Жаңалықтар

БҮКIЛХАЛЫҚТЫҚ АЗА КҮНI... ЖӘНЕ КЕЙБIР ТЕЛЕАРНАЛАРДАҒЫ ТОҒЫШАРЛЫҚ

ашық дереккөзі

БҮКIЛХАЛЫҚТЫҚ АЗА КҮНI... ЖӘНЕ КЕЙБIР ТЕЛЕАРНАЛАРДАҒЫ ТОҒЫШАРЛЫҚ

Қазақта: "Көппен көрген — ұлы той" деген астары терең, том-том философиялық трактаттардың түпқазық мәнi мен мазмұнын жазғы күнгi найзағайдай немесе ұзын бишiктiң шарт еткен үнiне сыйғызғандай түйiндi нақыл, мәңгi айнымайтын тұжырым бар. Ол – жақсылықты да, ауыр қайғы, барша азапты да халықпен бiрге көрсең қор болмайсың дейтiн имандылық, адами қағида.

Кез келген өркениет, саналы адамзат қол жеткiзген барша озық ойлардың негiзгi мәнi – осы тұжырым. Өкiнiшке қарай, осынау алмағайып, берекесiздеу кезеңде елiмiзде көппен жүрiп жөн тапқанша, өз қотырымды өзiм қасып, әлiмұлыққа жете қояйын дейтiн жымысқылар да аз емес. Әлгiндейлер байтақ Қазақстанды мекендейтiн адамдардың қуанышы мен қайғысы, арман-мақсаттары, мұң мен наласы өздерiне еш қатысы жоқ сияқты iс-әрекет жасайды, осынысын жетiстiк санайды. Әрине, бұл жеке адамның өзiндiк көзқарасы, өзгелерге онша әсерiн тигiзе қоймайтын ұстанымы ғана болса бiрсiрә, ал елiмiздегi ақпараттық кеңiстiктiң елеулi бөлiгiне ықпалын тигiзiп отырған кейбiр телеарналар өстiп отырса ше?..

Осыдан бiрер апта бұрын футбол жанкүйерi ретiнде "Мәңгi достық" пен мүсәпiрлiк" деген мақала жазған болатынбыз ("Түркiстан" газетi, № 21, 22 мамыр, 2008 жыл.). Әңгiме телебағдарлама бойынша елiмiздегi ешбiр телеарна УЕФА Чемпиондар лигасының финалдық ойынын – "Манчестер Юнайтед" және "Челси" командаларының кездесуiн жоспарламағандығы жөнiнде болған. Шиеленiскен драма мен соқталдай футболшылардың ерiксiз төгiлген көз жасына толы, әлемдiк футбол тарихының алтын қорына енетiн осынау кездесудi "31 канал" телеарнасы миллиондаған жанкүйерлердiң назарына тiкелей ұсына алды. Олар Ресей тарапымен қалай, қандай жолдармен келiстi… Жә, бұл осы телекомпанияның коммерциялық құпиясы болып қала берсiншi. Ал телеарна қызметкерлерiнiң бәрiмiзге ұмытылмастай футбол мерекесiн сыйлағандарына рахмет! Есесiне осыдан екi күн кейiн – 23 мамырда "Ел-арна" телеарнасы бағдарламада: "22.15. Футбол. Россия – Казахстан" деп көрсеткендерiне қарамастан, екi елдiң ұлттық құрамаларының жолдастық кездесуiн жанкүйерлер назарына ұсына алмай пұшайман болды.

Сонымен мынау iргемiздегi Мәскеуде өткен жолдастық кездесу нелiктен көрсетiлмедi? "Телеарнаға қатыссыз себептер" дегенiмiз не?

Осы ретте атақты американдық жазушы О Генридiң әйгiлi әңгiмесi ерiксiз еске түскен. Әлгi қысқа әңгiмеде: " Өте өкiнiштi-ақ, алайда Боливар екеумiздi көтере алмайды", – деп мейлiнше қайғырып тұрып жолдасын атып тастап, салт атқа жалғыз мiнiп кеткен тонаушы туралы сөз болушы едi. Сол сияқты бiздiң Боливар – "Ел-арна" телеарнасы Ресей тарапының сұраған ақшасын көтере алмауы, яғни тауып бере алмауы ықтимал. Несi бар, бұл телеарнаның кiнәсi емес, атамыз қазақ: "Дәнiккеннен құныққан жаман" деушi едi, қазiргi уақыт Ресейдiң айырықша араны ашылып, әбден құнығып алған кезi ғой.

