ҚАЗАҚ ӨНЕРIНIҢ АҚСҰҢҚАРЫ
ҚАЗАҚ ӨНЕРIНIҢ АҚСҰҢҚАРЫ
Әнуар Боранбаев. Театр тарланбоздарының қатарындағы айтулы тұлғалардың бiрi әрi бiрегейi. Рас, бiз актердi көзi тiрiсiнде көре алмадық. Талант сомдаған театр сахнасындағы рөлдерi туралы естiгенiмiз болмаса, көре алған жоқпыз. Бiрақ, бiз оны кинода көрдiк… Әлi де көрiп келемiз.
"1975-жылы "Гауһартас" фильмi түсiрiлетiн болып, Әнуар Боранбаевпен сол кезде таныстым. Менiң повесiмде Ыбыш-Тастан мола бүркiт секiлдi қонжиып отыратын дөрекi де зор денелi болатын. Жасыратын несi бар, ол осы рөлге бекiтiлдi дегенде, ол қалай ойнайды деп көзге елестете алмай-ақ қойдым. Сол жылдың 31-желтоқсанында Кино үйiнде "Гауһартастың" премьерасы өттi. Фильмдi бiрнеше рет қайталап көргеннен режиссердiң актер таңдауда жаңылыспағанын түсiндiм. Әнуар актерлiк шеберлiгiмен өз бейнесiн алып шықты, көрерменiн иландыра бiлдi. Ендi Боранбаевсыз "Гауһартасты" елестете алмаймын" – деп жазушы Дулат Исабеков жазған актер бұл. "Гауһартасты" жүз рет, тiптi одан да көп рет тамашалап көрген шығармыз. Шығарманы да сан мәрте қайталап оқыдық десек те болады. Шығармамен киноның айырмашылығы бар шығар, бiрақ, Ыбыш-Тастанның ерекшелiгiн iздеп табу мүмкiн емес. Шығармадағы Ыбыш, кинода да сол Тастан. Бұл мүмкiн, актер шеберлiгiнiң мықтылығында жатқан шығар. Әрине, кинодағы Тастанның жөнi бiр басқа. Озбыр, қатыгез, қатал бейненiң өмiрдегi кескiн-келбетi кинодағымен мүлдем кереғар көрiнедi. Дарабозбен қатар, бiрге жүрген өнердегi, өмiрдегi жора-жолдастарының көбi Әнуар Боранбаевтың мiнезiнiң жайлы, ақкөңiл кiсi болғандығын айтады. Күнi кеше 31-мамыр күнi Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында сахнагердiң 60 жасқа толған мерейтойын атап өттi. 51 жасында көз жұмған дарын иесiнiң өмiрден өткенiне де тоғыз жылдай уақыт өтiптi. Сол күнi театрға Әнуарды сүйетiн, актердiң талантын бағалаған жақын жора -жолдастары мен өнердегi құрбы-құрдастары, iнi-қарындастары жиналды. Одан бөлек, Әнуар Боранбаев өнерiн сүйетiн көрермендерi қатысты. 3-курста оқып жүұрген кезiнен-ақ, Мұхтар Әуезовтың "Түнгi сарынындағы" Сапа рөлiнен басталған шығармашылық жолында жетпiске тарта көркем бейненi сомдапты. Бұл ерен талант иесiнiң қолы жеткен табыстары. Ал, орындалмай қалған армандары қаншама. Ұлттық һәм дүниежүзiлiк классикалық туындыларда кесек бейнелердi өзiндiк шеберлiкпен сомдаған жаны сергек, ойы терең хас шебер Қ.Мұқашевтiң "Дала дастанындағы" Iлияс, М.Әуезовтiң "Қаракөзiндегi" Сырым, "Айман-Шолпанындағы" Арыстан, "Қарақыпшақ Қобыландысындағы" Бiрсiмбай, "Еңлiк-Кебектегi" Кембай, Ә.Нұрпейiсовтiң "Қан мен терiндегi" Еламан, Ш.Айтматовтың "Ана-Жер-анасындағы" Майсалбек, "Ақ кемесiндегi" Момын шал, Т.