ҰЛТТЫҢ АРДА ҰЛЫ — НЫҒМЕТ ЕДI

ҰЛТТЫҢ АРДА ҰЛЫ — НЫҒМЕТ ЕДI

ҰЛТТЫҢ АРДА ҰЛЫ — НЫҒМЕТ ЕДI
ашық дереккөзі

Нығмет Сырғабеков кiм? Турасы кiм болған?

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигi Кеңес Нұрпейiсов кезiнде ол туралы былай деген екен.

"…Нығмет Сырғабеков, сөз жоқ, өз заманының көшбасшысы. Патша өкiметiнiң езгiсiнен есеңгiреген қазақтың еңсесiн көтередi деген оймен Кеңес өкiметiнiң саясатын қолдады. Жастайынан жоқшылықтың зардабын тартқан жас жiгiт өзiнiң бар ғұмырын жаңа қоғам құруға жұмсады. Бiрақ ол ұлт мүддесiн, қазақтың болашағы мен келешегiн бәрiнен биiк қойды. Қазақтың көсегесiн көгерту үшiн ресми билiкке қарсы шығып, өз көзқарасын батыл айтуға дейiн барды. Қылышынан қан тамған Кеңес өкiметiне қарсы келу табандылық пен жүректiлiктi талап етедi. Нығмет те қазақтың талай арда ұлдары сияқты сталиндiк репрессияға ұшырады. Жазықсыз атылды. Бiрақ артында "өлмейтұғын сөз қалдырды", елiне деген адал iсi қалды".

Белгiлi тарихшының зерделi тұжырымы осы. Демек, Нығмет Сырғабеков қилы заманда ұлты үшiн қызмет еткен жан. Өмiрi мен қызметi, халқына деген адалдығы ұрпаққа өнеге. Ендеше оның тар жол, тайғақ кешулерден қалай өткенi жайында бiраз әңгiме құрайық.

Тағдырдың тәлкегiн көп көрген Сырғабек 1900 жылы Қызылжар қаласында кенже ұлы өмiрге келгенде оған азан шақырып Нығметолла деп ат қояды. Ол өсе келе Нығмет атанып кетедi. Сырғабек ет комбинатында қара жұмысқа жегiлiп жүрiп, бiр тiлiм жер алуды, өзiнше шаруа бағуды армандаған. 1912 жылы ғана шеттен қоныс аударушыларды жерге орналастыруға байланысты жүргiзiлген саяси науқан барысында оған да алақандай жер телiмi бұйырады. Үлкен ұлы Шөкейдi байға жалшылыққа берiп, кенжесi Нығметтi қасына ертiп жердi баптайды. Нығмет қыс айларында ауыл молдасынан ескiше сауат ашады. Сол жылы уездiк кеңседен қаладағы орыс-қазақ училищесiне бiрнеше баланы оқуға жiберту жөнiнде болыстық басқарушыға нұсқау түседi. Бай балаларының оқуға құлықтары болмаған соң Нығметтi жiберуге ұйғарады. Оны бiтiргендер патша өкiметiнiң жергiлiктi басқару кеңсесiнде жұмыс iстеулерi тиiс.

Нығмет сонда оқып жүрiп, қаладағы жұмысшылар мен темiржолшылардың патша өкiметiне қарсы ереуiлдерiн көрiп, көкiрек көзi ашылады. 1916 жылы патшаның тылдағы қара жұмысқа қазақтан әскер алу жөнiндегi жарлығы шығып, қалың қазақ қарсы көтерiлгенiн өз көзiмен көрiп, әлеуметтiк әдiлетсiздiкке жаны төзбейдi. Көп ұзамай патша өкiметi құлап, қалада Кеңес өкiметi орнайды. Олар езiлген халықтарға теңдiк, бостандық беремiз деп жар салған соң Нығмет осы өкiметтiң мүддесiн қолдап, белсене ат салысады.

