертеңгi Той мен Астың негiзгi ұйымдастырушысы да, Қабанбай бабасына ескерткiш жасатып, оны алып тұғырға қондырушы да — осы iнiлерiң. Сондықтан алғыс та, рахмет те осы жiгiтке! — деп таныстырған оны бiзге үлкендердiң бiрi.

— Парыз бар жерде рахмет, алғыс жүре ме! Қабанбайдай бабамызға не жасасақ та артық етпес. Оның бәрi бiздiң перзенттiк парызымыз ғой… Тек қазiр менiң көңiлiмдi алаңдатып тұрған бiр ғана нәрсе бар. Ол — ескерткiш ертең жұртқа ұнай ма, ұнамай ма деген ой, — деп Қайранбақыт көңiл күдiгiн де жасыра алмаған.

Расында, ескерткiш қалай жасалды екен? Ол (ескерткiш) "хан батыры Қаракерей Қабанбайдың" бiздiң ұғымымыздағы асқақ бейнесiн бере алған ба, жоқ па?

Бұл ой ескерткiштi жасатқан Қайранбақытты қойып, көлденең қонақ мына бiздi де (осы жолдардың авторын) қатты мазалаған. Өйткенi… расында, Қабанбай туралы ұғым бiздiң ой-санамызда халық эпостарындағы Алпамыс, Манас, Қобландыдай тым биiктеп кеткен. Ендеше оның мүсiндiк бейнесi ұғымдағы бейнемен бiрдей шығуы, әрине, өте қиын екенi белгiлi. Солай бола тұра талғампаз көз өнер туындысынан өзi күткен дүниеден артық бiрдеме көргiсi келетiнi және рас. Бiрақ, амал не, ондай көңiл толтырып, көз сүйiндiретiн туынды әркез алдыңнан шыға бере ме! Мәселен Алматыда баяғыдан берi тұрған Амангелдi ескерткiшiне де сын көзбен қарайтындар көп. Кезiнде осы ескерткiш жөнiнде әйгiлi жазушының бiрi: "Дүниедегi ең жуас ат Амангелдiнiкi ғой" деп айтыпты деген де сөз бар. Осы сөз бiздiң есiмiзге ылғи да Алакөл ауданындағы Үшарал көлiк бекетiнде тұрған Қабанбай ескерткiшiн түсiрер едi. Шын мәнiнде, көңiлден шықпайтын бiр ескерткiш осы. Батырдың мiнiп тұрған аты (ұғымдағы Қубасан садағасы кетсiн) көз алдыңа қойға мiнетiн елпекторыны елестететiнi анық. Құймышағы қушиып тұрған бiрдеме. Ескерткiштiң бет-жүзiнен ешқандай жанды, рухты нышанды байқай алмайсыз. Бiздiңше, мұндай ескерткiштiң болғанынан болмағаны жақсы. Расында, ойдағы, санадағы ұлы тұлғаны асқақтата түсудiң орнына сүмiрейтiп жiберген дүниенiң не қажетi бар!

Ал, осы ұлы бабамыздың Мақаншыда ертең таңертең ашылғалы тұрған мына ескерткiшi қалай шықты екен?.

ЕСКЕРТКIШ АЛДЫНДА

…6 маусым. Таңғы сағат — 10.00. Ауылдың орталығы. Қарақұрым халықтың арасынан әзер өтiп, ескерткiш тұрған алаңға жақындай түстiк. Жақындаған сайын жанымыз жадырай берген. Көз алдымызда: биiктiгi үш-төрт метрлiк тас тұғыр. Тұғыр үстiнде — қоладан құйылған, атқа мiнген, найза ұстаған алып батыр. Мiне, нағыз Қубастың өзi! Қаз мойынды, кең омыраулы, жалпақ жаялы, болат тұяқты. Ал, оның үстiндегi батырдың өзi қасқайып, қабағынан қар жауып, кiрпiгiне мұз қатып, бiздiң төбемiзден әрiге, тым алысқа қыран құстай шүйiле, түйiле қарап тұр. Дәлiрегiнде, бiздi Ол тура осындай әсерге бөлеп тұр.