Хош, әу баста айтқан жайтқа қайта оралып, сөзiмiздi тiрiлтiп көрейiк. Елiмiздегi телеарналардың барлығы дерлiк жыл сайын Мәдениет және ақпарат министрлiгi жариялайтын тендерге қатысып, түрлi лоттар бойынша белгiлi бiр мөлшерде қаржы алатыны белгiлi. Аз ақша емес, ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай миллиондаған теңге, тiптi астыртын жолдар, байланыстардың көмегiмен миллиардтаған теңге алса да таңқалуға болмайды. Осылайша әлгi телеарналардың қалыпты жұмыс iстеп, хабар таратуына елiмiздегi әрбiр салық төлеушi, әсiресе мемлекет құрушы ұлт әрi Қазақстандағы саны жағынан ең көп салық төлеушiлер ретiнде – қазақтардың үлесi мол. Сондықтан, қарапайым салық төлеушiлер санатында да қазақтардың телеарналар тарапынан өз мүдделерi қорғалуын талап етуге құқылы және қояр талаптары да жоғары болуы заңды. Бiрақ, әзiрге елiмiзде нелiктен олай болмай отырғандығы басқа әңгiменiң арқауы.

Сонымен елiмiздегi салық төлеушiлердiң арқасында өз жұмыстарын табыспен жүргiзiп отырған телеарналардың бiрқатары өткен сенбi күнi бүкiл қазақстандықтарды, тiптi тәуелсiз мемлекеттiгiмiздiң негiздерiн де елеп-ескермейтiндiктерiн аңғартты. Әңгiме Алматыда орналасқан iрi телекомпаниялар туралы болыр отыр.

Қазақстанда 31-мамыр – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi екенi көпшiлiкке мәлiм. Осынау қайғылы, бүкiлхалықтық Аза күнiнде Алматы аспанына отшашулар атылып, Сталиндiк репрессия құрбандарының аруағына тағзым етiлдi, көп жерлерде құран оқылып, ас берiлдi. Астанада да, Қазақстанның өзге қалалары мен елдi мекендерiнде осындай шаралар ұйымдастырылғаны кәмiл …

Биыл 1932-33 жылдардағы қасiрет – Ұлы аштықтың 75, ал 1937-38 жылғы жаппай саяси қуғын-сүргiннiң 70 жылдығына байланысты бүкiлхалықтық Аза күнiнiң маңызы бұрынғыдан да арта түскенi айқын. Осы күнi cталиндiк тоталитарлық жүйе, қызыл коммунистер жүргiзген қанды саясат, жүгенсiздiк жөнiндегi барша шындық айтылуға тиiс болатын. Әсiресе, қамтитын аудиториясы аса ауқымды телевидение осы мақсатта өз жұмысын жандандыруы орынды едi. Ең сорақысы сол, осы Аза күнiне "Қазақстан", "Хабар", iшiнара "Ел-арна" телеарналарынан өзге елiмiздегi бiрде-бiр телеарна назар аударған жоқ, күнделiктi "әлаулайымдарынан" ауытқымады да. Әлгiндей телеарналар өзге мемлекеттердiң ақпарат құралдары сияқты әрекет етiп, миллиондаған отандастарымыздың қасiретi, тағдырлары елеуге тұраралық мәселе еместей үнсiз қалды.

