Жаңалықтар

ҰЛТ МӘСЕЛЕСI... ТАР БӨЛМЕДЕ, ЖАСЫРЫН ЖЕРДЕ ТАЛҚЫЛАНАДЫ

ашық дереккөзі

ҰЛТ МӘСЕЛЕСI... ТАР БӨЛМЕДЕ, ЖАСЫРЫН ЖЕРДЕ ТАЛҚЫЛАНАДЫ

Жыр болған, жауырға айналған, көбiмiздi жауырды жаба тоқуға үйреткен «Қазақ мәселесi» әйтеуiр тар бөлмелерде, шағын топпен талқыланатын болып жүр. Оның нәтижесi қандай? Айтып ауыз ауыртпаңыз… Нөл. Билiкке де, қоғамға да ықпал ете алмайтын бiр топ ас үйден шығып, қоғамдық ұйым деңгейiнде ұлттың ұлт болып ұю мәселесiн талқылайтын болып жүр. Бұның қаншалықты ұзаққа жалғасатыны бiр Құдайдың өзiне мәлiм. Дегенмен, бiр нәрсе айқын. Қазақ мемлекетiнде қазақтың рухани-мәдени, саяси құндылықтарының қағажу көрiп отырғандығы.

ПРЕЗИДЕНТ ӘКIМШIЛIГI ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСIНЕ КӨҢIЛ БӨЛЕ МЕ?

Қазақстан халқы ассамблеясының еншiсiне тиген «Достық үйiнде» өткен аптада ұлт үшiн шырылдап-шырқырап жүрген ұлт патриоттарының басы қосылды. Оларды жинап, ұлт мәселесiн талқылауға шақырған Президент әкiмшiлiгiнiң қызметкерi Берiк Әбдiғалиев. Басқосуға Әзiмбай Ғали, Смағұл Елубай, Дос Көшiм, Сейдахмет Құттықадам, Нұрлан Ерiмбетов, Әшiрбек Сығай, Жұмаш Кенебай, Рысбек Сәрсенбаев, Асылы Осман, Марат Бөтеев, Дәурен Бабамұратов, т.б. қатысты. Жиын «Достық үйiнiң» ең тар бөлмесiнде өткiзiлдi. Керiсiнше, сол күнi Мәжiлiс залында Қазақстандағы Украина мәдени орталығының салтанатты жиыны болып жатты. Украиндер қызылды-жасылды киiнiп, Қазақстандағы ұлттардың тамаша тiрлiгiн мадақтап, мақтап жатқанда, тар бөлмеде ұлт мәселесiнiң толғақты проблемалары талқыланды.

Қош, сонымен жиылғандардың ең алдымен ауызға алғандары, «сөзден iске көшу» мәселесi. «Қазақ мәселесi» 17 жыл бойы жырланды. Алайда, алға жылжығанның орнына керi кетiп барамыз. Қазiр Қазақстан қоғамында қостiлдiлiк мықтап орнықты. Қай қоғамда да қостiлдiлiктiң соңғы нәтижесi басымына осалы орын босатып беру болып табылатыны ақиқат. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ тiлi орыс тiлiне ысырылып орнын бердi. Мемлекеттiк тiлдiң босағадан сығалаған мүшкiл халi көп елдiң күлкiсiн тудырғаннан өзге ешқандай шешiмдi қадамға бастап отырған жоқ.

Бұл өз кезегiнде зиялы қауымның да, ұлттың ертеңi үшiн көңiлi алаң жұрттың да ашу-ызасын тудырмай қоймасы анық. Жазушы Смағұл Елубай шамырқана, шабыттана сөйлей отырып, мемлекеттiк билiктiң ұлт мәселесiне көз жұма қарауының соңы төңкерiске жетелейтiндiгiн айтты. «Жас Алаш» газетiнiң бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы қоғамның өз iшiнде қозғалу бар екендiгiн сөз ете отырып, мысалға «Ұлт рухы» атты жастар қозғалысының Президентке, премьер- министр мен Парламентке жазған қазақ мемлекетiнде қазақ тiлiнде сөйлеудi, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзудi талап ететiн ашық хатын көлденең тартты. Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, осы үндеуге үн қосқан Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетi студенттерiнiң хаты «Жас Алаш» газетiнде жарияланған екен. Осы университеттiң ректоры «Жас Алаш» газетiне дөңайбат көрсетiп, «студенттер университеттiң атынан сөйлеуге құқылы емес» дегендi айтыпты. Бұның өзi бiздiң қоғамда авторитарлық жүйенiң мықтап сiңгендiгiнiң көрiнiсi болса керек. Рысбек Сәрсенбайұлы шетелдегi қазақ диаспораларының қазақ әдебиетi мен мәдениетiне де үлес қосып отырғанын айта келiп, осы диаспорамен арадағы байланыстың үзiлiп қалғандығын сөз еттi. Сол себептi де ол кiсi Қазақстанда «Қазақ баспасөзiнiң конгресiн» өткiзу керек деген пiкiр айтты. Сондай-ақ, шетелдегi қазақтарға қазақ баспасөзiн тарату iсiн жолға қою қажеттiгiн әңгiме тиегiне айналдырды. Осы орайда бұдан бiрнеше жыл бұрын Қазақстан Журналистер конгресiнiң мұрындық болуымен Қазақстанда «Орыстiлдi ақпарат құралдарының халықаралық конгресi» болып өткендiгi есiмiзге түседi. Оны өзге емес, сол кездегi «Асар» партиясының жетекшiсi Дариға Назарбаева ұйымдастырған едi. Сол секiлдi ұлт марғасқалары шетелдегi қазақ баспасөзiнiң өкiлдерiн Қазақстанда жинап, ұлт баспасөзiнiң бүгiнгi ахуалын талқылап жатса, ұлттық рухымызды еселей түсерi анық. Бiрақ, әзiрге бұл қадамға баруға ешкiмнiң дәтi жетер емес.

