СӘКЕННIҢ БАРҚЫТБЕЛI
СӘКЕННIҢ БАРҚЫТБЕЛI
Әңгiмемiздiң ауанының көбi ауыл туралы болғанымен, алыс ауылға шықпағалы да бiраз болған. Үржарға барып қайту туралы аяқасты ұсыныс түскенде екi ойлы болып қалғаным рас. Дегенмен, нар тәуекелге бастым. Жол алыс, уақыт тапшы болса да, көз көрген қара мекендi бiр көрiп, ондағы ел-жұрттың, әсiресе, екi жылдан астам уақыт ат iзiн салмай кеткен ата-анамның тiршiлiгiн көзбен көрiп қайтқым келдi.
Алматыдан таң алакеуiмде шыққанымызбен, қаладан шығып болғанша, 1 сағатымыз жоқ болды. Баяғы кептелiс, әсiресе, елдiң жұмысқа барар қарбалас сәтi. Қапшағайдың күре жолына түскеннен кейiн, уһ деп демiмiздi бiр алдық.
Сосын әп-сәтте Талдықорған шаһарына да жетiп келдiк. Алайда, белгiлi бiр себептермен мұнда екi сағатты шығындап, қайта күре жолға түстiк. Бағытымыз — оңтүстiк-шығыс. Тарбағатай өңiрiн бетке алып келемiз. Бiресе оң қапталымыздан, бiресе, маңдай алдымыздан қапталдасып Iле Алатауының сiлемдерi көз ұшында мұнарлайды. Қазақ жерiнiң сырын iшiне бүккен тылсым табиғатының беймәлiм ұшығын табуға тырысып, кейбiр атаулардың этимологиясын қопарып қойғанымызбен, жүгiнетiн ғылыми қайнар көз болмағаннан кейiн, әркiм өз ойындағы болжамын айтып бiр доғарады.
Жайлы көлiк, жеңiл машина, тегiс сүрлеу, жол қанша алыс болса да, тым шаршата қойған жоқ. 12 сағат суыт жүрiстен кейiн Барқытбел деп аталатын iрi мекенге ат басын тiредiк. Әсiресе, Үшаралдан кейiн, бiр сағат бойына таусылып бiтпейтiн сағымды дала, сары жазық кейде алыс армандарға жетелесе, кейде көңiлiңдi құлазытып, жер кiндiгi тарқатылып кеткендей сезiмге бөлеген. Қарақолдан өте, жергiлiктi жұрт “92” деп атап кеткен бұрылыстан, тiзгiндi оңға бұрып, Таскескендi маңдайлай жүргеннен кейiн ғана, сары жазық таусылып, қолмен ексе де, орманға айналған, сулы да нулы өлке кездеседi алдан. Тарбағатай басын мәңгi ақ шалған Алатаудай асқақ емес, қоңыр белдерiмен ерекшеленедi. Кеш те қоңыр, көңiл де қоңыр, бел де қоңыр, әлдебiр қоңыр қойнауларға жетелегендей. Шығысқа жүрген сайын жер бедерi де, климаты да өзгерiп, дала қуқылданып бара жатқандай. Әзiрге, көктей қоймаған, "жазғытұры қалмайды қыстың сызы" дегендей, салқын самал есiп, жаныңды бiр жадыратып тастайды екен.
Бiз Үржар қаласына енгенде қараңғылық та қоюланып үлгерген. Ал, Үржардан 30 шақырым қашық Көкөзек ауылына ат басын тiрегенде меңiреу түн көрпесiн жайған болатын. Кезiнде осы мекенде арнайы сапармен келген Сәкен Сейфуллин бұл өңiрдi Барқытбел деп атапты. Барқытбел десе, дейтiндей. Сөзбен суреттеп жеткiзгiсiз ғажайып жұмақ өлке. Таудан аққан тас бұлақ — Қусақтың суының өзi Таңжарық ақын айтқандай "құнан қойдың сорпасындай" дертке дауа, жанға шипа. Үржардан 12 шақырым қашық Науалы ауылынан шыққаннан кейiн, уайымдағаным жол болып едi.
