Михаил ЛОМТАДЗЕ, Каспий банкiнiң Басқарма төрағасы: YКIМЕТ ИНФЛЯЦИЯНЫ АУЫЗДЫҚТАУҒА ҚАУҚАРЛЫ

Михаил ЛОМТАДЗЕ, Каспий банкiнiң Басқарма төрағасы: YКIМЕТ ИНФЛЯЦИЯНЫ АУЫЗДЫҚТАУҒА ҚАУҚАРЛЫ

Михаил ЛОМТАДЗЕ, Каспий банкiнiң Басқарма төрағасы: YКIМЕТ ИНФЛЯЦИЯНЫ АУЫЗДЫҚТАУҒА ҚАУҚАРЛЫ
ашық дереккөзі

Былтырғы әлемдiк қаржылық дағдарыс нарықты әбiргерге кәдiмгiдей салғаны белгiлi. Сапасы жағынан сыр берген тәуекелдiк менеджмент, саны азайған қарыз алушылар, көлемi күрт қысқарған қаражат көлемi, бiрiн бiрi қаржыландырудан бас тартқан банктер отандық қаржы нарығын ширықтырып жiберген. "Қазақтарда ТМД елдерi бойынша ең мықты банк саласы қалыптасқан деп мақтанатын едi. Олардың да жағдайы қазiр мәз емес" деп жарияға жар салғандар көңiлiнде достық пейiлден гөрi бақталастық басым түскен. Уақыт өте келе жағдай тұрақтана бастады.

Әрине, қордаланып қалған қиындықтарды жоққа шығару — ағаттық. Әсiресе, қаражат тапшылығының кесiрiнен қаңтарылып қалған құрылыс нысандары, сан соғып қалған үлескерлер қауымының жағдайы қиын. Өткен аптада БАҚ өкiлдерiнiң басын қосып, журналистермен шай iшкен Каспий банкiнiң Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе қазақстандық және халықаралық нарыққа қатысты бiрқатар сұрақтарға жауап берген едi. Каспий банкi басшының бастамасын өзге банктердiң басшылары iлiп әкетсе игi. Өйткенi, көзi қарақты оқырман мен тыңдарманға банк саласына қатысты ақпаратты дер кезiнде жеткiзiп отыруға журналистермен бiрге банкирлер қауымы мүдделiлiк танытуы тиiс.

— Михаил, сiздiңше, жылжымайтын мүлiк нарығын биыл, әсiресе, күз мезгiлiнде не күтiп тұр?

— Егер сатып алушылардан гөрi сатушылар көп болса, жылжымайтын мүлiктiң бағасы өспейдi. Алайда, уақыт өте келе адамдардың көпшiлiгiнiң баспана мәселесiн шешуге талпынатынын ескерсек, сұраныс деңгейi ұсыныстан артып, осының нәтижесiнде баға көтерiле бастайды. Жаңа баға өсiмiн, мүмкiн, келесi жылы-ақ күтуге болатын шығар. Егер биыл көтерiлсе, тек сәл ғана көтерiледi.

— Қазақстандық банктер ипотеканы қалай қолдайды?

— Банк саласының қаржылық қоры Қазақстанда ғана емес, бүкiл әлем бойынша шектеулi. Ал ипотекалық несиелеудi дамыту үшiн ұзақ мерзiмдi қор қажет. Қазiргi қаржы құрылымдарына берiлiп жатқан ресурстар негiзiнен қысқа мерзiмге арналған. Банкирлерге қаражатты бiр немесе екi жылға тартып, сосын 10-15 жылға ипотекаға беру — тиiмдi емес. Банк балансы тұрғысынан алғанда бұл — қауiптi ойын. Сондықтан, менiң ойымша, биыл банктер ипотеканы инвестициялауға аса белсендiлiк таныта қоймас. Оның үстiне, қазiр қазақстандық банктер пайда мен тиiмдiлiктi арттыруға көп көңiл бөлетiндерiн айтуда. Ал банктер үшiн ипотекалық несиенiң пайдасы аз.

