Жаңалықтар

ЧЕМПИОНДАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

ашық дереккөзі

ЧЕМПИОНДАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

Салауатты өмiр салтын ұстанатын "Қазақмыс" корпорациясы спортты "өмiрiм" деп санайтын жастарды марапаттаудан аянып қалған емес. "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жезқазғантүстiмет" өндiрiстiк бiрлестiгi бөлiмшесiнiң жетекшiлерi Қазақстан чемпиондарын, каратэден кекушинкайға дейiнгi халықаралық класстың спорт шеберi Нұрбек Сейтмағамбетов пен Қазақстан Республикасының спорт шеберi Саят Шуламбаевқа, олардың жаттықтырушысы халықаралық класс спорт шеберi Жанат Саменовқа спорт алаңында көрсеткен кәсiби бiлiктiлiгi мен жеңiс тұғырына жетуге деген талпынысы үшiн алғыс жаудырып, бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақымен марапаттады.

Өйткенi, осындай атақ-дәрежеге қолы жеткен жiгiттер жақында Алматы және Атырау қалаларында өткен жастар мен ерлер арасындағы чемпионаттарда бағын сынап, оқ бойы озық шықты. Саят Шуламбаев спорттың осы түрiнен ерлер арасында сәуiр айында Душанбеде өткен чемпионатта Орта Азия чемпионы дәрежесiн жеңiп алды. Ал Нұрбек Сейтмағамбетов Азия чемпионатында күмiс жүлдегерi атанды. Ағымдағы жылдың басында ол 15 республиканың спортшылары қатысқан А класы бойынша халықаралық турнирде жеңiспен келген едi. Нұрбек Өскемен қаласында Қазақстан құрама тобының құрамында жүрiп халықаралық жарыстарға да қатысты. Кездесу матчында жоғары дәрежелi атақ үшiн ТМД елдерiнен ат арытып келген спортшылар да бар күшiн салды. Мықты деген бәсекелестерiнiң өзiне төтеп берген Нұрбек жеңiстi қолдан бермеуге тырысып, бiрiншi орынға ие болды. Мiне, ауыз толтырып мақтауға тұрарлық Саят Шуламбаев пен Нұрбек Сейтмағамбетовтың табысты жемiсi Қазақстан Республикасының құрама командасына енуге айқара жол ашты.

– "Қазақмыс" корпорациясы жасөспiрiмдер мен балалар үшiн спорт залдары мен ғимараттар ғана салып қоймай, спорттың кеңге қанат жайған түрлерiн дамытуды да қолға алуда. Тiптi, бiздiң жiгiттер спорт алаңында мықты қарсыластардан қалыспай үлкен жетiстiктерге жетiп жатса, бiз олармен бiрге қуанамыз. Бүгiн бiз нағыз хас батырларымыз Саят Шуламбаев пен Нұрбек Сейтмағамбетовты марапаттап отырмыз. Жiгiттер жас болса да, бас болып, бiраз баспалдақтан өтiп чемпион дәрежесiне жеттi. Сондықтан бүгiн олардың омырауын алтын медаль көрiктендiре түссе артықтық етпейдi. Бiз әрдайым өз жерлестерiмiздiң жетiстiктерiн мақтаныш тұтамыз. Әлбетте, "Қазақмыс" бұдан әрi де жастардың жеңiс тұғырына көтерiлуiне септiгiн тигiзе бередi" дедi, "Жезқазғантүстiмет" өндiрiстiк бiрлестiгiнiң әлеуметтiк мәселелер жөнiндегi директоры Тоғызбай Тажбенов мырза жеңiмпаздарды марапттау рәсiмiнде.

"Жезқазғантүстiмет" өндiрiстiк бiрлестiгiнiң әкiмшiлiк және ұйымдастырушылық мәселе жөнiндегi бас директорының орынбасары Батырлан Батырбеков ақшалай сыйлықты ұсынып тұрып, Нұрбек Сейтмағамбетов пен Саят Шуламбаевты спортта табысқа әкелген жемiстi жеңiстерiнiң маңыздылығына тоқталып өтiп, олардың бас жаттықтырушысы болып табылатын елiмiздегi iрi компания "Қазақмыс" корпорациясының спорт саласын дамытуға мол үлес қосатынын, әлi де талай спорт шеберлерi мен жеңiмпаздарды тәрбиелейтiнiн ерекше iлтипатпен жеткiздi. Өйткенi, халықаралық, жалпы спорт аренасындағы жеңiстер Қазақстан Республикасының атын бүкiл әлемге танытып, беделiн арттыра түседi. Бұл елiн, ұлтын сүйетiн әрбiр азамат үшiн ең қымбат жеңiс емес пе?!" деп ағынан жарылды.

