НАРШОҚЫДА ТУҒАН НАРҚАЗАҚ
НАРШОҚЫДА ТУҒАН НАРҚАЗАҚ
Қылышынан қаны сорғалаған қызыл империяның саясатынан қандастарымызға, әсiресе қазақ баласына ешқандай олжа келмейтiнiн әлден-ақ сезiп, түбi түркiнiң тұтастығына бүкiл саналы ғұмырын сарп еткен Мұстафа Шоқайдың өмiрiн, өнегесiн толық танып бiлдiк пе? Бүкiл тәнi де, жаны да ұлтым, жұртым, қазағым деп бүлкiлдеген, жүрегi Алашым, Түркiстаным деп дүрсiлдеген мемлекетшiл мәрт қазаққа лайықты бағасын бердiк пе?
Шоқайтанушылардың бұл тартапта қыруыар жұмыс атқарып жатқаны рас. Ал, өмiрi өрт болып жанып, рухын тәуелсiздiкке бұрған, Елiм деп, Жерiм деп күрескен Мұстафаның жүрiп өткен жолы қандай, сай-саланы сағалап, тар қапасты тасалап, жендеттерден сырылып, онымен де қоймай, өмiрiн бәске тiгiп, болашақ үшiн тыным таппаған атамыздың бiзге беймәлiм тағы қандай қырлары бар? Сұрақ көп. Әрине, зерттеушiлер де, тарихшы-ғалымдарымыз да қарап отырған жоқ қой. Әркiм қал-қадiрiнше тарихтың сыр-сандықтарын ақтарып жатыр, мұрағаттың шаң басқан қағаздарын қопарып жатыр. Алайда, Мұстафаның кiндiк қаны тамған жерден,яғни Наршоқыдан Берлиндегi бұйырған топырағына дейiнгi жолымен iздеушiсi жүрдi ме? Қайдам? Мiне, осы мақсатта "БТА Банкi" игi iстi қолға алған. "Мұстафа Шоқай жолымен" арнайы экспедициясын ұйымдастырғанына бiраз болып та қалды. Жуырда екiншi топ Мұстафаның жарық дүние есiгiн ашқан Қызылорда облысының Шиелi ауданында, Қызылорданың өзiнде болып қайтты. Ал,әуелгi топ, құрамында тарих ғылымдарының докторы, белгiлi ғалым, шоқайтанушы Дархан Қыдырәлiнiң, республикалық "Қазақ әдебиетi" газетiнiң бас редакторы Жұмабай Шаштайұлының, "Жас қазақ" газетi бас редакторының орынбасары Есей Жеңiсұлының, "Қазақстан" ұлттық телеарнасының қызметкерлерi Е.Үсенбаевтың, Н.Жақсыбаевтың, суретшi Ә.Сәрсенбаевтың басын қосқан осы жобаның жетекшiсi "БТА Банктiң" бөлiм бастығы, белгiлi ақын Қасымхан Бегманов бұған дейiн, яғни наурыздың 30-ы мен сәуiрдiң 6-сы аралығында Мұстафа Шоқай өмiрiнiң едәуiр денi өткен Өзбекстанда, нақтырақ айтқанда Ташкент, Ферғана, Қоқан қалаларында болып қайтып едi. Әуежайда-ақ, ағынан жарылған Қасағаң: – Әрине, бұл "Мұстафа Шоқай жолымен" экспедициясы сапарының басы болуы тиiс едi. Бiрақ, әуелi Өзбекстанға табан тiреуiмiздiң себептерi де бар. Көктемнiң алғашқы айларындағы су тасқыны секiлдi себеп-салдар бүгiнгi басталғалы отырған бағытымызды өзгертiп жiбердi. Одан келiп-кетер ештеңе жоқ, әрине. Ең бастысы Алаштың азаттығын ту еткен Мұстафаның сара жолынан ауытқымасақ, барынша тың деректерге қанықсақ, одан деректi фильм жасасақ, тиiсiнше кiтап шығарып, көзiқарақты қауымға ұсынсақ, мiне жобаның басты мақсаты,– деп жатыр. …Бiз ойға шомдық. Өзбекстан, Батыс Қазақстан, Кавказ жерлерi, Санкт-Петербор, Түркия, Франция, Германия оның қанша қала-елдiмекендерiне табаны тиген Мұстафа Шоқай жолымен жүретiн экспедиция шынымен-ақ шыңдалып, неше бiр жұмбақтың көзiн ашса