Жалпы Ұлы аштық жылдарында Қазақстанда 2,5-3 млн. бейкүнә қазақтар, ал Украинада 7-10 млн. украиндар әдейiлеп қолдан ұйымдастырылған сұрапыл аштықтың құрбандары болды делiнсе, сол бейкүнә құрбандардың тағдырын әркез ұмытпау қатқан жараның аузын тырнап, оған тұз себу емес, керiсiнше, Сталин және осындай жауыздыққа жол берген оның қолшоқпарлары – коммунистердiң мәңгi кешiрiлмейтiн күнәлерi үшiн аруақтардан тiрiлердiң кешiрiм сұрауы. Аштықтан қынадай қырылып, қор болып өлген қариялар, аналар мен бейкүнә балалар, он екiде бiр гүлi ашылмай өмiрмен қоштасқан жастардың аруақтары сол жауыздарды кешiрдi ме, әлде ақырзаманға дейiн кешiрмей ме, оны бiз, тiрiлер, ешуақытта бiле алмаймыз. Сондықтан бiздiң әлгiндей қылмыстарды кешiруге адамдық құқығымыз жоқ. 31-мамыр күнi аса аянышты "Зұлматтардың куәгерi", "Таутұлға" көрсетiлiмдерiн, "Нәубет" деректi фильмiн, "Шәкәрiмнiң соңғы күзi" көркем фильмiн көрермендер назарына ұсынған "Қазақстан" телеарнасы сондықтан да барша құрметке лайық. Ең әуелi аштық жайында айтайық. "11.25. "Зұлматтардың куәгерi". Аталмыш көрсетiлiмде естелiк айтқандардың бiрi – 94 жастағы , екiншiсi – 91 жастағы қос кейуана коммунистер әдейi қолдан ұйымдастырған сол зұлмат, адамзат тарихта бұрын-соңды естiп көрмеген жауыздықтың көзi тiрi куәгерлерi. Сүйегi асыл әжелер айтқан, ешқашан ұмтылмайтын аянышты әңгiмелерi Сталин және сталиншiлерге шығарылған тарихи үкiм секiлдi.

Әженiң бiрi айтады:

"Бақанас жақтан аштар күндiз-түнi ағылды ғой. Ылғи қазақтар. Үйдегiлер былтырғы егiстiң орнында жиналмай қалған сабанды арқалап келуге жұмсайды. Сабанда қалған дән шашылса, әлгi аштар топырақты араластырып қомағайлана асайды. Қырманның орны ғой. Аштар етпетiнен жерге жата қалып, былтырдан, одан бұрынғы жылдан қалған, әбден көгерiп кеткен дәндi үрлеп, қарамығын ұшырып, ауыздарына бұралақтатып тығады. Көгерiп кеткен дән ғой… Ертеңiне көбiнiң iштерi күмпиiп кеуiп, өлiп жатады".

Екiншi кейуана айтады:

"Бұрын малай болып жүрген… деген бар едi. Сосын милиция қойды ғой. Әлгi неме қазақтарды топырлатып айдап әкелiп, түрмеге тоғытып жатты ғой. Екi-екiден, үштен… аямады ғой". Сөзбе-сөз қайталап отырғанымыз жоқ, бiрақ негiзгi мәнi осындай.

Ендеше, сол кездерi Сталин мен коммунистердiң қолына өз тағдырын сенiп тапсырған бейбiт халыққа қарсы жасалған жауыздықты, адамзатқа қарсы жасалған қылмысты елеусiз қалдыруға тырысқан кейбiр телеарналардың тоғышарлығы мен тексiздiктерiн бiз нелiктен елеусiз қалдыруға тиiспiз?! Жалпы, олардың осындай әрекеттерiнiң астарында жымысқы саясат, көпшiлiкке беймәлiм құпиялар жатқан жоқ па!?

Соңғы жылдары аса қынжылтарлық, ашу-ыза туғызатын тоғышар көзқарастың қоғамда орын ала бастауы да алаңдатпай қоймайды. "Қазақстан" телеарнасында "Киноғұмыр" хабары бойынша "Шәкәрiмнiң соңғы күзi" фильмi қалай және нелiктен түсiрiлгенi жайлы кеңiнен сөз болып жатты. Сонда, сiрә актерлердiң бiрi болса керек, әлдекiм: "Қазақтар науқаншыл ғой, сол кезде де бiрiн-бiрi көрсетiп, өкiметке ұстатып берiп жатқан", – деген мәнзелде сөз сөйлегенi. Осы секiлдi және "Сталин мұның бәрiн бiлген жоқ. Бұл – көбiне жергiлiктi жандайшаптардың (басқа да түрлi ақтаулар алға тартылады – Ж.Ш.) кiнәсi ғой. Қазақтардың өзi ғой көрсеткен, соттатып, атқызған", деген орынсыз сылтаулар жиi айтылып жүр. Сонда бұл аштыққа, халық жауларының көзiн жоюға қазақтардың өзi кiнәлi болып, ал Сталин және оның жауыз қолшоқпарлары – коммунистер "сүттен ақ, судан таза" сияқты көрiнбекшi.