Жарыссөзде сөз алған шешендердiң қай-қайсысы да, қазiр мемлекет пен ұлт арасындағы алшақтықты, әркiмнiң өздi-өзi жеке тiрлiк кешiп жатқандығын сөз еттi. Егер, бұл екi арадағы аражiктi жалғайтын алтын көпiр, яғни, халық пен билiк арасында ұлттық диалог болмаса, бұның соңы жақсылыққа апарып соқтырмайтындығын ескерттi. «Мәселенi шешпеу күрестiң, төңкерiстiң басталуына алып келедi» деген жазушы Смағұл Елубай өзге проблемаларды жиып қойып, өз мемлекетiнде қазақтың 24 сағат бойы қазақша сөйлейтiн телеарнасы жоқ екендiгiн ашына айтты. Өзге елдiң қоластындағы автономиялық облыс статусы бар Шыңжаңда екi телеарна 24 сағат бойына қазақ тiлiнде хабар таратады. Бұл бақыт Қазақстандағы қазаққа бұйырмаған екен. Саясаттанушы Әзiмбай Ғали Ирландияның тәуелсiздiк алғаннан кейiн ұлттық тiлiнен айрылып қалғанын мысалға ала отырып, мемлекеттiк тiлдi дамытуда, ұлттық құндылықтарды асқақтатуда жаңаша көзқарас керектiгiн сөз еттi.

Ал, «Аллажар» қоғамдық қолдау қорының жетекшiсi Марат Бөтеев қазақтың құндылықтарын ел-жұртқа насихаттайтын, ұлттың ұлылығын паш етуге барын салатын үкiметтiк емес ұйымдардың жұмысының сылбырлығын айтты. Қазiргi 5 мыңнан аса қоғамдық ұйымдардың 50-дейi, яғни 2%-ы ғана қазақ үшiн қызмет ететiн ұйымдар көрiнедi. Қалғандары қазақ ұлтының құндылықтарына қарсы жұмыс iстеп отырғандар. Алайда, мемлекеттен бөлiнiп отырған тендерлердiң көпшiлiгi, өкiнiшке қарай, осы ҮЕҰ-дың қалтасына түседi екен.

Жиналғандардың пiкiрлерiн мұқият тыңдаған Берiк Әбдiғалиев қазiргi күн тәртiбiнде тұрған толғақты мәселелер ретiнде:

– қазақ баспасөзiнiң бүгiнгi халiн (өзге тiлдегi ақпараттың тасқыны мен экспансиясынан қорғану);

– қазақ тiлiнде 24 сағат бойы хабар тарататын телеарна ашу;

– мемлекеттiк тiлдi дамытудың кешендi бағдарламаларын жасау;

– үкiметтiк емес ұйымдардың (ҮЕҰ) жұмысын жүйелеу қажеттiгiн сөз еттi.

Берiк Әбдiғалиев ұлт зиялыларына айында немесе екi айда бiр рет «дөңгелек үстел» өткiзiп, осы көкейкестi дүниелердi талқылап отыруды ұсынды. Ол «дөңгелек үстел» басына мемлекеттiк билiктiң тiзгiнiндегi құзырлы және мүдделi тұлғаларды әкелiп отырғызуға уәде бердi. Дегенмен, жиналғандар әңгiменiң июi қанып талқыланғандығын, ендi жаңаша қимылдайтын кезеңнiң жеткендiгiн сөз еттi.

Жұрттың көңiлiн демдеген бiр мәселе – қазақ мәселесiне Президент әкiмшiлiгi деңгейiнде көңiл бөлiнiп жатқандығы. Демек, бұл кiм кiмнiң де көңiлiне «жыл келгендей жаңалық» әкелгенi ақиқат.

P.S. Ұлт зиялылары «Мемлекеттiк тiл туралы» заң жобасын дайындап, оны қоғам болып талқылап, алаөкпе болысып жүрсе, әдiлет министрi Зағипа Балиева ханым ол заң жобасын мақұлдамай тастапты. Сөйтiп, аталған заң жобасы орта жолда шаң қауып, архивке кететiн түрi бар. Ал, билiк «Алаш» қозғалысының 90 жылдық мерейтойын тойлаудан қорқып отырған көрiнедi. Бiрақ кiмнен, неге қорқып отыр? Ол жағы беймәлiм.

Есенгүл Кәпқызы