USAID ПЕН ҚАЗАҚСТАН: МҮДДЕ МЕН МАҚСАТ – ОРТАҚ
USAID ПЕН ҚАЗАҚСТАН: МҮДДЕ МЕН МАҚСАТ – ОРТАҚ
USAID – 1961 жылы президент Кеннедидiң бастамасы бойынша, АҚШ халқының шетелдiк мемлекеттерге қаржылай көмек көрсету мақсатында құрылған агенттiк. Бүгiнде ұйымның бөлiмдерi әлемнiң 100-ден астам елiнде қызмет етедi. 1992 жылдан бастап, Қазақстан экономикасының көптеген салаларын дамытуда, денсаулық сақтау саласын реформалауда, БАҚ пен азаматтық ұйымдарды дамытуда елеулi үлес қосып келе жатқан USAID ҚР Ұлттық банкiнiң нығаюына, коммерциялық банктер жүйесiнiң қалыптасуына, шағын және орта кәсiпкерлiктi, кәсiпкерлiк бiлiм берудi, жекешелендiру мен зейнетақылық реформаны жүргiзуде, ипотекалық несиелеу жүйесiн қалыптастыруда атқарған еңбегi зор. "Түркiстанның" бүгiнгi қонағы – USAID-тың Орталық Азиядағы аймақтық миссиясының басшысы Уильям М.Фрей мырза агенттiк пен қазақ қоғамына қатысты бiрқатар мәселелер жайында ой бөлiстi.
"АМЕРИКА ХАЛҚЫНАН – 500 МЛН. ДОЛЛАР КӨМЕК"
– Фрей мырза, посткеңестiк елдер мен Орталық Азия мемлекеттерi арасында Қазақстанның экономикасы қарқынды дамуда. USAID секiлдi экономикасы мен әлеуметтiк ахуалы сын көтермейтiн дамушы елдерге арналған донор-ұйымның бiздiң елiмiзге де көмектесуi Қазақстанның халықаралық беделiне нұқсан келтiрмей ме?
– Менiңше, ешқандай керi әсерi немесе беделге нұқсан келтiретiн келеңсiздiк жоқ. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Қазақстан шынымен-ақ дамушы елдердiң бiрi болатын. Көптеген дамушы елдерде, кезiнде КСРО құрамында болған посткеңестiк (Шығыс Еуропа) және Орталық Азия елдерiнде үкiметтiк емес ұйымдармен тiзе қоса отырып, еңбек еткен USAID аталған елдердiң барлық салада қарқынды дамуына үлес қосты. Сондықтан, керiсiнше, USAID қызметi Қазақстанның әлем алдындағы беделiнiң қалыптасуына, оның кез келген бағытта дамуына ықпал еттi. Осы орайда, сiз Қазақстан мен Польшаны салыстыра отырып, ой түюiңiзге болады. Польша – КСРО құрамында 15 республика секiлдi 70 жылдан астам уақыт емес, 50 жылдан аз болған мемлекет. КСРО ыдырағаннан кейiн USAID Польшада жұмыс iстеп, 10 жылдан кейiн арнайы бағдарламаларға құрылған қызметiн аяқтады. Бүгiнгi таңда бiз Қазақстанмен арадағы серiктестiк шеңберiнде әрекет етудемiз. Кеңестiк империя құрсауында 70 жылдан астам уақыт болған Қазақстанмен ынтымақтастығымызға биыл – 15 жыл. Қазiргi кезде USAID өз қызметiн аяқтауға таяу қалды.
– 15 жылдың iшiнде Америка халқы тарапынан қазақстандықтарға 500 млн. долларға жуық қаражат бөлiнiптi. Осы қаражаттың басым бөлiгi қай саланы дамытуға, қай бағытқа жұмсалғаны жайлы айтсаңыз?
