«ҚАРА ТIЗIМГЕ» ҚАНДАЙ АУЫЛДАР КIРЕДI?

«ҚАРА ТIЗIМГЕ» ҚАНДАЙ АУЫЛДАР КIРЕДI?

«ҚАРА ТIЗIМГЕ» ҚАНДАЙ АУЫЛДАР КIРЕДI?
ашық дереккөзі

Соңғы кезде азық-түлiктiң әлемдiк дағдарысы АҚШ, Еуропаның дамыған елдерiнiң өзiн шарпып, әжептеуiр әбiгерге түсiрiп жiбердi. Бұның ендi еңсесiн тiктеп келе жатқан бiздiң экономикамызға да үлкен зиянын тигiзетiн түрi бар. Соның әсерiнен қаражатты үнемдеу мақсатында Үкiметтiң бюджеттi қырқып, "Басымдыққа ие емес бюджеттiк бағдарламалар тiзбесiн" түзгенi белгiлi. Сөйтiп, бюджетте бекiтiлген "Ауыз су" бағдарламасы, басқа да көптеген әлеуметтiк салалардан 84 млрд. 96 миллион теңгенi босатып алған едi. Дегенмен, халық қалаулылары әлеуметтiк саладан қысқартқан қаражатты қалпына келтiрудi талап етерiн қояр емес.

Айталық, жақында Парламент Сенатының төрiнен Светлана Жалмағамбетова ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовтiң атына депутаттық сауал жолдады. Онда:

"Сапалы су халықтың жаны, тiршiлiктiң нәрi десек, қарапайым халық неше жылдардан берi таза суға қолдары жетпей келе жатыр. Сусыз отырған ауылдар бұрынғы ескiрген құжаттарын миллиондаған қаржы берiп қайта жасатып, "ауылымызға су келедi" деп күтiп отырғанда 2008 жылғы республикалық бюджеттегi шығындарды қысқарту жөнiндегi шешiмiңiзге Ақмола облысының 18 ауылы енгiзiлiптi. "Биыл салынады, жөнделедi" деп отырған су құбырларын жүргiзу жұмыстары тоқтатылып, ел сусыз қалмақ. Бiразының тендер бойынша қаражаты аударылып, құжаттары жасалып, су құбырларын жүргiзу құрылыстары басталып та кеткен болатын. Халықты таза судан айыратын "бюджеттегi шығындарды қысқартудың" басқа жолдарын тапсаңыздар екен" делiнген.

Сенатормен осыған орай пiкiрлескен едiк:

— Светлана Жақияқызы, Үкiмет "бюджеттiк шығындарды қысқартамыз" деп Ақмола облысының Целиноград ауданынан қандай ауылдарды "қара тiзiмге" енгiздi?

— Тiзiм бiр-екi күнде қолымызға тиедi. Елбасы биылғы Жолдауында "Қандай жағдай болса да әлеуметтiк салаға бөлiнген қаржы қысқармайды" деген болатын. Республикалық бюджеттен әлеуметтiк салаға бөлiнген қаржыны қысқарту, 2008 жылғы Елбасының халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсартуға арналған Жолдауына қайшы келедi. Әрине, мен түсiнемiн, биыл экономиканың даму қарқыны төмен. Онсызда ахуалы нашарлап отырған ауылдарға жығылғанға жұдырық сiлтемей, судан қақпаса да болады емес пе? Целиноград ауданының 7 ауылы қара тiзiмге кiрiптi. Астананы айнала қоршап жатқан ауданның суы жеткiлiктi болса, ауыл халқы астаналықтарды жемiс-жидек, көкөнiспен асырап отырар едi ғой.

— Басқа өңiрлерге қарағанда Ақмола облысының экономикалық жағдайы қандай?

— Қазақстанның басына кешегi тоқсаныншы жылдары қиындық түскенде де Ақмола облысы әлеуметтiк саланы, Алматы немесе Оңтүстiк облыстардай қатты қысқартуға ұшыратпады. Соның арқасында, ақмолалықтар кез келген әлеуметтiк саладағы мәдениет пен денсаулық ошақтарын, мектептердi жауып тастамай, оның орнына қызметкерлердiң алып отырған айлықтарын қысқартып, сақтап қалдық. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын Алматы облысы мен Ақмола облысының денсаулық саласын қаржыландыру бiрдей болды. Бiзге қарағанда екi есе халық көп тұратын Алматы облысын екi есе көп қаржыландыру керек едi, өкiнiшке қарай, олар әлеуметтiк саланы қатты қысқартып тастағандықтан, шөмiштен қағылды. Ақмола облысының халқы басқа өңiрлерге қарағанда тәуiр тұрады деп ойлаймын. Өйткенi, өсiрген малын, еккен егiнiн, отырғызған көкөнiсiн Астанаға әкелiп саудалауға мүмкiншiлiгi мол. Тiрлiк iстеген адам ешқашан аш қалмайды.

Тоғайбай Нұрмұратұлы