Жаңалықтар

БАҚ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКА

ашық дереккөзі

БАҚ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКА

Қасиеттi қара шаңырақ — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде қазiргi журналистиканың өзектi мәселелерi жиi талқыға салатын ортаға айналды. Таяуда ғана өткен "Қазiргi кездегi журналистика және журналистiк бiлiм беру: идеялар, тұжырымдамалар, жаңа технологиялар" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға елiмiзден бөлек алыс-жақын шетелдегi майталман журналистер мен журналистика факультетiнiң оқытушылары қатысып, өзара пiкiр алмасты. Iле-шала журналист мамандарының ұстаханасында елiмiздiң 50-ге жуық жетекшi БАҚ басшылары "Адам мен қоғамның интеллектуалдық дамуындағы БАҚ-тың рөлi мен маңызы" атты тақырыптағы дөңгелек үстелде бас қосып, бүгiнгi журналистиканың қоғамдағы орны, атқаратын қызметiне терең талдау жасады.

Негiзiнен елiмiзде журналистер дайындайтын 24 жоғары оқу орны бар көрiнедi. Көршi Қырғызстан мемлекетiмен салыстырғанда 12 оқу орнына артық. Алайда, сан мен сапа жағын ескерсек, бiздегi 24 ЖОО iшiне мемлекеттiгi де, жекеменшiгi де енiп кеткен. Ал қазiргi заман талабына сай жан-жақты, бiлiмдi, бiлiктi журналистер шоғырын даярлап жатқан ЖОО некен-саяқ. Айта кетерлiгi сол, бұл ЖОО-ның бiлiм кеңiстiгiндегi алатын тәжiрибелiк санатына қарамастан, министрлiк тарапынан берiлетiн мемлекеттiк грант бiрдей бөлiнедi. Яғни, ашылғанына көп бола қоймаған оқу орнындағы журналистика бөлiмiне қанша грант белгiлесе, сонау уақыттан берi елiмiздiң ақпарат кеңiстiгiнде еркiн жүзуге лайық, ақ парақ пен қаламды серiк еткен нағыз қаламгер-журналистердi даярлайтын қара шаңырақ – ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiне де соншалық гран бөлiндi. Тiптi, базбiр ЖОО-да аяғынан тiк тұра алмаған журналистика факультетiнде екi-үш, төрт-бес студент оқыса да, журналист дайындайтын ЖОО-ның қатарына енiп, аталмыш грантқа ие болады. Демек, бiр күнде түрлi жаңалықпен толығып отыратын ақпараттық кеңiстiкте бәсекеге лайықты БАҚ өкiлдерiн даярлаймыз десек, қазақ журналистикасы саңлақтарының iзi қалған, солардың көзiн көрiп, сөзiн бiзге жеткiзетiн ұлағатты, бiлiктi оқытушы-мамандар тобыры шоғырланған қасиеттi қара шаңырақ — ҚазҰУ-дың журналистика факультетiне түсушi талапкерлерге тағайындайтын гранттың санын көбейту қажет. ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiне түсудi армандайтын қаншама дарынды, талантты жастардың үкiлi үмiтi су сепкендей басылып жататыны сондықтан.

Кездесу талқылауға ұсынылған мәселелер төңiрегiнде өрбiп, БАҚ басшылары университеттiң болашақтағы даму бағыттары жөнiнде пiкiрлестi. Әрине, бәсекеге қабiлеттi журналист маман дайындауда бас редакторлардың да жауапты екендiгi сөз болды. Сондай-ақ, БАҚ-тың интеллектуалдық бағыттарын, қоғамдық және демократиялық құндылықтарды қалыптастырудағы рөлi мен маңызын талдаушылар ортақ қарар қабылдады. Онда журналистердi дайындау стандарттарын өзгерту қажеттiлiгi; ҚазҰУ-дың журналистика факультетi жанынан бас редакторлардың қоғамдық клубын құру; ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойына орай үздiк журналистiк еңбектердiң байқауын жариялау туралы бастамаға қолдау көрсету; Бiлiм беру саласындағы реформалар мен ғылыми-техникалық жетiстiктер жайындағы үздiк жұмысқа университеттiң жыл сайынғы сыйлығын бекiту; Шығармашылық байланыстарды нығайту мақсатында танымал журналистердiң өмiрi мен публицистикалық қызметi туралы "Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ — түлектер шығармашылығында" атты ұжымдық альманах шығару мәселелерi қамтылды.

Журналистердiң төл мерекесiне орайластырылған шарада естелiк сый-сияпаттар жасалды. ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов бiрқатар БАҚ басшыларына ҚазҰУ-дың естелiк медалiмен марапатталғаны туралы сертификаттар тапсырды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