Бұл кезде Нығмет қаладағы жоғары бастауыш приход мектебiнде оқып жүрген. Бiрақ оны соңына дейiн аяқтауға жағдайы болмайды. Кенеттен әкесi қайтыс болып, Жамантұз¬дағы елiне оралады. Сiбiрдiң орасан зор бөлiгiн басып алған Колчак армиясы елге ылаң салып жатқан кезде, ол ауыл тұрғындарына кiмнiң жау, кiмнiң дос екенiн анықтауға көмектесiп, большевиктiк газеттердi оқып берiп, ел iшiндегi қоғамдық жағдайларды түсiндiрумен болған. Жаңа өкiметке сауатты жастар аса қажет едi. 1920 жылы Нығмет Сырғабековтi Петропавл уездiк революциялық комитетi Қырғыз (Қазақ) секциясының нұсқаушысы қызметiне тағайындайды. Қай жағына шығарларын бiлмей дал болған жұртқа Кеңес өкiметiнiң саясатын дәрiптеп, жақсылықтарына көздерiн жеткiзу оған оңай болған жоқ. Өлкенiң қиюы қашқан шаруашылығын қалыпқа келтiру, еңбекшiлердiң саяси сауатын ашып, мемлекеттiк басқару жүйесiне тарту, халықтың тұрмысын жақсартып, мәдениетiн көтеру әрине оңай емес. Нығмет соның бел ортасында жүрiп, Кеңес өкiметiн нығайтуға барын салды. Ол қазақ халқының патшада кеткен есесiн жаңа қоғамда қайыруды көздедi.

* * *

Нығмет ел iшiне ендi таныла бастаған қаламгерлер – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiреповпен байланыс жасап, пiкiр алысып отырды. Мәскеуде бiлiм алған Қайсар Тәштитовпен бұрын Қызылжар интернатында бiрге жатып, дәрiс алған. Ақмола облыстық, комсомол комитетiнiң нұсқаушысы мектебiнен де бiрге өттi. Қайсар Мәскеуде жүргенде Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында оқып жүрiп, қазақ студенттерiнiң жерлестiгiн ұйымдастырған Мүтәмiш Дәулетқалиевпен дос жаран едi. Кейiн Дәулетқалиев Сталинге "Бесеудiң хатын" да ұйымдастырды. Олар Нығметтiң саяси тұлға ретiнде биiкке көтерiлуiне септiгiн тигiздi. Нығмет шаруашылықты, Қайсар комсомолды басқарды. Сол жылдары тағдыр Нығметтi "Ғалия" медресесiнiң түлегi Сабыр Айтхожинмен бажа болуға жазған екен. Әйелi Бибiжамалдың сiңлiсi Ғайнижамал Сабырға күйеуге шығады.

1921 жылы елде елеулi өзгерiстер болды. Сәуiр айында Ақмола және Семей губерниялары өз алдарына отау тiгiп, Сiбiр революциялық комитетi қарауынан Қазақстанға берiледi. Нығмет әуелi Ақмола революциялық комитетiне, содан соң губерниялық атқару комитетiне нұсқаушы қызметiне тағайындалған. Сондай-ақ, оның қоғамдық жұмыстары да көбейедi. Губерниялық жер бөлiмiнiң уәкiлi, комсомол ұясының ұйымдастырушысы, РКП(б) бастауыш ұясының жауапты хатшысы мiндеттерiн атқарады.

Н.Сырғабеков 1921 жылы мамырда қазақ әйелдерiнiң уездiк бiрiншi конференциясын дайындап өткiзедi. Конференция елеулi оқиға ретiнде әркiмдердiң есiнде қалған. Аюке ауылының мұғалiмi: "Бiр күнi бiздiң ауылға ұзын бойлы, сымбатты жiгiт келдi. Жанары жалындап, от ұшқындап тұр. Адамға тiк, тайсалмай қарайды. Үлкенсiң-ау, кiшiсiң-ау деп бөлектеген де, жатсынған да жоқ. Бұрыннан бiлетiн жандай ашық әңгiмелестi. Кеңес өкiметi жайлы бiраз әңгiме айтты. Қарапайым сөйлесе де, сөзге шешен екендiгi бiлiнiп тұрды", – деп еске алады. Сол конференцияда ауыл жастары қалың мал төлеушiлiктiң, көп әйел алушылықтың жойылғанын есiтiп қуанышқа бөлендi.

Ақмола облысындағы жер реформасы бiрден жүзеге аса салған жоқ. Тап жаулары өздерiнiң шұрайлы жерлерiнен айрылып қалмау үшiн барынша кедергiлер жасап бақты. Нығмет "Жерге орналасу және отырықшылыққа айналу туралы" еңбегiнде мәселенiң әлеуметтiк-экономикалық маңызын ашып бердi.