Алматының iргесiндегi "Жаңалық" ауылының түбiндегi бiр ғана бейiтте атылған 3 мың адамның сүйегi араласып жатыр. Ал Қазақстанда, бұрынғы бүкiл КСРО-да мұндай қаншама орындар бар? Дәл саны әлi күнге белгiсiз. Нақты деректер бойынша, бұрынғы КСРО-да 40 млн. адам саяси қуғын-сүргiнге ұшырап, түрлi жазаға тартылған. Бiр ғана Қазақстандағы концлагерлер мен түрмелерде 1,5 млн. адам зарықты, қысқа уақытта елiмiзге 1 млн. 300 мың адам ерiксiз жер аударылып. 3,5 млн. адам әйгiлi 58-статья бойынша өлiм жазасына немесе өмiр бойы түрмеге отыруға кесiлдi. Жер бетiндегi ешбiр елде ешқашан әйелдер мен балалардың концлагерi болған емес, ал 1937-38 жылдары Ақмоланың түбiндегi "АЛЖИР-де" 20 мыңға жуық әйелдер мен жас балалар аранды сымның ар жағында аштық пен суықтан дiрдек қақты. Өлдi! Осының бәрi КСРО-да Совет өкiметiнiң орнағанына 20 жыл толғанда, бейбiт заманда орын алған сұмдықтар.

Өз азаматтарына, бейбiт адамдарға қарсы осындай зор ауқымда қанды саясат жүргiзген, мемлекеттiк деңгейде геноцид ұйымдастырған елдi әлем тарихы бұрын-соңды бiлген емес.

Ал осының бәрiне қазақтардың өзi, 90-нан асқан әжей айтқан сауатсыз "малай" ғана кiнәлi ме? Сондайларды айтақтаған, олардың бассыздығына мүмкiндiк жасаған мемлекет айыптаудан тыс қалмақ па? Ең бастысы, осыншама қырғынды Сталиннiң бiлмеуi, елдегi қалыптасқан ауыр жағдайдан мүлдем бейхабар болуы мүмкiн бе? Ендеше, ұлы державаны билеуге оның моральдық құқы болып па едi?

3 млн. қазақтың, 10 млн. украиндардың аштан қырылғанын бiлмеу, сол сұрапыл аштықтың алдын алуға әрекет жасамаудың өзi аса ауыр мемлекеттiк қылмыс, адамдарға қарсы жасалған жауыздық екенi даусыз. Егер адам бiр кiсiнi өлтiрсе ауыр жазаға тартылады, осылай болуы заңды да, ендеше миллиондаған адамдарды қырған жауыздарды адамзатта, тарих та ешқашан кешiруге тиiс емес. Яғни аштық, саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу, аза тұту және шындықты бұрмаламай айту өлгендер үшiн емес, ең әуелi тiрiлер үшiн қажет! Болашақта мұндай сұмдық қайтанбалауы, мемлекет басшылары өз халқының тағдырына қай кезде де жауапты екендiктерiн жадынан шығармауы үшiн керек.

Саяси қуғын-сүргiн құрбандары. "Хабар" телеарнасы. Телебағдарламада: "18.30 "Лютый холод "АЛЖИРа". Деректi фильм" деп көрсетiлген. Осыған қарап бұл қазақ тiлiндегi деректi фильм шығар деп үмiттенгенiмiз рас, бiрақ телеарна күрт "маневр" жасап, орыс тiлiнде көрсеттi. Жалпы телебағдарламада кейбiр хабарлардың тұсына (каз.) деп жазып қойып, ал шын мәнiнде орысша көрсетудi бiрқатар телеарналар бiраздан берi терiс әдетке айналдырып жүргенi байқалады. Өздерiнше "кемiнде 50%" ережесiн сақтадық деген амалдары. "Бағдарламада осылай көрсетiлсе, соны министрлiктегiлер, басқалар тексерiп жата ма?" деген қулықтары. Бұл сөз ретi келгенде ғана айтып отырғанымыз.

