Жаңалықтар

Сергей БРИН: РЕСЕЙ – ҚАР ЖАМЫЛҒАН НИГЕРИЯ ҒОЙ

ашық дереккөзі

Сергей БРИН: РЕСЕЙ – ҚАР ЖАМЫЛҒАН НИГЕРИЯ ҒОЙ

Ал орыс олиграхтары ағылшындардың ашу-ызасын туғызуда

Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында АҚШ президенттерiнiң бiрi Латын Америкасындағы көптеген әскери хунта басшыларының бiрi жөнiнде: "Ол нағыз иттiң баласы, бiрақ ол өзiмiздiң иттiң баласы" ("Он сукин сын, но он наш сукин сын") деген лебiзi уақыт өте келе кең тараған қанатты сөзге айналғаны мәлiм. Ресейде де соңғы жылдары дәп осыдан аумайтын қоғамдық пiкiр негiзделуде. Әсiресе, Ресейден шыққан немесе осы елге әлдебiр қатысы бар олигархтар мен "Форбс" журналы жылма-жыл жариялайтын миллиардерлердiң әйгiлi тiзiмiне енген мырзалар жөнiндегi жарияланымдар әлгi қанатты сөздi ерiксiз еске салады.

Адамды бақытсыз етерде Жаратушы оны ақыл-естен айыратыны қағида десек, соңғы жылдары бұл елдегi қоғамдық пiкiр осындай түсiнiксiздiкке бет алып бара жатқан iспеттi. Және бұл шетiн жағдайды әлемдiк қауымдастық та айқын аңғара бастағандай. Әсiресе, мұны британдықтар айқын сезiнiп отыр және ресейлiктердiң өз арасынан шыққан, көбi күмәндi жолдармен байыған азаматтары үшiн нелiктен бойларын мақтаныш сезiмдерi кернейтiнiн түсiне алмай дал.

Сонымен мәселе неде? Ресейде қазiр солтүстiк көршiмiзге қандай да бiр қатысы бар миллиардерлермен мақтану, осы даңғазалық арқасында орыстар барлық iсте де бүкiл планетаның алдында дегендi аңғарту әсiремодаға айналды. Әсiресе, БАҚ-тар арқылы көпiрте мақтау бел алып келедi. Тiптi 26-мамырда Ресейде Бизнесмендер күнi кең көлемде аталып өттi. Бiр миллионнан астам адам түрмеде отырған, тiптi ресми деректердiң өзiнде екi миллионға жуық жас балалар үйсiз-күйсiз, баспанасыз қаңғып жүрген, ал жүздеген мың адам жылына маскүнемдiктен және есiрткi пайдаланудан мезгiлсiз ажал құшып жатқан елдегi қарапайым адамдарға дәп осыдан келiп кетер еш пайда жоқтығына қарамастан әлгiндей миллиардерлермен орынсыз мақтануға шексiз құмарлық қоғамдық, бүкiлхалықтық сипат ала бастауы таңқалдырады. Ал әлгiндей миллиардерлер өз отандастарының ауыр жағдайына, оларды күйзелеткен жайларға пысқырмайтын секiлдi. Әлбетте, осылай болуы заңды да. Түптiң түбiнде шiрiген байлар мен миллиардерлердiң көбi үшiн бiр ғана Отан, жалғыз ғана мәңгiлiк құндылық бар: ол – өзiнiң терең қалтасы және жоғары мәртебелi доллар ғана!

Таяуда ғана Ресей БАҚ-тары АҚШ-тың азаматы, Gооgle интернет компаниясын құрған 34 жасар Сергей Бриннiң Ресейден шыққандығын жапатармағай мақтанышпен хабарлаған едi. Өйтетiн жөндерi де бар: Ресейден 5 жасында АҚШ-қа қоныс аударған Сергей Бриннiң Gооgle компаниясы қазiр әлемдегi аса бай компаниялардың бiрi, оның жалпы құны 180 млрд. долларға бағаланады.

Ресейдiң классик қаламгерлерi осыдан бiрнеше ғасыр бұрын-ақ орыстардың бойындағы ерекше мiнез-құлықты, ашу-ыза тудыртын жексұрын әдеттiң астарын ашып жазғаны мәлiм. Ол – әлдебiр орыс азаматы байыса, табан астынан оның сансыз туған-туысқандары, жамағайындары табыла кететiнi, тiптi мүлдем бейсауат жандар да әлгiнiң табалдырығына маңдай ұрып, ақырында мойнына масыл болып мiнiп алатындықтары. Қазiргi заманда мұндай сүйкiмсiз мiндеттi атқаруды Ресейдiң кейбiр БАҚ-тары өз мойнына артқан сияқты. Сондай ақпарат құралдары әлгiндей миллиардерлердi орынсыз мақтап-марапаттап, отаншылдық, патриоттық сезiмiн оятуға аянбай күш салатыны даусыз. Таяуда бiрнеше ресейлiк журналистер АҚШ-та Сергей Бринмен жолығып, өрiмдей жас миллиардердiң тамырын басып көрген-дi. "Известия" газетiнiң шолушысы Елена Шишкунова Сергей Бринмен қысқа ғана әңгiмелестi. Осы тiлдесудiң қысқа үзiгiн оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

"Сұрақ: – Сiз бiр сұхбатыңызда Ресейдi "қар жамылған Нигерия ғой" деп атаған едiңiз. Бұл шын ба?

