Жаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСАЙЫҚ (Жаласғы)

ашық дереккөзі

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСАЙЫҚ (Жаласғы)

Ж.Шаштайұлы: Ұлттық мүдде айшықтанып көрiнетiн бiр сала – ономастика. Бұл бағытта да бiраз шаруа атқарылып жатыр. Әйтсе де, кешегi отаршылдық кезең мен тоталитарлық қоғамнан қалған атаулардың бiразы әлi сол күйiнде тұрғаны да рас. Бiраз әкiмдер бұл мәселеге мораторий жарияланған дегендi айтып жүр. Осы рас па? Ономастика проблемасы туралы пiкiрiңiздi бiлгiмiз келедi.

– Қазақта "Жерiңнiң аты – елiңнiң хаты" деген сөз бар. Халық жерге ат қою арқылы елiнiң тарихын да жазып отырған. Тәуелсiз мемлекеттiң бiр белгiсi оның ұлттық нышандары десек, сол ұлттық нышандар елдi мекендердiң, көшелердiң, алаңдардың аттарынан да көрiнiп тұруға тиiс. Бұл iсте де бiраз шаруа атқарылғанын дұрыс айтып отырсыз. Қазiр Қазақстандағы ономастикалық атаулардың 80 пайыздан астамы қазақтың төл атаулары екендiгiн атап көрсеткiм келедi. Өзгертiле қоймаған, өз кезегiн күтiп жатқан атаулар да аз емес. Мұның бәрi халықпен ақылдасу арқылы, тиiстi заң жолымен, бiрте-бiрте жасалады. Мысалы, жаңа елордамыздағы көптеген атаулардың халықаралық сөздермен қойылып кеткенiн кезiнде ескерткенмiн. Ол сыннан қорытынды шығарылды. "Синема-сити" – "Самұрыққа", "Сити-Маркет" – "Қазынаға" айналды, жаңадан ашылған iрi сауда орындарына "Шапағат", "Әлем", "Астықжан", "Сарыарқа" деген сияқты қазақы аттар қойылды. Айтқандай, осы сол жағалаудан жаңа 4 мың орындық Сарай салынады. Соған қазақы, әдемi ат қоюымыз керек. Менiң ойымша, ол Тәуелсiздiк сарайы аталуы қажет. Жақында Астанада көптеген көшенiң аты өзгертiлiп, негiзiнен қазақтың ұлттық атауларымен қайта аталды. Сонымен бiрге, бiз әлемдiк өркениет көшiндегi ел екенiмiздi де ұмытпауымыз керек. Дүние тарихында ерлiгiмен, бiлiмiмен, өнерiмен iз қалдырған ұлы тұлғалардың, халықтар достығын нығайта түсуге септiгi тиген асыл азаматтардың аттарына берiлген көшелердi мүмкiн болғанынша өзгертпеген жөн.

Бұл iсте ономастикалық комиссияларға жүктелер жауапкершiлiк жеткiлiктi. "Атамның атын ауылға, көкемнiң атын көшеге" дегендей қолдан келiп тұрғанда қоныштан басып, ел өмiрiнде ерекше iз қалдыра қоймаған кiсiлердiң орынсыз қолпашталуына тосқауыл қою керек. Қазақтың баршасына ортақ тұлғалардың атына даламыздың қай қиырынан да көшелер берiлiп жатса артықтығы жоқ. Негiзiнде, тарихты еске салып тұратын атаулардан жаппай бас тарту ретсiз. Сонымен бiрге, отаршылдық саясаттың көзiндей сақталып қалған атаулардан бiрте-бiрте арылу шарт. Бәрi де уақытында шешiледi.

Сол сияқты, елiмiздiң зиялы қауымы бiраздан берi Петропавловск, Павлодар секiлдi кейбiр қалалардың атауларын да өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секiлдi қалалар, басқа да жер аттары өзгерiп жатқанда, бұл да орынды ұсыныс шығар. Жергiлiктi әкiмшiлiктермен, мәслихат депутаттарымен ойласып көру керек. Бұл да елмен бiрiгiп ақылдасып шешетiн мәселе.

Ш.Пәттеев: Ақпарат кеңiстiгiнiң қауiпсiздiгi – ұлттық қауiпсiздiк мәселесi. Бiрақ қазiргi таңда республикадағы беделдi электронды ақпарат құралдарының денi – орыстiлдi. Бiрқатар телеарналар ресейлiк арналардан ретрансляция жасау арқылы эфирдi толтыруды әдетке айналдырған. Шетелдiк өнiмдi сол қалпында халыққа ұсыну – болашақта ұрпақ тәрбие¬сiне, мемлекеттiк идеологиямызға төнген қауiп емес пе?