— Қаржылық қадағалау агенттiгi дайындаған қаржы нарығының тұрақтылығын көтеру туралы заң жобасын қалай бағалайсыз? Кейбiр сарапшылардың пiкiрiнше, коммерциялық банктерде мемлекеттiң рөлi артқан және бұл халықаралық инвесторларға керi әсер ететiн көрiнедi.

— Негiзгi мақсат — қайта қаржыландыру, яғни, қаражатқа зәру жекеменшiк банктерге бөлiнетiн ақшаның тез бөлiнуiн қамтамасыз ету. Банк саласын әрдайым мемлекет реттеп отырды, кез келген жағдайда бақылау болды. "Бұрын мемлекет банк саласына ешқандай да әсер еткен жоқ" деген пiкiр — жаңсақ. Өйткенi, мемлекет нақты қаржы құрылымына немесе жалпы банк саласына ықпал еткiсi келсе, мемлекеттiк реттеудiң кез келген уақытта қолданатын көптеген тәсiлдерi бар. Қазiр тосыннан пайда болған ештеңе жоқ, тек басқа елдердiң тәжiрибесi жүзеге асыру көзделуде. Түркия мен Оңтүстiк Кореяда ендiгi реттеудiң алғашқы қадамдары жасалды. Ал Қазақстанда бұл тұңғыш рет iске асырылмақшы. Бүгiнде банкирлер мен реттеушiлер талқылап жатқан заң жобасының қабылданатынына және банкирлер тарапынан ұсынылған түзетулердiң құжатқа енгiзiлетiнiне сенемiн. Сондай-ақ, мемлекеттiң қолында осындай реттегiш құралдың болғанын құптаймын.

— Банкирлердiң қалайтыны не?

— Мысалы, қазақстандық банктердiң Қазақстаннан тыс инвестициялау мүмкiндiктерiн шектеу мәселесi талқылануда. Егер Қазақстан бүкiл ТМД кеңiстiгiнде мәртебесi үстем болатын банк саласын құрғысы келсе, алға осындай мақсат қойса, онда банктердiң ел аумағынан тысқары өктемдiгiн шектемеу керек. Менiң ойымша, басымдықтар айқындауды қажет етедi. Мәселен, қазақстандық банктер Түркиядағы мұнай компаниясын сатып алуға болмайды. Мұндай шектеулердi мен түсiнемiн. Алайда, көршi елдердегi банктердi неге сатып алмасқа? Осылайша ТМД деңгейiнде банк саласын кеңейту саясатын неге жүргiзбеске? Мен қазақстандық банк саласының 5 жылдан кейiн ТМД аумағында үстемдiк еткенiн қалар едiм. Мысалы, Австриядағы шет аймақтық банктердiң бiрi саналған Raiffeisen Bank-тiң кеңею стратегиясы және оны жүзеге асыруға мүмкiндiктерi болмаса, қазiр Шығыс Еуропадағы және бұрынғы Кеңес Одағындағы жетекшi банктердiң бiрiне айналмас едi. Сондықтан мұндай шектеулердi енгiзуде абайлау керек деген ұстанымдамын.

— Қазiр Қаржыгерлер қауымдастығы үлескерлiк құрылыс туралы заң жұмысын жақсарту бойынша өз ұсыныстарын әзiрледi. Үлескерлiк құрылыс және ондағы қазiргi ахуал туралы пiкiрiңiздi бiлсек?