"…Қазақстанның негiзгi байлығы – егiн егу, мал өсiру шаруашылықтары. Сондықтан жер мәселесi Қазақстанда шаруашылықтың негiзгi бiр маңызы зор мәселе.

…Iшкi Ресейдегi помещиктердiң өрiстерiн кеңейту үшiн ол жақтағы жерi жоқ қара шекпендiлердi көшiрiп орналастыру болды. Бұл келiмсектердi де жердiң шұрайларына отырғызып, жергiлiктi халықпен араларын қым-қиғаш қылып, екi араларында сол үкiметтiң саясатына сәйкес ұлт алакөздiгiн тудырып келдi. Ұлт ретiнде, саяси шаруашылық ретiнде де қазақ еңбекшiлерiнiң түк пұрсаты болған жоқ. Қазақтың бай-жуандары, би-болыстары патша үкiметiнiң еңбекшi елдi iшiнен соратын сүлiгi, қол шоқпары болды. Кедей, батырақ, орта шаруалар бұрыннан күнелтiп келген жерлерiнен айрылып, жердiң нашарына, құмды, тасты жерлерге тек сырғып жылжи бердi. Олардың келешегi, шаруалардың күйзелуiмен үкiметтiң iсi болған жоқ. Осы ретте 1917 жылға дейiн қазақ еңбекшiлерiнiң пайдасынан патша үкiметi небәрi 33 миллион 700 мың гектар ыңғай шұрайлы, сулы асыл жерлердi тартып алып, келiмсектердi орналастыра бастады. Октябрь төңкерiсiнен кейiн бұл саясат тамырымен құртылды".

Оның қолында губерниялық-революциялық комитеттiң мандаты болды.

"Бұл мандат Ақмола губерниялық-революциялық комитетiнiң Булаев-Явленский ауданы бойынша аудандық инспекторы Н.Сырғабековке берiлген. Оған қырғыз халқының арасында шөп шабуды бiркелкi болу және орыс пен қырғыз халқының арасында жер мәселесi бойынша туындаған дауларды реттеп отыру құқығы берiлдi.

1921 жылы губернияда жер дауы бұрқ ете қалады. Бұл жолғы дау ауыл тұрғындары мен әскери бөлiмшелер арасында шабындық пен жайылымдық жерлерге байланысты орын алған. Ақмола губерниялық партия комитетi губерниялық-революциялық трибунал комиссиясын iстi тексерiп, ретке келтiрiп қайтуға жiбередi. Комиссия құрамында Нығмет те бар едi. Оның қолындағы мандатқа былай деп жазылған.

"Осы мандатты ұсынушы Сырғабеков жолдас қырғыз кавалериялық полкiнiң Надеждинский, Новоникольский және Вознесенский қоныстарының жергiлiктi халқымен арада туындаған даулардың себептерiн анықтау үшiн Ақмола революциялық трибунал комиссиясының мүшесi болып шын мәнiнде iссапарға шығады. Сырғабеков жолдасқа қамауға алу және тiнту жүргiзу құқығы берiледi. Барлық кеңестiк мекемелер мен партиялық органдарға Сырғабеков жолдасқа жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде барлық жәрдем көрсету ұсынылады".

* * *

Сырғабеков бастаған топ дауды тез шешкен.

1921-1923 жылдары ол Петропавл уездiк комитетiнiң, Ақмола губерниялық атқару комитетiнiң және РКП(б) губерниялық комитетiнiң мүшесi болып сайланды. Бұл қызметтерден Нығметтiң ерте есейгенi, жас та болса елге бас бола бiлгенi байқалады. Дегенмен бұл жылдар тап күрестерiне толы едi. Шаруалар азық-түлiк салғыртына наразылықтарын бiлдiрдi. Үстем тапты көксеушiлер, контрреволюциялық элементтер соны өз пайдасына шешу үшiн жағдайды ушықтыра түстi. Есiл маңында кулактар көтерiлiсi шықты. Олар Петропавл мен Омбының арасын байланыстырған темiр жол қатынасын үзiп тастады. 1921 жылдың ақпанында ақ казактар мен кулактар бiрiгiп, Петропавлға басып кiрдi. Омбыдан Қызыл армия жауынгерлерi келiп, қаладағы жұмысшы коммунистер мен комсомолдардың көмегiмен ақ гвардияшыларды қуып шықты. Осы ұрыста Н.Сырғабеков ерекше көзге түстi. Ел бейбiт еңбекке көштi. Жаңа экономикалық саясат жарияланып, шаруалар азық-түлiк салғыртынан арылып, азық-түлiк салығын ғана төлейтiн болды.