шiркiн, тарихтың тамырларына да қан жүгiрiп, ақиқат-алдаспаны айшықтала түсер ме, бәлкiм. Ол ендi ниетке байланысты. Жобаның кеңесшiсi, тарихтың тұңғиығына барынша бойлауға тырысып жүрген Дархан Қыдырәлiге Мұстафа атасының табаны тиген әрбiр топырақ қымбат, өзi естiмеген, бiлмеген деректерге тап болса, дереу қойын дәптерiне жүгiредi, таспаға басады, фотоаппаратына түсiредi. Одан "Ана тiлiнiң" жауапты хатшысы Салтанат Өтеуғалиева мен "Жұрағат" журналының ақылдастар алқасының төрайымы Сәлия Әбдiкәрiмованың, "Қазақстан" ұлттық арнасының редакторы Еркiн Шәкiрұлының қалысатын түрi көрiнбейдi, жобаның менеджерi "БТА Банк" АҚ қызметкерi Сәуле Нұрғалиеваға да бәрi таңсық, бәрi қызық. Ал, қылқалам шеберi Әбiлқасым Сәрсенбаев Мұстафаның iздерi сайрап жатқан әр төбеге, әр шоқыға ойлы жанарын қадайды. "Е-е, ниет дұрыс екен?" дейсiң мұндайда. Экспедицияның бiр парасы қаржы-қаражатқа тiрелетiнiн кiм жоққа шығарады? Халқымыздың ұлттық игiлiгiне де жұмыс iстеудi мақсат еткен "БТА Банк" басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары Жақсылық Дайрабайұлы Жәрiмбетов мырза осы жобаның түгелдей жүзеге асуына өзi барынша қолдау көрсетiп, тiкелей мұрындық болып отыр. Төрт көзiмiз түгелдей үлкен жолдың бойымен келемiз."Үлкен жол" деп отырғанымыз кәдiмгi Түркiстан мен Қызылорда арасындағы тас жолы ғой. Шиелi сол даңғылдың жиегiнде. Көшбасшымыз "Анда Сұлутөбе жатыр, мына бiр жазықта Мұстафа жыраққа кетерде ас берген" дейдi ел шежiресiнен шертiп. Мұстафаның туған жерiн көзбен көрген бiз оның ата-бабасының жатқан жерлерi мынау деп жобалап, Құран бағыштадық… Ендi бiрде бәрiмiз Шиелiден шамасы 80 шақырым шалғай жердегi Сұлутөбе ауылын, қазiргi Мұстафа Шоқай ауылын бетке алдық.. Алғашқы бас сұққанымыз да – осы ауылдағы Мұстафа Шоқай атындағы ауыл мектебi едi. Мектептiң iшiне кiрген сәттен бастап, Мұстафа әлемiне енiп кеткендей болдық. Мектеп iшiнде суретке де түстiк, таспаға да түсiрдiк. Ауыл ақсақалдары да жанымызда. Көнекөздермен әңгiмелесудiң өзi бiр ғанибет емес пе? Ол кiсiлер де өздерi көзбен көргендерiн, естiген-бiлгендерiнен сыр шертiп қояды. Мектеп алдында ұлы тұлғаның ескерткiшi орын теуiптi. Iшке кiрген сәтiмiзде де дәлiзде қойылған қайраткердiң шағын кеуде мүсiнi көзiмiзге түстi. Мұстафаның өмiрiнен, қайраткерлiк жолынан деректер беретiн қабырға газеттерi, басқа да көрнекiлiк құралдары мектептегi дәлiз қабырғаларына iлiнiп қойылған. Демалыс кезi болғаннан кейiн бе, мектеп iшi құлаққа ұрғандай тып-тыныш, әрi тап-таза. Одан кейiн экспедиция мүшелерi ауыл ортасына орналасқан Мұстафа Шоқайдың ескерткiш мүсiнiне келiп аялдады. Естуiмiзше, бұл ескерткiш мүсiн қайраткерге жасалған алғашқы ескерткiштердiң бiрi көрiнедi. Одан кейiнгi бағыт – Наршоқы. Бәрiмiз жол деген аты бар ұлы дала сүрлеуiмен Наршоқыға аттандық. "Наршоқы деген неғылған жер және экспедицияның онда несi бар-ей!" деп оқыған адам таңдануы да