— Заңнамалық өзгерiстер кешенiнiң негiзгi мақсаты: үлескерлiк құрылысты халықтың болашақ пәтерлерге салатын инвестициясы ретiнде қарастыруға болады. Ал халықтың қаражатына қатысты кез келген инвестиция реттелуi керек немесе қорғалатын кепiлдiктерi болуы тиiс. Адамның үлескерлiкке қатысып, үй сатып алуының немесе банкке депозит салғанының қандай айырмашылығы бар? Екеуi де бiр. Жалғыз айырмашылығы: соңында адам банктен — пайыздық үстеме, ал компаниядан пәтер алады. Сондықтан үлескерлiк құрылыс туралы заңнамаға ұсыныстар: құрылыс компанияларын қаржыландыру ең төменгi пайыздық көрсеткiшпен жүзеге асырылуы қажет. Сондай-ақ, олар қандай да бiр талаптарға сәйкестелуi және жүйелi түрде тексерiлiп отырғаны абзал. Яғни, құрылыс нысандарын салушыларда жауапкершiлiк деңгейi артуын қамтамасыз ету керек. Мен мұны дұрыс және қызықты бастама деп есептеймiн. Тек негiзгi қиындық — талаптарды енгiзу ұзақ уақытты алуы мүмкiн. Бiз үшiн, яғни, Каспий банкi үшiн үлескерлiк құрылысқа қатынасу үлкен басымдық болып табылмайды. Бiз жағдайға қараймыз. Қазiргi сәтте үлескерлiк құрылысты несиелiк тәуекелдер тұрғысынан бағалау өте қиын. Құрылыс компанияларына өз қаржысын қалайда бағалай алатындай етiп жоспарлауға көп уақыт және ынта керек. Бұл — адамдарды оқытудан бастап аудит жүргiзуге дейiнгi iс-шаралар кешенi. Сондықтан бастама мен оны енгiзу арасындағы мерзiм, әлбетте, ұзақ.

— Экономика министрлiгiнiң деректерi бойынша, Қазақстанда өндiрiс көлемi әсiресе, шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiнде берiлетiн несие күрт төмендептi. Нелiктен?

— Бұның бiр ғана себебi бар, банк активтерiнiң өсу қарқыны төмендедi. Несиелеу қарқынының азаюынан компаниялардың да, оған шағын және орта кәсiпкерлiктi қосқанда өсу қарқыны төмендейдi. Бiрақ мен бұл жерде барлығы тым қиын деп "қара аспанды" төндiруден аулақпын. Керiсiнше, қазiргi жағдай қазақстандық бизнестi жақсарта түседi. Айталық мен — кәсiпкермiн. Таңдауыма 5 немесе 6 банк берiлдi делiк. Мен қарызды қайтаруға ант-су iше отырып, бизнес-жоспарымды, қалаған есебiмдi және түсетiн пайда көлемiн нақты көрсетiп, несие алатын банктiң сенiмiне ие болуым шарт. Сонда ғана қарыз алушының мойнындағы жауапкершiлiк артып, келешекте жоспарлау бизнесмендердi бюджеттеу негiзiн арттыруға көмектеседi. Ол үшiн банктердiң өздерiнiң бiлiмдерi терең болуы тиiс. Банктер қосымша дәлелдердi талап ете отырып, компанияларды өз қаржысын жоспарлау жағынан неғұрлым нық болуға мәжбүрлейдi.

— Қазақстанда жыл сайын аудиттен өтетiн iрi компаниялар нелiктен өте аз?

— Банк саласына тиесiлi өте iрi көлемдегi iрi қорды алып, одан кейiн бұл қорды экономикаға, аудиттi талап етпей-ақ, iрi бизнеске бергендiктен дер едiм. Осыған байланысты барлық қазақстандық компаниялар өте серпiндi, отбасылық сипатта. Бұл әрине, жақсы. Бюрократия — бизнестi қалыптастыру мен тұрақтандырудың тиiмдi құралы. Егер ТМД-ның басқа банк салаларымен салыстырсақ, Ресей банктерiне ақшаны тарту қиынға соқты, сондықтан компаниялар халықаралық нарыққа шығуға мәжбүр болды. Ал халықаралық нарықтан қаражат тарту үшiн аудиттi кемiнде қатарынан 3 жыл жасау керек. Тiптi, олардың қаржылық есептiлiк рәсiмiнен өткен фактiсi болса да, сол бөлшектi желiлер, орташа компаниялар банктер мен инвесторлар үшiн "өзара түсiнiсудiң" басты шарты боп есептеледi.

