Жаңалықтар

КРЕМЛЬГЕ ҚЫРЫМ, ЛУЖКОВҚА СЕВАСТОПОЛЬ НЕГЕ ҚАЖЕТ?

ашық дереккөзі

КРЕМЛЬГЕ ҚЫРЫМ, ЛУЖКОВҚА СЕВАСТОПОЛЬ НЕГЕ ҚАЖЕТ?

Кез келген жеке адам сияқты жер бетiндегi әрбiр ұлт пен ұлыс мәңгi-бақи бақытты, даңқты әрi берекелi ғұмыр кешуден үмiттi екенi даусыз. Бұл — адами қажеттiлiк, ақырзаманға дейiн өзгермейтiн заңдылық! Сонымен бiрге әрбiр жеке адам сияқты, әрбiр халық үшiн де азаттық, бостандық пен тәуелсiздiк ең басты және мәңгiлiк құндылықтар.

Дегенмен, ешбiр халық өз бақытын өзге жұртты кемсiту, қорлау немесе оған күш көрсетiп, қоқан-лоққы жасаумен қамтамасыз етпеу керектiгi де әдiлдiктiң тағы бiр айнымас ережесi.

Өкiнiшке қарай, қуатты әрi құдыреттi державалар соңғы жылдары бұндай қағидаларға пысқырмайтын да болып алды. Әсiресе, бұл жағынан Ресей алдына жан салар емес. Ресми Мәскеу күн өткен сайын содырлық сойылын бiлемдеп, кейбiр көршiлес мемлекеттердiң заңды құқықтары мен өмiрлiк мүдделерiн аяққа таптауды, олардың iшкi iсiне асқан дөрекiлiкпен араласуды құмар ойынға айналдыруда. Түпкi мақсаты белгiлi – бұрынғы империяны жаңаша қалпына келтiрудi мұрат тұтқан, ұлы шовинизм суына малшынған қауiптi ойындар. Әсiлi, Кремль көршiлес елдердiң бәрi бодандықтан құтылып, өз тәуелсiздiктерiне қол жеткiзгендерiне әлi күнге үйренiсе алмай жүрген сияқты және тәуелсiз елдердiң бiрқатарын өз ықпалынан шығармау жолында қандай iс-әрекет, арандатудан бас тартар емес.

11 мамыр күнi Мәскеудiң мэрi Юрий Лужков Қара теңiз флотының 225 жылдығын тойлау кезiнде Севастополь мен Қырымды Ресей иелiгiне қайтару жөнiнде арандатушылық сөз сөйледi. Осыдан кейiн Ресей мен Украинаның арасы бұрынғыдан да ушығып кеттi. Ол туралы кеңiрек сөз қозғамақ ойымыз бар, ал әзiрге соңғы күндердегi осындай арандатуларға назар аударғанымыз жөн.

Осыдан оншақты күн бұрын Солтүстiк Осетияның президентi Таймураз Мамсуров пен Оңтүстiк Осетияның президентi Эдуард Кокойты осетиндiк екi республиканы бiр шаңырақ, бiр тудың астына бiрiктiруге шақырды. Осыған дейiн де Владикавказда Цхинвалимен бiрiгу туралы ұрандар талай мәрте айтылып келген едi. Бұл мәселенiң қайта көтерiлуi тегiннен тегiн емес.

Михаил Саакашвили осыған дейiн молдавалық варианттан түбегейлi бас тартқаны мәлiм. Ал ресми Кишинев Мәскеудiң экономикалық, саяси қолдауына орай НАТО-ға мүше болудан бойларын аулақ салуға уәде берген едi. Ендi Кремль өзiнiң орынды ұсыныстары қаперге алынбай, ескерусiз қалғанына "өкпелеген" сыңай танытып, Кавказда өз өктемдiгiн өршiте түсуде. Косоволықтарға Сербиядан бөлiнуге мүмкiндiк берiлсе, ал Оңтүстiк Осетия Грузиядан неге бөлiнбеске? Осылайша бiрсыпыра Ресейдiң мемлекеттiк қайраткерлерi мен белгiлi бiр топтар осы өңiрдегi сепаратистердiң қолтығына астыртын су бүркудi ұлғайтып отыр.