– Бұл мәселелердiң барлығы тиiстi заңда көзделген. Заң талабын сақтау керек. Қазақ тiлiндегi хабарлары эфирдiң жартысына жетпейтiн арналар болса, олар заңды бұзушылар ретiнде қаралуға тиiс. Заң бұзуға қолданылатын тетiктер ойластырылған. Мәселенi елу де елу пайыз деп те қоюға болмайды. Қазақ жерiнде, қазақ елiнде қазақ тiлiндегi хабарлардың үлес салмағы мұнан әлдеқайда артық болуы керек. Оны қазiргiдей түнгi концерттердiң есебiнен шешiп жүрген арналардың басындағы азаматтардың арына сын бұл. Қазақ тiлiндегi хабарлар жұрт көп көретiн, прайм-тайм делiнетiн уақыттан көбiрек орын алуына ұмтылу керек.

Бiрақ мұны бұйрық беру, әмiр ету жолымен шешу жөнсiз. Қазiргi ақпараттық технологиялар мен интернет елдiң басқа арналарға бұрылып кетуiне әкеп соқтырады. Бұл арада мәселенiң мына жағын да ескеруге тура келедi. Сол прайм-таймға көшiрiлген қазақша хабарлар қызықсыз, тартымсыз шығып жатса, көрермен қолындағы пульттiң бiр нүктесiн басып қалады да басқа арнаға, көбiне шетелдiк арнаға ауысып кетедi. Онан бiздiң тек ұлттық мүддемiз ұтылады. Сондықтан қазақ тiлiндегi теледидар хабарларының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру деген ұдайы есте ұстайтын мәселе.

Шетелдiк арналардың бәрiнен шошынта сөйлеу де дұрыс емес. Кейбiр арналар арқылы қаншама тартымды хабарлар көрсетiледi. "Дискавери", "Культура", "История" сияқты арналардың танымдық құндылығы ерекше жоғары. Өзiмiзде ондайлар жоқ. Елдiң бiлiмiн көтеретiн, көп мағлұмат беретiн сол арналардан үйренуiмiз керек. Бара-бара ондай тақырыптық арналарды бiз де ашатын боламыз. Мен жақында "Жас Отан" жастар қанатының съезiнде қазiргi "Еларнаның" негiзiнде мәдениет, спорт және жастардың рухани-имандылық құндылықтары мәселелерiне арналған телеарна құру туралы мәселенi шешудi тапсырдым.

Ж.Шаштайұлы: Сiздiң бастамаңызбен қолға алынған "Мәдени мұра" бағдарламасы бiздiң ұлттық рухани өрлеуiмiзге ерекше серпiн берiп отыр. Осы бағдарламаның орындалу барысы жөнiнде не дер едiңiз?

– Негiзiнен алғанда жұмыс көңiлдегiдей жүрiп жатыр. Бiр ғана бағытты – кiтап шығару iсiн, соның бiр ғана саласын – жүз томдық "Бабалар сөзi" деген қазақ фольклорының жинағын алайықшы. Фольклорын жүз томға жинап, бастырып жатқан бiзден басқа ел бар ма екен әлемде өзi? Дүние жүзi әдебиетiнiң ең таңдаулы туындыларын жүз томға бiрiктiрiп, ана тiлiмiзге аударып, жариялап жатқанымыз да жарқын жетiстiгiмiз. Осы жылдар iшiнде қаншама жәдiгерлiктерiмiз жаңартылды, бұрын беймәлiм болып келген қаншама құнды құжаттар табылды.

Өткен төрт жыл iшiнде Қытай, Моңғолия, Түркия, Египет елдерi мен Батыс Еуропадағы Париж, Мадрид, Берлиннiң Ұлттық кiтапханаларынан, Ватиканның құпия мұрағатынан халқымыздың көне тарихына қатысты 5 мыңнан астам сирек қолжазбалардың көшiрмелерi әкелiндi.

Осы кезеңде ел аумағындағы iргелi 35 тарихи және мәдениет ескерткiшi жаңғыртылып, 30-ға жуық қалашықтарда, қоныстар мен қорғандарда археологиялық зерттеу жүргiзiлдi. Қазақстанның тарихи қалалары мен этномәдени орталықтарын жаңғырту, туризм инфрақұрылымын құру және халықаралық туризм жүйесiне кiру жұмыстары қолға алынды.

Бағдарлама аясында Дамаск қаласында әл-Фарабидiң кесенесi мен этномәдени орталығын салу, сол қаладағы Бейбарыс сұлтанның кесенесiн және Каир қаласындағы Бейбарыс мешiтiн қалыпқа келтiру, Дамаск қаласында әл-Фараби мен Бейбарысқа монумент ескерткiш орнату шаралары қолға алынды.

Жалпы, "Мәдени мұра" бағдарламасының бiрiншi кезеңiне республикалық бюджеттен 2 млрд. 729 млн. теңге бөлiнсе, екiншi кезеңiне, яғни 2007-2009 жылдарға 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлiнiп отыр. Бұл қаражат негiзiнен тарихи-мәдени ескерткiштердi реставрациялау iсiне, археологиялық зерттеулер жасауға, қазба жұмыстарын консервациялауға, осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына, сондай-ақ әдебиет, мәдениет, ғылым саласына қатысты кiтап серияларын шығаруға жұмсалады. Айта берсек, бұл бағытта атқарылған жұмыс ауқымы зор екенiн бағамдауға болады. Мiне, осы орасан iс-шаралар арқылы бiз ұлттық рухқа серпiлiс жасай алдық.