Үш жылды ауылға арнап, 57 миллиард қаржы бөлгенiмiзбен, осы ауылдарға апарар жолдардан ұятты болып тұрмыз. Сонау Кеңес одағынан қалған жұрнақ, бұл жолдармен жүру қиямет қайымның көпiрiнен өткеннен де бейнет. Ауылға бет бұру үшiн ең алдымен, тоз-тозы шыққан жолын жөндеу қажет шығар. Бұл қанша ақпарат құралында айтылып, жоғары жақтың құлағына жеткенiмен, құлақ асар пенде болмады.
Ойдым-ойдым болса да, Науалы мен Көкөзек арасындағы жол иман таразы екен. Көресiнi Көкөзекке кiрген соң көрдiк, бiр кездегi асфальттың шаңы шығып, қайран жол қырық-шұрыққа айналыпты. Өтiрiк айтқан адамға Көкөзектiң аяғынан кiрiп басына шығу үшiн тура бiр сағатымыз кеттi. Осыдан екi жыл бұрын келгенде де, 4 жыл бұрын келгенде де осылай болатын. Жолды жөндеуге талаптанған ешкiм болған жоқ, болмауы да мүмкiн. Өйткенi, бұның осылай жатқанына 10 жыл болған шығар. Керiсiнше, Көкөзекте жаңа мешiт бой көтерiптi. "Мариям" деген атаумен, көзге бiрден ұрынды. Алла үйiнiң ауыл-ауылда екiден-үштен сән түзеп жатқаны қуантып тастады. Бұған дейiн Көкөзекте тағы бiр мешiт бар едi. Ауылда екi күн болып, қайтуға қамданып жатқанымда, осы ауылдың бiр тұрғыны: "Қазiргi байлар мешiт салумен жарысып жатыр. Мақсаттары сол мешiтке не өзiнiң, не ата-бабасының атын берiп, тарихта iз тастау. Бiр Көкөзекке бiр мешiт жетер едi ғой. Одан да тоз-тозы шыққан мына жолды жөндеп бергенде, сауабы анағұрлым артық болар ма едi" деп күңк ете қалғаны. Ойланып қалдым, "мешiт салу — аса сауапты iс" десiп жатады. Дегенмен, Құранда жазылған тағы бiр сауапты iс — жол салу, құдықтың көзiн ашу екендiгi тағы бар. Демек, бүгiнгiнiң байы атын шығарумен жарыспай, халықтың шын сауабын алуды да ескергенi жөн бе?
АУЫЛ МӘДЕНИЕТКЕ БЕТ БҰРА БАСТАПТЫ
Көкөзекпен iргелес — Мақаншы ауылында 1992 жылы Моңғолиядан қоныс аударып, 1999 жылы бақилыққа аттанған Қазақстан және Моңғолия жазушылар одағының мүшесi, ақын-аудармашы, драматург Имашхан Байбатырұлының туғанына 70 жыл толуына орай, еске алу кешi болып өттi. Имашхан Байбатырұлы — 1938 жылы Моңғолияда туған, ондағы қазақ жазба поэзиясының қалыптасуына зор еңбек сiңiрген. Алматыда Абай атындағы Қазақ педагогика институтын тәмамдаған ол Баян-Өлгий аймағына барғаннан кейiн ондағы Моңғолия Жазушылар одағының қазақ бөлiмiн, әдеби-мәдени "Шұғыла" журналын көп жылдар басқарып, қазақ мәдениетiнiң дамуына ат салыcқан. Өзiнiң 15 жинағы жарық көрген ақын 1992 жылы Атамекенге бетбұрады. Осында келгеннен кейiн, мәдениет пен өнердiң жанашыры Мұхтар Құл-Мұхамедтiң жанашырлығымен "Өрт шалған жүрек" атты жыр жинағы басылып шыққан. Ақынды еске алу кешiне бiрге жүрген тұрғыластары, дос-жараны мен көзiн-көрген аға-iнiлерi, Үржар аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң, Мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң, Көшi-қон және демография бөлiмiнiң басшылары қатысты.