Жауап: – Дәп осындай сөздi айтқаным есiмде жоқ. Шынымды айтсам, сол сұхбат кезiнде мен шарапты көп iшкен едiм… Мүмкiн, ұмытқан шығармын (күледi)". ("Известия" газетi, №92, 23.05.2008 ж.)

Бұл – Сергей Бриннiң күлбiлтесiз жауабы. Ол Ресейдi Нигерияға теңегенiн жоққа шығарып отырған жоқ. Бiрақ, жайшылықта өздерiн Африканың дамушы елдерiне теңегендi трагедия, ұлтты қорлау ретiнде қабылдайтын Ресей БАҚ-тары бұл жолы шыдамдылық, сабырлылық танытқаны адам сенгiсiз жағдай, iштей күйзелсе де ерiксiз төзуге мәжбүр болып отыр. Өйткенi, бұл миллиар¬дердiң аузынан шыққан сөз ғой, ал осыны қарапайым пенде айтып көрсiншi, о-о, Ресей журналистерi мен әсiрепатриоттары, шовинистер әлгiнi арадай талаған болар едi. Тiптi, Ресей эстрадасы үшiн өлшеусiз еңбек сiңiрген әншi Верка Сердючка осыдан бiр жыл бұрын "Евровидение" эстрадалық әндер байқауында "Гуд бай, Раша" деп ән айтқаны үшiн басы пәлеге қалғаны бар. Турасын айту керек, украиналық әншi жiгiт дәп осылай айтты ма, жоқ па, ол жағы әлi күнге белгiсiз. Айтты дегеннiң өзiнде "Гуд бай, Раша" дегенде тұрған ештеңе жоқ болатын, бiрақ жалған намысқой журналистер, тiптi популист қоғам қайраткерлерi де әншiнiң соңына шам алып түсiп, орыс эстрадасында ән айтуына тыйым салу үшiн жанталасуда. Ол ол ма, бiр кездерi белгiлi әншi Абрам Руссоның да соңынан "қарғыбаулы төбеттерше" қуғындап, ақыры оны бiржола шетелге кетуге мәжбүр еттi. Тағатын айыптары бiреу ғана: бұлар Ресей көрермендерiнiң, орыстардың арқасында ақша тауып байып отыр, сондықтан қит етуге қақылары жоқ дейтiн қисынсыз сөз. Ал әлгiндей әншiлердiң қол жеткен табысы өз еңбегi, аянбай төккен маңдай терлерi екенiн қаперге де алғылары келмейдi өресi тар тоғышарлардың. Орыс қоғамы Ресейге адал қызмет еткен қаншама өзге ұлтты бейбақтардың тағдырына аяусыз балта шапты екен?! Әйтсе де орыс әйелдерiнiң сүйiктiсiне айналған Руссо да оңай шағылар жаңғақ емес көрiнедi, ол шет елдерде үнемi баспасөз мәслихаттарын өткiзiп, Ресейге ешқашан сенбеу керектiгiн, мешеу қалған елде ой-сананың да деңгейi төмен екенiн, рақметi жоқ екенiн бiрнеше мәрте меңзедi. Ол да рас. Тарихтың өн бойында Ресейге еңбегi сiңген шетелдiктердiң алғыс арқалаған ешқайсысы жоқ немесе өте сирек. Тiптi, I Петр заманында Ресейге арнайы шақыртумен келiп, мешеу қалған елде университет, ғылым академиясын ашуға өлшеусiз еңбек сiңiрген немiс математиктерi мен голландиялық ғалымдар туралы жақсы сөз айтылып көрдi ме?! Жоқ, олар он тоғыз жасында оқу-сызуды үйренген Михайло Ломоносовқа қолынан келгенше кедергi жасап, аяғынан шалған "оңбағандар" ретiнде әлi күнге оқытылады. Ал сол Михайло Ломоносовқа оқуды, жазу-сызуды үйреткен әлгi ғалымдар едi ғой.

Бұрынғы отандастары, миллиардер Сергей Бриннiң әлгi қолайсыздау сөздерi нелiктен ресейлiктердiң наразылығын, ашу-ызасын туғызбады?! Өйткенi, "Юпитерге рұқсат етiлген нәрсе, өгiзге рұқсат етiлмейдi" дейтiн тоғышарлықты өмiр бақи мойындап күн кешкен, бұлжымайтын қағида деп қабылдайтын орыс қоғамы бай мен күштiнiң алдында әрқашан құлдық ұрып, жүгiнуге арлана қоймайды, ал әлсiздi түтiп жеуге әрқашан әзiр сияқты. Сондықтан да олар баяғы Морозов, Шереметьев, Строганов, тағы басқа бай-манаптар, тiптi Сiбiрдiң сансыз көпестерiмен де мақтануға көштi.

