ҚОҒАМДЫҚ ПАРЛАМЕНТ ЖӘНЕ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КЕҢЕС

ҚОҒАМДЫҚ ПАРЛАМЕНТ ЖӘНЕ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КЕҢЕС

ҚОҒАМДЫҚ ПАРЛАМЕНТ ЖӘНЕ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ КЕҢЕС
ашық дереккөзі

Оппозицияның бұдан ұтары не?

Бұған дейiн Қазақстандағы саяси жағдай бiр қалыпты сипат алып келдi. Былтырғы сайлаудан кейiн белсендiлiктерiн жоғалтпауға уәде етiп, халыққа сайлау кезiнде ғана қызмет етпей, сайлаудан тыс та қызмет ететiндiктерiн мәлiмдеген оппозиционерлер өзара тағы да бөлiнiп-жарылып кеттi.

Билiк "Нұр Отан" партиясының қызметiн жандандыруға кiрiсiп, оның жастар қанаты "Жас Отанның" түлеуiне күш салуға кiрiстi. "Жас Отанның" құрылтайы бұған куә. Сондай-ақ, "Нұр Отан" партиясы кезкелген мәселеге араласып, шенеунiктен зардап шеккен халықтың сойылын соққан сыңай танытуда. Алдымен өз қатарын жемқорлардан тазартқан (68 мүшесiн жемқор ретiнде айыптап, өз қатарынан шығарғандығы мәлiм) билiк партиясы халықты әкiмшiлiк ресурстарымен ғана тартып қоймай, сонымен қатар, шынайы iстерiмен де халықтық партия болып көрiнуге тырысып бағуда.

Ал, оппозиция да қарап жатқан жоқ. Бiраз уақыт үнсiздiктен кейiн Жармахан Тұяқбай бастаған бiр тобы "Халық кеңесi" атты қоғамдық парламенттi өмiрге келтiрiп, оның екi отырысын өткiзiп үлгерсе, Болат Әбiлов бастаған екiншi тобы қазiргi үкiметтiң отставкаға кетуiн ұсынып "Дағдарысқа қарсы кеңес құру" қажеттiгiн көлденең тартты.

"ХАЛЫҚ КЕҢЕСI" – БҮГIНГI ПАРЛАМЕНТТIҢ БАЛАМАСЫ БОЛА АЛА МА?

Бiр қызығы, қоғамдық парламент осыдан екi-үш ай бұрын Қырғызда дүниеге келсе, айға жетпес уақыт бұрын Ресей оппозиционерлерi "Национальная Ассамблея" құрып, құрылтай жиналысын өткiзгендерi белгiлi. Қазақ оппозиционерлерiнiң бұл тарапта алғашқы болмауы ойлантады. Яғни, бiздегi саяси жүйе Ресейдiң немесе басқа да посткеңестiк елдердiң саяси өмiрiнiң нашар көшiрмесi iспеттi. Мәселен, Бiшкектегi "Қоғамдық парламенттiң" саясаткерлер тарапынан да, халықтан да бiраз қолдауға ие болғаны белгiлi. Сол арқылы ол ел арасында кәдiмгiдей резонанс тудырған едi. Ресейдегi "Национальная Ассамблеяның" алғашқы отырысы сәтсiз аяқталғаннан кейiн, оның жұмысына қатысуға ниет еткен оппозиционерлер шоғыры тым аз болды. Ал, Қазақстандағы "Халық кеңесi" қоғамдық парламентiн құрушы ынталы топ — Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыұлттық социал демократиялық партия (ЖСДП), Әлихан Бәйменов басқаратын "Ақ жол" партиясы, "Ауыл", "Руханият", Халықтық коммунистiк партия, әлi тiркелiп үлгермеген "Алға" және "Халық рухы" партиялары. Сонымен қатар, "балама Мәжiлiс" құрамына Болат Әбiшев, Амангелдi Айталы, Серiкбай Әлiбаев, Асылбек Қожахметов, Сейдахмет Құттықадам, Амалбек Тшанов, Сергей Уткин және басқалар енген. Демек, бұған дейiнгi сайлауларда бұл партияларды (ЖСДП-дан өзгесiн) оппозиционерлер мен бiр қатар саясаткерлер жалған оппозиционерлер деп айыптағаны белгiлi. Мәселен, былтырғы күздегi Мәжiлiс сайлауында ЖСДП қазiргi "Азат", сол кездегi "Нағыз Ақ жол" партиясымен сайлауға бiрге жол тартқан болатын. Осы кезде "Ақ жол" партиясы мен ЖСДП құрамындағы саясаткерлер екiншiлiк үшiн жан алып жан берiсiп, бiрiн-бiрi күстаналап, шамалары келсе бiрiнiң арына бiрi дақ түсiруге тырысып бақты. Алайда, сайлау өтiсiмен "Нағыз ақжолдықтар" ЖСДП құрамынан шығатындықтарын мәлiмдедi. Дегенмен, олар бұл қадамдарын "саяси көзқарастың алшақтығы" деп түсiндiрген жоқ, қандай жағдайда да, қай кезеңде де бiрiн-бiрi қолдай беретiндiктерiн жария еткен. Бiрақ, көп ұзамай бұл мәлiмдемелерiнiң де жалған екендiктерi айқындалып қалды. Өткен күзде Жармахан Тұяқбай оппозиционерлердiң бiрiгуiне үн тастап, "Халық кеңесiн" құруға шақырғанда, оған үн қатқандары бұған дейiн бiр тудың астында болып келген жаңадан құрылған "Азат" партиясының өкiлдерi емес, керiсiнше, бiрiн-бiрi "жалған немесе нағыз оппозиционер" деп кiнәлап келген "Ақ жол" партиясы мен өзге де халықтан қолдау таппаған, аты бар заты жоқ ұсақ партиялар болды. Сөйтiп, оппозиция майданында бұған дейiн "Ақ жол" мен "Нағыз ақжолдықтар" (қазiргi "Азат") текетiресiп келсе, ендi Жалпыұлттық социал демократиялық партия "Ақ жолмен" сыбайласты.