— Бiрнеше банк ислам банкингiнiң бағытында белсене жұмыс iстеуде. Тек шариғат заңымен жұмыс iстейтiн болсаң, Таяу Шығыстың ақшасын алуға болады, ал бұл жерде әңгiме миллиардтаған доллар туралы екенiн бiлесiз. Сiз ислам банкингiнiң өнiмдерiн беру мүмкiндiгiн қарастырмайсыз ба?

— Бiз әзiрше бұл құралды қарастырмаймыз. Әзiрге ислам банкингiнiң күнгейi мен көлеңкесiн таразы басына тартқан жоқпыз. Бiрақ қазiргi сәтте кез келген тиiмдi ұсыныстарды құптайтынымызды ескерсек, егер ислам банкингi пайдалы әрi ұзақ мерзiмдi қаржыландыруға жағдай жасаса, әрине, исламдық банкинг құралдарын пайдаланамыз. Алайда, әзiрге басты назарымыз — халықаралық қаржы құралдарында. Сонымен қатар ислам банкингiне деген қызығушылық клиенттерiмiздiң тарапынан бiлдiрiлуi тиiс. Егер ондай клиенттер саны көп болса, ескеретiнiмiз хақ.

— Қазақстандағы инфляцияға қатысты не айтар едiңiз? Сiз ресми түрде айына 12 мың теңге аласыз ғой, бұл қалтаңыздың қалың болуына керi әсерiн тигiзбей ме?

— Қазiр бiз тек Қазақстанда емес, бүкiл әлем бойынша нашар үдерiстi байқап отырмыз. Азық-түлiк бағасы жылдам өсуде. Қымбатшылықтың екпiнi қатты. Менiңше, әлем баға саясатын тұрақтандыруға қауқарлы. Керiсiнше болған жағдайда, өнiм өндiрушi компаниялар мен тұтынушыларға келетiн шығын мен зиян орасан болмақ. Қазақстан Үкiметi номиналдық, ресми емес, ал нағыз инфляцияны өз бақылауына алады деп ойлаймын. Өйткенi, тым тез көтерiлiп келе жатқан азық-түлiк бағасы банк саласына керi әсерiн тигiзуi мүмкiн. Адамдар бiрiншi қажеттiлiктегi тауарларға ақшаны көбiрек жұмсайтын болады. Ал қазiргi кезде тұрғындар мен компаниялардың берешегi өте үлкен екендiгiн ескерсек, онда несиенi өтеуге және бизнестi дамытуға қалатын басы артық қаражаттың ағыны азая бастайды. Жалпы ҚР Ұлттық банкi Қазақстанда өте консервативтiк саясатты жүргiзуде және басқа елдерге қарағанда инфляцияны бақылауда ұстап отыр.

— Ұлттық банк бағаның өсуiн жыл басында уәде еткен деңгейде сақтап қала ала ма?

— Ұлттық банктiң өте iрi көлемдегi алтын-валюталық қоры бар. Қазiр мұнайға баж салығы салынады, сондықтан мұнайдан түсетiн пайда көп. Демек, нарықта қаражат бар. Сондықтан Ұлттық банктiң валюта бағамын, сондай-ақ инфляция деңгейiн ұстап тұру үшiн ресурстары жеткiлiктi. Ең басты мәселе, бiрiншi қажеттiлiктегi тұтынушылық тауарларға бағалардың өсуi боп тұр. Ең алдымен, бағаларды реттеуге тырысу қажет. Сiздерге мынадай пропорционал тәуелдiлiк бар екенi белгiлi — нан, сiрiңке және тұз. Бұл тауарларға бағалар тез өседi, бұл экономиканың "қызу" белгiлерi дегендi бiлдiредi. Доллардың, мұнайдың бағасы — 130 доллар. Осындай бағамен қолма-қол ақшаның ағымы көп мөлшерде, сондықтан биылғы жылы валюталық бағамды, сондай-ақ инфляцияны ұстап қалу қиын емес деп ойлаймын.