Сонымен, "Лютый холод "АЛЖИРа". Бүгiнгi Астана iргесiнен 17 шақырым қашықтықтағы қу медиен далаға орналасқан концлагердегi байғұс әйелдер мен бұғанасы қатпаған балалардың азапты тағдырлары. Әсiресе, осында қамалған анасының аянышты тағдыры туралы жылап отырып айтқан әйелдiң әңгiмесiн бей-жай тыңдау мүмкiн емес…

"Соня тәтей екеумiз келдiк. Түрмеге кiрiп, әбден азып, құр сүлдерi қалған әйелдердi көргенде тұла бойымды қорқыныш биледi, небары 11-12 жастамын, әлi ақымақпын ғой. Шашы аппақ қудай бiр әйелдi көргенде: "Сен кiмсiң? Менiң анам емессiң ғой," – деп ерiксiз айғайлап жiбердiм. Анашым: "Қызым-ау, бұл менмiн, анаңмын ғой. Ал шашым… кейiн боясам бұрынғыдай болады", – дедi әбден ыңғайсызданып. Соңынан Соня тәтейiм келдi. Анам екеуi тастай құшақтасып, дауыс сап жылап-сықтады. Онда баламын ғой, дегенмен сонда көргенiмдi ешқашан ұмытқан емеспiн. Соңымыздан бөлмеге iлесiп кiрген түрме қарауылшысының көзiнен пора-пора боп аққан жас бетiн жуып кеткенiн байқадым".

Бiр жайтты ескерте кету керек, бұл сөзбе-сөз аударма емес, әлгi әйел айтқан аянышты әңгiменiң ұзын-ырғасы ғана.

Тағы бiр өкiнiштiсi, "Лютый холод "АЛЖИРА" деректi фильмiн телеарна небары 10 минут көрсетсе, ал түс әлетiнде "Испан Холокосты" деректi фильмiн тұп-тура 50 минут бойы көрсеттi. Ол генерал Франко режимiнiң кезiндегi испан халқының трагедиясы, ондаған мың адамның сотсыз-тергеусiз атылғаны, өлтiрiлгенi жөнiндегi азалы фильм. Дегенмен, бұлар iшкi мазмұны жағынан ұқсас трагедиялар болса да, ауқымы жағынан еш салыстыруға келмейтiн апаттар. Аталмыш деректi фильмде испан азаматының қасқайып тұрып айтқан ақиқат сөзi жүректi ерiксiз шымырлатқан-ды. "Франконың ең басты жеңiсi де осында. Ол тұтас ұлттың аузын жаптырып қойды. Оның билiктен кеткенiне 27 жыл болды, бiрақ сол жүйенiң қылмыстары жөнiнде әлi ештеңе айтылмай отыр", – дедi испандық азамат ашу-ызаға булығып тұрып.

Қазақстанда бәрi керiсiнше болып отыр. Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын мемлекеттiк деңгейде еске алу дәстүрге айналуда, ал ақпарат кеңiстiгiмiзге иелiк етiп отырған телеарналар бұдан мүлдем бейтарап қалуға жанталасып, тұтас ұлт, барша қазақстандықтардың аузын жаптырып отыр. Әлгiндей телеарналар 31-мамыр күнi көрермендердiң назарына ұсынған хабарлар мен көрсетiлiмдерге жәй көз жүгiрткен адам мұны ерiксiз аңғарғаны сөзсiз. Бiр таңданарлығы, дәп осы бүкiлхалықтық Аза күнiнде телеарналардың көбiсi интимдiк қатынасқа мейлiнше ден қойғаны байқалады. "Рахат" телеарнасы кешкi 21.00-де "Тот, кто нежнее…" фильмiмен көрермендердiң сезiмiн және нәпсiсiн оятуға ұмтылса, "31 канал" 22.30-да "Моя первая свадьба" романтикалық комедиясымен аңсарлы сәттi одан әрмен жақындата түскен. Одан әрi "Таң" телеарнасы 23.20-да "Остин Пауэрс – шпион, который меня соблазнил" фантастикалық комедиясы арқылы байғұс көрермендi "күнәға" кiм батырғанын бiржола айқындап берiптi. Одан соң не болсын, "Хабар" телеарнасы түнгi 02.15-те "Бөтен әйел және төсек астындағы өз күйеуi" деп нүкте қояды.