Кештi Мақаншыдағы Әсет Найманбаев мұражайының меңгерушiсi Әбен Тұйғынұлы жүргiздi. Ақынды еске алу кешiнен алған әсерiмiздi тәптiштеп баяндар болсақ, ең алдымен халықтың ардағын асқақтатып, асылын аялайтын қасиетiне бас идiк. Сөз алып мiнбеге көтерiлгендердiң арасынан қазақтың қазаққа айдар тағып "оралман" деп көзге шұқығанын естiмедiк. Соның өзi "оралман" терминiн жоғары жақтағылардың қолдан жасаған "жасанды" қитұрқысы екенiн аңғартқандай. Әбен Тұйғынұлы ақын жайында:
— Имекеңдi осы өңiрдiң төл ұлы деп айтсақ қателеспеймiз. Тарбағатай мен Алтай бiрiн-бiрi толықтырған екi дүние. Алтайдың ар жағы не, бер жағы не? Бiздiң жан-тәнiмiз бiте қайнасып кеткен. Мен Имекеңмен алғаш осы өңiрге келiп, жаңа бiр шабытпен жырлай бастаған кезiнде кездестiм. Ол кiсiнiң маған деген ерекше iлтипаты мен сүйiспеншiлiгi болып едi. Мен ол кезде аудандық мәдениет бөлiмiн басқардым. Ақынның айтқан ойынан, пiкiрiнен үлкен бiр ғұламалықты көрдiм. Шығармаларын оқи отырып, елге, жерге, ұлтқа, қазаққа деген сүйiспеншiлiктi байқаушы едiм. Бүгiнде пәни дүниеден бақи дүниеге аттанып кеткен ол кiсiнiң көзi болмаса да, көкейiмiзден кеткен емес. Сонымен қатар, анамның қабiрiнiң басында Имекеңнiң бiр шумақ өлеңi жазылған. Анамның басына барған сайын, ол кiсiмен бiрге Имекеңдi еске аламын. Алдағы уақытта да ол кiсiнi насихаттай бермекпiз. Қазiр мектептерде Имашхантану пәндерi жүргiзiледi, — десе, Жазушылар одағының мүшесi, ақын Айжарық Әбiлқасымұлы:
— Имашхан ағамыз ешкiмге ұқсамайтын жеке дара тұлға. Бiр ақындар болады өзi өлеңiне ұқсамайтын, ендi бiр ақындар болады өлеңi өзiне ұқсамайтын. Ендi бiреулерi тумысынан ерекшеленiп, өлеңiмен жымдасып кетедi. Мысалы, Жұмекен Нәжiмеденов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Өмiрзақ Қожамұратов, т.б. Имашхан ағаны мен осылардың қатарынан көремiн. Алғаш көргеннен-ақ, жазбаса да, жырламаса да жазып тұратын азамат екендiгiн жазбай таныған едiм. Оның шығармаларында троптың түрлерiнiң бәрi кездеседi. Эпитет, метафора, күрделi айшықтау, құбылту элементтерi аса басым. Төрт құбыласын тең етiп, кiрпiштей қалай бiлген ақын. Ол сыртқы формасы, ал iшкi мазмұнын жоғалтпай, радиациялық үйлестiктердi бiр-бiрiнен алшақтатпай отырып, ойды дәл басып философиялық тұжырыммен аяқтау, екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн дүние. Мұқағали ақын "дарын, мiнез, ақыл үшеуiн Алла тағала бередi" деп айтқан екен. Сол үшеуiнiң бiреуiн ғана берген адам, рухани кемтар, Имашхан ағаның бойына осы үш қасиет те дарыған, — дейдi. Осының өзi ақын шығармашылығының барометрi болғандай.