Ескерткiштiң түбiнде, бiздiң жанымызда тұрған ауыл ақсақалдарының бiрi:

— Мына жиналған қалың жұрттың бәрiнiң дерлiк Қабанбайға қатысы бар. Баршамыз — бiр Найманның, бiр Қаракерейдiң баласымыз ғой. Бiрақ осы жұрттың арасында, Қабанбайға келгенде, Сыдықовтар әулетiнiң орны бөлек. Мысалы, осы ескерткiштi орнатуға барын салған Қайранбақыт бауырымыз — әйгiлi батырдың тiкелей ұрпағы болып табылады, — дейдi.

Сосын ақсақал даусын бәсеңдетiп, бiздiң құлағымызға жай ғана сыбырмен тағы былай деген.

— Естiумше, бұдан бiраз жыл бұрын Қайранбақыттың түсiне бабасы кiрiп: "Балам, менi атқа мiнгiзiп жiбершi" дейдi. Кiм бiлсiн, Қайранбақытқа Ол ұзағырақ көрiнiп, басқа да бiр сөздер айтқан шығар, алайда оның есiнде жаңағы сөз айрықша қалған ғой. Сонда ол, Қайранбақытты айтам да, "баба, Құдай маған дәулет берер күн туса, өзiңдi атқа мiнгiзем, тастұғырға қондырам", деп ант етсе керек… Шүкiршiлiк, Құдай оған дәулет бердi. Бүгiнде елден шыққан қалталы азаматтың бiрi болды. Ендi, мiне, айтқанында тұрып, бабасына мынадай еңселi ескерткiш те қойды.

Бiздiң бiр құлағымыз ақсақалда, бiр құлағымыз ескерткiш алдындағы салтанатты жиында сөйлеп жатқандарда едi. Олар: Қаракерей Қабанбай туралы "Дарабоз" атты дилогия жазған, көрнектi жазушы Қабдеш Жұмадiлов, философ, ғалым-академик Досмұхамбет Кiшiбеков, аудан әкiмi Бауыржан Жанақов, ақын Қасымхан Бегманов… Бәрiнiң аузында — Қаракерей Қабанбай… Жоңғар шапқыншылығы… Сосын ел қорғау, жер қорғау, патриотизм мәселесi… Одан соң анда-санда Қайранбақыттың аты аталып қалады. Ал биыл 60-қа толып жатқан асы елдiң белгiлi перзентi, жалпы қазақтың сүйiктi ұлдарының бiрi Ұлықпан Сыдықов есiмi екiншi "планға", тiптi одан да әрi сырғып кеткендей. Өйткенi.. жиындағы барлық басқару жұмысын өз қолына алған Ұлықпан ағамыздың өзi бар мәселенiң орайын солай келтiрген сияқты. "Ұлық болсаң, кiшiк бол" деген осы. Баба әруағының алдындағы iзет, құрмет деген де осы.

МҮСIНШI — БОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ

Жә, ескерткiш жақсы. Көңiлден шықты. Көрген көз сүйсiндi.

— Ау, сонда бұның мүсiншiсi кiм? Ол қайда жүр? Тойға келдi ме? — деймiз бiз ескерткiш жанында, төрт-бес азаматтың ортасында тұрып.

Олар күледi. Күледi де кешеден берi ортамызда жүрген Болат деген жiгiтке қарайды.

— Неге күлесiңдер? — деймiз бiз таңданып.

— Неге күлмеймiз. Iздеген адамыңыз жаныңызда тұрса, — дейдi олар.