1922 жылы 30 қазанда РКП(б) Ақмола губерниялық комитетi революциялық трибунал құрамын бекiттi. Оның төрағасы Катченко, алқа мүшелерi Озолин, Долганов, Сырғабеков болды. Сол күннен бастап Н.Сырғабеков әдiл сот жүйесiн жасау үшiн аянбай еңбек еттi.

Алқа кеңесi шешуi қиын жерлерге үнемi Нығметтi жiберiп отырды. Өйткенi оның бiлiм-бiлiктiлiгiне, әдiлдiгiне сенетiн. Бiр жолы үлкен ауданның милиция бастығының жұмысын тексерiп, оның бұрын ақтың офицерi болғанын, бандалар тобын басқарып бейбiт елдi тонағанын, тұрғындарды жазықсыз жазалағанын әшкерелеп, қылмыстық жауапқа тартқан. Сырғабековтың бұл iсiне күмән келтiргендер де аз болмапты.

Сонда ол: "Бiз Кеңес мекемелерiн жауып жатқан жоқпыз. Керiсiнше, Кеңес милициясын бетперде етiп, тонаушылық, зорлық-зомбылық жасау арқылы Кеңес өкiметiне кiр келтiрген бандиттердi жойып отырмыз. Олардың орнына, бiз халықтың және кеңестердiң мүдделерiн қорғайтын нағыз Кеңес органын құрамыз", – деп тойтарыс берген.

1923 жылы 22 шiлдеде Ақмола РКП(б) губерниялық комитетiнде РКП(б) ХII съезiнiң ұлт мәселесi бойынша қабылдаған қаулысын жүзеге асыру жөнiнде болған жауапты қызметкерлердiң кеңесiнде Н.Сырғабеков сөз сөйлеп, қазақтарды Кеңес аппаратына қызметке кеңiнен тартудың қажеттiгiн басты мәселе етiп қояды. Сондай-ақ ол РКП(б) фракциясының мәжiлiстерiнде ҚАКСР Халық Комиссарлар Кеңесiнiң бiрнеше салалық буындарының жұмыстарын сынға алған. Ол революциялық трибунал құрамында жүрiп, заң ғылымына ерекше мән берiп, барынша зерттейдi. Өзiнше талмай iзденудiң арқасында таласты, тартысты, даулы жайларды әдiл шешуде өзгелерге үлгi бола бiлдi. 1923 жылы революциялық трибунал – Халық соты болып қайта құрылды. Н.Сырғабеков сол жылы Ақмола губерниялық соты төрағасының орынбасары қызметiне жiберiлдi. Ал жылдың соңында, оны РКП(б) Қырғыз облыстық партия комитетi ұйымдастыру бөлiмiнiң нұсқаушысы етiп бекiттi.

Ол 1924 жылдан 1929 жылға дейiн Республика Жоғарғы Сотының мүшесi, Жоғарғы Сот Төрағасының мүшесi және қылмыстық Сот алқасының төрағасы болып iстедi. Заң қызметi ардагерi В.Н.Демме: "…Н.Сырғабеков өз жұмысында қатаң таптық бағытты жүргiзе отырып, революция жауларына ымырасыз болды", – дейдi.

1924 жылы Қазақ ОАК-тiң төралқасы РСФСР Жоғарғы Соты қазақ бөлiмiнiң құрамын бекiттi. Оның төрағасына Т.Мұқашев, мүшелерiне И.Кошкин, А.Голубцов, Данилов, Н.Сырғабеков, М.Демме сайланды. Небәрi жиырма төрт жастағы Нығметтiң аз уақыт iшiнде осыншалық биiкке көтерiлуi заң қызметiн жетiк меңгергенiн көрсетедi. Заң iсiнiң ардагерi К.Сүлейменов: "Жоғарғы Сот қылмыстық алқасын басқара отырып, Нығмет курстардағы оқу үрдiсiне үнемi қызығушылық бiлдiрдi. Курсанттар арасында жиi болды. Олармен әңгiмелесiп, өз тәжiрибесiн үйреттi. Кейде күрделi сот iстерiн қалай шешу керек екенiн көрсеттi", – дейдi. Н.Сырғабеков 1926 жылы Жетiсу губерниялық сотының төрағасы қызметiне тағайындалды. Ол сот iсi жөнiнде "Еңбекшi қазақ" газетiне жиi-жиi мақалалар жазды.

