ЖАҺАНДАНУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
ЖАҺАНДАНУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
Атажұртқа жаңа келгенде бiр жоғары оқу орнының жатақханасын паналадық. Бiр күнi 3-қабаттағы бөлмемнен шығып, төмен келе жатсам алдымнан бiр пәкiстандық кездестi, таңданысымды жасыра алмай вахташы апайға: " Мұнда пәкiстандық не iздеп жүр?!" дедiм. Апайым жайбарақат: "қызына келген" дедi. "Қайдағы қызы?!" "312 – тұратын Салтанат. Пәкiстандық соның жiгiтi. Таңырқайтын несi бар, менiңде бiр күйеу балам араб, бiр күйеу балам кәрiс" деп мақтанды. Телефон күтiп тұрған Айжан есiмдi қыз да: "Сiз қытайлықсыз ба?! Менiң жездем де қытайлық. Әпкем таза қытайға тұрмысқа шыққан. Цысиуан дейме бiр жерден екен" деп ағынан жарылды.
Бұл менiң (Ахмет Байтұрсынұлының әлiпбиiмен сауат ашып, қазақтың ескi ғашықтық қисса-дастандарын оқып ержеткен менiң, Қазақстанның жаһандану жолында нық қадам басқанын алғаш рет сезiнуiм едi. Бұл күнде Қытайдың бұрынғы елбасы Жиаңзы Мин сүйiп айтатын, қазаққа Дудар деген ғашық болған Мариям Жагор қызының әнi модадан қалған. Бұрнағы жылы, Еуразия кинофестивалi кезiнде, «Қазақфильм» түсiрген, уақиғасы темiр жолдың бойында өрбитiн, алып-сатар қазақ қыз бен кезбе француз жiгiтiнiң махаббаты бейнеленген киноны көрдiк. Iле-шала осы сарындас (қазақ қызы мен француз жiгiтiнiң махаббаты бейнеленген) тағы бiр киноның "Ұлжанды" түсiргенiн қазақ газеттерi жарыса жазды. Мiне, нағыз ғашықтық жыры деп осыны айт. Қазақ қызының француз жiгiтiне деген iңкәрлiгiн жаһандық махабаттың бұдан асқан үлгiсi бола қоймас сiрә да. Мұның қасында Қыз Жiбек пен Төлегеннiң, Қозы мен Баянның махаббаты не тәйiрi?! Қазақстандағы шетел компаниялары, Германиянiкi немiс тiлiн, Франциянiкi француз тiлiн, жапондар жапон тiлiн бiлетiндердi ғана жұмысқа алады. Жаһанданудың бұл да бiр көрiнiсi. (Кешiрiңiз, құрметтi Мұхтар Шаханов мырза мұны Қазақстанның жаһандануын жеделдетуге атқарылып жатқан игi шаралардың бiрi деп бағалауыңызды өтiнемiн). Қазақтың байырғы халықтық сусындары: айран, қымыз, шұбаттың орнын басқан, жұрт күнделiктi тұтынатын ауыз сулардың аттары да жаһандық үлгiде. BONAGUA, BORJOMI, ТИБЕТСКАЯ сияқты. Мадина деген қыздарыңыз "Madu", Ақбота деген қыздарыңыз "Asha", Әлiбек деген жiгiттерiңiз "Alec", Бөрiбасар деген маубас күшiктерiңiз "Baby" болып өзгерiп жаһанданып жатыр. Бәрiнен де қызығы сол, Пекинде болып жатқан Қытайдың ежелгi жазбаларын арқалап қайтқан Қойшықара Салқара деген мүйiзi қарағайдай тарихшы ағамыз елге келе сала, үш мың жылдан берi Iле мен Жетiсуды мекендеп келе жатқан үйсiн ұлысын, бұдан былай, қытайша аталуы бойынша "усұн" деп атағанды жөн көрiп (ежелгi жазбаларында қытайлықтар үйсiндi – WUSUN деп хатқа түсiрген) айналымға