– USAID-тың түрлi бағдарламалары мен жобалары арқылы бөлiнген 500 млн. доллар көлемiнде қаржы Қазақстанның экономикалық ахуалының дәл бүгiнгiдей жақсаруына қол ұшын бердi. Қаржы нарығы мен қор нарығын, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға, ипотекалық несиелеу арқылы азаматтардың тұрғын үй мәселесiн шешуге атсалыстық. Қазақстанның ипотекалық несиелеу жүйесiнiң дәл қазiргi ахуалы кезiнде USAID тарапынан енгiзiлген жаңалықтардың текке кетпегенiн дәлелдейдi. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы жеке тұлғалар мен мемлекеттiк қызметкерлерге агенттiк шеңберiнде жүргiзiлген түрлi бағдарламалар бойынша бiлiм бердiк. Жекешелендiру жүйесiн жолға қоюда да атқарған жұмыстарымыз көп. 1997 жылдары кәсiпорындардың 20-30 пайызы ғана жекешелендiрiлген болса, бүгiнде бұл көрсеткiш 80 пайызға өстi. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, бiлiм беру салаларын реформалау мен демократиялық қоғамды, адам құқығын сақтауды дамыту жолында жасалған шаралар өте көп.
– Агенттiктiң қазақстандық денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты атқарған шараларына тоқталсаңыз?
– USAID ең алдымен, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды реформалауға ықпал еттi. Әсiресе, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, құрт ауруы мен ВИЧ/СПИД дертiне қарсы күрес бағдарламасы жүйелi түрде жолға қойылған. Медицина қызметкерлерiнiң бiлiмiн жетiлдiруге бағытталған бағдарламалар нәтижесiнде көптеген маман арнайы дайындықтардан өттi.
– Сiздiңше, денсаулық сақтау саласындағы басты қиындықтар қандай?
– Бiрiншiден, "жоғарыдан төменге қарай" қағидасы бойынша кеңестiк заман кезiнде вертикальдық бағытта құрылған ескi модельдi алғашқы жедел жәрдем көмегiне баса назар аударылатын горизантальдық бағыттағы модельге өзгерту қажет. Екiншi мәселе, көрсетiлетiн медициналық қызметтiң сапасын жақсарту. Үшiншi қиындық – денсаулық сақтау саласын қаржыландыру. USAID Қазақстандағы қызметiн бастаған алғашқы кезеңде осы үш қиындықты негiзге алдық. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiмен, басқа да тиiстi мемлекеттiк органдармен бiрлесе атқарған ұзақ жылдық еңбегiмiз босқа кеткен жоқ, бүгiнде жоғарыда атап өткен жаңа модель бойынша жұмыс iстеу бiртiндеп жолға қойыла бастады. Ал қаржыландыру жүйесiн түбегейлi өзгерту үшiн ҚР Қаржы министрлiгi мен ҚР Денсаулық сақтау министрлiктерiмен тiзе қоса әрекет етудемiз. Медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында, медицина саласының барлық қызметкерлерiне (санитарлардан бастап, дәрiгерлер мен денсаулық сақтау министрлiгiндегi шенеунiктерге дейiн) арнайы тренингтер, конференциялар мен түрлi оқу-әдiстемелiк шаралар ұйымдастырдық.
– USAID-тың Қазақстандағы туберкулезге қарсы күрес бағдарламасына тоқталсаңыз?
– Өкiнiшке қарай, құрт ауруының таралуы жағынан Қазақстан әлем бойынша алдыңғы қатарда. Агенттiктiң 12 жыл бұрын iске қосқан "Здрав+" деп аталатын арнайы бағдарламасының нәтижесiнде құрт ауруы таралуының алдын алу мен дертке шалдыққандар санын азайтуға қол жеткiздiк. Әрине, алдағы уақытта осы бағытта атқарылатын шаралар көп.
"ДЕМОКРАТИЯ ҰЗАҚ УАҚЫТТЫ ТАЛАП ЕТЕДI"
– Демократиялық қоғамды дамыту бағытында қандай шаралар атқарылуда?
– Агенттiк қалыптастырған бағдарламаға сәйкес, бiз жергiлiктi және орталық басқару жүйесiнiң ресми өкiлдерiнiң бiлiм алуына жағдай жасаймыз. Қазақстан – шын мәнiсiндегi демократиялық мемлекет. Сiздер дауыс бересiздер, сайлауға қатысасыздар, ел басшысына таңдау жасайсыздар. Осыдан 15 жыл бұрын демократиялық қоғам құрудың алғы шарты болып саналатын мұндай қадамдар жоқ болатын.
– Бiрақ қазақстандық сайлау жүйесiн сынға алатындар әлi де кездеседi ғой?