Бiз тарихи жадымызды жаңғырту арқылы ұлттық мақтаныш сезiмiн, қазақстандық отаншылдық сезiмiн орнықтырамыз. Тек бiр айтарым: науқаншылдыққа салынбау керек, қай жұмысты да шын кәсiби деңгейде, нағыз ғылыми негiзде жүргiзу керек. Ең алдымен, туристер бара алатын өңiрлерге назар аударып, ақшаны сонда бөлу керек.

Бiз бұл бағдарламаны ел халқының рухани қазынасын өзiне таныту үшiн, сонан кейiн әлемге таныту үшiн қолға алғанбыз. Бiздiң бүгiнгi экономикалық табыстарымызға, саяси жетiстiктерiмiзге ата-бабалардан ауысқан асыл дәстүрлердiң, елдiк дәстүрлердiң тiкелей әсерi бар. Бiз бәрiнен бұрын адамшылықты ардақтаған, "Жаным – арымның садағасы" дейтiн, яғни арын сақтап қалу үшiн жанын қиып беруге бар халықтың өкiлдерiмiз.

Ең баянды байлық жүректе жатады. "Мәдени мұра" бағдарламасы әрбiр адамға осыны ұғындыруға тиiс. Кейiнгi кездегi қоғамдық формациялар ауысуы талай адамды құнды қасиеттердi қайта қарауға, қайта бағалауға мәжбүр еткенiн, бұл жағдай, өкiнiшке қарай, әлi де жалғасып жатқанын айқын түсiну керек.

Ж.Шаштайұлы: Астанаға келген сайын архитектуралық жаңа шешiмдердi көресiң. Көресiң де елордамыз үшiн қуанасың, мақтанасың. Осы идеяны ең алдымен "Қазақ әдебиетi" газетi ұсынған екен.

– Қашан ұсыныпты оны?

Ж.Шаштайұлы: Сол кезде…

С.Абдрахманов: Ол ұсынысты кiм айтқызған десейшi…

– Сол жағын да ұмытпа. "Қазақ әдебиетiне" айтқызған кiсiнi айтсайшы…

Қалай болғаны көп әңгiме етiлдi ғой. Мұны халықтың асқақ арманының орындалғаны деп санау керек. Қазақ қазақ болып өз астанасын қайда орнатуды өзi шешкенi осы. Бұған дейiнгi қалаларымызды орталықтың ойынан шыққан қалалар деп қарауға болады. Екiбастұзды көмiрi болғаннан кейiн салды, Темiртауды темiрi болғаннан кейiн салды, Рудный да солай, басқалар да солай. Ақмешiтке бiздi Мәскеу көшiрдi, Алматыға бiздi Мәскеу көшiрдi.

Астананы көшiрудi Қазақстанның жаңа талпынысының бiр белгiсi болады деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзiн де ескердiм. Кейбiр ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым: "Осыны айтайықшы, жазайықшы, ел не дер екен?" деп. Әуелде ел онша елеңдей қоймады. Депутаттармен де сөйлестiм. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы көк түтiн. Былай қарай шығайын десең Қаскелеңге тiрелесiң, мына жағыңда Талғар. Баяғыда Ақмешiттен көшiп келгенде Iленiң бойында жаңа қала салмақ болған, вокзалының орнына дейiн бар. Өте жақсы идея, бiрақ, жүзеге аспай қалған. Сонан болашақ астана болатын жердi қарастыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Ақтөбенi де, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есiлдiң бойында тұрған, баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық.

Астана деген ғұндардың тiлiнде Батыс орталық деген мағына бередi екен. Ол кезде мен оны бiлген жоқпын. Ең бастысы тоғыз жолдың торабында тұрған қала деп қарадық. Жалпы, әлемдегi үлгi-қалып бойынша қала астана болу үшiн 32 талапқа жауап беруi керек екен. Соған көбiрек сай келген осы Ақмола болды. Оның үстiне мына жағдайды да ескердiк. Егемендiктiң бас жағында осы өңiрдiң халқы көбiрек қобалжып едi. Кеңес одағы құлап қалғаннан кейiн үйдiң үстiндегi шатырын алып кеткендей болып, әркiм әр нәрсе айтып, көршiлерiмiздегi кейбiр көкезулер жердi дау-дамайға сала бастаған соң әлгiндей әңгiменiң бәрiнiң басына су құю үшiн осындай шешiм қабылдадым. Әрең дегенде Парламенттен өткiздiк. Жарайды, қол көтере салайықшы деген қазақтың кең пейiлдiлiгi де көмектестi.