Сөйтiп, бiр партиялы Парламентке балама ретiнде көп партиялы "Халық кеңесiн" ұсынып отыр. Оның спикерi ретiнде Жармахан Тұяқбай сайланды. Онда 7 жұмыс комиссиясы (адам құқығы, БАҚ, әлеуметтiк саясат, бюджеттiк-қаржы саласы, құқықтық реформа жөнiнде) жұмыс iстейтiн болады.

Өткен аптаның соңында екiншi жиынын өткiзген бұл қоғамдық парламент мүшелерi ең әуелi орталарына "Нұротандықтарды" шақыру қажет пе, жоқ па дегендi талқылауға кiрiстi. Кейбiрi: "Нұр Отанның" Мәжiлiсi бар не үшiн шақырамыз?" десе, екiншiсi: "Парламент деген атауға ие болғаннан кейiн бүкiл саясат алаңындағы тұлғалардың келуiн қамтамасыз ету қажет" деген ой атты. Қалай дегенмен де, Жармахан Тұяқбай бастаған топтың бұл қадамын билiк партиясының өкiлдерiн былай қойып, оппозиционерлердiң өзi толық қолдамай отыр. "Азаттықтардың" бұл идеяны ту баста қолдамайтындығы белгiлi болған. "Түркiстан" газетiнiң №6 санындағы "Оппозиция мен ұлтшылдар бiрiн-бiрi қолдай ма?" деген мақалада Б. Әбiлов: "Бiз кiммен бiрге боламыз? "Руханият", "Ауыл", "Ақ жол" – бұл партиялардың барлығы президенттiк партиялар, билiктiң сойылын соғады. Оппозиция билiктiң сөзiн сөйлейтiн партиялармен қалай бiрге болады?" деген болатын. "Алма-Ата Инфо" газетiне берген сұхбатында Жармахан Тұяқбай: "Мои соратники из "Азата", Компартии обвиняют меня в том, что, приглашая в Общественный парламент столь широкий спектр общественно-политических сил, я предаю свои взгляды. Да, у "азатовцев" и коммунистов в составе Общественного парламента есть партии-антиподы, с которыми у них непростая история взаимоотношений. Но, я думаю, что они одумаются и поймут, что ничего провокационного или опасного для сохранения их идейной и идеологической чистоты в этом нет" ("Общественный парламент – пример Парламенту настоящему". 12.06.08.) деген екен. Демек, бұндағы "Азат" пен Коммунистердiң көңiлiне жақпайтын партиясы "Ақ жол" екенi бесенеден белгiлi.

Мәжiлiстiң баламасы – көпшiлiк пiкiрлердiң тоғысы болатын алаң жасауға уәде берiп отыр. Дегенмен, қазiрдiң өзiнде оппозициядағы әрiптестерi мен билiктегi қарсыластарынан қолдау таппай отырса, бұның "кең дәрежедегi қоғамдық диалогтың мекенiне айналары" күмәндi болатын түрi бар.

ДАҒДАРЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ ҚАНШАЛЫҚТЫ МҮМКIН?

