Жаңалықтар

USAID: ҚАЗАҚСТАНДА 15 ЖЫЛ

ашық дереккөзі

USAID: ҚАЗАҚСТАНДА 15 ЖЫЛ

Бүгiн ҚР Үкiметi, донорлық ұйымдар, жергiлiктi және халықаралық компаниялар мен азаматтық қоғамдардың 200-ден астам өкiлi Алматыда бас қосады. USAID қызметiнiң Қазақстандағы 15 жылдық қызметiне арналған бұл шараға вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев бастаған делегация Астанадан арнайы ат басын бұрмақ.

Аталған шараға АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Джон Ордвей, USAID-тың Орталық Азиядағы Аймақтық мiндетiнiң жетекшiсi Уильям М.Фрей, ҚР вице-премьерi Өмiрзақ Шөкеев, ҚР парламентi Мәжiлiсiнiң Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң төрағасы Жақсылық Досқалиев, сенаторлар Бексұлтан Тұтқышев, Мүсiрәлi Өтебаев, ҚР экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов, ҚР энергетика және минералдық ресурстар вице-министрi Дүйсенбi Тұрғанов, ҚР денсаулық сақтау министрi Анатолий Дерновой, ҚР индустрия және сауда министрi Владимир Школьник, ҚР әдiлет министрi Зағипа Балиева, ҚР Жоғарғы соты Қайрат Мәми, Талғар қаласының әкiмi Сапархан Исаев т.б. қатысады.

Шараны ұйымдастыруға мұрындық болғандардың бiрi – Джон Ордвей мырза: "АҚШ-тың Халықаралық даму жөнiндегi агенттiгi (USAID) – 15 жыл бойы Қазақстанға көмек көрсетiп келген АҚШ Үкiметiнiң жетекшi агенттiктерiнiң бiрi" дедi.

USAID 1961 жылы америкалық президент Кеннедидiң бастамасы бойынша, Құрама Штаттардың шетелдiк мемлекеттерге көмек көрсетуi мақсатында құрылған болатын. Бүгiнде агенттiктiң бөлiмдерi әлемнiң 100-ден астам елiнде қызмет етедi. Қазақстан экономикасының көптеген салаларын дамытуда, денсаулық сақтау саласын реформалауда, БАҚ пен азаматтық ұйымдарды дамытуда елеулi үлес қосып келе жатқан USAID өкiлдерi елiмiзге 1992 жылдың соңында келдi. Сонымен қатар агенттiктiң ҚР Ұлттық банкiнiң нығаюына, коммерциялық банктер жүйесiнiң қалыптасуына, шағын және орта кәсiпкерлiктi, кәсiпкерлiк бiлiм берудi, жекешелендiру мен зейнетақылық реформаны жүргiзуде, ипотекалық несиелеу жүйесiн қалыптастыруда атқарған еңбегi зор.

USAID елiмiздегi ұлттық денсаулық сақтау саласын реформалауға, құрт ауруы мен басқа да инфекциялық дерттерден болатын адам шығынын азайтуға, нәрестелердiң дүниеге тiрi келуiнiң халықаралық қағидаларын қалыптастыруға, СПИД дертiнiң кең таралуының алдын алуға, ана мен бала денсаулығын жақсартуға ықпал еттi.

Жастарға арналған азаматтық бiлiм беру бағдарламасын енгiзуге, жергiлiктi БАҚ пен азаматтық қоғам ұйымдарын кәсiби тұрғыда дамытуға мұрындық болған да – USAID.

15 жыл iшiнде Америка агенттiк арқылы Қазақстан экономикасының әртүрлi саласы мен әлеуметтiк саласын дамыту мақсатында 500 млн. доллардан астам қаржы бөлдi. 2006 жылдан бастап USAID бағдарламалары Экономикалық даму бағдарламасы шеңберiнде ҚР Үкiметiмен бiрге қаржыландырылады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