Қазақстанның бар тарапынан ел жиналып, халықтың басы бiрiктi осы жерде. Қазақтың басы өстi осы жерде. Мен Астананы көшiрерде қазақтың саны Ақмолада тiптi болымсыз едi, қазiр Астана нағыз қазақтың қаласына айналды. Егер әр атқамiнер қазақтың соңынан 5-6 ағайыны iлесе жүретiнiн ескерсек, мұның сыры да белгiлi болады. Демографиялық жағдай өзгердi. Оңтүстiктегi жұмысы аз халықтың бiразы берi қарай қозғалды. Бiз Астана салу арқылы Қазақстанның мүмкiншiлiгiн бүкiл әлемге көрсеттiк. Дүние жүзiне архитектураның үздiк үлгiлерi бойынша қала тұрғыза алатынымызды таныттық.

Астананың он жылдығы – елордамыздың тұңғыш мерейтойы. Қаланың халықаралық тұсаукесерiнен кейiн бiзде мұндай мереке өткен емес. Сондықтан оған ерекше дайындалуды тапсырып отырмын. Астананың он жылдығы – жалпыұлттық мереке. Мемлекеттiң мерейлi мерекесi. Оны ойдағыдай өткiзу арқылы бiз айдай әлемге Қазақстанның бүгiнгi биiгiн келiстi етiп көрсете аламыз. Бұл мереке бүкiл Қазақстанның дамуына жаңа қарқын беретiн жалпыұлттық маңызды шара ретiнде қаралуға тиiс. Жақында елорда әкiмдiгiнде өткен мәжiлiсте осылай деп қадап айттым.

Астананы ауыстырудың "Қазақстан – 2030" Стратегиясын қабылдаған жылмен тұспа-тұс келуiнiң үлкен мәнi бар. Астананы көшiру – елiмiздiң тарихындағы ерекше белес. Ұлттық тарихымыздың жұлдызды сәтi бұл.

Астананың көркеюi – ел дамуының негiзгi көрсеткiштерiнiң бiрi.

Елордамызды Арқа төсiне көшiрген 10 жылдан астам уақытта қала халқы 3 есеге өстi. Бас қала халқының орташа жасы – 32 жас екенiн ескерсек, онда Астана сәулеттiк жағынан ғана емес, тұрғындарының жасы бойынша да әлемдегi ең жас ел астанасы екенiн бағамдауға болады. Астана халқы алдағы кезде де өсе түседi. Мына төңiректiң бәрiне қазақ келдi. 2010 жылға қарай Астана тұрғындары 1 миллионға жетiп қалады-ау деймiн. Әрине, бiз қаланы орынсыз өсiре берудi қолдамаймыз. Бәрi өзiнiң жөнiмен болуы керек.

Соңғы 10 жылда қаланың жалпы өнiм көлемi 17 есеге өссе, елордаға тартылған инвестиция көлемi 20 есеге ұлғайып, 400 миллиард теңгеге жеттi.

Шын мәнiнде жаңа қала салу деген бөлекше қиын iс. Мен былтыр Бразилияда болдым. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында салынған Бразилиа қаласын көрдiм. Өз кезi үшiн айтарлықтай архитектуралық жаңалық болған қала. Дегенмен, бiр стильде тұрғызылғандықтан ескiрiңкiреп қалғаны да көрiнiп тұр. Астананың архитектурасында әртүрлi стильдердi қатар қамтып жатқанымыз дұрыс екенiне бұл да бiр дәлел. Бiздiң Астанамыз қай жағынан қарағанда да кiсi қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын қатар қабыстырған қалаға айналып келедi.

Астана елдiң жаңаруының символына айналды. Астананы салу арқылы бiз өз мүмкiндiгiмiзге анық көз жеткiздiк. Осы жобаның ойдағыдай жүзеге асуы бiздiң басқа саладағы жұмысымызға да зор сенiм бердi, үлкен серпiн қосты. Астана бүгiнде қазақстандық бiрегей брэндтердiң бiрi.

Елорданың мүшел тойы елдiгiмiздi еңселентуге қызмет ететiн болады. Бұл мереке жаңа елордасын салып жатқан ұлт ретiнде қазақтың жалын да күдiрейте түседi.

Жұрт "Пирамида" деп атап жүрген мына Бейбiтшiлiк пен келiсiм сарайының жанынан жаңа Тәуелсiздiк сарайын тұрғызамыз. Оның алдынан "Қазақ елi" деп аталатын үлкен монумент орнатамыз. Бұл ескерткiш қала күнiне ашылады. Оның биiктiгi 91 метр болсын деп тапсырдым. Бұл бiздiң Тәуелсiздiгiмiз қолға тиген 1991 жылды еске салады. Ана "Бәйтеректiң" биiктiгi 97 метр екенiн бiлесiңдер, ол сан бiздiң астана ауыстыруды бастаған 1997 жылды ескерiп жасалған.