Ахтановтың "Антындағы" Бөгенбай, тағы басқа көптеген рөлдерi қазақ сахна өнерiн биiкке көтерген, театр тарихына енген рөлдерi деу керек. Сахна төрiне шыққан театр майталмандары Әнуар Боранбаев туралы сыршыл сезiмге толы жүрекжарды әңгiмелерiн шерттi. "Әнуар – өзi де, жаны да, өнерi де әдемi азамат едi. Әнуармен сахнада ең әуелi "Ана-Жер-анада" анасының рөлiн сомдадым. Одан кейiн "Әпкеде" ол менiң iнiм Тимурдың рөлiн ойнады. Одан кейiн қарындасы болсам, кейiнiрек сүйген жарының рөлдерiн ойнадым. Театр бар жерде, өнер бар жерде өнердiң ақсұңқары Әнуар ұмытылмайды. Рухы биiктей бермек",– деп шер толғатты Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртiсi Фарида Шәрiпова. Бiр аяғынан айрылса да мойымаған, театрға деген, өнерге деген махаббаттың құдiретiнiң арқасында Әнуар Боранбаев араға жылдар салып, қасиеттi сахнамен қайта қауышады. Өнердi сонша жан-тәнiмен сүйген жан неге театрдан кеттi, неге үзiлiс жасады? Оның сыры әлi де белгiсiз.. Тек бар бiлерiмiз, өнерi де, өмiрi де театрмен бiрге бiте қайнасқан жанның адами болмысы мен абыройлы өнер жолы келер ұрпаққа үлгi болып қалатыны. Дәл сол күнi театрдың сахнасында дарабоз жан туралы құрастырылып шыққан "Актер тағдыры" атты кiтаптың да тұсауы кесiлдi. Онда туған-туыстары мен көз-көрген азаматтардың, өнердегi жора-жолдастарының естелiктерi топтастырылған. Әшiрбек СЫҒАЙ, ТЕАТРТАНУШЫ: – Бiздер Алматыда табыстық. Алпысыншы жылдардың бел ортасында таныстық. Шәкiрттiк кезеңдердiң қызығына бiрге қанықтық. Қазақ Өнер институтының (Қазiргi Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория ол кезде осылай аталатын) қабырғасына топтасқан бiр кiлкiн жас өспiрiм қыз-жiгiттер шұрқыраса ұшырасқан тамаша бiр заман едi-ау, сол күндер! Ылғи да бiр сайдың тасындай iрiктелген алғыр топтың алдыңғы легiнен Әнуарды көрдiк. Боранбаевты бiлдiк. Өңi балбыраған, жаны жұмсақ, жүрегi нәзiк, сәл артықтау тiл қатсаң қызарып-бозарып, бүкiл iшкi хал-күйлерi жүзiне атойлап шыға келетiн ұяң да биязы бозбаланы елестетiп көрiңiзшi көз алдыңызға. Өлiмге қияр жан ба едi, жалын атқан Әнуар? Профессор Рабиға Қаныбаева сынды тәжiрибелi ұстаздан театр iлiмiн, сахна сырын зерек ұғынған, сергек таныған талантты өреннiң әдепкi аяқ алыстарының өзi табысты басталған-ды. Көне Торғай топырағында, сүйiктi анасы Бикеннiң қарауында, ерке шолжаңдау болып бұла өскен сәби Әнуардың "р" әрпiне деген өкпесi қара қазандай едi. Күмбiрлеген уiлi күштi, құлаққа жағымды қоңыр үн, барқыт дауыстың сиқын алар әлгi қарғыс атқыр "р" деген пәлекет, өнердi шын сүйген өрелi ұланның сан рет шырқын бұзып, әр жолы оның зәресiн алумен болды. "Анау әлжуаз әрпiңдi түземесең, Торғайыңа қайт" деп жер тепкiлеген профессор Рабиға апасының ашулы кейпiнен әбден мезi болды Әнуар. Оңаша бөлмеге