* * *

Н.Сырғабековтi 1928 жылы Қазақ өлкелiк партия комитетi Қызылордаға шақырып, әуелi Республика прокурорының көмекшiсi, көп ұзамай Әдiлет халық комиссарының сот iсiн жүргiзу бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiн сенiп тапсырды. Арада жыл өткен соң ҚАКСР Кеңестерiнiң VI съезiнде ол Қазақ Орталық Атқару комитетiнiң мүшесi және Қазақ Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы болып сайланды. Ол республикада заң iстерiнiң әдiл жүргiзiлуiн жолға қойды.

Қазақ ОАК 1928 жылы 27 тамызда мал-мүлiктi тәркiлеу және iрi байлар мен феодалдарды жер аудару туралы декрет шығарды. Осыны жүзеге асыру үшiн өлкелiк партия комитетi Н.Сырғабековты Семей округiне уәкiл етiп жiбердi.

Жиырмасыншы жылдардың соңында ауыл шаруашылығын өркендету үшiн мамандар жетiспедi. ҚАКСР Егiншiлiк халық комиссариаты Н.Сырғабековтi Орталық жерге орналастыру басқармасының бастығы қызметiне тағайындады. Ол бұл жұмысты 1931 жылдың қаңтарына дейiн атқарды. Н.Сырғабеков мiндетiн барынша өз ұлтына тиiмдi етiп жүргiздi. Көшпелi және жартылай көшпелi қазақ халқын отырықшылдыққа қоныстандыруды, кедейлер мен орта шаруаларға жер үлестерiн дұрыс бөлудi, суармалы егiншiлiктi арттыруды, төрт түлiк санын көтерудi қолға алып, санаулы жылдар iшiнде ұйымдастыру жұмыстарын ойдағыдай атқарып, iскерлiгiн көрсете бiлдi. 1930 жылдың басында ҚАКСР Халық Комиссарлар Кеңесi жаңа құрылған Отырықшылық жөнiндегi тұрақты комитет төрағасының орынбасары қызметiне Н.Сырғабековтi тағайындады. Сол жылдың күзiнде комитеттiң кеңесi болып, онда алдағы жылы отырықшылыққа 80 мың, ал 1932 жылы 84,8 мың көшпелi және жартылай көшпелi қожалықтарды көшiрудi мiндет етiп қойды. Н.Сырғабеков республика басылымдарында бұл iстiң аса маңыздылығын жазып, халыққа түсiндiрдi. "Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытудың буржуазиялық теорияларына қарсы" деген мақаласында Егiншiлiк халық комиссариатының белдi қызметкерлерi Полочанскийдiң, Шевцовтың және Рыбниковтың жұмыстарын қатты сынады. 1930 жылы оның "Жерге орналасу және отырықшылыққа айналу туралы" деген атпен кiтабы жарыққа шықты.

Қазақстан өлкелiк партия комитетiнiң идеологиялық бөлiм меңгерушiсi болған Бекболат Мұстафиннiң мына бiр естiлiгi де Нығмет Сырғабековтың қайсарлық қасиетiн аша түседi.

"Ашаршылық жылы өлкеге Мәскеудегi ОК В.Сольц деген уәкiл келiп мұндағыларға айқайлап, зекiп үрейлерiн алады. Тiптен, Семей қаласында өткен партиялық белсендiлерiнiң жиналысында аштыққа соларды кiнәлi етiп шығарды. Өзi Ленинге ұқсағысы келе ме, бiр қолына кепкасымен қыса ұстап лепiре сөйлемесi бар ма. Қысқасы оның айтуынша аштыққа қазақ басшылары кiнәлi екен. Сөз арасында Нығмет Сырғабековке: "Жер комитетiн басқарған сенсiң, бұған сен де жауаптысың. Сенiң партия билетiңдi алу керек", – деп соғады. Сонда Нығмет Сырғабеков: "Маған партия билетiн берген сiз емес, сондықтан сiз алмайсыз. Ал аштықтың алдын алу үшiн бiз ОК-ге талай рет хат жаздық. Оны Сталиннiң серiгi Голощекин жақсы бiледi. Бiрақ бiздiң ұсыныстарымыздың бiрiн де қабылдамады, айтқанымызға сенбедi. Партбилеттi кiмге тапсыру керек болса, сол жақтан iздеңiз" – дегенде Сольцтiң аузына құм құйылып, үнi өштi. Басқаларға сонда ғана жан бiткендей, қопаңдап қоз¬ғала бастады".