— Сiздiңше, сiздiң ойыңызша, жылжымайтын мүлiк дағдарысы қашан аяқталады?

— Бiрнеше айдан кейiн барлығы пәтер сатып ала бастайды. Бағалар төмендеген кезде пәтерлердi сатып ала бастайтындардың қалталары қалыңдайды. Бiр жыл бұрын жалға алу ақысын жылжымайтын мүлiк бағасына бөлiп, 6-7% кiрiстiлiктi шығаруға болатын. Жалға беру ақысы жылжымайтын мүлiк бағаларының орнын толтыра алмады. Қазiр бiз филиалдарымыз орналасқан нысандарды белсене сатып алудамыз. Егер жалға алу ақысы мен жылжымайтын мүлiкке тиесiлi бағаны салыстырсақ, қаражатымызды 15-16%-ға үнемдеймiз. Бағасы 40-50%-ға арзандаған пәтердi қазiр сатып алып, мен оны қайтадан жалға беру арқылы 15-16% пайда табуыма болады. Мұның 2007 жылдың басында болған жағдайдан елеулi айырмашылығы бар. Яғни, бағалар қазiр қалыпты, ал жалдау ақысындағы кiрiстiлiк — жылына 15-16%. Бұл — жақсы көрсеткiш. Егерде бiреу 2 мың пәтер сатып алып, оны қайта сатса, онда пәтерлердiң бағалары тағы да төмендеуi мүмкiн.

— Қазақстанда батыстық банктерi көбеюде, бәсекелестiктен қорықпайсыз ба?

— Мен шетелдiк компаниялар қазақстандық банк секторын қаржыландыруға мүдделi деген пiкiрдемiн. Алайда, қазiргi кезде инвестицияларды бағалау тұрғысынан сәйкестiк жоқ. Менiңше, уақыт өте келе, шетелдiк ойыншылардың саны арта бастайды. Егер iрi халықаралық банк казақстандық банктi қаржыландырса, халықаралық команданың банктi қалай ауыстыру керек екендiгiн және өнiмдердi дамыту керектiгiн түсiнгенше бiрнеше жылдар өтедi. Тұтынушылар үшiн бұл, әрине, тиiмдi. Өйткенi, қызмет көрсету сапасы жақсара түседi. Жергiлiктi ойыншылар үшiн шетелдiктердiң келуi кәсiбилiгiн арттыру және бәсекелестiк деңгейiн көтеру үшiн игi әсер етедi. Бүгiнде жергiлiктi банктер батыстық банктерiмен арадағы бәсекелестiк көрiгiн қыздыра түскен. Мысалы, Шығыс Еуропа мен Ресейде жергiлiктi банктердiң өсу қарқыны Батыс банктерiне қарағанда төменiрек. Батыстық банктердегi тәсiл басқаша. Олардың стратегиясы 10-15 жылға арналған, сондықтан олар ешқайда асықпайды.

— Бүгiнгi таңда сiздiң банкте жекелеп несие беру қалай жүрiп жатыр?

— Бiз бұл нарықтан шеттеген емеспiз, несие беру орындарын қысқартқан жоқпыз. Егерде сiз дүкендердi араласаңыз, Каспий банкiнiң несие беру орындарының сол жерлерде тұрғанын көресiз. Қазiр қалтасы қалың клиенттердi тартуға тырысып жатырмыз. Бұл нарықта не болып жатыр? Жедел несиелеуде iрi көлемде қарыз беруге қауқарлы бiрнеше iрi ойыншылардың бiреуi күтпеген жерден нарықтан кетсе, клиенттердiң көп бөлшегiн қаржыландыру қысқарады. Осыған орай, бұл клиенттердi басқа банктерде қайта қаржыландыру қажеттiлiгi туындайды. Каспий банкiн алатын болсақ, бiз басқа банктiң клиенттерiн қайта қаржыландырғымыз келмейдi. Сондықтан бiз тек қана клиенттермен жұмыс iстеудi жалғастырумен шектелмей, таяу арада нарыққа жаңа өнiмдер ұсынғымыз келедi.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