Жалпы, ауыл жайлы түсiнiгiмiз тым келте. Оның үстiне өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан ауылдың берекесi кете бастады. Жаппай жекешелендiру мен нарықтың сынағына төтеп бере алмай шарт сынған ауылдар есiн ендi жия бастағанда жердiң нарықтық қатынастарға көшуi салдарынан тағы да тұралап қалды. Сол себептi де ауылда мәдени ошақтардың барлығы жабылды. Ауылдан қалаға ағылу толассыз жүрiлдi. Iшкi көшi-қонды реттеу шараларын ендi қолға ала бастаған үкiмет ауылдың ең алдымен мәдени өмiрiне назар аудару керектiгiн де түйсiнген секiлдi. Мақаншы ауылы бұрын аудан орталығы болған мекен. Сол себептi де болар мұндағы тiрлiк басқа ауылдармен салыстырғанда көш iлгерi. Халқының саны да көп, мектебi де, онда оқитын балалар саны да көршiлес ауылдармен салыстырғанда анағұрлым артық. Мәселен, Мақаншыда 13 мың адам тiрлiк етедi. Бұрын 5 мектебi болған, қазiр 3 мектебi бар. Ауылдағы 70-тен астам дүкеннiң өзi тұтынушысының мол екендiгiн аңғартқандай. Үржар аудандық Мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң бастығы Кентау Назарбековтiң айтуына қарағанда, биылғы жылы ауылдағы мәдени өмiрдi жандандыру мақсатында бiраз әрекеттер жасалып жатқан көрiнедi:
— Аудандағы мәдениет үйлерiнiң көбi жабылып қалған. Аудан әкiмi Бауыржан Жанақов көптеген ауылдардағы мәдениет үйлерiнiң қайта ашылуына мұрындық болуда. Ауданымыздың мәдениет саласын көркейтуге биылғы жылы 160 миллиондай теңге бөлiндi. Үржар қаласындағы Мәдениет үйi толық күрделi жөндеуден өттi. Мақаншы ауылындағы Мәдениет үйi кезiнде жекеменшiкке өтiп кеткен едi. Соны облыс әкiмiнiң қолдауымен 10 миллион теңгеге мемлекеттiк меншiкке қайтадан сатып алып, биыл күрделi жөндеуден өткiзу үшiн 47 миллион теңге бөлiндi. Кейбiр елдiмекендерде ауыл патриоттары Мәдениет үйлерiн қайтарып берiп те жатыр, бiрақ, тым аз. Кезiнде 28 мәдениет ошағы сатылып кеткен. Биыл "Барқытбел фольклорлық ансамблi" құрылды. Бұл — Үржар тарихында тұңғыш кәсiби ансамбль. Өткен Наурыз мерекесiн — төл жаңа жылымызды екi күн тойладық. Дәстүрлi "Асыл мұра" өнер байқауы мен ауыл өнерпаздарының сайысы Наурызбен тұспа-тұс келдi. Сағат жетiден бастап, 11-ге дейiн жиын өттi, тура 12-де күн мен түннiң теңелуiне байланысты аудан әкiмi құттықтап сөз сөйлеп, от шашуын тарту еттi. Соңы сауық кешке ұласты. Ертеңiнде таңғы оннан халықтық серуенге айналдырып, кешкi алтыда Наурыз мейрамының шымылдығын жаптық. Бұндағы мақсатымыз — қазақтың рухын ояту. Яғни, қазақтың жаңа жылын бұған дейiн үйреншiктi болып кеткен христианның жаңа жылынан артық тойлауға болатындығына елдiң көзiн жеткiзу, бүкiлхалықтық деңгейге көтеру болды, — дейдi Кентау Назарбеков.
Мақаншы ауылының әкiмi Ербол Сағымбеков:
— Ауылдан қалаға ағылған жастарды ұстап қалу үшiн Мәдениет үйiн жөндеудi қолға алып жатырмыз, механизатор, ұста, құрылысшы, бухгалтерлiк секiлдi оқу өндiрiстiк мектептер ашылып жатыр. Жас мамандардың баспана мәселесiн шешiп беруге тырысамыз. Жұмыс көзi бар, дәрiгерлiк мамандар жеткiлiксiз. Ауылда үш мектеп, бiр үлкен, үш отбасылық емхана жұмыс iстейдi, — дейдi. Яғни, ауыл тiрлiгi бiр кездегiмен салыстырғанда, әжептәуiр жақсарған. Жер нарықтық қатынастарға енгiзiлгенiмен, оны ауыл тұрғындары ұзақ мерзiмге жалға алып пайдалану мүмкiндiгi бар.
