КҮРЕҢБЕЛ

КҮРЕҢБЕЛ

КҮРЕҢБЕЛ
ашық дереккөзі

Көрнектi сазгер Илья Жақановтың "Сырлы саздар пернесi" атты кiтабындағы белгiлi ақын Қасымхан Бегманов туралы жазылған лирикалық эссесiнен үзiндi ұсынып отырмыз.

1993-жыл. Ақпан айы. Бiз Қасымхан бастаған төрт-бес адам өткен жылы келген қытайлық жолдастардың шақыруымен поезбен Шыңжанға бет алып келе жаттық. Ұзақ жолдың үстiнде қасыңдағы сапарлас жандардың сөз жүйесi өзiнен-өзi қисындаса кететiн әдетi. Ондай сәтте әркiмнiң көңiлiнде бұғып, булығып жатқан небiр құпия сырлар жылт ете қалады. Бiздiң арамызда Қасымханның жаны жайсаң, әзiлқой жеңгесi Ақтолқын бар. Осы Ақтолқын Қасымханмен қалжыңдасып, бозбала кезiндегi бiраз қызықты оқиғаларын айтты. Оның қыздан қыз таңдап, сол шiркiндердiң әрқайсысына өлең – жырларын арнап, шашылып-төгiлiп, арман құшағында бұлғақтап жүрген ессiз, есер күндерiн еске салып, шегiмiздi қатырды. Маңдайы ақ күмiстей жарқыраған ажарлы жеңгесiнiң әр сөзi Қасымханды қызықтыра тебiренттi. Қасымхан сол жақсы күндерiнiң қадiрiн ұмытпаған екен, iштей бәрiн елестетiп, толқып отырды. Ақтолқын көзi күндей күлiмдеп: – Әй, ұл, атасының баласы…соноу бiр жыл есiңде ме, ұмытпасам 1977-жылдың маусым айы – деп Қасымханға қадала қарады. – Иә, – дедi, Қасымхан да көзiнен шуақты сәуле жарқ етiп. – Сонда сен: "Әуелi ол сүйдi, өзi бас ұрды. Адамның асылы екен," деп жүрегiңдi қолыңа алып, мәз боп жүрдiң. Сол қыз қайда, бүгiнде? – Ой, жеңеше-ай, жастықтың әуресi кiмнiң басында болмайды, дейсiз… Қасымхан жүзi дуылдап, қып-қызыл боп кеттi. Сөйттi де, маған жымия сыбырлап: –Iлаға, өзiңiз сүйетiн Бiржан салдың бiр әнi бар едi ғой, мына Ақтолқын жеңешемнiң әлгi сөзiне жауап болсын, соны айтыңызшы, – дедi. Мен: "ол қандай ән едi?" деп, сәл мүдiрдiм. Қасымхан: – "Жамбас сипар" деген ән емес пе? – дедi, лып еткiзiп. Есiме түстi. Қасымханды бас изей қоштап: Дегенде, бiз қартайдық, бiз қартайдық, Белгiсi қартайғанның серттен тайдық. Қанеки, соныменен шыққан мүйiз, Қасына сұлулардың көп жантайдық, – дедiм, жайбарақат қана. Қасымхан Ақтолқынға: "Ал, бұған не дейсiз?" деген жанша ым қақты. Ақтолқын да шырайлы жүзi бал-бұл жанып: – Иә, иә… жұдырықтай жүрегiңдi қыздарға үлестiрумен келесiң. Оны өзiң айтпасаң да өсекшi өлеңiң жаяды, бәрiмiзге аян ғып. Сен – алмас қылыштың жүзiсiң. Мың құбыласың. Иә, лезде айни саласың. Жүрегiңде маза жоқ, анаған бiр, мынаған бiр уһiлете талдырып, шаршатып бiттiң. Бiр өлеңiң: Өзiң жайлы ойлаймын бүгiнде мен, Жабықсам да өмiрден, түңiлмегем. Бар өмiрiм тұрады сағыныштан, Ғашық жандар жоқ шығар сүрiнбеген, –деп келедi, ал, оның кiм? Одан қалай көз жазып қалдың, а? Тағы бiр өлеңiң: Арасында жер басып жүргендердiң, Сенi сүйген мен барын бiлшi гүлiм, – дейдi. Бұл қай қыз? Сүйiпсiң "гүлiм" деп. Ендi аһылап-уһiлегенiңе жөн болсын? – деп тықсырды. Қасымхан қызараңдап, не дерiн бiлмедi. Ақтолқын әлгi сөзiнiң жауапсыз қалғанына масаттанып: – Бәрiне куә – өз сөзiң! Тыңда тағы: Мұңға айналдың, жапырағын күз жайды, Отырамын поезға бiр тоқтаған. Ел өсегiн бастағанда бiз жайлы, Бұл қалада жоқ болам, – дейсiң де, аңсаулы жүрегiң солықтап: