ҚАЗҰУ – ҮЗДIКТЕРДIҢ ҮЗДIГI

ҚАЗҰУ – ҮЗДIКТЕРДIҢ ҮЗДIГI

ҚАЗҰУ – ҮЗДIКТЕРДIҢ ҮЗДIГI
ашық дереккөзі

Ең үздiк 60 жоғары оқу орны анықталды

Елiмiздегi жетекшi жоғары оқу орындарына (ЖОО) ұлттық аккредитациялық орталығының куәлiгiн тапсыру рәсiмi болып өттi. Бұндай iс-шара 2006 жылдан берi екiншi рет өткiзiлiп отыр. Биыл оған 150 жоғары оқу орны қатысып, тиесiлi орындарды иемденген 60-ы аккредиттеу орталығының куәлiгiн алды.

Естерiңiзге сала кетсек, студенттердi өзiне тарту және қосымша қаржы табу мақсатында алғашқы жетекшi университеттердiң рейтингiн анықтау осыдан жиырма жыл бұрын АҚШ-та пайда болды. Одан соң бұл үрдiс Еуропада және Азияда кең өрiс алды. Ал бүгiнде ЖОО рейтингтерiн анықтау әлемнiң 30 елiнде жүргiзiлiп келедi. Халықаралық сарапшылардың сараптамасында Қазақстан 2007 жылдан берi ЖОО рейтингтiк көрсеткiшiн анықтайтын ел ретiнде көрсетiлдi. Бұл 2007 жылы Шанхайда өткен конференцияның ағылшын тiлiндегi материалдарда жарық көрген — Қазақстандағы рейтинг әдiстемесi жайлы мақаламен тығыз байланысты болыпты.

Әр ЖОО сауалнамада көрсетiлген талаптарға сай жинақталған ұпайдың қорытындысын иемдендi. Сауалнама жүргiзуге елiмiздiң бар аймағынан 4500-ге жуық қызметкер тартылды. Қазақстандық рейтингтiк әдiстеме тәуелсiз үш категориядан тұрады. Сауалнама осыған орай әзiрлендi. Олар:

1. ЖОО-ның академиялық қоры жетi көрсеткiштен тұрады. Бiрiншi – студенттердiң сапалық құрамы; екiншi — профессор-оқытушылардың сапалық құрамы; үшiншi — ЖОО-ның ғылыми-зерттеудi жүргiзу әлеуетi; төртiншi — оқу процесiне жұмсалатын қаржы мен шығын; бесiншi — талапкердi қабылдау және студенттердiң оқу жетiстiктерiн сараптау; алтыншы — ЖОО әлеуметтiк-мәдени базасы; жетiншi — халықаралық ынтымақтастық деңгейi. 2. Студенттер мен оқытушылардың өздерi бiлiм алатын оқу орнын iшкi бағалауы. 3. ЖОО-на қоғамдық баға беру, яғни, орталық және аймақтық атқарушы орындар қызметкерлерiнiң, iрi және кiшi бiрлестiктер өкiлдерiнiң тарапынан бағалануы.

Айта кетерлiгi, рейтингтен орын алған 60 ЖОО-ның iшiнде бiрiншi тұғырға — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi лайық деп табылған. ҚазҰУ-нiң ректоры Бақытжан Жұмағұлов: "ЖОО рейтингтiк нәтижесiн сараптау үшiн эксперттер сырттан алынған. Әрине, бiзге жеңiс бiлiктi, бiлiмдi мамандар мен оқытушылардың еңбегiнiң арқасында келдi. Бүгiнде ЖОО арасында iргелi ғылыми зерттеулердiң 50 пайызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң еншiсiне тиесiлi. ЖОО рейтингiн анықтап отыру — бiлiм саласындағы бәсекелестiктi арттырады. Әр ЖОО өз орнын бiлу керек. Сапалы бiлiм берiп, сапалы маман дайындау жағына көңiл бөлсе құба-құп. ЖОО рейтингi жоғары болса, жастар да осында оқуға ұмтылады. Келешекте елiмiздегi ЖОО жұмысының нәтижесiн әлемдегi белгiлi университеттермен са¬лыстыру, ТМД, Шанхай, Еуропа ЖОО рейтингiне қатысу мәселесi қарастырылуда" дегендi айтты.

Осы тақырыптан алшақ емес мәселе "Темiрқазық" пiкiрсайыс клубында да қозғалды. Ұтымды пiкiрiн ортаға салатындар бұл жолы "Оқытушылар туралы" Заңды неге қабылдамасқа? Бiлiм берудiң жаңа технологияларына дайынбыз ба? Ғылыми рухты қалай сақтаймыз? Жас маман және жұмыссыздық проблемасы? Жастардың кәсiпке бейiмделуiндегi кездесетiн мәселелер" төңiрегiнде әңгiме өрбiттi. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң доцентi, экономика ғылымдарының кандидаты Дәулетбек Тоқтасынұлы баяндама жасады. Қысқасы, пiкiрсайысқа жиналғандар "Оқытушы беделiн көтеру үшiн арнайы заң қабылдау керек" дегенге тоқталды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