мүмкiн. Наршоқы – Қызылорда облысының Шиелi ауданындағы иесiз қалған жер әшейiн. Бұл Мұстафаның кiндiк қаны тамған, туған жерi. Онда қоғам қайраткерiнiң, нар тұлғаның туған үйiнiң орны ғана опырайып қалған. Қызылорда қаласындағы Мұстафа Шоқай атындағы қордың президентi, Мұстафаның аталас туысы Базарбай Атабаевқа рақмет, ит тұмсығы әрең өтетiн шеңгел тоғайдың арасымен өтiп, одан жазыққа жапсарласа жалғасатын құмды жолмен талай жүрiп, нарқазақтың туған жерiне өз күшiмен белгi орнатыпты әйтеуiр. Ауылдың құм iшiндегi қара жолдарымен көлiктерiмiз бiрде iркiлiп, бiрде сiлкiнiп келедi. Жолшыбай Наршоқы туралы әңгiмелердi де құлақ шалады. Бiр кездерi жан-жағы көл, қайық жүзген, балық аулаған, аққу ұшып, қаз қонған табиғаты тылсым жер болған екен көнекөздердiң айтуынша. Қазiр онда олардың жұрнағы да қалмаған. Ел тұрмайтын, құла дүзге айналыпты. Бiр тамшы суды емге таппайсың. Жыңғыл, есек мия, адыраспан, тораңғыл, тiкенек шөптерден басқа ештеңе көрiнбейдi. Тiптi жолда бiр көлiгiмiз құмға батып , бiраз әлек болдық та қалдық. 40 градус шыжыған далада, аспан астында жүрiп, жұқа аяқ киiмiмiздiң табанынан ыстық өттi. Әрине, баба ризашылығын алу оңай емес. Бiр кездерi бала Мұстафаның табаны тиген жердi көру ешкiмiнiң маңдайына бұйыра бермеген бақыт. Елiм деп, жерiм деп өткен асыл ердiң туған топырағы бүгiнде құлазып жатқан құмға айналыпты. Көзге түсер тiрi жан жоқ. Наршоқының биiктеу бiр жерiнде Мұстафаның туған үйiнiң, Әлiштiң ескi мешiтi деп аталатын қайраткер бiлiм алған үйдiң орны, ескi жұрттың орны жапырайып жатыр. Жанымыздағы Базарбай аға ескi жұрттың орнына қолдан белгi орнаттырыпты. "Биiгiрек жерге орнатуға тырыстық, құмның iшiнде ел жоқ, табу қиындап барады" дедi Базарбай аға. Қайраткердiң туған үйiнiң орны табылыпты, ал әкесi Шоқай датқа мен атасы Торғай датқалар жатқан зираттан белгi де қалмапты. Әудем жердегi бiр төбенiң басын көрсетiп, "А-а-анау төбенiң басында болған, шыға аламыз ба" дегесiн, бiр тобымыз сол төбелерге қарап, ол жаққа да қол жайып, Құран оқыдық. "Мұстафаға төртiншi әкеден қосыламыз. Мұстафаның атасы Торғай, әкесi Шоқай анау айтқан бай адамдар болмаған. Ағайындар арасында әр отбасы жылына бiр қара берiп, Мұстафаның оқуына төлеп отырған. Олар Мұстафаны болашақта оқыған, iрi қызметкер адам болады деп сенген, қатты сыйлаған, елге келген кезiнде басынан құс ұшырмай күтiп алған" деп Базарбай аға бiр үзiк сыр шерттi. Ол кiсiнiң әңгiмесiне қарағанда, Мұстафаның әкесi Шоқайдың қайтыс болғанына бiр жыл толғанына ас бергенде, осы жерге 300-дей үй тiгiлiп, бiр шетi Ырғыздан, бiр шетi Түркiстаннан қонақтар шақырылған екен. Тiптi, сол асқа Мұстафаның қатысуға келгенi, оның пойыздан қалай түсiп, ауылға қалай жеткенiне дейiнгiнiң бәрi елдiң аузында жыр болып айтылып келген екен. Уақыт өте келе әлгi әңгiмелердiң ауаны өзгерiп, әркiм әрқалай айтатын болыпты. Өйткенi, әңгiме-аңыздарға қарағанда, бiреулер