Баяғы iңкәр сезiммен, Кездестiм тағы өзiңмен. Сағыныш жасы, жүректi өртеп, Үзiлiп түстi-ау көзiмнен, – деп таусыласың. Бұған не дейсiң, а? Қасымхан ерiксiз күлiмсiресе де қабағының асты бiрте-бiрте қоңырқай тартып, тұнжырайын дедi. Ақтолқын сол тығырыққа тiреген күйi: Бұл ғұмыр қысқа жол ғана, Ойладық, бәрiн толғана. Кездесiп тағы, қоштасып тұрмыз, Тағдырдың сыйы сол ғана, – деп сылқ-сылқ күлдi. Қасымхан да ерiксiз езу тартып, уәж айтты: – Әй, жеңеше-ай, не десеңiз де өттi ғой, бәрi. Кей жайға жастығымыз кiнәлi шығар, не өз барқымызды өзiмiз бiлмегенбiз. Бәлкiм, әлсiздiгiмiз… Сiз қазiр менi сөйлетпей, "жеңдiм" деп отырсыз. Ал, өзiңiз ше? Сiздi бiздiң Назымхан ағай ғана сүйдi ме? Гүлдей құлпырған кезiңiздi көрдiм ғой, көлеңкеңiздi көбелектей қуалап, талай жiгiт жүгiрiп жүрдi. Ал, сiз болсаңыз құдай жарылқап, бiздiң әулетке келiн боп түстiңiз, қадамыңыз құтты. Бiрақ, шыны керек, мына жер бетiнде сiзге қолы жете алмай қалған небiр жiгiт дүррi бар ғой… бар. Олар да сiз жөнiнде менiң өлеңiмдегi уһiлеген сөздердi айтатын шығар. Не айла, бұл өмiрдiң бұйрығына. Тағдыр сыйы осылай, жеңеше. Сiз де армансыз бiреуге. Ақтолқын жүзi алмадай албырап, бiр сөз айта алмады. Осы оқиға менi тәттi түстей тербей бердi. Күз. Бiр күнi Қасымхан телефон соғып: "Iлаға, бүгiн қолым бос. Үйдегi күйбең-күйбең iс шаршатты. Елегзiп, бiр жаққа шыққым келедi. Бiрақ, көзiме ешкiм көрiнбейдi. Дос-жарандар мың құбылады. Үйде де, түзде де құлазимын. Осындайда жанға не дауа, Iлаға? Ән… ән ғана! Сiзден ән тыңдағым келедi. Жан тазарсын. Тән сергiсiн. Сiз, бiздiң заманның ескi әндерiн… Оның iшiнде, әсiресе, орыс композиторларының әндерiн жиi айтасыз. Сол әндердегi нұрлы сезiм шуағын сiзден сезiп, әр әннiң тарихы мен тағдырына қызығып, бiр ғажайып дүниеге енгендей шырайым кiрiп, көтерiлiп қалам. Шығайықшы, кең дүниеге!" деп қиылды. Бiз сол күнi түс қайта тау етегiне бардық. Сырластық. Ана жылғы Шыңжан сапарын еске алдық. Ақтолқынның әзiлiне күлдiк. Сол әңгiме үстiнде мен өзiм сүйетiн бiраз орыс әндерiн… оның iшiнде Исаак Дунаевскийдiң: Ой, цветет калина В поле у ручья. Парня молодого Полюбила я, – дейтiн сырлы әнiн айттым. Оның сюжеттi сөзiне қызықтық. Бiр махаббат хикаясы. Бақсақ, бiзде мұндай әндер жоқтың қасы. Әндерiмiздiң денi жалпылама ғана "күйдiм… сүйдiм" дей бередi. Шәмшiде "Қыз жалғыз, бiз екеумiз" деп аталатын сюжеттi ән бар. Шәмшi орыс әндерiн жақсы бiлдi. Сол тағлым. Осыған ойлана мән бердiк. Әдебиеттегi бұлжымас шарт – Время. Место. Действие – әнге де керек. Соны зерделедiк. Соның ертеңiнде Қасымханның өлеңдер жинағына көз жүгiртiп отыр едiм: Ғашық боп тұрған өзiңе үзiле жалған, Сағынар кейiн сонда мен күзiме барғам. Аспаннан ағып қос жұлдыз құлаған едi-ау, Көзiңнiң жасы секiлдi жүзiме тамған. Көз жасың моншақ секiлдi тiзiле қалған, Тамшыдай тамған тырсылдап жүзiме талдан. Дүние-ай, сол сәт үн-түнсiз дәл мендей болып, Ғашық боп тұрды өзiңе үзiле жалған. Бiр-бiрiн қияр қайғылы шешiмге барған, Осындай мұңлы, туған жер, төсiңде бар ма ән? Жоғалтқан сонау аяулым мәңгiге сенi, Қос жұлдыз аққан күзгi түн есiмде