Аудандық iшкi саясат бөлiмi бастығының мiндетiн атқарушы Сандуғаш Мәтбекова қазiр ауылды түлету үшiн жаңа саясаттың жүзеге асырылып жатқандығын айтады:
— Үржар ауданында өсу деңгейi байқалады. Халықтың тұрмысы, әл-ауқаты жақсарып келедi. Аудан әкiмi Мәдениет мәселелерiне көбiрек көңiл бөлуде. Пәленбай жыл жөндеу жұмысы жүргiзiлмеген ауыл мектептерiнiң құрылыстары басталды. Бестерек орта мектебi ашылды. Қарақол орта мектебiнiң құрылысы жүрiп жатыр, алдағы уақытта Благодарный ауылының мектебiн қолға алмақпыз. Көп жылдан берi жаңа ғимараттары салынбаған. Биылдан бастап қолға алынды.
Дегенмен, ауыл болашағына үмiттен гөрi күмәнмен қарайтын адамдар да баршылық көрiнедi. Жарбұлақ ауылының тұрғыны Айжарық Әбiлқасымұлы 2002 жылы "Дала — дарын" деген жас ақындар мектебiн ашып, жұмыс жасап келе жатқандығын айтады. Ондағы мақсаты — тәуелсiз Қазақстанның бiлiмдi парасатты, ұлттық дәстүрдiң барлығын кеудесiне сыйдырып өсетiн, жаңа мiнездегi ұрпақты тәрбиелеу.
— Ауылымыз үлкен, 5,5 мың халық бар. Екi мектеп бар. Жалпы, ауылдың әлеуметтiк-экономикалық жағдайы жақсы. Алакөлдiң жағасындағы Жарбұлақ ауылында тұрамын. Көл бiзге экономикалық тұрғыдан пайда әкелгенiмен, Алакөл ауылдың өзiне зиянын тигiзiп тұр. Ауылдың қарапайым тұрғындары көлдi күнкөрiс көзiне айналдырып, нанын, жiп-суын сатып күн көрiп жүргенiмен, ауылдың болашағы менi қатты алаңдатады. Оның себебi, келген туристермен бiрге жаман аурулар пайда бола бастады. Өзге ұлт өкiлдерiмен қыздарымыз көңiл қосып, қаны таза емес, ұрпақ өмiрге келе бастады.
Оның үстiне мұнай бұрғылай бастады. Одан аққан зиянды қалдықтар дарияға ағылып құйылып жатыр. Ертең Алакөлдiң Каспий мен Аралдың тағдырын кешпесiне кiм кепiл. Оның үстiне қасындағы Барлық арасаны бiр әулеттiң ғана қызығына қызмет етiп отыр. Оның пайдасын жергiлiктi халық көрiп те отырған жоқ. Иесiнiң кiм екенiн де бiлмеймiз. Ал, Қытайдағы Лобнор полигоны iргемiзде тиiп тұр. Бұрынғы Абыралыдағы жарылыстан гөрi, мына жарылыс бiзге жақын. Музыка және спорт мектептерiн сырттан келгендер сатып ап, iшiндегi елу баланы айдап шықты. Жердi шетелден келген байлар сатып алып жатыр, ертең бiз өз мекенiмiзде өзiмiз аяқ басып жүре алмайтын халге келемiз бе деп қорқам, — деп ағынан жарылды.
Демек, ауылда халықты ұстап тұру үшiн ондағы кетеуi кеткен тұрмысты қалыпқа келтiру керек. Мәдени-рухани сұранысқа жауап берудi басты мақсат етуiмiз қажет. Сонда ғана халықтың ауылда тұрақтауына жол ашылады.