Мәселен, Абхазияның жайын алайық. Бұл автономиялық республика тұрғындарының 90-95 пайызы Ресей азаматтары делiнедi. Тiптi, ара-тұра олардың бiрсыпырасын Ресей орден-медальдерiмен марапаттап қою да соңғы жылдары түсiнiксiз салт-дәстүрге айналып отыр. Ең бастысы, абхаз азаматтарын осындай марапаттау әдейi, Грузияға қасақана жүзеге асырылатынын да Кремль жоққа шығарған емес. Ең бастысы Ресей ақпарат құралдарының кейбiрi Абхазия тұрғындарының осындай бөлiгi өз елдерiнiң азаматтары екендiктерiн ескертуден жалықпайды. Бiрақ мұның өзi айтарлықтай күмән, сенiмсiздiк туғызатын дерек екенiн естен шығармаған жөн.

Өйткенi, бiр қатар шовинист орыс журналистерi мен көршiлес елдерге әманда тiзе батыруды құп көретiн саясат "қырғилары" нақты деректердi бiржақты бұрмалаудан ешқашан бас тартуды жөн санамайды. Оларға салсақ: "Барлық тәсiл өзiн ақтайды!"

Ол ол ма, жуырда ғана бiздiң "Түркiстан" газетiнiң тiлшiсiне сұхбат берген "Московские новости" газетiнiң бас редакторы Виталий Третьяков мырзаның өзi нақты деректер мен шындықты көпе-көрнеу бұрмалағаны есте. Ол: "Мысалы, Украина өзiнiң украиндар мемлекетiн құрып жатыр, ал оның тұрғындарының жартысынан көбi – орыстар. Кейбiр мемлекеттер ұлттық, кейде тiптi ұлтшылдық негiзде мемлекеттiгiн құрып, Грузиядағы секiлдi "орыс-жау" деген мағынада саясат қалыптастырады, бұл бәрiне тарайды", – деп ("Түркiстан" газетi, "Медведев таққа Путиннiң жолдамасымен келдi", 15.05.2008 ж.) бiрнеше жалған ақпаратты үстемелей тықпалап, тұтастай "өтiрiктiң бәлiшiн" ұсынып қара терге түскенi бар.

Ең әуелi жалпы Украинадағы орыстардың саны жөнiндегi жалған ақпар. Лондонда сандаған жылдардан берi әлем елдерi мен континенттерiн кеңiнен қамтитын "Большой иллюстрированный справочник" сөздiгi шығарылатыны жұртшылыққа жақсы мәлiм. Халықаралық салиқалы сөздiкте әлемдегi әрбiр елдiң табиғаты, экономикалық әлеуетi, тарихы, халқының саны туралы егжей-тегжейлi деректер кеңiнен қамтылады. 2005 жылы Мәскеудегi "Махаон" баспасынан аталмыш сөздiктiң орысша нұсқасы да жарық көрген болатын. "Большой иллюстрированный справочникте": "1991 жылы тәуелсiздiк алған уақыттан берi қарай 73 пайызын украиндар, ал 22 пайызын орыстар құрайтын тұрғындардың дәулеттi және кедей бөлiгiнiң арасындағы айырмашылық ұлғая түстi," – деп көрсетiлген. Яғни, 1991 жылғы санақ бойынша Украинадағы жергiлiктi халық – 73 пайыз, ал орыстар небары 22 пайыз! Әрине, аталмыш сөздiктiң орысша нұсқасын ресейлiктер дайындағандықтан Украинадағы орыстардың саны ұлғайтылып көрсетiлуi де ықтимал. Оның үстiне 1991 жылдан берi мұндағы украиндардың саны арта түскенi де күмәнсiз. Қалай дегенде де Третьяков айтқандай "Украина тұрғындарының жартысынан көбi – орыстар" бола алмайды. Ал бұны белгiлi саясатанушы бiлмей отырған жоқ, сөйте тұра шындықты әдейi бұрмалап, жұртшылықты адастыруға кәнiгiленiп алған!