Алдағы уақытта "Хан-Шатыр", "Абу-Даби Плаза" кешендерi мен 30 мың орынға арналған төбесi жабық стадион, 10 мың орындық велотрек, 3500 орындық киноконцерт залы Астананың ажарын ашып, елордалықтардың игiлiгiне қызмет етпек. Осылардың бәрiне, мына үй, ғимарат, дүкен, көрме орталықтары – барлығына мемлекеттен шығын шығып жатқан жоқ. Бәрi жеке меншiктiң ақшасы. Онжылдықты тойлауға да бюджеттен бiр тиын жұмсалмасын деп тапсырдым. Бизнесмен жiгiттердiң ұяты бар болып шықты, солар жиналып, қор құрып, өзiмiз өткiземiз Астананың он жылдығын деп азаматтық танытып жатыр. Оның сыртында шетелдерден талай көмек алдық.

Н.Жүсiп: Ең солтүстiктегi мұсылмандармыз дегеннен кейiн арабтар ерiп сала берген ғой.

– Астананың он жылдығын әрбiр қазақстандық жан-жүрегiмен сезiнетiндей етуiмiз керек. Бұл мерейтой бiздiң ортақ мерекемiзге айналуға тиiс. Бұл мерейтой бiздi онан сайын бiрiктiре, онан сайын топтастыра түсуге тиiс. Бұл мерейтой елiмiздегi жайлы саяси ахуалды, экономикадағы тұрақтылықты танытуға тиiс. Осы мерекенi көрген әрбiр қазақстандықтың бойында өзiнiң елiнiң мүмкiндiгiне, келешегiне сенiм арта түсетiндей болуы керек.

Астанадағы жұмыс негiзiнен алғанда дұрыс жүрiп жатыр. Шешуiн күтiп тұрған мәселелер де бар. Олар жөнiнде мен жақында әкiмдiкте болғанда айттым, бiраз жайларды сынға алдым, жаңа тапсырмалар бердiм.

Бiз алдымызға өте өршiл мақсат – Астананы әлемдегi ең үздiк 30 қаланың қатарына қосу мақсатын қойғанымызды, ал мұның өзi бiзге бөлекше жауапкершiлiк жүктейтiнiн ұдайы есте ұстауымыз керек. Әрбiр астаналық өзiнiң елорда келбетi үшiн жеке жауапкершiлiгiн сезiнуге, елдiң бас қаласының тұрғыны атына бар жағынан да сай болуға тиiс. Астана дегенiмiз алдымен адамдар. "Астана адамдарымен асқақтайды" деп айттым ғой. Астаналықтар елорда тұрғындарына тән мәдениетiмен ерекшеленiп тұруы қажет. Астананың көшелерi де, көлiктерi де, жарығы да, жарнамасы да, көрiктендiрiлуi мен көгалдандырылуы да, қызмет көрсету саласы да, мектептерi де, емханалары мен ауруханалары да, тұрғын үйлерi де – қысқасы, бәрi де атына заты сай, яғни елордаға лайықты болуы керек. Ал қазiрше олай деп айта алмаймыз. Солай болуына қол жеткiзу шарт.

Н.Жүсiп: Алаш қозғалысына және "Алаш" партиясының құрылғанына 90 жыл толды. Бұл датаны кең көлемде атап өту биылға белгiленгенiн естiп жатырмыз. Ұлттық идея тұрғысынан Алаштың бүгiнгi қазақ қауымына берер тағылымы қандай деп ойлайсыз?

– Мен сөйлеген сөздерiмде бұл мәселенi талай рет айтқанмын. Бiз Қазақстанның еркiндiгi мен тәуелсiздiгi үшiн күрескен азаматтарды ерекше қадiрлей бiлуiмiз керек. Астана Арқаға көшкеннен кейiн әу дегенде Кенесарының ескерткiшiн қойдырған себебiм – ол осы Сарыарқада 10 жылдан аттан түспей күрескен нағыз батыр. Ақмола қамалын екi рет алған. Сырым Датұлының, Исатай мен Махамбеттiң, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай бабаларымыздың да еңселi ескерткiштерi тұрғызылды.

Алашорданың мүшелерi алғашқы Ақпан революциясына iлесе шыққан күрескерлер едi. Олар патша құлаған соң еркiндiк бола ма деп сендi. Алайда, большевиктер саясаты бұл үмiттi ақтамады. Алашордалықтар Еуропаның либералдық бағытын да ұстанды. Октябрь революциясы келгеннен кейiн жаңа орталықтың заңы да, мiнезi де өзгердi, ешкiмдi ешқандай еркiн сөз айтуға жiбермедi. Сонда да алашордалықтар алған беттен қайтпай, еркiндiк ұранын айта бердi. Ақыры сол үшiн құрбан болды. Бiз сол кiсiлердiң ойлаған ойы, аңсаған арманы үшiн де құрметтеуiмiз керек. Әрекет ойдан басталады, сөзден басталады. Тәуелсiздiк ойын оятқан сол асыл ағаларымыз. Сол мұратқа қол жеткiзу бақыты бiздiң ұрпақтың маңдайына бұйырды.

