МАХАББАТТЫ ШЫРАҚ ЕТIП БЕЙУАҚТА...
МАХАББАТТЫ ШЫРАҚ ЕТIП БЕЙУАҚТА...
Ақын Нұрлан Мәукенұлының өмiрден озғанына бес жыл болды. Талантты ақынның сезiмге толы жырларын қайталап оқыған сайын, асыл азамат арамызға қайта келгендей әсерге бөленесiң…
Қоғам кедей,
Мен кедей,
Сен кедей.
Жүрiп жатқан жай-күйдi бiр жөндемей,
Өгiз өлмей, арба сынбай ақырын —
Өлi ұйқылы пәруайымсыз пендедей…
Қоғам кедей,
Қайда барам мен асып…
Шидем шекпен шилi ауылға жарасып,
Үлкендерiм үйде отырып бал ашып —
Қоғамымнан қайда барам мен асып?..
Қоғам қотыр,
Сен де қотыр,
Мен қотыр.
Қотыр күйден айықпаспыз, көр де тұр…
Алтын үйiн салып алған өрде отыр,
Қараша үйдi қалқайтқандар төрде отыр…
Жайлы адамнан айналайын жайылған,
Айығармын удай ойдан, уайымнан.
Өзегiмдi өртеп жүрген өзiм бе,
Сыпыртқыны қиып-қиып қайыңнан?..
Қоғамымның ащы болар толғағы,
Бiреу жаман, бiреу жақсы қолдады.
Көңiлiме: "қанағат қыл", — деп едiм,
Жыртығынан жел уiлдеп болмады…
* * *
Мен жалғызбын.
Ол жалғыз.
Сен де жалғыз.
Жағалаудан таппадық емге жалбыз.
Бiздiң жалғыз жазымыз жалбыздайын
Жоғалыпты жұлмалап келген әр күз.
Жоғалады,
Бәрi де жоғалады…
Жанымыз да жоқтауды доғарады.
Құс ұйқысы бұзылмай ұзақ таңға,
Бұлақ байғұс бұйығы боп алады.
Күн сәулесi құлап кеп күлiм-күлiм,
Емдер ернiн жағаның тiлiм-тiлiм.
Менiң жаным емдейтiн сен бармысың,
Сен бармысың, басылмас шын ынтығым?!
Түн жарығы селбесiп ай нұрына,
Айналады алып тау айбынына.
Мәңгiрмей-ақ мәңгiлiк ұмытсам-ау,
Кеудемдi алған көрiскiш қайғыны да…
Жалғыздықтың бары да жанға қуаныш,
Басу айтып, бас изеп қалады таныс.
Арамызда теңiз бар арпалысқан,
Толқынына көмiлдiк — сол қуаныш.
Оқ кетiре бiлмедi жетi белiм,
Үн шығара алмады жетiгенiм.
Көктiң тасы, көмескi Ай сияқтанып,
Күн-күн сайын күмәнмен кетiлемiн….
* * *
Саған деген махаббатым өлген бе?
Сенiң көзiң көре алмадым көлден де.
Тұңғиыққа батып кеттiм тұнжырап,
Тыраулаған таңғажайып келгенде.
Көз алдыма келмей қойды келбетiң,
Ендi немен толтырамын Жер бетiн?
Орманы жоқ, орыны бос көңiлге
Қойнындағы қасiреттi берме, түн.
Кеудем босап қалыпты ғой — жүрек жоқ,
Уақыт қана уайымнан жүр емдеп.
Елестете алмағасын өзiңдi,
Елжiреп мен айта алмадым "сүйем" деп.
Жыл құстары жылы жаққа ағылды,
Қайда ұшырдым басымдағы бағымды?
Жыл құсындай жылап жүрмiн мен ендi,
Күзгi желге күңiрентiп жанымды.
Елестете алмай өттi күнiм құр,
Сенiң бейнең түсiмде де бұлыңғыр.
Сен-сен емес, өзге бiреу сияқты
Кездейсоқта көрiп қалған бұрын бiр.
Саған деген махаббатым осы ма? —
Құлай сүйген күндер бездi шошына.
Мен қайтейiн құдiрет бiр кеткесiн,
Қайта оралып соқпай қойды-ау қосыма….
* * *
Қорқам кейде: мен осы көпке барман,
Алып жейдi-ау, кеудемде кеткен арман…
Өмiрiмнiң өзегiн жалмаған от
Жүрегiмдi жарылған өтке малған.
Iшiме толған удан iрiдiм бе? —
Түңiлсем де түйiлмен тiрi күнге.
Кеудемдегi көбемдi алам дейтiн
Айтпай келер ажалым, құры мүлде!
Кейде "тағдыр — осы" деп назаландым,
Пәрменiмен пәк күйде жазаландым.
Кейiн қостым кiнәнi, күнәнi де –
Бiр күн кебiн кигенде тазарамын.
Айлар бойы қарайтын аспандағы Ай,
Бозарғанда боз шағыл қашқан қалай?
Бозiнгенi боздамас боз адырдың
Қарасудың қан жұтқан қасқалдағы-ай…
Көкiрегiмде көл жатыр тыншып ағар,
Ту сыртымда жел жатыр тыншын алар,
Тулағанда толқыны тұншықтырып,
Ойдым-ойдым орманы сыңсып алар.
Өзiм салған өмiрiм соқпаған-ай,
Тағдырымның тезiне тоқтадым-ай…
* * *
Көңiлiм жүйрiк,
Көзiм жүйрiк,
Қолым жүйрiк,
Қашаннан адастырған жолым жүйрiк.
Шашыма шаң жұқтырып шаршатады,
Құтылмасқа құрып ап торын бұйрық.
Маңдайыңа жазғанынкөрерсiң де…
Қуанасың, жылайсың, өлесiң де…
"Ажалы жүйрiк болды жарықтықтың", —
Деп алып, сақтамайды-ау ел есiнде.
Жадында ұстайтұғын жақын ғана,
Басқаға беймағлұм атың, бала.
Жазмыштың жазғанынан озамын деп,
Өзiңдi өзiң өлердей тақымдама.
Жүйрiктер жетпей құлар мәресiне,
Тап болып пәни жалған пәлесiне.
Дүние дөңгеленген ақтық демде
Оралар-ау опынтып бәрi есiңе.
Дүние жеткiзбестен жөнеледi,
Қызығына тiрiлер кенеледi.
Жел жүйрiк, айналған Жер де жүйрiк,
Жығылады десем, кiм сенер едi?…
Жолда келем,
Жолымды оңғара ма?
Қолтығымнан сүйе де, қолда, дала.
Өгейсiнбе, көңiлiм, қуанышты
Сан пенденi сандалтқан сорға бола…
Дүние жүйрiк пе екен, жүрдек пе екен,
Қашарын қарсы алдымнан бiлмеп пе екем?…
Қызыл тiл, сен де жүйрiк сияқты ең-ау,
Қай күнi, қай тылсымға күрметтiм екем?!