– Сын айту – табиғи құбылыс. Қазақстанды ғана емес, кез келген мемлекеттi сынға алу жиi кездеседi. Президенттiк сайлауда отандастырыңыздың басым бөлiгi (92 пайызы) Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Әрине, бұл жағдай бiреулерге ерсi немесе тосын көрiнуi мүмкiн. Бiрақ 92 пайыз сайлаушының Н.Назарбаевты iштартуын сынауға бола ма? Сол жолы сайлауға бақылаушы ретiнде қатысқан Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының өкiлдерi дауыс беру процесiнiң әдiл өткенiн мойындауға мәжбүр болды. Оның үстiне, екi жылдан кейiн Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететiнiн ескерсек, қазақстандық сайлау жүйесiнiң халықаралық деңгейде мойындалғаны деп қабылдауға негiз бар. Демократияны дамыту мәселесiнде кез келген елде "бiр қайнауы кем" жайттар жетерлiк. Қазақстанның тәуелсiздiк алғанына небары 15 жыл өттi. Ал демократиялық мемлекет ретiнде осыдан 200 жылдан астам уақыт бұрын құрылған Американың демократиялық құндылықтар мәселесiнде үйренерi әлi көп. Қазiргi сайлауалды кампанияда америкалық билiктi сынау да жиi кездесуде. Тағы бiр маңызды жайт, демократияны дамыту мақсатында Freedom House демократияны дамыту халықаралық ұйымдармен бiрге қазақстандық саяси партиялар қатарының көбеюiне, олардың тәжiрибе жинақтауына ықпал еттi. Бүгiнде ҚР аумағында бiрнеше саяси партия бар.
– Қазiр ел үшiн маңызды саналатын шешiмдердi бiр ғана партия – "Нұр Отан" қабылдайды. Дәл қазiргi жағдайда, тек бiр партияның басымдыққа ие болуы қоғамдағы демократияның дамуына керi әсер етпей ме?
– Есiңiзде болса, әңгiме басында мен сiздiң елiңiзде Нұрсұлтан Назарбаевты, қазiргi Үкiметтi халықтың көпшiлiгi қолдайтынын айттым. Бәрi де уақыт еншiсiнде. Саяси партиялардың кезең бойынша дамуына белгiлi бiр уақыт керек. Сонымен қатар Қазақстанның қазiргi ахуалы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай: экономикасы қарыштап дамуда, жан басына шаққандағы ЖIӨ көлемi жоғары, орталықазиялық аймақтағы жетекшi орынды иемденедi. Экономикалық әлеуетi тұрғысынан алғанда, Қазақстанды Украинамен салыстыруға болады. Менiңше, елдiң дәл осы дәрежеге жетуiне Президент пен оның командасының сiңiрген еңбегi зор. Премьер-министр Мәсiмов – кәсiби бiлiгi жоғары технократ. Қай бағытта даму керектiгiн жақсы бiледi. Демократиялық қоғам құру – ұзақ мерзiмдi талап ететiн процесс. Егер осы бағыттан таймаса, Қазақстанның кез келген салада игi жетiстiктерге жете беретiнiне сенiмiм кәмiл.
– Қазақстандағы сөз бостандығына берер бағаңыз қандай?
– Мен көптеген саяси қайраткерлермен, саяси партияларға мүше емес азаматтармен пiкiрлестiм. Пiкiрлерiн әрқашан бүкпесiз жеткiзетiн оларды билiк қудалаған жоқ. Менiңше, серiктестiк қатынаста болғандықтан, қазақстандық билiктi сынағаннан, кiнә артқаннан гөрi ынтымақтастықты одан әрi дамытқан әлдеқайда тиiмдi. Келешекте USAID пен ҚР Үкiметi атқаратын қыруар шаруа бар. Қызметiмiздi бастаған 15 жылдың iшiнде бiрде бiр рет құқығымыз аяққа тапталған емес, билiк немесе басқа органдар тарапынан қысым көрген емеспiз. Жұмысымызға қатысты бiрде бiр рет тыйым салынған жоқ. Сонымен қатар Қазақстандағы басқа да қоғамдық ұйым өкiлдерiнiң өз ойларын ашық жеткiзетiнiн және билiк тарапынан қудалауға ұшырамағанын бiлемiн.