"Алаштың" басты мақсаты қазақ қоғамын бiрте-бiрте өзгертiп, заманға бейiмдеу едi. Бұл бiздiң қазiргi жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келедi. "Алаштың" көшбасшылары "Саясат – мүмкiн болатын нәрсенi iске асыру өнерi" деген қағиданы ұстанғанының өзi олардың уақыт шындығымен қандай санасқанын көрсетедi. Дербес, тәуелсiз Қазақстан құруға сол кезеңнiң жағдайы ырық бермейтiнiн анық түсiнгендiктен де "Алаш" партиясының бағдарламасында автономиялардан тұратын федеративтiк, демократиялық Ресей туралы айтылған.

Алаш қозғалысының идеяларымен танысқан адам бұл партияның ұлтшылдық бағыт ұстанбағанын анық көредi. Ол патриоттық ұйым едi. Партияның ұлттық бағдарламасында қазақ өлкесiндегi барша ұлттардың бас бiрiктiруi жөнiнде айтылған. Партия мемлекеттiң зайырлық негiзiн де бекiтудi көздеген. Дiн мемлекеттен ажыратылуы тиiс деп нақты жазылған.

Алаштың тоқсан жылдық тойы лайықты аталады. Жер-жерде көптеген конференциялар ұйымдастырылады. Семей, Жымпиты сияқты мекендерде мемориалдық тақталар қойылады. Үлкен ескерткiш-монумент ашылады. Алаш арыстарының мұрасы бiрнеше томға топтастырылып, жарыққа шығарылады. Басқа да шаралар ойластырылған.

Алаш арыстары бiзге мемлекеттiлiк идеясын ту етiп көтерудi табыстап кеттi. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Бiз осы мемлекеттi көздiң қарашығындай сақтауымыз керек. Бiз өз мемлекетiмiздiң әлi жас екенiн, буыны жаңа бекiп, бұғанасы жаңа қатып жатқан елге төнетiн қатер де кездесуi мүмкiн екенiн естен екi елi шығармауға тиiспiз. Босаңсымауға тиiспiз. Байлыққа құныққандардың, байлықтан басы айналғандардың байлықты қойып, билiкке ұмтылатынын, сол жолда ештеңеден де тайынбайтынын, тiптi Отанына опасыздық жасауға да баратынын көрiп отырмыз. Мұндай жағдай баршамызға сабақ болуға тиiс. Заң бұзғанға зауал бар.

Бiздiң осы күнге дейiнгi қол жеткiзген табыстарымыздың бәрi ең алдымен жерiмiздегi тыныштықтың, елiмiздегi келiсiмнiң арқасы. Ұлттың ұятына айналған зиялы қауымның ұстамдылығының, қай iске де салқын сабырмен қарай алатындығының менiң президенттiк жұмысыма көп көмегi тигенiн атап айтқым келедi.

Қазақтың ертеңiн, өзiнiң, бала-шағасының ертеңiн ойлаған адам алдымен осы елдегi тыныштықты ойлауы керек. Қазақстандағы қалыптасқан достықты, татулықты, келiсiмдi қастерлеп сақтауымыз шарт. Ана бiр жылдары өзге этнос өкiлдерiн "келiмсектер" деп сөйлейтiндер, сөйтiп жазатындар табылатын. Қазiр ондай сөз саптауы тыйылған сияқты. Қазiргi Қазақстан тұрғындарының арасында Қазақстанда тумағандары некен-саяқ. Олардың бәрi – осы жердiң перзенттерi. Олардың талайының әке-шешесi, тiптi талайының ата-әжесi қазақ жерiнде туғандар. Олардың бәрiнiң ортақ Отаны – Қазақстан. Тiптi сан түрлi себептермен кейiн келгендер үшiн де тұрған жерi туған жерiндей қымбат болып кеткен. Мұны ұмытпайық.

Кең болуымыз керек. "Кең болған кем болмайды", деген сөз бар халқымызда. Бiз осы елдiң ұйытқысымыз. Қазаққа тарылған жараспайды.

Бiздiң алдымыздағы үлкен мiндеттiң бiрi – Тәуелсiздiктiң толыққанды шежiресiн жазу. Қазiр Мемлекеттiң жаңа тарихының институты құрылып жатыр. Ол институт осы жылдар iшiндегi қоғамдық процестердi терең ой елегiнен өткiзу, саяси саралау, тарихи таразылау тұрғысынан көп жұмыс атқаруы керек.

Сонымен бiрге бiз Тәуелсiздiктiң көркем шежiресiн де жазуға тиiспiз. Бұл iсте зиялы қауымның атқаратын iсi қыруар. Суреткердiң басты парызы – өз дәуiрiнiң жырын жырлау, мұңын мұңдау. Қазiр болып жатқан өзгерiстердi бәрiнен бұрын қазiргi жазушылар жазып қалдыруы керек. Тәуелсiздiк қолға тигелi бергi он жетi жыл заманды, қоғамды, уақытты ой елегiнен өткiзуге әбден-ақ жетiп жатыр.

Алаштың асыл аманаты бiзге тарихи-мәдени бiрегейлiгiмiздi, қарапайым тiлмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға мiндеттейдi. Алаштың асыл аманаты бiздi ауызбiрлiгiмiздi күшейтуге шақырады. Қазақстан халқының бiрлiгi бәрiнен бұрын қазақтардың бiрлiгiне байланысты. "Бiрiңдi, қазақ, бiрiң дос, көрмесең iстiң бәрi – бос", дегенде Абай атамыздың да айтқаны осы едi.

