ХАСЕН ҚОЖА АХМЕТ — ЭМИГРАНТ
ХАСЕН ҚОЖА АХМЕТ — ЭМИГРАНТ
Хасен Қожа Ахмет елiн, Отанын тастап, шетел аспақшы. Ол бұның себебiн бүгiнгi саяси жүйенiң тоқырауға, дағдарысқа ұшырағанынан iздейдi.
Хасен Қожа Ахмет халыққа және демократиялық мемлекеттер басшыларына жасаған үндеуiнде оның саяси тұтқын ретiнде түрмеге түсуi 1970 жылы басталғанын айтады. Ал, 1977 жылы "Жас қазақ" атты партия құрып, КСРО саясатына ашық қарсы шыққаны үшiн, 2 жылға сотталыпты. Дәл осы жылы Хасен Қожа Ахмет "Әлемнiң саяси тұтқындарының Хельсинки тiзiмiне" енген екен. Бұдан кейiн оған саяси баспана алуға 3 рет ұсыныс түскен. Хасен Қожа Ахмет 1970 жылы бастаған ұлт-азаттық идеясын ақырына дейiн жүргiзу үшiн, бұлардың қай-қайсысынан бас тартыпты. Тәуелсiздiктiң 17 жылында ұлт-азаттық идеясы үшiн күрестен жалыққан күрескер ендi шетелде өзiнiң ұлттық идеяларын дамытуды жөн санап отыр.
Бұл Мұхтар Мағауиннен кейiнгi екiншi саяси эмигрант. Алайда, екеуi де ешкiмнiң қысымынсыз өздерi кеттi. Сөз ләмдерiне қарағанда, бүгiнгi жүйеден, сiрескен сеңнiң бұзылмай 20 жылға жалғасқанынан шаршаған Хасен Қожа Ахмет өзiнiң бүгiнгi халiн Мұстафа Шоқаймен салыстырады. "Осының бәрiн ойлай келе мен Мұстафа Шоқайдың жолын таңдадым. Сөйтiп уақытша елдi-жердi артқа тастап, идеяларымның жүзеге асуы үшiн күресiмдi жалғастырмақпын" – дейдi. Хасен Қожа Ахмет Қазақстан азаматтығынан бас тартпайтындығын айтады. Ал саяси баспана сұрап отырған елдерiнiң арасында АҚШ пен Израиль жоқ, керiсiнше, Ұлыбритания, Украина, Иран, Сауд Аравиясы және Түркия бар екен.
Қоғам қайраткерi, "Азат" қозғалысының лидерi Хасен Қожа Ахметтiң айтуынша, сәуiр айының басында Ұлт аспаптары мұражайындағы кабинетiнде оны бейтаныс бiреу ешқандай себеп-салдарсыз соққыға жығады. Ал, Медеу аудандық iшкi iстер бөлiмi бұл iс бойынша қылмыстық iс қозғаудан бас тартқан. Демек, шетел асуына осының өзi түрткi болған болса керек. Оның бұл шешiмiнен алдын-ала хабардар билiк өкiлдерi оған хабарласып, неге кетiп бара жатқанын сұрап, бұл райынан қайтуына кеңес берген екен. Бiрақ, ол алған бетiнен қайтар емес.
Есенгүл Кәпқызы