кiрiп алып, бүкiл жатақхананы басына көтерiп айғайға басатын Әнуардың "Р"-дан басталар сөз бiткендi тергiштеп, ертелi-кеш тәңiрге жазған жас шәкiрт: "редиска, радио, рация, рахат… ұстазым Рабиға…, Рабиға"-деп, қашан көрсең, ертелi-кеш зар қағып жатар едi. Кiмге күлкi, кiмге үлгi! Бiр қызығы, сол күлгендердiң көбiнiң қазiр қайда екенiн бiлмеймiз. Ал, әлгi "тентек" әрiптi сәнiмен түзеп алған Әнуар Боранбаев, уақыт өте келе, қазақ сахна өнерiнiң хас шеберiне, сөз сөйлеу машығының ұңғыл-шұңғылын, зерек меңгерген үздiк орындаушысына айналды. Сол кiшiлiк, сол кiсiлiк, сол еңбекшiлдiгiнен арылмаған Әнуар таланты М.Әуезов театры сахнасын да өзгеше нұрға бөлегенi әмбеге аян. Жетпiсiншi, сексенiншi, тоқсаныншы… жылдарғы театр репертуарын аталған артиссiз көзге елестету мүмкiн еместей едi. Жаны жайсаң, жарқылдаған жайдары кейiпкерлердi жасындай ойнатты. Ғашық болып, мұң арқалады. Сезiмi сөгiле, шер де толғады. Теңiне қосыла алмай "аһ" ұрған сергелдең жандардың аянышты кейпiн, өкiнiштi кескiнiн Әнуар ойынынан аңдап бiлдiк. Шексiз сүйе бiлу мен оның алаулы отына риясыз күйе бiлудi актер Боранбаев болмысынан таныдық. Тарихи һәм осы заманғы қаһармандармен шұрқыраса табысып, өнер жанкүйерлерiне әрдайым көл-көсiр эстетикалық қуаныш сыйлаған актер ауқымы Iлияс, Сырым, Әубәкiр, Люченцио, Бiрсiмбай, Незнамов, Жадаев, Уильям Кэтсби, Сотанбиль, Сабырбаев, Тұрсынбай, Еламан, Момын шал сынды сан ұлт өкiлдерi мен әр дәуiр адамдарының өмiршең шежiрелерiн "тiрiлттi". Кейiпкер бойына қан жүгiртiп, тiрi кеудеге жан беретiн актерлiк тылсым сиқырдың барлық сырларын меңгерген сахна шеберi ұлттық киномыздың өрiстеуiне де едәуiр күш салды. Жазушы Дулат Исабековтың сценарий бойынша 1975-жылдары түсiрiлген "Гауһар тас" фильмiнде бас кейiпкер Тастанның рөлiнде алғаш көрiнген Әнуар таланты осынау тоғышар да тоңмойын, iшi мен сырты алшақ жатқан, кереғар мiнездi, күрделi болмысты сәттi әдiптей бiлдi. Тастан рөлiне түсуге тiлек бiлдiрушiлер тiзiмi қомақты болуына қарамастан фильмнiң режиссерi марқұм Шәрiп Бейсенбаев сол жолы жап-жас өнер иесi Әнуарды таңдаған едi. Бiр қызығы, әуелде сценарий иесi Д.Исабеков Әнуарға сенiмсiздiк бiлдiргендей де болған. Бiрақ, нәтижесiнде Әнуар талабы сценарий авторының күдiгi мен фильм режиссерiнiң батыл сенiмiн әрқалай ақтап, дәл сол жылғы ақпар-жоспарына жығылып-сүрiнiп әзер жеткелi тұрған "Қазақфильм" киностудиясын қысылшаң сәтiнен жедел құтқарып, қазақ кино өнерiнiң мәртебесiн көтерiп тастағаны көпке аян. Әнуардың хас шеберлiгiне ризалығын бiлдiрген Д.