Екiншiден, Грузияда "орыс-жау" деген саясат қалыптастырылғаны да шындыққа жанаспайды. Бостандық сүйгiш грузиндер ең әуелi өздерiнiң мемлекеттiк, ұлттық қауiпсiздiгiн басты орынға қойып, бұрынғыша қатыгез, дөкiр державаның соңынан бұйдалы тайлақтай бүлкектей беруден бас тартып отыр. Оның амалы бiреу ғана екенi – әлемдегi қауiпсiздiктiң салыстырмалы түрдегi гаранты НАТО болып қана отырғаны белгiлi. Ал Грузия осы НАТО-ға мүше болып енудi алдарына мақсат етiп қойғаны сол-ақ едi, Ресей оған қолдағы бар амал-айламен тарпа бас салып, шексiз кикiлжiңдердiң торын құрып тастады. Осы ретте өз жемтiгiн мейлiнше әлсiретiп, сүлдесiн құрту үшiн оны жұқа тормен үстiн-үстiн шырмай беретiн өрмекшiнiң iс-әрекетi ерiксiз көз алдымыз¬ға келедi. Биылғы көктемде Абхазия әуесiнде барлау мақсаттарында ұшқан Грузияның бiрнеше ұшқышсыз "Hermes – 450" ұшақтарын атып түсiрген ресейлiк әскери қызметкерлерi одан әрi жүгенсiздене түскенi аңғарылады. Грузияда "раушан революциясы" жүзеге асырылған күннен берi Ресей, әскери қызметкерлерi табанды, қайсар грузиндер бiресе Абхазияға, бiресе Оңтүстiк Осетияға соғыс ашуға дайындалуда деп байбалам салып, терiс қоғамдық пiкiр қалыптастыру үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасауда. Осындай амал-айламен Ресей аймақтағы әскери күштерiн үнемi ұлғайтып келе жатыр. Мамыр айында олар Абхазия территориясына қосымша жетi гаубица енгiздi. Гаубицалар дегенiмiз жәй ғана зеңбiрек емес, аса жойқын, бiр атқанда тұтас махаллалар мен ауылдардың жартысын жоқ ете алатын дүрс шабуылға арналған қондырғылар. Қарапайым зеңбiректерден гөрi аса алысқа ататын ауыр салмақты "өлiм машиналары". Оның үстiне, 1994 жылғы келiсiмге қарамастан, Абхазиядағы "бейбiтшiлiк күштер" дейтiнiңiз (Ресей әскери қызметкерлерi – Ж.Ш.) әлдеқашан үш мыңнан асып кеткенi мәлiм. Сонда аймақтағы жағдайды кiм ушықтырып отыр?!

Ал осының бәрiне қарамастан Грузия президентi Михаил Саакашвили түптiң-түбiнде жағдайдың бейбiт жолмен реттелетiнiне және кремльдегiлер дұрыс шешiм қабылдайтындықтарына сенiмдi. "Воронин қалай келiсетiнiн көремiз. Ол осыған дейiн де талай рет келiсiм жүргiзген, әзiрге ештеңе шыға қойған жоқ. Бiрақ бiз Мәскеумен тiкелей диалог жүргiзу үшiн қолдан келгенннiң бәрiн жасаймыз. Вашингтон, Брюссель немесе Берлин арқылы әңгiмелесуiмiз керек емес, өйткенi Грузия ТМД елдерiнiң арасында ең ресейшiл ел ғой. Сондықтан Грузияны жоғалтып алмау керек," – дейдi жас әрi жiгерлi президент ("Коммерсанть" газетi, №78, 12.05.2008 ж.)

Мәскеу мэрi Юрий Лужковтың Севастопольдi Ресей қоластына қайтарып алу туралы сөзiнен кейiн Украина мен Ресей арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да шиеленiсе түстi дедiк қой. Оның айтуы бойынша, Кеңес одағының басшысы Никита Сергеевич Хрущев Қырымды Украинаға бергеннен соң Севастопольдi осы елге беру жөнiнде ешқандай құжатты дұрыстап рәсiмдемеген. "Қазiргi уақытқа дейiн ешбiр тарихи құжаттар бойынша Севастополь ешуақытта Украинаға берiлмеген, – дедi Юрий Лужков өзiнiң арандатушылық сөзiнде. – Севастополь жөнiндегi мәселе халықаралық сотқа берiлуi керек".

