ҒЫЛЫМНЫҢ ҚИЯ ЖОЛЫНДА

ҒЫЛЫМНЫҢ ҚИЯ ЖОЛЫНДА

ҒЫЛЫМНЫҢ ҚИЯ ЖОЛЫНДА
ашық дереккөзі

Филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Сағымбекұлы Тұрысбектың әр жылдар бедерiнде жазған "Әдебиет және көркемдiк таным мәселелерi", "Сөз сарасы", "Жүсiпбек", "Ж.Аймауытұлы және 20-жылдардағы қазақ прозасы", "Ар айнасы", "Ж.Аймауытұлының әсемдiк әлемi" және тағы басқа да зерттеу, талдау еңбектерi ғылыми ортаға жақсы таныс. Әсiресе оның Алаш арыстарының бiрi әрi бiрегейi Жүсiпбек Аймауытұлының шығармашылығына қалам тарта отырып, жаңа қырынан ашқан түбегейлi iзденiстерi, дәлелдi тұжымырдары, тың ойлары, Аймаутұлын тану ғылымына қосқан үлкен үлес екенi анық. Ол Аймауытұлы туралы iзденiстерiн әлi де жалғастыру үстiнде. Жалпы автор қай еңбегiнде де ұлт зиялылары А.Байтұрсыновтың, Ә.Бокейхановтың, Х.Досмұхамедовтың, М.Дулатовтың, М.Шоқайдың ұлт мүдделерi туралы құнды ой-тұжырымдарын ұтымды бере бiлген.

Рақымжан Тұрысбектiң үстiмiздегi жылы Астанадан жарық көрген кезектi еңбегi – "Ұлт мұраты және руханият" деп аталынады. Ол бұл еңбегiнде қазақ әдебиетi тарихының өзектi мәселелерiн кеңiнен көтерген. Сондай-ақ, төл әдебиетiмiздiң көрнектi өкiлдерi Бөлтiрiк шешен, Махамбет Өтемiсұлы, Жамбыл Жабаев, Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы, Сәбит Мұқанұлы, Ғабит Мүсiрепов, Қажым Жұмалиев, Серiк Қирабаев, Тұрсынбек Кәкiшев, Рымғали Нұрғали, Жанғара Дәдебаевтың өмiрi мен шығармашылығы жөнiнде өзiндiк ерекшелiктерiн саралай келiп, жаңаша көзқарастарымен мәнi мен мазмұндарын ашқан. О.Бальзак: "Сөз өнерi – өнер атаулының ең қиыны мен күрделiсi" деген. Сол қиын да күрделi өнерге аталмыш ақын-жазушылар қалай келдi, оны қалай игердi? Соны ғылыми тұрғыда талдап, талғап көрсету кез келгеннiң қолынан келе беретiн, ой-өрiсi жете беретiн оңай шаруа емес. Ол үшiн бiлiм-бiлiктiлiкке қоса, зерделi пайымдылық керек. Рақымжан Тұрысбектiң бойында бұл қасиеттер бар. Сондықтан да ол қолға алған iсiн ойдағыдай орындап шыққан.

Кiтап үш бөлiмнен тұрады. "Алыптар мен асылдар", "Ағыстар мен арналар", "Парыз бен парасат". Бiрiншi бөлiмдегi "Шеберлiк пен шешендiк" тақырыбымен берiлген Бөлтiрiк Әлменұлының сөз өнерiне қас жүйрiктiгiн, қиыннан қиыстырған тапқырлығын, ұлағатты әрi өнегелi сөздерiнiң мәнiн ашып қана қоймай, батырлығын да оқырманға таныта бiлген. Ал осы бөлiмдегi "Серт пен сенiм" тақырыбымен жазылған Махамбет Өтемiсұлының ұлт мұраты жолындағы патриоттық сезiмге тәрбиелейтiн жыр-семсерлерiн көпшiлiк талғамына өзiндiк ой-пiкiрлерiмен ұсына бiлген. Сондай-ақ, "Мұра мен мирас" тақырыбында Мәшһүр Жүсiп Көпейұлының шығармашылығы жан-жақты талданған. Оның туындыларын ұлттың мәдени-рухани құндылықтары ретiнде жоғары бағалаған.

Ғалым кiтаптағы "Д.Қонаев және руханият" тақырыбында қоғам және мемлекет қайраткерiнiң бар саналы ғұмырын халқына, оның келелi келешегiне арнағанын айта келiп, мынандай тұжырым жасайды. "Д.Қонаевтың ұлт руханиятына адалдығы мен қамқорлығы қазақ тарихына қатысты көзқарастарынан, оның бiртуар тұлғалары Е.Бекмаханов пен Б.Сүлейменовтi, әдебиет пен өнердiң танымал өкiлдерi А.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Қ.Мұхамеджанов т.б. қуғын-сүргiнге ұшырап, "ұлтшыл" атанған тұстарында "уақыт салған жараны" (Д.Қонаев сөзi. – Р.Т.) ашық айтып, батыл айыптауларынан терең танылады. Ұлт тарихы мен оның әдебиетi, мәдениетi туралы толғам-толғаныстарынан да жан жылуын, жүрек тебiренiстерiн айқын аңғаруға болады. Ең негiзгiсi, өмiр ақиқаттарын, уақыт шындықтарын басты назарда ұстап, ұлттың қайраткер-қаламгерлерiнiң өмiр, тарихтағы орын-үлестерiн қалпына келтiру iсiне үлкен үлес қосты".

Р.Тұрысбек ұлтымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының мол мұрасын да назарынан қағыс қалдырмаған. Жауынгер жазушының шығармашылығын, ұлттық көзқарастарын жалпы руханият әлемiне қосқан үлесiн жоғары бағалайды. Мұнда батыр Баукеңнiң әлi жұрт бiле бермейтiн "Ана тiлiн ардақта", "Арман жер", "Әскер аты", "Бiреулерге", "Жардың мұңы", "Достыма" т.б. өлеңдерiн талдай отырып, жаңа қырынан танытқан. Баукеңнiң хаттары, қанатты сөздерi, ар алдындағы адалдығы, өнегелi өмiрi кеңiнен қамтылған.

Сөз өнерi – сырлы әлем. Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың еңбектерiн талай ғалымдар мен сыншылардың талдағаны белгiлi. Рақымжан Тұрысбек те оның сөз өнерiнде қай жанрда да қаламының ұшқырлығын, еңбекқорлығын тiлге тиек ете отырып, Сәбеңнiң жазу мектебiне, үлгiсiне соны iзденiстер жасаған. Жалпы автор бұл еңбегiнде атақты жазушы-ғалымдар арғысы Ғабит Мүсiрепов, Қажым Жұмалиев, бергiсi Серiк Қирабаев, Тұрсынбек Кәкiшұлы, Темiрбек Қожакеев, Сағат Әшiмбаевтың, Рымғали Нұрғалидiң ғылыми еңбектерiне әрiптес ретiнде талдап, ел алдындағы парызы мен қарызын адал орындап жүрген ұлттың таңдаулы ұлдары екенiн мақтаныш етедi. "Ұлт мұраты және руханият" жазушы-ғалым Рақымжан Тұрысбектiң қалам қарымының ауқымдылығын, ғылыми iзденiстерiнiң тереңдiгiн және талғампаз еңбекқорлығын айқындайтын еңбек.

Көлбай Адырбекұлы