ОРЫС ТIЛI — ТМД-ҒА ЫҚПАЛ ЕТУ ҚҰРАЛЫ

ОРЫС ТIЛI — ТМД-ҒА ЫҚПАЛ ЕТУ ҚҰРАЛЫ

ОРЫС ТIЛI — ТМД-ҒА ЫҚПАЛ ЕТУ ҚҰРАЛЫ
ашық дереккөзі

Мәскеу посткеңестiк кеңiстiктегi орыс тiлiнiң мәртебесi туралы мәселенi күн тәртiбiне бекер шығарған жоқ. Оның астарындағы саяси сарын алақандағыдай айқын. Орыстардың тiлiн күшейту Кремльге ұлттық мүдделер бiрде тоғысып, бiрде "соғысатын" әлемдiк саяси сахнада Ресейдiң ықпалын арттыру үшiн қажет. Өкiнiштiсi сол, қазақ қоғамындағы мемлекеттiк тiлге деген енжарлық пен немқұрайдылық соңы ұлт үшiн үлкен қасiретке айналмақ.

2003 жылы РФ Сыртқы iстер министрлiгi орыс тiлiне ТМД кеңiстiгiнде ресми мәртебе беру туралы бастама көтерген болатын. Бұл мәселенi өткен аптада Дума депутаттары тағы қозғады. Ұлттық саясаты мен ұлттық мүддесiн өзгеге күштеп таңуға бейiм орыс саясаттанушыларының көпшiлiгi қазiр посткеңестiк елдерде орыс тiлiн ресми тiлге айналдырудың арнайы механизмдерiн түзудi талап етуде. Бiрi: "Орыс тiлiнiң мәселесiне саяси астар беруге әсте болмайды. Керiсiнше, гуманитарлық қызметтi пайдалана отырып, орыс мәдениетi мен тiлiн үйретудi мақсатты түрде жолға қою керек" (В.Жарихин) десе, ендi бiрi мұндай пiкiрге үзiлдi-кесiлдi қарсы шығады. Мысалы, Украина президентi Ющенконың "Орыс тiлi аяқталған жерден Ресей де бiтедi" деген сөзiн көлденең тартқан ресейлiк саясаттанушы С.Михеев "кейбiр елдердегi саяси басымдыққа ие болған ұлттық күштердiң Ресейден, орыс тiлi мен орыс мәдениетiнен iргенi аулақ салуға ұмтылатындығына" қынжылады.

Билiк мiнберлерiнен жиi дабыл қағатын ресейлiк саясаткерлер мен саясаттанушылар бұрын КСРО құрамында болған елдерде орыс тiлiнiң ықпалы әлсiреп бара жатқанына алаңдайды. Сонымен қатар Грузияда жұмысқа қабылданар кезде грузин азаматтарынан орыс тiлiн бiлу мiндеттелмейтiнiн, орысша бiрауыз сөз түсiнбейтiн жастардың көбейiп бара жатқандығын, ағылшын, француз, немiс тiлiн тегiн үйрететiн арнайы курстардың көптiгiн, ал Әзiрбайжанда орта буын өкiлдерiнiң өзi орыс тiлiнде сауат ашпағандығын, былтыр Арменияның Қоғамдық телеарнасында орыс тiлiнде таратылатын хабардың тоқтатылғанын тағы тiзбелейдi. "Антиресейлiк бағыттағы Украинада орыс тiлiнiң жағдайы тым күрделi" деп аттандаған бiр топ депутат "жалқынсары төңкерiстi" қолдайтындардың өзi орыс тiлiн iштартатындығын, сол себептi украиндар жерiндегi мүсәпiрдiң күйiн кешкен орыс тiлiне РФ мемлекеттiк деңгейде араша түсуi тиiстiгiн айтады.