"СЕРIКТЕСТIККЕ ҚР ҮКIМЕТI ДЕ МҮДДЕЛI"
– 2006 жылдан бастап USAID-тың көптеген бағдарламалары Экономикалық даму бағдарламасының (ЭДБ) шеңберiнде ҚР Үкiметiмен бiрлесiп қаржыландырылады. Аталған бағдарламаның басты мақсаты мен бюджет көлемi жайлы айтсаңыз?
– USAID-тағы 23 жылдық тәжiрибеме сүйене отырып ой қорытсам, Экономикалық даму бағдарламасы – USAID тарихындағы ең жаңа бағдарлама. Мұндай тиiмдi де игi қадам әлем бойынша алғаш рет Қазақстанда жасалды. Менiңше, ЭДБ-ны басқа да дамушы елдердiң экономикасын дамытудың моделi ретiнде пайдалануға әбден лайық. ЭДБ шеңберiндегi мемлекетаралық серiктестiк барысында Қазақстан Үкiметi экономикалық дамуға 40 млн. доллар көлемiнде қомақты қаржы бөлiп, өз үлесiн қосты.
– ЭДБ – қай тараптың бастамасы?
– Негiзi қазақстандық Үкiметтiң бастамасы болатын. Бағдарламаның жемiстi болу себебi, туындаған түйiндi мәселелердiң шешiмiн табуына мүдделi ҚР Үкiметi бағдарламаны жүзеге асыру барысында қай бағытқа басымдық беру керектiгiн жақсы бiледi. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң айтуынша, Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өтуi, кеден саласын реформалау, қаржы саласын жақсартудағы инновациялық технологияларды енгiзу, кәсiпкерлiкпен айналысуға қолайлы жағдай жасау сияқты басқа да мәселелер Қазақстанның дамыған 50 елдiң қатарына қосылуына мүмкiндiк бередi. Қазiргi кезде үстiмiздегi жылдың 23-24 маусымына жоспарланған конференцияға қызу дайындық жүрiп жатыр.
"ЖЕКЕШЕЛЕНДIРУДIҢ ПАЙДАСЫ КӨП БОЛДЫ"
– Сiздiң агенттiк қазақстандық сот жүйесiн реформалауға қомақты үлес қосты. Алайда, ҚР азаматтарының көпшiлiгi бүгiнде соттарға сенбейдi. Оның үстiне, қазақстандық сот жүйесiнде жемқорлық белең алған. Сот жүйесiндегi жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге арналған ҚР Үкiметiмен бiрлескен қандай да бiр бағдарлама бар ма?
– Шынында да, Қазақстандағы сот жүйесiне қатысты қордаланып қалған қиындықтар көп. USAID пен Дүниежүзiлiк банк пен Еуразиялық даму банкi қанша тырысса да, сот жүйесiн тиiстi деңгейде жұмыс iстету бiзге қиынға түсуде.
– Сонда кедергi болатын не?
– Сот жүйесiн орталықсыздандыру, ел территориясының ауқымдылығы, белгiлi бiр мәселелерде соттардың бiлiмдерiнiң таяздығы. Сонымен бiрге заң саласында бiлiм беру деңгейi алғашқы қалыптасу кезеңiнде тұр. Бұл саланың жоғары деңгей, дәрежеге жету үшiн ұзақ уақытты талап етедi. Менiңше, осы бағытта да iлгерушiлiк байқалады, қол жеткiзiп жатқан нәтижелер де аз емес. Бiздiң агенттiктiң ықпал етуiмен, азаматтардың заңдық сауатын ашу мақсатында арнайы бағдарламалар ұйымдастыратын телеарна құрылды. Арнаның бағдарламаларын спутниктiк байланыс арқылы таратуды Қазақстан да қолға алған. Әрине, көңiлiмiз қалаған ауқымда емес, бiрақ жоқтан жақсы ғой. Тағы бiр маңызды жайт, осыдан екi жыл бұрын USAID Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотының ғимаратына сот процесiн толық жазып алуға мүмкiндiк беретiн жоғары сапалы әрi құны өте қымбат тұратын арнайы құрылғыны орнатты. Осының нәтижесiнде, соттарға, сот процесiнiң әдiл де ашық жүргiзiлгенiне