Исабековтың (көп ұзамай) баспасөз беттерiндегi қуанышты сұхбаттарын оқып бiлдiк. …Қазақстанның Халық артисi, талантты сахнагер: "Е, шiркiн, көсiле бiр рөл ойнасаң, ой бiткен кетер едi-ау жай-жайына"-деп өзiне бiткен зор дауысымен гүжiлдеуден танбас едi. Иә, рррөл… рррөл… рррөллл… Артистiң бар арманы-өзiнiң жаны сүйген кәсiбi-тiн. Бар ойы – рөл ойнау-тын. Баяғы "р"-ға тiлi келмейтiн Әнуарың "рррөл…, рррөл…, рррөл…" деумен дүниеден өттi-ау. "Р", "Р"–дешi" дейтiнмiн, құрдастығыма салып, қалжыңдап. "Рррөл, рррөл, тағы да рррөл"-деп қайталаудан жалықпайтын ол, өзiнiң осал әрпiн нығырлай түсiп. Жылдар бойы жаттыға жүрiп, әлжуаз әрпiн әбден түзеп алған мықты артист Әнуар Боранбаев: – Қой, үй жаққа аяңдайын, Ақбөпем мен Әселiм күтiп отыр, әлгi Әшiрәлi шопырым қайда жүр екен, тәйiрi"-деген қалпы орнынан баяу қозғала беретiн. Ақбөпесi -жары (атақты артист Қамал Қармысовтың перзентi), Әселi – жалғыз қызы. Әнуардан қалған көз ғой. Иә, қайран Әнуар! Ол атақ бiтсе жоталанып, дауысының ажары өзгерiп сала беретiн жiгiттердiң қатарынан емес едi. Керiсiнше, сәби мiнездi, нанғыш, сенгiш, иiлгiш елгезек өнер иесi болатын. Онымен өнерде де, өмiрде де, бiрге болғаныма шүкiршiлiк етемiн. Мен оны бауырын жазып көсiле алмай, көсiкпен кеткен өнер тарланы деп бiлемiн. Өкiнiшке қарай, кинода да, сахнада да өзiнде бардың бәрiн айқара ашып кете алмады. Мүгедектiкке тым ерте ұрынды, ерте ажал құшты. Елу бiр жылғы ғұмырында өнерге деген адалдығынан айнымай, тоқсан тоғыздың он үшiншi желтоқсанында халқының сүйiктi сахна дарабозы Әнуар Боранбаев Кеңсай үстiртiнде мәңгiлiкке тыныстады…. Оның аңқылдаған баритон даусы, кеуденi жарып шығар ғажап қоңыр үнi естiлмегелi қаншама уақыт өттi! Адамшылығы да шынайы едi-ау. "Ана топ", "мына топқа" қосылған жан емес-тi. Өзiнiң өнердегi таза да тура жолымен жүрiп-тұрды. Қалжыңын да, әзiлiн де ұмыта алар емеспiз. Көпшiл едi. Аз айтқанда, көп айтқанда көрген құқайы қызығынан аз болмаған азамат актер өзiнiң елу жасын атап өтуге әзер үлгердi-ау, әйтеуiр. Халық артисi белгiлi өнерпаз, марқұм Әнуар Боранбаев маған әрдайым Парасат, Пайым, Парық биiгiнен қол бұлғап тұрғандай көрiнедi. Бұл күнде оның досы Әшiрәлi де о дүниелiк болған. Екеуi де өлмеген тәрiздi. Сәл күнде қайтып оралар жиһанкездерге ұқсап, түсiңе енiп, көзге елестейтiндей. АҚБӨПЕ КАМАЛҚЫЗЫ, АКТЕРДIҢ ЖАРЫ: – Әнуармен кездескенiмдi, онымен табысқанымды өмiрiмнiң ең бiр бақытты кезеңi деп санаймын. Мен – скрипкашымын, ол – актер. Екеумiздiң де илегенiмiз бiр терiнiң пұшпағы – өнер болатын. Өнерлi отбасы болдық. Ол менiң өнерiмдi ерекше бағалады, ерекше құрмет тұтты. Әрдайым менiң жетiстiктерiме балаша қуанып, қолтығымнан демеп отыратын. Иә, ендi түсiнiп жүрмiн ғой, мен бейбақ, менiң өмiрiм – Әнуар екен. Егер өмiр дегенiң, барлық мән-маңызын былай ысырып қойғанда, тек жар құшу, бала сүйiп, ұрпақ жаю тұрғысынан ой өрбiтер болсақ, онсыз өмiр, қуыс дүние