Бүгiнде Ресейге күнкөрiс қамымен келетiн Түркiменстан, Өзбекстан, Тәжiкстан азаматтарына орыс тiлiн үйрету қолға алынған. Өткен аптада Дума тiптi, таксистерден орыс тiлiн бiлудi талап ететiн заң жобасын мақұлдады. КСРО кезiндегi орыс тiлiн үйрету жүйесiнiң күл-паршасы шыққанына қынжылатын орыс ұлтшылдары Еуропаның посткеңестiк кеңiстiктегi тiл экспансиясын белсендi түрде жүргiзiп жатқанына алаңдаулы. Олардың пiкiрiнше, орыс тiлiнiң беделiн арттыратын және насихаттайтын жаңа бiр модель қажет. Өкiнiштiсi сол, орыс тiлiн бiлмейтiндердi жалпы мәдениет көшiнен адасып қалғандар қатарына қосатын орыс ұлтшылдары "орыс тiлiне қатысты көңiлi қалайтын саясатты ұстану әрбiр тәуелсiз мемлекеттiң жеке құқығы екендiгiн" бұл жолы да "ұмытып" кеттi.

Өткен сәрсенбiде Мәскеуде ұйымдастырылған Бүкiләлемдiк орыс баспасөзiнiң Х конгресiнде де экс-кеңестiк мемлекеттермен қатар дүние жүзiнде орыс тiлiнiң беделiн арттыру, мәртебесiн асқақтату және насихат жұмыстарын жақсарту мәселелерi сөз болды. Былтыр Парижде тоғызыншы рет өткiзiлген конгресте ортақ орыстiлдi ақпараттық кеңiстiк құру туралы бастама көтерiлген. Шараға қаржылай қолдау көрсеткен Баспасөз және баспасөздiк коммуникациялар жөнiндегi федералдық агенттiк орыс тiлiнiң проблемасын күн тәртiбiне бекер шығарған жоқ. Себебi, тiл — ықпал ету құралы. Саяси, экономикалық, әлеуметтiк, мәдени және психологиялық тұрғыда. Қазiргi кезде орыстiлдi аудитория Канада, АҚШ, Германия, Израиль, Франция мен өзге де ЕО елдерiнде көп. Жуырда, Кремльдiң ықпалындағы "Вести" телеарнасы Сербияда тегiн хабар таратуды бастады.

Өзге елдердегi орыс тiлiнiң ахуалына алаңдайтын ресейлiк саясаттанушылардың Қазақстанға келгенде, көңiлдерi жай. Өйткенi, бiзде орыс тiлiнiң дамуына мүдделiлер қатары қалың. Кейiнгi кездерi Ресей Қазақстандағы тiл экспансиясын белсендi түрде жүргiзiп жатқан секiлдi. Мысалы, өткен аптада "Қазақстанда iскерлiк және саяси ортада тек қазақша сөйлеу айыппен тең" деп "көсiлген" орыстiлдi бiр басылым өз жерiнде өгейдiң күйiн кешкен қазақ тiлiн мазақ қылғандай: "Осының нәтижесiнде, орыстiлдi БАҚ-қа сұраныс бар" ("Например, в Казахстане говорить исключительно по-казахски в деловых и политических кругах этой страны — едва ли не дурной тон. Соответственно, на русскоязычные СМИ есть спрос"). Сол басылымға сұхбат берген Еуразиялық саяси зерттеулер орталығының жетекшiсi Рүстем Лебеков: "Қазақстанда баспа бизнесiне қатысты кездесетiн қиындықтар бар және БАҚ нарығы нашар дамыған. Алайда, осы тұрғыдан алғанда, жергiлiктi орыстiлдi баспасөздiң жағдайы жақсы. Орыстiлдi басылым қудаланбайды. Онда жарияланатын материалдар қазақтiлдi баспасөзге қарағанда, сапалырақ. Осы себептi, ол (орыстiлдi баспасөз — Н.Ж.) танымалдау" деп "ағынан жарылыпты". Лебеков мырзаның қай қазақтiлдi басылымды үзбей оқитындығынан бейхабармыз. Бiрақ Қазақ мемлекетiн құраушы негiзгi ұлт — қазақтардың ұлттық құндылықтары, тiлi, дiнi мен дiлi секiлдi ұлттық қауiпсiздiк пен мемлекеттiк тұтастыққа тiкелей әсер ететiн мәселелердi жүйелi әрi тұрақты түрде жариялауда қазақстандық орыстiлдi баспасөздiң кежегесi кейiн кететiнiн ескермегенi өкiнiштi. Сөз жоқ, қазақ қоғамында орыс тiлiнiң дәуренi жүрiп тұрғанын қалайтын орыстiлдi азаматтар орыстiлдi баспасөздi "аспандатуға", керiсiнше, қазақтiлдi БАҚ-ты "екiншi сорттылар" қатарына жатқызуға мүдделi. Есесiне, ұлт пен мемлекеттiң келешегi үшiн аса маңызды мәселелерге қалам тербеуден шаршамайтын қазақ баспасөзiне ұлты — қазақ, тiлi — орыс қалталылардың көпшiлiгi тоңтерiс. Күнi кешегi қазақтiлдi басылымдардың басшыларымен кездесуiнде Президент Н.Назарбаевтың "Қазақ тiлiн дамытуға, қаржылай қолдауға қазақ қалталылары көмектессiн" деп бiздiң байшыкештерге салмақ салуы тегiн емес шығар. "Өзiм дегенде өгiз қара күшi барлардың" өзгенiң тiлiн дамытуға атсалысып, босқа арамтер боп жүгенiне қынжыласың.