12-маусымдағы "Халық кеңесi" қоғамдық парламентiнiң жиынына қатысудан бас тартқан "Азат" партиясының лидерлерi 13-маусым күнi баспасөз-мәслихатын өткiзiп, "Дағдарысқа қарсы кеңес" құру қажеттiгiн мәлiмдедi. Партия лидерлерi Б. Әбiлов, Т. Жүкеев, П. Своиктар Кәрiм Мәсiмов үкiметiнiң оставкаға кетуiн талап етiп, "Ұлттық дағдарысқа қарсы бағдарлама" жасау үшiн Президенттiң басқаруындағы "Дағдарысқа қарсы" кеңес шақыруды ұсынды. Оның құрамына беделдi саяси партияның, бизнес қауымдастықтың лидерлерi, беделдi қазақстандық және халықаралық сарапшылардың енуiн ұсынып отыр. "Дағдарысты ауыздықтау үшiн Ұлттық қордағы қаржыны пайдалану керек" дейдi олар.

Оппозиционерлердiң бұл ұсынысына алғашқылардың бiрi болып үн қатқан Президенттiң кеңесшiсi Ермұхамет Ертiсбаев "ЭкспрессК" және "Литер" газеттерiне берген сұхбаттарында "Дағдарысқа қарсы кеңес" құру туралы ойдың қолдауға тұрарлық идея екендiгiн айтқан. Бұл идеяны бизнес қауымдастығының өкiлдерi де қолдайтындықтарын бiлдiруде. Мысалы, "Каспий Банкiнiң" басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе, "Дни PR в Казахстане" форумында: "В государстве должен быть штаб, который полностью координировал бы все коммуникации и подчинялся бы высокопоставленным руководителям, которые могут это контролировать" десе, бұл ой 13-маусымдағы Қазақстан бойынша Халықаралық валюта сарапшыларының қорытындысымен де сәйкес келiп отыр.

Демек, жақын арада Дағдарысты ауыздықтау мақсатында жаңа бiр қадамдар жасалып жатса және ол оппозицияның ұсынысына сай болып жатса таңданудың қажетi болмай қалды.

P.S. Парламент — идеяластардың мекенi емес, керiсiнше, плюрализмнiң мейлiнше көрiнiс табар орны. Қазiргi бiр партиялы Парламенттiң кемшiлiгi де, әлемдiк қауымдастықтың алдындағы ұтылар тұсы да осы. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болу үшiн оның талаптарына жауап беретiн саяси жүйе қажеттiгi жайында әңгiме соңғы кездерi жиi көрiнiс тауып жүр. Ол үшiн Мәжiлiс таратылып, тағы да кезектен тыс сайлау өткiзiледi екен. Ал, Президенттiң кеңесшiсi қызметiне қайта тағайындалған Ермұхамет Ертiсбаев Елбасының "Азат" партиясының лидерлерiн қабылдауын ұсынатындығын айтты. "Бұған дейiн олар премьер-министр Кәрiм Мәсiмовпен кездесiп, дағдарыстың алдын алуға қатысты өз ойларын айтуы керек. "Егер, пайдалы кеңестер ұсынылып жатса, оның далада қалмайтыны анық" – дейдi ол. Президенттiң конструктивтi оппозицияны үнемi қолдап келгендiгiн айта отырып, кеңесшi – "Азат" партиясы осындай талаптың үдесiнен шыға бiлсе, Мәжiлiстен орын алуы да ғажап емес" дептi "ЭкспрессК" газетiне берген сұхбатында.

Сондай-ақ, саяси кеңесшi оппозицияның билiкпен терезе теңестiре алмағандығын сынай отырып, 2009 жылы кезектен тыс Мәжiлiс сайлауы жоспарланып қойғандығын да айтып өткен. Сол мақсатта "Сайлау туралы" конституциялық заң жобасы дайындалып жатыр екен. Мәжiлiске сайлану үшiн партиялар бұрынғыдай 7% кедергiнi емес, 4%-ды бағындыруы тиiс делiнген "Литер" газетiндегi сұхбатында ("Назарбаев останется на своем посту как минимум до 2017 года", "Литер, 11.06.08"). Демек, саяси партия жетекшiлерiнiң халықпен қоян-қолтық араласуға қайтадан кiрiсе бастауы алдағы сайлауға деген дайындықтан туындаса керек. Сондай-ақ, Ертiсбаев мырза оппозиция алаңындағы партиялар ретiнде "Азат", "Алға" және ЖСДП-ны атаған екен.

Есенгүл Кәпқызы