секiлдi. Әнуардай жар құштым – бақыттымын. Бала сүйдiм – бақыттымын. Оны жоғалттым– өмiрiмдi қоса жоғалтқандай болдым. Қайғыдан ес жидым, етек жинадым, соңында қалған жалғыз тұяғымыз – Әселiмiз үшiн. Соның әкесiз жалғасқан ғұмырын кiреуке шалмас үшiн, қабағын кiрбiң баспас үшiн тiктелдiм. Өзiң сияқты тағдырға иiлгiм келмедi. Әселiнiң бақыты үшiн мен арпалыспағанда кiм арпалысады?! Мәңгiлiк дәурен қызықтыра қол бұлғап, ынта-шынтымызбен келер күнге ғашық едiк. Ғашық жүрек қапалы бүгiн. Мiне, тоғыз жыл бойы жолаушысының жолын тосып жүргендей жаралы жүрек бiр өзiң деп қана лүпiлдейтiнiн қайтерсiң. Сөйтiп, өткенiм бүгiнмен шендесiп жатыр. Өткеннiң өткелiнсiз бүгiннiң бүйiрi шықпайтынына көзiм әлдеқашан жеткен. Өткен өмiрiн сыйлағанның сыйы тұрар алдынан. Ақын тiлiмен өргенде, мен кешеден келiппiн бүгiнге. Мен кеше Өзiңмен махаббат баспалдақтарымен өрге бiрге өрмелеппiн-ау! Шың басына ентiгiп шыққанымызда, екеумiз де бар дауыспен жар салып: "Бiз бақыттымыз, ей, өмiр! Осы жүрек сөзiмiздi мәңгiлiк аппақ қарыңның арасына тыға салшы!"– деп тауға қарап анттасқандай атойлап едiк, айғайлап едiк. Сол сәтiмiздi сағындым. Сарғайдым. Сенi құрсаулап әкетсе де, әлгi бiрiгiп айтқан өтiнiшiмiз Алатаудың бiр шыңының түкпiрiнде аппақ қарға оранып, сол пәк, таза, мөлдiр күйiнде жатқан сияқты болып елестейдi көзiме, Әнуарым! Ол ыстық сезiмiмiзге қақталған ғашық жүректердiң анты iспеттi сөздер едi. Сахнадағы актер сөзi емес, қысқа өмiрде менi қалтқысыз сүйген Әнуарымның кiршiксiз сөзi болатын. …1992 жылы Әнуардың аяқ сырқаты қатты асқынып кеттi. Ерте басталған ауру нардай азаматты өз дегенiне көндiре бастағандай едi. Ендi оташының пышағынсыз болмайтынын дәрiгерлер талап ретiнде қойды. Көну керек екен. Көнбесе болмайды. Амал қанша, нағыз актер үшiн жарқырап, жанатын кезде – 44 жасында Әнуар мүгедек болып қалды. Тағдырдың жазуынан кiм қашып құтылған? Басына қара бұлт үйiрiлген осы жылдары ол өзiн нағыз қайыспас ерлерше ұстай бiлдi. Мойымады. Iштей егiлiп жүрсе де иiнi түспедi. Мүгедек болып қалған Әнуар бәрiне де шыдап бақты. Басқа түскен қиындықты екеумiз бiрiмiзден бiрiмiз жасыратындай едiк. Өмiрiмiз қалыпты, кiнәратсыз жандардай жадырап жүрiп жаттық. Оның маған дегенде көңiл-күйi әрдайым бiркелкi болатын. Тiптi, iскерлiк тұрғысынан бастамашылдығы басым едi. Зерiгудi, жабырқауды бiлмейтiн. Бәрiн үнсiз түсiнетiнбiз. Отбасы үшiн зор сыйластықтың өзi осыған негiзделедi екен-ау. P.S.Саңлақ сахнагер туралы айтылар әңгiме-дастанның бұл басы ғана. Дарынды актер Әнуар Боранбаев туралы айтылар әңгiме де, жазылар дастан да көп. Қазақ өнерiнде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған ерен өнер иесiн көрерменi де ұмытпауға тиiс, ұмытпайды да.Гүлзина Бектасова