Бiр ғажабы, осыдан бiраз жыл бұрын Ресей БАҚ-тары Лондонның "Челси" футбол командасын сатып алған Роман Абрамовичтi жерден алып, жерге салса, қазiр пiкiрдiң ауаны өзгерiп, Абрамовичтi ендi Роман Аркадьевич деп үлкен құрмет, iлтипатпен атауға көшкенi байқалады.

Ресейдегi қоғамдық көңiл-күйдiң өзгергенiн аңғарады ма, осыдан бiрер жыл бұрын Суррей графтығында 10 млн. фунт стерлингке әсем сарай сатып алған олигарх Әлiшер Усманов жақында тағы да солтүстiк Лондондағы салтанатты Бичвуд сарайын 48 млн. фунт стерлингке (96 млн. долларға жуық) сатып алған көрiнедi. "Санди таймс" газетiнiң жазуына қарағанда, бұл Британия астанасындағы ең қымбат сауда болғанымен, рекордтың ауылы әлi алыс жатса керек. Украинаның экс-президентi Леонид Кучманың қызы Елена Франчуктiң рекордын әзiрге ешкiм жаңалай алмайтын секiлдi. Ақпан айында Елена Франчук Кенигстон сарайын сатып алуға 80 млн. фунт (160 млн. доллар шамасында) жұмсаған екен.

Өзбекстанда туып-өскен, осыған дейiн үстiнен бiрнеше мәрте қылмыстық iс қозғалған олигарх Әлiшер Усманов металл саласында iс-әрекет жасаумен байып, осыған дейiн Чукотканың губернаторы Абрамович сияқты Англияның бiр футбол командасын сатып алуға ұмтылысымен белгiлi. Ол анау-мынау емес, даңқты "Арсенал" командасына ауыз салған болатын, бiрақ ағылшын жанкүйерлерiнiң жаппай қарсылығынан кейiн әйгiлi команданың 23 пайыз акцияларына ғана қанағаттануға мәжбүр болды. Есесiне ендi ол осыған дейiн Катардың әмiрi Хамаду бен Халифа аль-Таниге тиесiлi болған орасан зор Бичвуд сарайының алтын кiлтiн қалтасына басып отыр. Сенiмдi дерек көздерiне қарағанда, Бичвудтың негiзгi бөлiгiнде қабылдау бөлмесi, сурет салатын бөлме, екi ас үй, тынығатын сегiз бөлме, сондай-ақ, қонақтарға арналған екi бунгало, қызметшiлерге арналған сегiз тұрақ орналасқан көрiнедi. Сарапшылар 80-жылдары Бичвудта жөндеу жұмыстарын жүргiзуге аса қомақты қаржы жұмсалғанын, бiрақ қазiр бұл сарай ХХI ғасыр талаптарына сәйкес келе бермейтiн айтып отырса керек.

Яғни, сарайға тағы да жөндеу жұмыстарын жүргiзу қажет болатын сияқты және мұның өзi Бичвудты одан әрмен қымбаттатып, оның жалпы құнын 130-150 млн. фунт стерлингке жеткiзетiн сұры бар. Осы орайда Роман Абрамович те уақытында Лондонның бай көшелерiнiң бiрi – Лаундес Скверде қымбат үй сатып алып, оны одан да қымбат бағаға жөндеуден өткiзгенi еске түседi. Бiр сөзбен айтсақ, орыс олигархтары алыс Англияда өзара жарыс, бәсекелестiкке түскен сыңайлы.

Сарапшылардың пiкiрiнше, орыс олигархтарының осынау "бiр-бiрiмiзден озсақ" деген даңғойлығы, орынсыз мақтаншақтығы мен ысырапшылдықтары қарапайым ағылшындардың ашу-ызасын туғыза бастауы мүмкiн. Туғызып та отыр. Жергiлiктi тұрғындар әлемдiк дағдарысқа байланысты ипотекалық несилерiн төлеуге қауқары жетпей отырған шақта, келiмсек миллиардерлердiң салтанатты сарайларды орасан зор ақшаға сатып алуы жылжымайтын мүлiктердiң бағасының одан әрмен өсуiне әкелiп соғары сөзсiз. Елдегi iштей наразылық үлкен кикiлжiң туғызуы мүмкiн.

Сөйте тұра Ресейдiң бiрқатар ақпарат құралдары орыс олигархтары мен миллиардерлерiнiң шет елдерден қымбат сарайлар сатып алуын асқақтата насихаттаудан бас тартар түрi жоқ. "Адасқанның алды жөн, арты соқпақ" деген осы да.

Жаңабек ШАҒАТАЙ