"Вечерний Алматы" газетi жариялаған телебағдарлама бойынша бұл көркем фильм бе, әлде аталмыш телеарна қызметкерлерi ойлап тапқан жаңа реалити-шоу екенi мүлдем жұмбақ күйде қалды.

"КТК" телеарнасының қожайындары мен қызметкерлерi күлкiнi әбден сағынған екен, 31-мамырда әбден iшек-сiлелерi қатты-ау деймiн. Телебағдарламаға қараңыз: "10.45. "Смешные моменты"; 12.05. Сатирическая программа "Қызық радиосы"; 12.30. Юмористическое шоу "J-CLUB"; 14.45 Комедия "Рецепт ее молодости"; 17.20 Комедия "Фокус-покус"; 22.00 Комедия "Башня ужаса"; 23.55. Комедия "О, боже!".

Саяси қуғын-сүргiн құрбандары жөнiнде азалы күнде бiр ауыз сөз айтпаған (әңгiме жаңалықтар блогы жөнiнде емес) миллиондаған адамдардың қайғы-қасiретi селт еткiзбеген телеарнаның цинизмi мен парықсыздығы айыптауға лайық деп санаймыз. Егер Арменияда бүкiлхалықтық Аза күнiнде әлдеқандай телеарна осыншалық жүгенсiздiкке жол берсе, онда армяндар әлгi телеарна қожайындарын Арарат тауының шыңынан терең құзға лақтырар ма едi, кiм бiлсiн?!

"Первый канал Евразия". Аталмыш телеарна қай елдiң үгiт-насихаттық құрылымы екенi және Қазақстандағы қожайындары кiмдер екендiгi осы күнге дейiн мемлекеттiк құпия сияқты болғанымен, оның түс әлетiнде және түн ортасы ауғаннан кейiн үйiп-төгiп көрсететiн қазақша хабарлары мен көрсетiлiмдерiн дәтке қуат санайтындар да аз емес. Дегенмен, 31-мамырда телеарна негiзiнен Ресейдiң белгiлi киноактерларын жоқтағандай әсер қалдырды. "14.50 "Владимир Высоцкий и Марина Влади. Последний поцелуй" қазақша деректi фильмi мен 19.45. "Ирония судьбы Георгий Буркова". Әдеттегiдей кiшкентайларға арналған мультфильмдер, езу тартқызар "Ералаш", "Играй, гармонь любимая", "Смак", "Что? Где? Когда?", "Қазақстан КВН одағы" сынды көрсетiлiмдерге қымбт эфир уақытын аямаған телеарна Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiн ұмытып кеткен сияқты. Әдейi ме, жоқ па, ол жағы беймәлiм.

"НТК" телеарнасы. Осы телеарнаның әдетте бөтен елдiң Қазақстандағы "бесiншi колоннасы" сияқты әрекет жасайтындығына телекөрермендердiң етi әбден үйренiп алған iспеттi. "НТК-дан" елең еткiзер ештеңе күтпейтiнi де сондықтан.

Телебағдарламаға көз жүгiртейiкшi: "10.45. Сериал "Семейка Аддамс"; 11.10. "Ха"Маленкие комедии; 17.30 Комедийный сериал "Женская лига"; 18.00. "Дом-2"; 19.00. "Клуб бывших жен"; 21.00. "Дом-2"; 22.00. "Комеди Клаб"; 23.00. Премьера на НТК! "Наша Russia", тағы басқа жателдiк телетауарлармен қазақ көрермендерiнiң жүрегiн жауламақшы. Бұл – бiрталай жылдан берi жүргiзiлiп келе жатқан жымысқы саясат, сондықтан бұл телеарнаның Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алмаулары түсiнiктi де.