сол асты 1914 жылы берiлдi десе, ендi бiреулер 1917 немесе 1918 жылдары берiлдi дегендi айтады. Наршоқыға барғанда ұлы тұлғаның ет жақындарынан кiмдер қалғандығы туралы мәлiметтердi де жинауға тырыстық. Естуiмiзше, Торғайдың баласы Қалымбет, Қалымбеттен – Кенжеғұл, Кенжеғұлдан – Ойдан ата тараған екен. Қазiр үлкен шаңырақ саналатын Ойдан атаның үйiнен дәм таттық. Ақсақалдың айтуына қарағанда, ол кiсi қиыншылықты көп көрiптi. Ойдан атаның қиындық көруiне жоқ-жiтiктiк емес, Мұстафа Шоқайдың халық жауы деген лақапқа ие болғандығынан басталған сияқты. Ойдан атаның қазiр жасы 82-ге келiптi. Ол кiсiнiң немере iнiсi Данияр Сыздықов та осы өңiрде тұрады екен. Қазiр жасы 70-ке тақаған. Бiр кездерi жаудың тұқымысың деп қудалаулар басталғанда, ағайындардың көпшiлiгi бас сауғалап, жан-жаққа бет ауа көшкен кезде, бұл кiсiлер елден кетпей қалыпты. Елден кетпегендiгiнiң арқасында – түрткiнi көп көрiптi. Тiптi, бiр ауылда отырып, бiр-бiрiмен қатыса алмаған кездерi де болыпты. Ол күндердi Данияр ақсақал: "Ешкiммен қатыса алмадық. Ағайындар үйге түнде ұрланып келетiн. Шешелерiмiз араласып жүретiн. Кiмнiң кiм екенiн iшiмiз бiлетiн де, тынып жүре беретiнбiз" – дейдi өткен күндi еске алып. Тiптi, ақсақал арасында қамығып, көзiне жас iркiледi. Өткен күндердiң ауыртпалығын еске алу оңай емес. Әрине, өткен күндердiң азабы бар, көрген қорлық-зорлықтары бар, өз жерiнен топырақ бұйырмаған ұлы тұлғаның қайғысы бар, ақсақалдар естелiк айтқан кезде, көз жастарын бiр сығып алады. Данияр Мұстафа атамызға қандай туыстығы болды екен деп, ол кiсiден тегiн сұрап көрдiк. Сөйтсек, Мұстафаның туған ағасы Сыздықтың немересi екен. Әкеден де, шешеден де жастай айрылған. Өздерi әкеден үшеу қалыпты. Өз әкелерi Ерғали 1941 жылы соғысқа аттанып, оралмай, хабарсыз кетсе, шешесi Әнипадан он екi жасында жетiмдiк көрген. Одан кейiнгi өмiрлерi әжелерi Бейсенкүлдiң тәрбиесiнде өтiптi. «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясын ұйымдастырып жүрген, белгiлi ақын Қасымхан Бегманов бiр сөзiнде: "Менiң бiр таңғалғаным – бұл ауылдағы кейiнгi жастардың да Мұстафаға деген махаббаты. Әр сөздерiнен онымен мақтану, мақтан тұту айқын сезiлiп тұрады. Әрине, әрқайсысының-ақ есiл ерге, батыр бабаға деген, оның орындалмай кеткен асыл арманына деген өкiнiштерi өзектерiн өртеп тұрғаны тағы бар" – деген едi. Расында да, Мұстафа Шоқай ауылында кездескен әрбiр жастың бойында ұлы тұлғаға деген мақтанышты, махаббатты сезiнгендей болдық. Мұстафаның тұқымдары туралы айтылған тағы бiр аянышты тағдыр, Шоқайдың екiншi ұлы Нұртазаның баласы Мадиярдың арпалысты өмiрi едi. Мадиярдың да аянышты тағдыры бiр кiтапқа жүк болғандай. Өмiрi қым-қуыт арпалыспен өткен Мадияр өмiрбақи елдi аңсап, Жетiсу өңiрiнде өмiрден өтiптi. Мұстафа әкеден үшеу екенi белгiлi. Ол кiсiнiң Сыздық, Нұртаза деген ағалалары болған. Нұртазадан – Мадияр, Мәдина, Нәмилә. Нұртаза өзi қуғын-сүргiн