Сонымен, кездесу барысында Нұрбек Сейтмағамбетовке халықаралық класс бойынша спорт шеберiнiң куәлiгi табыс етiлдi. Ал спорт әуесқойлары "Қазақмыс" корпорациясы мен "Жезқазғантүстiмет" өндiрiстiк бiрлестiгiнiң жетекшiлерiне лебiздерiн жаудырды. Әрқашан спорт өнерiн бағалап, марапат мен қошеметiн аянбайтын, елiмiзде бой көтере қоймаған спорт залдарында кәсiби шеберлiгiн ұштай түсуге мүмкiндiк туғызған корпорация басшыларына дән риза. Олар жеңiс пен жеңiлiстен тұратын спорт арпалысында әрдайым жанынан табылатын жаттықтырушылардың еңбегiн де ұмытқан жоқ. "Қазақмыс" салтанатты шараның кейiпкерлерiн жеке-жеке атап өтiп, болашақтағы сайыстарда осы шыңнан түспеуiн тiледi.

Кездесу соңында шағын сұхбат берген Саят Шуламбаев Душанбеде өткен Орта Азия чемпионатында мықты қарсыластармен бақ сынауға тура келгенiн айтып, сол сәттi есiне алды. "Бiрiншi күрес Тәжiкстан спортшысымен өттi. Екiншi күресте ауғандықпен кездестiм. Сосын Иран, Латвия, Шотландия елдерiнiң үкiлi үмiтiн арқалаған спортшылармен де күш сынастым. Мақсатым — нокдаун немесе нокаутпен жеңу едi. Бұл арманыма да жеттiм" дейдi ол жүрекжарды қуанышын ақтарып. Сондай-ақ, "Мерей" балалар үйiнiң тәрбиеленушiсi: "Спорт — өмiрге деген талпынысты арттырып, өне бойға нағыз ер азаматқа тән қасиеттi жинақтайтынын" айтады.

Нұрбек пен Саяттың алдында әлi талай асу бар. Оларды Лондонда қыркүйек айында өтетiн Еуропа чемпионаты күтiп тұр. Одан кейiнгi кезекте Бакуде қараша айында болатын әлем кубогы. Бұл жөнiнде жас спортшылар: "Бiз бұл жарысқа қатысу үшiн Қазақстан құрама тобына енiп, тiптi арнайы лицензияны да алып қойдық. Айта кету керек, Қазақстан Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысады. Сол себептен де бiзге тынбай көп жаттығу керек" дейдi.

Сайып келгенде, "Қазақмыс" корпорациясы тек үлкен табыс әкелетiн спорт түрлерiн ғана емес, жалпылама денешынықтыруға да жiтi көңiл бөледi. Осы апта соңында корпорацияның "Жезқазғантүстiмет" өндiрiстiк бiрлестiгi бөлiмшесiнде футбол мен волейболдан спорттық спартакиада өз мәресiне жетедi. Жеңiп шыққан жүйрiктер маусым айының ортасында атақты Сәтпаев қаласындағы Спорт-сауықтыру кешенiнiң алаңында "Қазақмыс" корпорациясының басқа бөлiмшелерi: "Балқаштүстiмет" бiрлестiгi, "Қарағандытүстiмет" және "Шығыстүстiметтегi" әрiптес-жеңiмпаздармен осы тектес жарыс өткiзедi. Мiне, осы сынды спортқа арналған сайыстар мен мәдени және әлеуметтiк акциялық шаралар биыл Қарсақпай мыс зауытынан алғашқы қазақстандық мыстың алынғанына 80 жыл толуына орай бағытталып жатқандығын еске салғымыз келедi. Өтйкенi, бүгiнгi "Қазақмыс" корпорациясы сол Қарсақпай мыс зауытының лайықты мұрагерi болып табылады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