Сөйтсек, ескерткiштiң мүсiнiн жасаған адам — түнде бiр үйде өзiмiзбен бiрге қонған күлегеш, қалжыңбас әрi елгезек жiгiтiмiз Болат екен. Фамилиясы Құсайынов. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының аға оқытушысы. Қырықтың белортасындағы азамат.

— Қабанбай ескерткiшiнiң осы нұсқасын бұдан он бес жылдай бұрын жасағанмын. Сол уақытта анау Үшаралда тұрған ескерткiшпен "бәсеке-бәйгеге" бiрге түскен. Бiрақ әлдебiр себептермен өтпей қалып едi. Ақыры, әйтеуiр, Қайранбақыт пен Қабдеш ағаның арқасында өз орнын тапты ғой, мiне. Әрине, олардың сын-ескертпесiн тыңдап, жетiлдiре түскен жерлерiм бар. Сосын… бұл ескерткiш туралы айтқанда, архитектор Төлеген Сүлейменов пен суретшi Мәлiк Жүнiсбаев атын ұмытуға болмайды.

Жалпы кез-келген бiткен iс пен игiлiктi шараларда оны ұйымдастырушы, жасаушы негiзгi адамдармен қатар басқа да қолдаушылардың үлкен еңбегi болады. Соны да ескерген жөн, — дейдi ол. Бұл сөз бiздi ерiксiз риза еткен.

ТҮЙIН

Мүсiншi Болат айтқандай, кез-келген игiлiктi iсте басқалардың да еңбегi болатыны рас. Бұны той соңында Қайранбақыттың өзi де қадап айтқан.

— Бұл ескерткiштi қоюда және мына тойды өткiзiп, бәйге, күрес, жеңiмпаздарын әртүрлi сыйлықтармен марапаттауда маған әрi материалдық әрi моральдық көмек көрсеткен азаматтар аз емес, — деп, ол осы тойға қатысып отырған талай-талай қалталы достары мен ардақты ағаларының есiмiн ерекше атап, олардың бәрiне алғыс бiлдiрген. Бұл да жөн бiлетiн жiгiттiң сөзi тұғын.

Сөз дегенде еске түседi, аудан әкiмi Бауыржан Жанақов мырза тойға тiгiлген ең үлкен киiз үйдiң төрiнде тұрып, мынадай естелiк айтқаны бар.

— Зайсанда әкiм боп жүрген кезiмде менiң алдыма бiр азамат келiп, дүниеден баяғыда өткен әкесiнiң атына аудан орталығынан бiр көше берудi өтiнген. Сұрастырып бiлсем, оның әкесi ауыл арасындағы кiшiгiрiм атқамiнерлердiң бiрi ғана болған екен.

— Сiз осы ауданнан шыққан Әубәкiров деген азаматтарды бiлесiз бе? Ол бiлмейтiнiн айтты. Мен "бiлмесеңiз, бiлiп келiңiз, сосын сөйлесейiк," — дедiм. Бiрақ ол кейiн қайта айналып маған келмедi. Тегi, ұяты оянған болар. Өйткенi, Әубәкiров деген жап-жас үш боздақ баяғыда сол елден соғысқа кетiп, үшеуi де майданда ерлiкпен қаза тапқан екен. Бiреуi әскери Даңқ орденiнiң үшеуiн бiрдей алған. Бұл дегенiңiз Кеңес Одағы Батырының дәрежесiмен бiрдей. Мен сол Әубәкiровтердiң есiмiн кейiн қаладағы паркке беруге бар күшiмдi салдым. Бұны айтып отырған себебiм: әр нәрсенiң өз жолы, өз жөнi бар. Бүгiнгi Қабанбай батырға ашылған анау ескерткiш, мынау ас та төк той — сол жөнiмен, жолымен болған дүние. Барлық құрмет пен сыйға лайықты тұлғалардан халықтың да, бiздiң де аяйтын ештемемiз жоқ.

Осыны бiз де түйiнсөз деп бiлемiз.

Дидахмет Әшiмханұлы