Өткен жолы жазғанымыздай, "Нit TV" телеарнасын қандай халықаралық ұйым, компания, конгломерат қаржыландыратынын ешкiм бiлмейдi, бiрақ 31-мамыр күнi "Нit TV-ның" Жер планетасына да ешқандай қатысы жоқ шығар деп қалғанымызды айту керек. Өйткенi, қалалық газетте жарияланған телебағдарламада: 7.00. Совок; 7.30. Free Stуle; 08.30. "V-TIME"; 09.00 Народный VJ; 09.05 Free style; 09.30. Coвoк; 11.30 Vibe; …15.00… "HEAD LINER WEEKEND"; 15.15 "X-countdown", …17.30. Rock it;… 20.30. Back up;… 21.15. Red Bull X-fighters;… 22.30. Clubnuka… деп үздiк-создық қайталанып кете беретiн боп шықты. Бұл нендей ребус екенiн осы "Нit TV" телеарнасының қожайындары мен қызметкерлерi ғана бiлетiн болар, сiрә?! Ал менiңше, бұл Марсты мекендейтiн әлдеқандай субстанцияларға ғана мәлiм құпия жазудың кiлтi болуға тиiс. Бiр сөзбен айтсақ, бұл телеарна ғарышта мекендейтiн белгiсiз бiреулер үшiн қызмет ететiн сияқты. Сондықтан, осы күнге дейiн елiмiздегi ақпарт құралдары талай рет сынаған "Нit TV-ны" құдiреттi Жаратушы ғана жеңбесе, жер басып жүрген қарапайым қазақстандықтар ешқашан жеңе алмайтын сұры бар.

Әдетте парасаттылығы, шыншылдығымен, халықтың сөзiн сөйлеуiмен ерекшеленетiн "31 канал" телеарнасы соңғы уақытта ұстанымдары және позициясын әлсiретiп алғандай әсер қалдырып жүр. Кешқұрым 5-тен 7-ге дейiн екi сағат бойы "Хорошие шутки" шоу-бағдарламасын назарға ұсынған телеарнаның репрессия құрбандарын еске алуға мұрсаты болмай қалды.

Аты әдемi "Таң" телеарнасының көпшiлiктiң күлкi нысанасына айналғанына да бiрталай болған сияқты. Әдетте "Шоу оргинальных товаров", "Программа обьявлений "Супермаркет", "Программа "Телемаркет" секiлдi сауда-саттық бағдармаларын эфирге үздiксiз тықпалай беретiндiгiне байланысты осы телеарнаны жұрттың "Пу-Таңа" деп атайтындықтары да сондықтан шығар. Яғни, қисық айнаға ренжудiң, 31-мамырда бүкiлхалықтық трагедия туралы ештеңе айтпадың деп бұларға өкпелеудiң өзi орынсыз. Дегенмен, телебағдарламада 15.30-да "Счастливый звонок", телеигра" деп тайға таңба басқандай жазылғанына қарамастан, көңiл ашар бұл ойынның орнына "Борьба за выживание" сериалы бойынша Африкадағы бабуин маймылдары мен арыстандарды, қорқау қасқырларды көрсетуi "Таң" телеарнасының көрермендер құқығын аяққа таптап әдеттенгендiктерiн аңғартатын жайт.

Телебағдарлама дегенiмiз – бейнелеп айтсақ, зымыранның ғарышқа ұшатын дәл мезгiлi көрсетiлен билет, яғни, мұнда жазылғанның бәрi де бұлжытпай орындалуға тиiс. Әрбiр телекөрермен өзiне ұнайтын, назар аударуға лайық дейтiн хабарлар мен көрсетiлiмдердi алдын-ала екшеп, өзге шұғыл шаруалары мен маңызды кездесулерiн кейiнге қалдырып, көгiлдiр экранға телмiредi. Сөйткенде… бац, басқа көрсетiлiм ұсынылып тұрса… бәрi де боқтық сөзбен аяқталатыны аян.

Мұндай нәрсе телеарналардың тарпынан жiберiлген елеусiз қателiк, жай ғана мәдениетсiздiк емес, миллиондаған телекөрермендердiң құқығын аяққа таптау екенi айқын. Өкiнiшке қарай, мұндай телеарналарға Ақпарат министрлiгi тарапынан ешқандай шара қолданылмай келедi, тiптi, басқа жағдайда тұтынушылардың сөзiн сөйлейтiн ұйымдар мен одақтар да осы тұста қауқарсыздық танытуда.