КӨШКЕН ЕЛДIҢ ОРНЫН КЕЛГЕН ЕЛ ТОЛТЫРЫП ЖАТЫР
Үржар ауданын елiмiздiң шығыс қақпасы деуге де болады. Мақаншыдан 60 шақырымдай жерде ғана Қытаймен шектесетiн Бақты шекарасы бар. Әкiмшiлiк территориялық тұрғыдан Қытайға қарайды демесек, қазақтың байырғы мекенi. Шекараның бергi жағында да, арғы жағында да қазақтар отыр. Бәлкiм содан болар, Үржарға Қытайдан қандастарымыз көптеп келуде көрiнедi. Тек Көкөзек ауылының өзiне мен қатынамаған 2 жылдың iшiнде 70 отбасы қоныстанып үлгерiптi. Көбiнiң тiрлiгi — ұсақ-түйек сауда-саттық, Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымына көбiрек үлес қосып тұрғандығы байқалады. Қандастардың негiзгi кәсiбi сол жақтан көшiп келушiлердiң құжаттарын реттеуге көмектесу, яғни нәпақасын құжат дайындау арқылы айырып жүр. Аудандық көшi-қон және демография бөлiмiнiң бастығы Алтынбек Махмұдұлының айтуына қарағанда, көшiп келушiлердiң саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда қауырт өскен. Мәселен, 1992-2006 жылдар аралығында Үржар ауданына барлығы 520 отбасы келсе, тек 2007 жылдың өзiнде 322 отбасы қоныстанған. Биылғы жылдың алғашқы үш айында 140 отбасы көшiп келiп үлгерген. Демек, қалаға ағылған жұрттың орнын шетелден келген қандастарымыз басып жатыр. Қазiр Мақаншы мен Қытайды тура жалғайтын күре жол салынып жатыр екен. Алдағы күзге дейiн құрылысын аяқтау жоспарланған. Дегенмен, сары жазық, сайын дала әлi де иен. Айдаһар көзiн алартпас үшiн, осы даланы мал мен басқа толтыру Қазақ елiнiң алға қойған басты мақсаты болуы керек. Алтынбек Махмұдұлы қандастарымыздың негiзгi қолқасы — егiндiк, ия жайылымдық жер бөлiп беру екендiгiн айтады.
— Олардың жерге деген сұранысын қанағаттандыруға тырысып жатырмыз. Былтыр 136 отбасына квота бөлiндi. Келгендердiң барлығын квотамен қамтамасыз ету мүмкiн болмай тұр, — дейдi ол.
Мақаншы ауылының әкiмi Ербол Сағымбеков оралмандардың жерге деген сұранысын қанағаттандыру iсiне өзi тiкелей ат салысатындығын айтады:
— Оралмандарға егiстiк жер бөлуге мұрындық болып жүрмiн. 15 отбасыға өздерiнiң сұрауы бойынша, суармалы жерден 105 гектар бөлiп бердiм. Сондай-ақ, тұрғын үй салуға жер бөлiп берiп жатырмыз. Шекарадан жаңа техникасын өткiзуге қол ұшын созамын. Қазiр жер алуға өтiнiш берген 37 отбасының тiзiмi бар.
Дегенмен, кейбiр оралмандардың қазiргi саясатқа көңiлдерi де тола қоймайды екен. Мәселен, көшi-қон квотасы бойынша адам басына берiлетiн 100 мың теңгенiң машақаты бастан асатын көрiнедi. Құжат жинау қандастарымызды бiраз сандалтады екен. Кейбiр мәселелердегi түсiнiспеушiлiктiң салдарынан, азғантай ақша олардың есеп-шотына айлап-жылдап жүрiп түседi. Ермек Кәрiмбек деген қандасымыз оралмандардың құжатын реттеуге көп ат салысып жүргендiгiн айтады. Осы жолда талай машақаттың кездескенiн сөз еткен ол:
— Егер, көшi-қон квотасы берiлетiн болса, квотаға енгiзу үшiн құжат жинап сандалтпай, Қазақстан Республикасының азаматтығымен қоса, есеп-шотына тиесiлi қаражатты бiрге аударса, — деген тiлегiн айтты.
Түйiн: Үржар ауданы кезiнде Семей облысының маңдайға басар миллионер ауданы болғаны белгiлi. Түгiн тартсаң майы шығатын қасиеттi өлке. Осы өлкенiң өзi пана болмай, жұрттың көбi қала сағалап кеткен едi. Нәпақа тапқаны тапты, таппағаны ауылға қайта оралды. Бiрақ, осы ауыл мен қала арасында жөңкiлген халықтың нақты бiр есебi белгiлi болмай отыр. Үкiмет халықтың ауылда тұруының тиiмдi екенiн түсiндi. Ендi ауылды сақтап қалу бағытындағы жұмыстарды iстеуге көштi. Әсiресе, Үржар секiлдi аудандарды шағын қалаларға айналдыру мәселелерiн қолға алу керек!
Есенгүл Кәпқызы