Бүгiнде қазақстандық БАҚ нарығында пайда табудың қайнар көзi — жарнама. Осы себептi, орыстiлдi БАҚ-тың орыс тiлiне үстемдiк беруiн қалауы — табиғи заңдылық. Қазақтардың ақпарат кеңiстiгiн орыс тiлi әлдеқашан жаулап алған. Көрермен теледидар көретiн уақытта берiлетiн жарнама тек орысша немесе екi тiлде қатар ұсынылады. Бағдарламаларды беру мәселесi де осыған ұқсас. "Жығылғанға — жұдырық", жуырда "31 арнаның" акциясын сатып алған ресейлiк СТС компаниясы Қазақстанда орыс тiлiн, мәдениетi мен тарихын насихаттауға бiлек сыбана кiрiсiп кеткен. Мысалы, елiмiздiң ересектерi мен жасөспiрiмдерi сүйсiне тамашалайтын "Кадетство", "Папины дочки" сериалдарында "ұлы да қуатты орыс тiлiн" ("великий и могучий русский язык") ашық насихаттайды. Сонымен қатар "Самый умный", "Галилео", "Слава Богу, ты пришел!", "Кто умнее пятиклассника?", "Жизнь прекрасна", "Детские шалости" бағдарламаларында да орыс тiлi мен орыс халқының ұлттық құндылықтары кеңiнен насихатталады. "Қазаншының еркi бар" дегенмен, ақпараттық кеңiстiгiне мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi емес, орыс тiлi үстемдiк етiп отырған қазақ қоғамына мұндай бағдарламалардың керi әсер етерi анық. Сорақысы сол, балаларына Ана тiлiнде тәлiм-тәрбие, бiлiм беруге арланатын кейбiр "қағынан жерiген" қандастар тiлiн бiлмейтiн ұрпақтың ұлт үшiн қандай қасiрет екенiн ескермейдi. Тiптi, қаланың асфальтына табаны тиiсiмен, дiнi мен дiлi жаттың тiлiнде шүлдiрлей жөнелетiн қарадомалақтар Ана тiлiнiң алдындағы жауапкершiлiгiн сезiнбейдi. "Мен орысша бiлмеймiн" деп ашығын айтудың орнына, тiлiн бұрап орысша сөйлеуге тырысатын қандас қоғамдық орындарда, көшеде, дүкен мен базарларда тек қазақша сөйлесiншi, кiм тыйым салар екен?!

Менiңше, ұлтына, дiлi мен дiнiне жаны ашитын әр қазақ Ана тiлiн сыйлауды өзiнен бастауы тиiс. Атам қазақ "өз-өзiңдi жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн" деп бекер айтпаған ғой. Сонда ата-бабасы мен үрiм-бұтағы қазақтың сайын даласында дүниеге келген әрбiр жатжұрттық қазақ тiлiне, қазақтың салт-дәстүрi мен ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауды үйренедi. Анығында, мәжбүр болады. Әрине, құлдық психологиядан арылу, отарсыздану саясатын жүргiзу, ұлттық идеологияны қалыптастыру сияқты мәселелердi жүзеге асыру мемлекеттiк деңгейде жүргiзiлуi тиiс. Бiрақ бiздiң билiктегi "Мұхтар ағам айтпақшы, "мордиясы ғана — қазақ" орыстiлдi шенеунiктер басымдыққа ие боп тұрғанда, тiл мәселесi қалың бұқараға ықпал етудiң саяси құралы деңгейiнде қала бермек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