қалған. Тырналар кейiн түстiкке тiзiлiп ұшты, Бала ақын тұрды суретке қызығып күштi. Дариға-ай, сол бiр күзгi түн түсiме кiрiп, Бiр тамшы менiң көзiмнен үзiлiп түстi. Бiздердi бөле алмайды ара қашықтар, Сағынышымды қара жел, ала қашып бар. Жұлдыздар аққан түндерде қыдырмаңдаршы, Ырымға жаман екен ол бала ғашықтар, – деген бiр өлең ойға салды да қойды. Баяғы сол Шыңжанға сапар… поез үстiнде Қасымхан мен Ақтолқын жеңгесiнiң әзiлi… Қасымханның сүйген қызына жазған сағынышты өлеңдерi… арада жылдар өткенде сол қызбен кездесуi… бәрiн елестетiп, жүрегiмнiң пернесi дiрiлдедi де отырды. Дүниеге тағы бiр жаңа ән келдi. Өзiмнiң алғашқы әндерiм секiлдi. Иә, елуiншi жылдардың әуезi. Бұл әндi орысша сөзбен айтсаң да өзге жұрттарға еш жаттығы жоқ. Сол баяғы әндерiмiздегi лирика Қасымханға телефон соқтым. Әннiң мән-жайын, ондағы сезiм күйi қандай болуы керек… бәр-бәрiн бiр ләззатты сезiммен аян еттiм. "Кездесейiк" дедiм. Бiрақ, Қасымхан үш күндей бөгелдi. Төртiншi күнi Қасымхан жайраң қағып, үйге кiрiп келдi. Алабұрта сәлемдесiп, қолыма бiр парақ қағазды ұстата бердi. Өлең. Оған көзiм түскенi сол: Есiмде Күреңбел қырлары, Беймаза жылдарым зырлады. Ол кезде бозбала ақын едiм, Бiр сен деп төгiлген жырлары. Есiмде сүйдiң сен асылым, Мен-дағы армансыз тасыдым. Тағдырдың тым қатал сыйы барын, Нелiктен бiлмедiк ғашығым. Есiмде Күреңбел кештерi, Таулардан самалдың ескенi. Соңғы рет өзiңмен қоштасарда, Бұлттардың күркiреп көшкенi. Есiмде Күреңбел көктемi, Аңсатып құстардың жеткенi. Қайтейiн, қинайды жүрегiмдi, Өмiрдiң өзiңсiз өткенi! – деп, жаңа әнiме табиғи үйлесе кеттi. Өз жүрегiмнiң лүпiлi… Ән сөзiне ойлана үңiлiп, бiр жерiне қалам тигiзбедiм. Қасымхан екеумiз бiр – бiрiмiзге үнсiз ғана күлiмсiреп, көзбен ғана ұғыстық. – Әндi "Күреңбел" деп атаймыз ба?– дедiм. – Иә, – дедi Қасымхан. – Е, бiр "Күреңбелдi" бiледi екем, ол – Талдықорған жағында… – Менiң "Күреңбелiм" басқа жақта, Iлаға! Бұл – 1999-жылдың күзi. "Күреңбел" әнi алғаш рет бiздегi Корей жұртының белгiлi әншiсi, Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi Зоя Кимнiң орындауында 2004-жылдың маусым айының төртiншi жұлдызында Республика сарайында өткен "Едiл-Жайық" атты концертiмде орындалды. Одан кейiн осы концерт сол жылы желтоқсан айының бiрiншi жұлдызында Астанада "Конгресс-Холл" сарайында өттi. Бұл жолы "Күреңбел" әнiн қазақ эстрадасының бiр жарқын жұлдызы Толқын Забирова дүйiм жұртты таңқалдыра шырқады. Қасымхан ақын ғой, ақын… "Күреңбел" әнiне толғанғанда: – Iлаға, Шыңжанда Рахметолла әпше есiмдi белгiлi ақыннан Әсеттiң "Ардақ" дейтiн әнiнiң белгiсiз бiр түрiн жазып алып едiңiз ғой, соның қайырмасын айтыңызшы, – дейтiнi бар. Мен оны жайлап әндетем де: Салдым-ау, сайран, Қалдым-ау, қайран, Дүниеде болмас iстiң бәрi де арман, –деп "аһ" дегiзетiн қайырмасын күрсiнiстi леппен айтып бiтем. Қасымхан көз алдымда құлазып, қоңыр көзiне мұң ұялайды. Әр өлеңiндегi сыр өз басынан кешкен хал. Сол сәтте көңiлiмде немiс ақыны Иоганнес Бехердiң "Вся жизнь истинного поэта-сама поэзия!" деген сөзi маздап жатады. Қасымханның өзi де – әндегi кейiпкер…