Республика басшылары халық шаруашылғының қай саласында қиыншылық орын алса сол жерге Н.Сырғабековтi жiберумен болды. 1932 жылы оны Жабдықтау халық комиссары қызметiне тағайындады. Сол жылдың қаңтарында Қазақстанда: Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Оңтүстiк Қазақстан облыстары шаңырақ көтердi. Н.Сырғабеков Шығыс Қазақстан облыстық Атқару комитетiнiң төрағасы қызметiне жiберiлдi. Ол бұл жұмысты 1936 жылдың қыркүйегiне дейiн атқарып, облыс халқының алдында абыройға бөлендi. Содан ол республиканың Егiншiлiк халық комиссары қызметiне тағайындалды. Оның алдында республиканың бұрынғы басшысы И.Голощекиннiң кезiнде тұралаған ауыл шаруашылығын қайта көтеру тұрды. Ол бұл iске де барын салды.

Нығмет Сырғабеков өз жұмысын әуелi Егiншiлiк халық комиссариатын қайта құрудан бастады. Аппараттағы артық буындарды қысқартып, мейлiнше ықшамдады.

"…Егер қайта құрылғанға дейiн Егiншiлiк халық комиссариатының аппараты таратылған ұжымшар одақтармен бiрге 870 адам болса, ендi ол қайта ұйымдастырылғаннан және қысқартылғаннан кейiн 370 адам болды. Республика бойынша аппаратты қысқарту Егiншiлiк халық комиссариаты жүйесi бойынша ғана 1500 бiрлiктi үнемдеуге немесе жылына 100 мың рубльдi үнемдеуге мүмкiндiк бердi," – дейдi онымен үзеңгiлес жоспарлау, қаржылық бөлiм бастығы болған ардагер Я.Павленко.

Н.Сырғабеков БКП (б) ОК-i мен Қазақ өлкелiк партия комитетi VI пленумында республиканың бұрынғы басшысы И.Голошекиннiң асыра сiлтеу саясатын қатты сынға алып, ауылшаруашылығын қайта көтеруге жаңа жолдарын, шаруашылықты тиiмдi жүргiзу тәсiлдерiн ұсынды. Тынымсыз ұйымдастыру жұмыстарын арқасында бiр жылдан соң төрт түлiк басы 1927 жылмен салыстырғанда 5 пайызға көбейдi. Н.Сырғабеков салыстырғанда 5 пайызға көбейдi. Н.Сырғабеков еңбекшiлермен жиi-жиi араласып, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, қолынан келгенше көмегiн аянбады.

1937 жылғы сталиндiк репрессия басталы. Ұлттың бетке ұстары сүт қаймағын бiрiнен соң бiрiн ұстап, атып, итжеккенге айдап жатты. Қазақстанда барлығы 105 мың адам тұтқындалып, 25 мыңы жазықсыз атылды. Солардың бiрi Нығмет Сырғабеков едi.

Нығметтiң қызы Роза сол зұлмат күндердi әрдайым есiне алып отыратын.

"Қуғын-сүргiн дүрбелеңi күннен-күнге зорайып, бел алып бара жатты. Әкей өзiн де ұстайтынын сезiп жүрдi. Көбiне томсарып, үнсiз ойланып отырушы едi. Бiр күнi таңертең жұмысқа кеттi де, бiраздан соң шешейге қоңырау шалды. "Шақырып жатыр, менi бүгiн күтпей-ақ қойыңдар. Берiк болыңдар?!", – дедi. Қайда шақырып жатқаны белгiлi. Әкемiздiң айтқаны айдай келдi. Одан оралмады. Келесi күнi үйге тiнту жүргiзiлдi. Жылап-сықтап жатырмыз. Қарсылық бiлдiрiп, айбат шеккен боламыз. Әлi есiмде,Клишицкий деген тергеушi: "Отырыңдар!" – деп зекiдi. Бiздi, балаларды желкемiзден түйiп-түйiп жiберiп, ас үйге отырғызып қойды. Әкемiздiң әжесiнен қалған ескiлiктi қымбат бұйымдар бар едi, екi шабадан фотосурет, Ленин шығармаларының толық жинағы солардың барлығын алып кеттi. Ленин шығармаларын алып кету себебi, онда Сталин туралы жайсыз пiкiрлер болды ғой деймiн.