сенетiндер қатары көбейдi. Өйткенi, кез келген мүдделi тұлға қалаған уақытында қалаған сот процесiн қайта сүзгiден өткiзуге мүмкiндiк алды. Осының нәтижесiнде, Бостандық аудандық сотында өткен сот процестерiне қатысты берiлетiн қайта шағымданулардың саны едәуiр азайды. Демек, бiздiң агенттiк енгiзген жаңа жүйе азаматтар көңiлiндегi соттарға деген сенiмнiң нығаюына оң ықпал еткенi анық. Қазiргi таңда ҚР Жоғарғы соты Қайрат Мәми осындай құрылғыларды республикалардың әртүрлi аймағындағы өзге де соттарға енгiзуге мүдделiлiк танытып отыр. Адамдардың соттар мен сот процестерiне шүбәсiз сенуi – адамдардың тағдырын шешетiн өте маңызды мәселе. Мен Қазақстанның азаматтық қоғамды, демократиялық құрылымдардың дамуына, саяси қозғалыстар мен саяси партиялар санының арттыруға ден қоятынына сенемiн. Сондықтан сiздiң елдегi сот жүйесiнiң халықаралық стандарттарға сай келуi үшiн әлi бiраз уақыт керек. Кiм бiледi, мүмкiн жоғары деңгейде жұмыс жасайтын сот жүйесiне сiздiң замандастарыңыз немесе келесi ұрпақ жетiп қалар.
– 90-жылдардың ортасында USAID жекешелендiру процесiне қатысты ҚР Үкiметiне көп көмектестi. Өкiнiшке қарай, жекешелендiрудiң нәтижесiне наразылар көп. Мемлекеттiк органдардың жемқорлыққа белшеден батуының кесiрiнен, қарапайым халықтың басым бөлiгi жекешелендiру процесiнен шет қалды. Сiздiңше, бiздiң билiктiң басты кемшiлiгi мен қателiгi не едi?
– "Қазақстандықтардың көпшiлiгi жекешелендiру процесiнiң нәтижесiне наразы" деген пiкiрiңiзбен келiсе алмаймын. Қазақстан экономикасы жеткен бүгiнгi деңгейге көз жүгiртiп отырып, мұндай үлкен жетiстiкке жекешелендiрусiз жетпес едi деген ой түйем. Қазақстан 70 жылдан астам Кеңестiк үкiметтiң басқаруында болған, елге қатысты барлық жоспарлар мен нұсқаулар Мәскеуде түзiлген, өзiнiң жекеменшiк ештеңесi болмаған. Әрине, егер шет аймақтарда сүт, айран, қымыз, манты сатқан көшпендiлердiң кездесуi Қазақстандағы жеке кәсiпкерлiктiң алғышарттарының қалыптаса бастауының дәлелi болатын. USAID пен Дүниежүзiлiк банк тәуесiздiгiн ендi алған жас мемлекетке аяқ басқан алғашқы жылдары жекешелендiру процесiнiң жүзеге асырылуына, адамдардың кәсiпорындарды жекешелендiруiне қатты көңiл бөлдi. Қазақстандық жекешелендiру Батыс Еуропадағы Польша, Венгрия, Словакия, Чех Республикасы секiлдi елдердiң моделiне негiзделедi. АҚШ пен әлемнiң басқа да дамыған елдердiң экономикасына қарап отырсаңыз, жекеменшiк саланың экономикалық өсiм көрсеткiшiне игi әсер ететiнiн байқайсыз. Сондықтан жекешелендiру моделiн Американың Қазақстанға ерiксiз күштеп таңғаны деп түсiнбеу керек. Бiз Қазақстанға бүкiл әлем бойынша қолданылатын моделдi ұсынып, енгiздiк. Сондай-ақ, елдiң экономикалық дамуын Н.Назарбаев пен оның командасының тағы бiр жетiстiгi ретiнде атауға болады. Өйткенi, олар жекеменшiк саланың Үкiметтiң араласуынсыз дамуына мүмкiндiк бердi. Мұндай мүмкiндiктi сiз Өзбекстаннан, Түркiменстан мен Тәжiкстаннан кездестiре алмайсыз.
– Әңгiмеңiзге рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тiлеймiз!
Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