М.Тәж-Мұрат: Астанадағы Наурыз салтанаты кезiнде Сiз елдi елең еткiзетiн бiр жақсылықтың нышанын сездiргендей болдыңыз. Наурызды жаңаша атап өтуге қатысты пiкiрiңiз жүрегiмiздi жылытып отыр. Осы жөнiнде таратыңқырап айтпас па екенсiз?

— Жаһандану жағдайында байырғы дәстүрлердi сақтаудың, жаңғыртудың мәнi арта түсетiнi түсiнiктi жай. Соның бiр келiстi көрiнiсi – Наурыз. Бүгiнде Наурыз Қазақстан халқын бiрiктiретiн ортақ мерекеге айналды. Мен Астанадағы Наурыз кезiнде оны алдағы кезде Жаңа жылды қарсы алудың мерекесiне шындап айналдыру жөнiнде айттым.

Негiзiнде, шын мәнiндегi жыл мерзiмiнiң жаңаруы осы наурызда, яғни күн мен түн таза астрономиялық тұрғыдан да теңескен тұста, жер-дүние жаңарып, жасарып, күн жылынып, қар кетiп, көк шығып жатқан шақта басталады. Мына Ресейдiң өзiнде Бiрiншi Петрге дейiн жаңа жыл наурызда аталып келген. Ұлы көршiмiз – Қытайдың дәстүрлi жаңа жылы да осы наурызға шамалас келедi. Айналамыздағы екi елде де жаңа жылдың келуi бiр апта бойы аталады. Осы жағын ойласуға болар едi деп айтқанмын. Бұл жөнiнде бiздiң ойланғанымыз жөн.

Ал бұл үшiн Наурыздың ұлы мәнiн жете насихаттай түсуiмiз керек. Наурыз ұлттық салт-дәстүрiмiздi жаңғырту үшiн, ағайын-туыспен қауышу үшiн қажет. Сондай жағдайда ғана Наурызды жылдың ғана емес, елдiң, жердiң жаңаруының мерекесi ретiнде жаңаша атап өту жөнiнде шешiм қабылдай аламыз.

С.Абдрахманов: Кейiнгi кездегi ең iрi жетiстiгiмiз, әрине, Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету құқына ие болуы. Осы орайда Сiзден бұл шешiмнiң халқымызға, ұлтымызға жүктейтiн жауапкершiлiгi туралы ой бөлiсуiңiздi сұрамақпыз.

– Отаншылдық сезiмдi орнықтыру қай заманда да, қай қоғамда да маңызды. Бұл, әсiресе, жас мемлекеттер үшiн ерекше мәнге ие. Бiз патриоттық тәрбие беруге көп көңiл бөлуге тиiспiз. Мұның бiр қайнар көзi тарихты бiлу, одан тағылым алу, бабаларымыздың даңқты iстерi үшiн мақтану екендiгi анық. Солай ету керек те. Сонымен бiрге тек тарихты малданып қана қалуға да болмайды. "Бүгiн мақтанатыны қалмаған елдер өткенiмен мақтанады" деген де сөз бар. Бiз өткенiмiзбен де, бүгiнiмiзбен де мақтанатындай ұлт болуымыз керек.

Ал бiз бүгiнде мақтаныш тұтатын нәрсе баршылық. Қазақстан өзiнiң дамуындағы жаңа белеске аяқ басты. Соңғы он жылда елдiң iшкi жалпы өнiмi 22 миллиард АҚШ долларынан 100 миллиард АҚШ долларына жеттi, яғни бес есе өстi. Он жылда – бес есе! Жан басына шаққандағы iшкi жалпы өнiм 4,7 есе артты, сөйтiп 7 мың АҚШ долларына теңестi. Бiз 2010 жылы экономикамызды екi есе өсiрудi көздеген едiк. Ол межеге 2007 жылдың өзiнде қол жеткiздiк. Бұл айтуға ғана оңай. Мұның астарында ел халқының ерен еңбегi тұр.

Қазiргi уақыттың жүрдектiгi сондай, кей мәселелерде бiз жоспарлағанымыздан да жедел дамып жатырмыз. Осыдан он жыл бұрын мен "Қазақстан-2030" Стратегиясында 2030 жылы бiздiң ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдiк оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмiр сүретiн болады деп жазған едiм. Сол күн қазiрдiң өзiнде келе бастады. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге қол жеткiзгенi сол күннiң келе бастағаны емей немене? Көп ұлтты Қазақстан халқының жарқын жеңiсi болып табылатын бұл қадам ең алдымен осы мемлекеттi ұйыстырып отырған қазақ ұлтының ұлы жетiстiгi. Бүкiл мұсылман әлемiнен тұңғыш рет, бүкiл түркi тiлдес әлемнен тұңғыш рет, бүкiл ТМД елдерi арасынан тұңғыш рет осы биiкке бiз қол жеткiздiк. Әлемнiң 56 елi Қазақстанның осы аса беделдi халықаралық ұйымға төрағалық етуiне бiрауыздан дауыс бердi. Осы арқылы бiздiң мемлекетiмiздiң iшкi саясаттағы орнықтылығы, сыртқы саясаттағы сарабдалдығы, экономикалық қуаты, демократиялық, құқықтық қоғам орнатудағы қадамдары аса жоғары бағаланып отыр. Бiзге үлкен сенiм көрсетiлiп отыр.