Ислам, православие, буддизм дiндерiнiң арасынан "Рахат" телеарнасы нелiктен католицизмдi айырықша бөлiп ерекше алғаны көпшiлiкке жұмбақ. Әйтеуiр әр күн сайын азанда "Победоносный голос верующего", "Благая весть с Риком Реннером" деп күңiренiп жататындары белгiлi. 31-мамыр күнi де "Жизнь, полная радости" атты кезектi миссионерлiк хабар жүргiзудi ұмытпаған "Рахат" телеарнасы "Первый канал Евразия" сияқты "Георгий Бурков. Гамлет советского кино" деп ескертудi есiнен шығарған жоқ. Тек бiр айырмашылығы, алғашқы телеарна өз Бурковын 1 сағатқа созса, "Рахат" 40 минутпен шектелдi.

Дегенмен, Сталиндiк репрессияның миллиондаған жазықсыз құрбандарын аза тұта алмаған қос телеарнаны да Бурковтың тағдыры мазалайды дегенге, әй, сену қиын. Жалпы, "Рахат" телеарнасындағы мырзалар қай мемлекетте өмiр сүретiндiктерiн әлi бiлмейтiн сияқты. Өйткенi, ресейлiк киноактерларды үздiксiз насихаттауды толассыз тасқынға айналдырған олар, қазақ, қазақстандық кино, театр әртiстерiнiң творчествосын насихаттағандарын еске түсiре алар емеспiн. Бәлкiм, қателесетiн шығармын, бiрақ бұл телеарна "Наша музыка" айдарымен соңғы кездерi Александр Панайотов, Надежда Бабкина, тағы басқа сандаған ресейлiк әншiлердi де насихаттап әуре-сарсаң. Дәп осы жағдай аталмыш телеарна түн ортасында ұсынатын "Дас ист фантастиштен" еш аумайды. Өйткенi, олардың "Наша музыка" деп отырғандары қазақ музыкасы, тiптi Қазақстанда өмiр сүретiн өзге де отандастарымыздың музыкасына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын нәрсе. АҚШ, Англия, Франция, Италия,Испания т.б. шетелдердiң музыкасы сияқты бiз үшiн шетел болып табылатын Ресейдiң музыкасы ғана. Телеарна қожайындары мен лауазымды қызметкерлерi мұны бiлмей отыр деуге негiз жоқ, бiрақ әлгiлер тәуелсiздiгiмiздi қорлағандай әдейi тықпалайтын сияқты.

Өткен аптада бiр топ қазақ журналистерiмен Ақордада сұхбаттасқан Елбасы Н.Назарбаев: "Тәуелсiздiктi күн сайын қорғау керек, ай сайын қорғау керек, жыл сайын қорғау керек", – деген болатын. Әрине, бұл бес қаруыңды сайлап, майданға шық деген сөз емес, қайта отандастарымыздың ой-санасын бодандық психологиядан арылтып, отаншыл, еркiн ойлы, бостандық сүйгiш етiп тәрбиелеуге күш салу керек деген сөз. Амал қанша, ақпараттық кеңiстiгiмiзге ерекше ықпалын тигiзетiн кейбiр телеарналардың тiзгiнiне маргиналдар шектеусiз иелiк етiп отырғанда, тәуелсiздiгiмiздi нығайту, оны өркендетудiң жолы ауыр болатын түрi бар. Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiнде де серпiлмеген мәңгүрттердi Қазақстан тарихы, оның келешегi толғандыратынына сену қиын.

P.S. Мамыр айында Мәскеу мэрi Юрий Лужковтың Севастопольдi Ресей меншiгiне қайтару жөнiндегi арандатушылық сөзiнен соң ресми Киев Ресей телеарналарының Украинада хабар таратуларына тыйым салғаны белгiлi. Кремльдiң аздап күңкiлдегенi болмаса, аспан жарылып, жер ойылып кете қойған жоқ. Бiзде де кейбiр телеарналардың әрекетiне қарағанда, ендi олар "төсектiң үстiне" шығып алып, телекөрермендердiң шынайы, адами сезiмдерiн қорлауға әбден машықтанып алған сияқтанады. Ендеше, олардың да бағыт-бағдарын, жүзеге асырып отырған саясатын қайта електен өткiзiп, сараптап, нақты шаралар қабылдайтын уақыт келген iспеттi. Әлде тексiз, отансыз телеарналарға тәуелсiздiк мұраттарын мойындатар басқа амал бар ма?

Жаңабек ШАҒАТАЙ