Жаңалықтар

ОТАНЫҢА ОРАЛ, ОРАЛМАН!

ашық дереккөзі

ОТАНЫҢА ОРАЛ, ОРАЛМАН!

Мемлекеттiк тiл, оралман, ауыл шаруашылығы секторы Елбасы мен сенаторлар әңгiмесiнiң арқауына айналды

Осы аптада Парламент сенаторларының бiр тобымен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел өмiрiндегi кейбiр толғақты мәселелердi талқылады. Олардың арасында толғағы жетiп, жауыр тақырыпқа айналған мемлекеттiк тiлдi дамыту, оралмандардың отанына оралуы мен бейiмделуi және ауылшаруашылық секторын алға жылжыту мәселелерi бар.

Президенттiң арнайы қабылдауында болған сенатор Қуаныш Сұлтанов Римге сапарының маңыздылығы жайында әңгiмелей отырып, демография және көршi елдердегi қазақтардың тарихи отанына оралу мәселесiн сөз еттi. Бұған жауап ретiнде мемлекет басшысы қазiргi кездегi елiмiздегi демографиялық ахуалдың бiршама қалыпқа түскендiгiн айта отырып, соңғы статистикалық мәлiметтердi де тiлге тиек еттi. Қазақстандағы тұрғындардың саны — 15,7 миллионға жетiп, олардың 65%-ы қазақтар болған, республика тұрғындарының 53%-ы қалада тұрады.

Ал, сенатор Ғарифолла Есiм жалпы рухани-мәдени мәселелердi көлденең тартты. Соның iшiнде күннен-күнге абаттанып, бой түзеп келе жатқан Астанаға "Қазақ елi" монументiн тұрғызу идеясы мен Шәкәрiм Құдайбердiұлының 150 жылдығын республика көлемiнде кеңiрек насихаттауға басым бағыт беру қажеттiгiне тоқталды.

Сенатор Е. Аман Қазақстанда аграрлық секторды қалпына келтiру кезеңiнiң аяқталып келе жатқандығын айта келiп, әлемдегi азық-түлiк дағдарысының бойды бос салуға мүмкiндiк бермейтiнiн әңгiмеледi. Евгений Аманның айтуынша, ауылшаруашылық нысанындағы жердiң 97%-ы мемлекеттiң меншiгiнде екен. Ауыл тауар өндiрушiлерiнiң жердi сатып алу мүмкiндiгiнiң аздығынан көбi жалға алып, пайдаланып келе жатқан көрiнедi.

— Соның салдарынан, жер ресурстарына деген дұрыс көзқарас қалыптаспай отыр. Жер қалай пайдаланылып жатқанын ешкiм бақыламайды, егiншiлiк мәдениетi жоқ, тыңайтқыштар берiлмейдi, — деген ол 2007 жылы пайдаланылған тыңайтқыштардың көлемi бар-жоғы 70 мың тоннаны құрағандығы туралы дерек айтты. Бұрын тыңайтқыштар жылына миллион тоннаға дейiн пайдаланылып келген екен.

Е. Аманның сөзiн мұқият тыңдаған Елбасы елдiң аграрлық секторына тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсетiлiп келгендiгiн айта отырып, "Ауыл" жылдарында осы салаға жыл сайын миллиард доллардан бөлiнiп келгендiгiне тоқталды:

— Қазiргi кезде де ауылға қаржылай көмек көрсетiлуi жалғасуда. Биылғы жылы мемлекеттiк қаржылай қолдаудың көлемi 127 миллиард теңгенi құрады, мұның өзi былтырғы жылдың көрсеткiштерiнен 2 есе артық, — дедi Н.Назарбаев.

Сенатор Серiк Ақылбай қылмысқа қарсы күрес тақырыбын қозғады. Ол құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейту қажеттiгiне назар аударды.

Кездесудi қорытындылаған Президент этностық қазақтардың Отанына оралуын жылдамдатып, олардың қоғамға бейiмделуiне жағдай туғызу қажеттiгiне басты назар аударды. Президенттiң былай деуiне негiз де бар. Өйткенi, 2015 жылы 20 миллионға жету үшiн иек сүйеп отырған негiзгi алтын қорымыз — шеттегi 4,5 миллион қазағымыз. Онсыз жылына 300 мыңның айналасындағы табиғи өсiммен белгiлеген межеге жетуiмiз екiталай. 5 Франция сыйып кететiн ұланғайыр даламыздың қойны-қонышындағы байлығын игеру үшiн 20 миллион емес, 60 миллион адам қажет. Қазiрдiң өзiнде сырттан келетiн еңбек күшiнiң тасқыны жылына 500 мың адамға жетiп отыр. Олардың Қазақстанда қалуына жақсы жағдайлар да жасалған. Егер, бiздiң ұлттық құндылықтарымыз әлi күнге дейiн өз деңгейiне жете алмай отырса, бiздiң өз елiмiздегi үлес салмағымыздың аздығының бұған тигiзер залалы бар. "Байырғы ұлттың үлес салмағы 70-80%-ға жететiн болса, ұлт, тiл мәселелерi өзiнен-өзi шешiлетiн болады", – деген болатын Н. Назарбаев дүниежүзi қазақтарының II құрылтайында сөйлеген сөзiнде. Демек, қазақтардың байырғы отанына оралуына баса мән берiп, елдiң саяси және экономикалық өмiрiне бейiмделiп кетуiне жағдай туғызу қажеттiгi осындай көкейкестi мәселелерден туындап отыр.

Мемлекеттiк тiл демекшi, Елбасы осы кездесуде мемлекеттiк тiлдi дамыту мәселесiн тағы сөз еттi. Н. Назарбаев қазақ тiлiн дамытудың қоғамдық қорын дамытуды ұсынды. Бұл қорға Тұңғыш президент қорынан 500-600 миллион теңге бастапқы қаржы аударылатын болды. Елбасы бұл қорға бойында ұлттық намысы бар, туған тiлiнiң тағдырына енжар қарамайтындардың барлығы қаржы аударатындығына сенiм бiлдiрдi. Сонымен қатар, Астананың он жылдығы, Парламенттiң алда тұрған мiндеттерi де сараланды.

Есенгүл Кәпқызы