Әрине, Лужковтың жасы ұлғайғанын, оның саяси қызметi аяқталуға жақын екенiн,тiптi бұл оның жеке бастамасы екенiн айтып Кремль енжар ақталуда. Бiрақ мұндай мәлiмдемелер бекерден бекер, табан асты жасалмайтыны белгiлi. Бұған Кремль астыртын бата беруi мүмкiн. Лужковтың сөзiне қарағанда, Қазақстандағы Байқоңыр немесе Қапшағай қаласы жөнiнде де ресми құжаттар жөндеп рәсiмделмеген, сондықтан кейiн Ресей оларды өзiне қайтарып алу жолында күрес жүргiзуге құқығы бар болып шықпақшы. Бұл оның осындай алғашқы сөзi емес, бұдан бұрын да бұл мәселенi Дума депутаты Константин Затаулин бiрнеше рет көтерген. Кремльге Қырым, Лужковқа Севастополь неге керек? Турасын айтсақ, Қырымнан гөрi Лужковқа Севастопольдiң қадiрi артып тұр. Өйткенi, оның мұнда экономикалық мүдделерi бар сияқты. Кейбiр деректерге қарағанда, қамқоршылар кеңесiн Лужков мырза басқарған "Мәскеу-Қырым" даму қорының Симферопольдағы өкiлеттiлiгiн Украина Қауiпсiздiк қызметi (СБУ) қатаң тексере бастаған. Қауiпсiздiк қызметiнiң қолдағы бар мәлiметтерiне қарағанда, осы қор арқылы Украинада, оның iшiнде Севастопольда аса iрi көлемдегi заңсыз ақша айналымға салынуда көрiнедi. Мiне, түлкiнiң құйрығы қай жерде бұлғаңдайды? Гәптiң мәнiсi қомақты ақшада жатқан сияқты…

2017 жылға дейiн Севастопольдi Ресейдiң Қара теңiз флотына жалға берген Украина Кремльге "газдың бағасын төрт-бес есе қымбаттатып отырсыздар, ал осы база үшiн төлейтiн ақшаны да көбейтiңдер десе", өктем Мәскеу оған көнбейдi.

Әңгiме Лужковта да емес. Мәселе оның осынау мәлiмдемесiн Ресейдiң Мемлекеттiк Думасының ТМД iстерi жөнiндегi комитетiндегiлердiң бiр ауыздан қолдауында болып отыр. Яғни Ресей депутаттары мұндай арандату әрекеттердi, өзге тәуелсiз мемлекеттiң территориялық тұтастығы мен iшкi iсiне қол сұғуды да қолдайды деген сөз. "Мәскеу мэрiнiң мәлiмдемесiн мен нағыз патриоттық ұстаным деп бағалаймын. Лужков шын мәнiнде Ресей тарихы үшiн жаны ауырады және бүгiнде Севастополь жерiнiң Украинаға тиесiлi сияқты екендiгiне төзе алмайды. Севастопольдiң кiмге тиесiлi екендiгi жөнiндегi мәселенi қайта көтеруге барлық негiз бар", – деп мәлiмдеген едi ақпарат құралдарының өкiлдерiне комитет төрағасы Алексей Островский.

Мiне, Ресей Думасының осындай "қырғилары" ТМД елдерiнiң мәселесiмен шұғылданады және бiздiң Қазақстан өзiн осындай мырзалармен шынайы "мәңгiлiк дос" санайды.

Дегенмен, Украина Севастопольден ешқашан өз еркiмен бас тартпайтыны сөзсiз. Ресми Киев Юрий Лужков, Константин Затаулин секiлдi адамдарды ғана персона нон грата деп жариялаған жоқ, өткен аптада Виктор Ющенко ел Үкiметiне Ресей флотын Севастопольден шығару туралы заң жобасын 2 айда дайындауға және Қара теңiз флотының Украинада уақытша тұруының кешендi құнын есептеп шығаруға тапсырма бердi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