Осы сенiмге сай болуымыз керек.

Мұндай ұйымға төрағалық ету елiмiзге үлкен жауапкершiлiк жүктейтiнi сөзсiз. Бiз "Еуропаға жол" атты арнаулы бағдарлама жасауды қолға алдық. Бұл стратегиялық жоба. "Еуропаға жол" бағдарламасы елiмiздi халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейiне көтередi. Ол арқылы бiз экономикалық ынтымақтастықты дамытудың, заңдарымызды жетiлдiрудiң жолдарын жете меңгере түсуге тиiспiз.

Н.Жүсiп: Сiздiң ұйытқы болуыңызбен қолға алынған "Қазақстан-2030" Стратегиясы елдiң ұраны ғана емес, қазақстандық даму жолын қалыптастырған үлгiге де айналды. Жалпы, өзiңiз 2030 жылғы Қазақстанды қалай елестеткен болар едiңiз?

– 2030 жылы бiздiң Қазақстан әлемдегi қуатты экономикалы, саясаты орнықты, халқының әл-ауқаты жоғары мемлекетке айналатындығына ешқандай күмән жоқ. Бiз қазiрдiң өзiнде көптеген өлшемдер бойынша тәуелсiздiк жолына қатар түскен елдердiң көш басында келемiз. Бiз бүгiнде өзiмiздi өңiрлес ағайындармен салыстырып, солардан оздық деп айтпаймыз, бiз бүгiнде өзiмiздi әлемдiк деңгейдегi жоғары дамыған елдермен салыстырып, солардан қалып келе жатырмыз деп айтамыз. Өзiмiздi өзiмiз қамшылаймыз.

Мұнан бiраз жыл бұрын Қазақстан егемен ел ретiнде қалыптасу белесiнен өттi, ер-тұрманымыз бүтiнделдi, ендi қазақ атқа қонады, көп ұзамай әлемдiк додаға қосылады деген едiм. Айтқаным келген жоқ па? Келдi ғой. Сол тiлектi құдай берген жоқ па? Бердi ғой. Мiне, ендi Қазақстан тұлпары әлемдiк бәйгеге қосылды. Қосылғанына көп болмаса да арғымағымыз арындап алға түсiп барады. Арғымағымыз сол аламан бәйгеде жүлде ала беруi, сөйтiп қазақтың жұлдызы жана беруi бiздiң баршамыздың туған жер, өскен ел алдындағы перзенттiк парызымызды қалай сезiнетiнiмiзге, ойымыздағы бар бiлiгiмiз бен бiлiмiмiздi, бойымыздағы бар қуат пен қайратты ортақ Отанның игiлiгiне қалай жұмсайтынымызға байланысты.

Осы жолда баршамызға сәттiлiк тiлеймiн. Бәрiмiз ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық. Ел аман, жұрт тыныш болсын.

С.Абдрахманов: Аса құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы! Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалық ету құрметiне ие болуын Сiз бүкiл халықтың жеңiсi деп бағаладыңыз. Сол жеңiске елдi Сiз алып келдiңiз. Сондықтан да бiз алдымен Сiзге құтты болсын айтамыз. Бiзбен әңгiмеге осынша уақытыңызды бөлгенiңiзге тағы да разылығымызды бiлдiремiз. Ел үшiн жасап жатқан еңбегiңiз жемiстi болсын деймiз.

– Көп рахмет. Сiздер бүгiн айтылған әңгiменiң барлығын елге дұрыс түсiндiрiңiздер. Бiз мемлекет құрдық. Бiз ел болдық. Осы жасап жатқан шаруаның барлығы елдiң болашағы, қазақтың болашағы үшiн. Бiрте-бiрте iлгерi жылжып келе жатырмыз. "Асыққан шайтанның iсi" деген аталарымыздың сөзi бар, сондықтан асықпай-аптықпай, атты да шаршатпай, арбаны да сындырмай алға баса беруiмiз керек. Шыдамдылық пен төзiмдiлiк керек. Жастарымызды бiлiмге, отансүйгiштiкке баулуымыз керек. Қазақстанымызды, Астананы, көп ұлтты халқымызды, қазағымызды, ел iшiндегi татулықты, бiрлiктi насихаттауымыз керек. Осы асулардың бәрiне елдегi тыныштықтың арқасында жетiп отырмыз. Әлi де алар биiктерiмiз көп. Иншалла, сол жолда бiздi ата-бабаларымыздың аруағы қолдасын.