Сол кезде әкемiз 37, шешемiз 33 жаста ғана екен-ау. Қаңтар айы болса керек, бiр күнi әкемiзбен кездесуге рұхсат берiлдi. Ағам Нариман және анам, үшеумiз бардық. Бiр есiмде қалғаны, әкемнiң саусақтарының басы күп болып iсiнiп, тырнақтарының асты күлдiрей iрiңдеп, қанталап, күбiрткеленiп кеткен екен. Сонда жауыздар тырнақтың көбесiне ине сұғып азаптайды екен-ау. Әкем көп сөйлемей, бар болғаны: "Балаларды алып Қызылжарға кет", – дей бердi".

Әйелi Бибiжамал сiңiлiсi Ғайникамалға хат жазып, шақырып алады да, Роза мен Нариманды Қызылжарға жiбередi. Сол кезде Ғайникамалдың күйеуi Сабыр Айтхожин де "халық жауы" деген жаламен абақтыға қамалған. Алайда Бибiжамал қызы мен ұлының артынан барамын деп жүргенде, қаңтар айында "халық жауының" әйелi деп оны да тұтқындайды. Қолындағы кенжесi Екпiндi сiңлiсi Нұрикамал Қызылжарға жеткiзедi. Бәрi үш баласы бар Ғайникамалдың қолына қарап қалады. Күн көру қиындай түседi. Ғайникамал әзер дегенде мақау балалар үйiне күтушi болып орналасады.

КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясы 1937 жылы ақпан айында Алматы қаласында өткен көшпелi сессиясында "Қазақстанды КСРО-дан бөлiп алуға және шетел империализмiнiң отарына айналдыруға әрекеттенген, террорлық-зиянкестiк және диверсиялық iспен айналысқан шет мемлекеттiң шпионы" деген айыппен 19 азаматқа үкiм шығарып, 25 ақпанда Алматы маңындағы Жаңалық ауылының ескi жұртында атылды. Солардың қатарында ұлттың бiртуар ұлдары Санжар Аспандияров, Ғабдолла-Хакiм Бөкейханов, Сүлеймен Есқараев, Темiрбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Сейiтқали Меңдешов, Сұлтанбек Садықбеков, Қабылбек Сарымолдаев, Жанайдар Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин және Нығмет Сырғабеков те болды. Оларды бос қаңырап қалған үйде атып, қабырғаларын құлата салған.

"Нығметтер атылған күнi" кешке НКВД-ның адамдары менi үйден алып кеттi. Менiмен бiрге сол күнi атылған 19 азаматтың әйелдерi де болды. Онан кейiнгi көрген сұмдық қорлаулар қазiргi кезге дейiн түсiме енсе, шошып оянамын", – деп жүрдi Бибiжамал бертiнге дейiн. Оған Сәкен Сейфуллиннiң жары Гүлбаһрам күйеуiн соңғы рет қалай көргенiн айтып берген. Ол түрмеде әбден азапталған Сәкендi көргенде алғашқыда танымай қалған. Сәкен өкiнiштен "аһ" ұрып, қос тiзесiн жұдырығымен түйгiштеп: "Гүлбаһрам, шаруа бiттi, шаруа бiттi", – дей берген екен.

НКВД қызметкерлерi "халық жауларының" әйелдерiн қақаған аязда Ақмоладан 40 шақырым жерге айдап апарып, өздерiне баспана салдырып, қара жұмысқа жегедi. Ұлы Отан соғысы басталғанда АЛЖИР-дегi тұтқын әйелдер саны 13 мыңға жеткен. Бибiжамал сонда сегiз жыл отырып, амнистияға iлiнген. 1958 жылы Нығмет ақталған соң ғана еңсесiн көтерiп ел жұртқа тiк қарағаны есiнде. "Нығметтi ресми ақтау қағазы қолыма тигенде ғана бүркеншiктемей, бетiмiз ашылып, өзiмiздi Отанымыздың бiр азаматы ретiнде сезiндiк. Оған көзiмiздiң қарашығындай сақтап келе жатқан екi ақтау қағазы куә", – деп айтқаны жұрт есiнде.

Көлбай Адырбекұлы