Жаңалықтар

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

ашық дереккөзі

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Тағы да бiр оқу жылы аяқталып, елiмiздегi бiлiм ұяларын соңғы қоңыраудың сыңғыры күмбiрлетiп әкеттi. Түлектер ұшқан ұя — мектебiндегi қызығы мен шыжығы мол сәттердi көз алдынан соңғы рет парақтады. Жаңа өмiр, жаңа баспалдақ…

Кеше ғана тарыдай боп кiрiп, бүгiн таудай боп шыққан қарлығаштардың алдында әлi талай асу бар. Мектеп бiтiрушiлердi күтiп тұрған асудың алғашқы баспалдағы — ҰБТ-дан сүрiнбей өтiп, өзi қалаған жоғару оқу орнына түсу. Мiне, бүгiн осы сындарлы сағатты елiмiздiң барлық аймағындағы бiтiрушiлер тағатсыздана күтуде.

2007-2008 оқу жылында жалпы бiлiм беру ордаларын 151985 оқушы тәмамдап отыр. "Алтын белгiге" үмiткерлер саны 3360-ты құраса, үздiк аттестаттарды алуға 3010 жас үмiттенуде. Ал ҰБТ-ға қатысуға 117 831 оқушы өтiнiш бiлдiрiптi. Биыл ҰБТ маусымның 1-i мен 10-ы аралығында елiмiз бойынша жұмыс iстейтiн 154 тестiлеу орталығында болса, Алматыда бұл сынақ маусым айының 1-i мен 5-i аралығында өтпек. Алматы қаласы Бiлiм департаментiнiң директоры Рахат Шимашева осынау күнi қала мектептерiнiң ҰБТ-ға дайын екендiгiн, биылғы мектеп бiтiрушi 8579 түлектiң 7386-сының ҰБТ тапсыруға қатысатынын, бұл мектеп бiтiрушiлердiң 86 пайызын құрайтынын жеткiздi. Олардың 215-i "Алтын белгiден", 207-сi "үлгiлi аттестаттан" үмiткер.

Бiр айта кетерлiгi, биыл мектеп бiтiрушiлердiң "Жас талап" мерекелiк тойын думандатып өткiзу тоқтатылды. Бұл бәлкiм, кейбiр елдер алып тастауға ұмтылыс жасап жатқан ескiден қалған "Соңғы қоңырау" мейрамынан құтылудың алғышарттары болар. Алайда, мектеп партасымен қоштасуды есте қаларлықтай етiп өткiзудi армандайтын жас түлектер ренiшiн бiлдiрiп жатыр.

Жақында Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев "20 үздiк мектеп" атты бастаманы өмiрге әкелдi. Биылғы жылдың қыркүйегiнен бастап Астана, Алматы қалалары мен аймақтарда үш тiлде қатарынан оқытатын 20 үздiк мектептi iске қосылмақ. Бұл мектептерде физика, математика, химия сынды пәндер тереңдетiле оқытылып, оқушы қазақ, орыс және ағылшын тiлiнде бiлiм алады. Сондай-ақ, бұл бiлiм ұялары Астана мен Алматыдағы қалталы адамдардың баласы оқитын "Мирас" мектебiнен кем болмауға тиiс екендiгiн ескерттi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