кезiнде жаудың ағасы деген жаламен Шымкенттегi Жамансай деген жерде атылып кетедi. Оған тағылған айып – "бауырың Мұстафамен байланысың бар, хат жазысып тұрасың" деген екен. Ал қызы Мәдина болса, жаудың қызы болып, Шермахан деген өзiнен көп жас үлкен адамға тұрмысқа шығады. Атудан-асудан, қуғын-сүргiннен әбден шаршаған халықтың қорқынышы басылсын ба, Мәдина тұрмысқа шыққан кезде де "жаудың қызын алып жатырмыз, ұрпағымызға зияны тимес пе екен" деген күдiктi ойлары басым болыпты. Ал, ұлдары Мадияр өте сауатты, өжет болса керек. Жастайынан бiлiмге құмар болып өскен Мадияр Мұстафа Шоқай ауылынан 30 шақырым жердегi Бiрқазан деген ауылда бастауыш мектепте мұғалiмдiк қызмет атқарыпты. Бастарына аласапыран күн туған кезде, Мадияр ауылдардан қам тезек тиеп, вагон-вагон болып Ташкент жаққа аттандырылып жатқан пойыздың бiр вагонына шешесi Зұлхияны, бiр вагонына әйелi Үржанды баласы Ғалымжанмен қоса тиеп жiбередi. Өзi келесi вагонға тығылып, бiр түнде Қазақстаннан қашып кетедi. Өзбекстанға қарасты, Жетiсай өңiрi, "Заря коммунизма" колхозына ат басын тiреген Мадияр сол жерде егiншiлiкпен айналысып жатқан кәрiстердiң арасын паналап, күн көре бастайды. Тамақ тауып, күн өткiзудiң қамымен ғана жүрмей, өзiнiң ақтығын дәлелдеу үшiн, Қазақстанда бiлiмiн көтеруге талпынады. Алматыға келiп, КазГУ-ге сырттай оқуға түскен Мадияр оқуын тәмамдап та шығады. 70-жылдары әлгi колхоз ұлғайып, кейiннен бiржола Қазақстанға қарапты. Сол күндерден бастап қана, Мадиярдың тұрмысы да оңала бастайды. Елдегi ағайын-тумалармен байланыс орнатуы да сол кездерден басталса керек. Түптiң түбiнде Шоқай әулетiнiң ақталатынына сенiп кеткен Мадияр Нұртазаұлы тәуелсiздiктiң таңы атқан арайлы күндi көре алмай арманда кетiптi. Өлерiнiң алдында да балаларына: "Сендер ақ таңды көресiңдер, мен көре алмаймын-ау", деген шерiн жеткiзген екен. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, от жүректi, өжет жанның осыншама қиындықты басынан кешпегенiнде талай нәрсеге қолы жететiн екен. Торғай бидiң төрт баласы – Шоқай, Қалымбет, Оспан, Әлiш болса, Әлiштiң балалары тiптен өзбектiң Қоқанын асып, Марғұлан деген жерде тұрған көрiнедi. Ағайыннан безiп, бас сауғалап кеткен бiр әулеттiң тағдыры осындай болыпты. Әрбiр шоқы, әрбiр ай мен жыра өткен күндердiң белгiсiндей болып, әр-әр жерлерде шоқиып жатыр. Ол жерлерде күнi кеше осындай оқиға өтiп едi дейтiн көнекөздер де жылдан-жылға азайып барады. Ұлы тұлға тұрған Наршоқының құмды даласын көргенде бiр кездерi осы бiр жерде мыңғырған мал айдап, жазиралы көлде аққу жүзген деп кiм айта алады?! Бәрi де жапан далаға, құм мен тасқа айналып кетiптi. Тек, ауыл ақсақалдарының айтқан әлгiндей әңгiмелерi ғана жүрекке жұбаныш, көңiлге демеу. Бiз көзбен көрген, көңiлге түйген әңгiмелердiң бiр сарасы осындай. Мұстафа Шоқай туралы жазылар естелiк те, айтылар сыр да, аңыз-әңгiмелер де ендi басталғандай…Ғалымжан Мелдеш