енгiздi. Бұны Қазақстанның жаһандану жолында жасалған тiрлiктiң бiрi деп қабылдадық. Түркиядан оралған дiн танушы Мұртаза Бұлұтай ағамыз аузымызда Алланы айтқанымен аруаққа табынып, араққа да бата жасап, исламды қазақиландырып алғанымызды көзге айтып, жөн сiлтеуде. Қытайдан Керiм Елемес болып келген, менiң Керiм ағам да Құл Керiм қажы Елемес атанып отыр. Нағыз Абайдың – Абай емес – дiндәр Ибраһим екенiн, нағыз Мұқағалидың – Мұқағали емес – Құл Мұқамметқали екенiн Құран сөздерiмен дәлелдеп бердi. Даужиау iлiмiнiң нышандарын Қазақстаннан кездестiрiп, (заман ағымынан артта қалған мына бiз) жағамызды ұстадық. Жыл сайын әлемдегi түрлi дiндер мен ұлыстардың өкiлдерiне дастарқан жайып, бiр шәугiм шәй берудi бұлжымас парыз санаған Қазақстанда бәрiне де сыйлы орын бар екен. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бiр жолғы Америка сапарының алдында, ВВС-дiң тiлшiсiн қабылдап: "қазақтар – Еуропалықтар, Азиялықтар емес" деп мәлiмдедi. Айтқандай-ақ, бүгiнгi қазақ "азияшылдықтан", "жабайылықтан" арылған (жүз пайыз орыс тiлiнде сөйлейтiн) жаңақазақ, жо-жо-жоқ, жаһандану жорығындағы жаңа қазақстандық. Өздерiне "ұлт газетi" деп айдар таққан "Ана тiлi" газетi таяудағы бiр санында, Назарбаевтың жаңа жыл қарсаңындағы Түркия президентiмен кездесуiнде, латынға көшуге қазақтың дайын еместiгiн, мұндай келелi iстi келешек үлесiне қалдыруды жөн санайтынын айтқанын, ел басының мұндай тоқтамға келуiне өздерiнiң қосқан үлесi бар екенiн дәлелдеп, мақтана жазыпты. Демек, Қытайдағы әрбiр қазақ отбасының сөресiнде тұрған, ата жұрттан аттай қалап алдырған орыс үлгiсiндегi қазақ әлiпбиi күшiн жоймайды деген сөз. Баяғы орыстану науқаны ендi Қытай қазақтарының арасында модаға айналмақ. Әлгi темiржолдың бойында түсiрiлген киноның соңында қазақ қызы француздан болған баласын алып (жиен деп айтқыш болсаңдар сендер-ақ айтыңдар) туған жерiне келедi. Киноны қайтемiз, оданда нақты өмiрге оралайық. Бiр күнi, Никольски базарына жақын бiр сыраханада сыра iшiп отырсам (бiзде басқа не ермек бар дейсiң, орысша қақпайсың ешкiм жұмысқа алмаса) қолына ұстаған жүз грамм арағы, бiр бокал сырасы бар, бала ертiп, үрiп ауызға салғандай жас қазақ келiншек жанымдағы бос орынға келiп отырды. Таныстық. Есiмi – Айдана, бiр ауқатты кәрiстiң үшiншi әйелi екен. Балпанақтай ұл тауып берген соң (ұлының есiмi Джон) қаланың орталығынан үй алып берiптi. Айтпақшы, баяғы – әпкесi таза қытайға тұрмысқа шыққан Айжан, бiрде кездескенiмiзде, апайының егiз ұл тапқанын, екi елдiң достығының құрметi үшiн, бiреуiнiң есiмiн "Қазақбай", екiншi бiреуiнiң есiмiн "Қытайбек" деп қойғандарын қуана жеткiздi. Бәрiн айт та бiрiн айт, "үш тұғырлы тiл" ұшталып, "Қазақстандық ұлт" көбейе берсiн деңiз. Есбол ҮСЕНҰЛЫ