Жаңалықтар

ҚАЗАҚ 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТСЕМ ДЕЙДI, АЛ ӨЗБЕК 40 МИЛЛИОНҒА

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТСЕМ ДЕЙДI, АЛ ӨЗБЕК 40 МИЛЛИОНҒА

Жолаушылар таситын автобус iшi ығы-жығы. Бiр байқағаным, бұрынғы кездегiдей жайдары күлкi, ашық-жарқын әңгiме сиреп қалған сыңайлы. Әркiм өз ойымен, тұрмыс тауқыметiндегi мәселелерiмен арпалысып отыр-ау дейсiң iшiңнен. Жол бойы жиi-жиi кездесетiн кептелiс те iш пыстырады.

"Сөзден сөз туады, сөйлемесең қайдан туады" демекшi, жанымда отырған жiгiт ағасын сөзге тартқым келiп:

– Отағасы, iлгерiректе автобусқа мiнсең, қазақ ұлтының қарасы аз көрiнетiн едi. Бұл күнiмiзге де шүкiршiлiк жасаймыз да, – дедiм.

– Ол сөзiңнiң жаны бар, шырағым. Студент кезiмiзде жолаушылар көлiгi iшiнде бiр-бiрiмен қазақша шүйiркелесе қалсаң, мына жақта отырған орыстың мыжырайған кемпiрлерi "Неге сендер орыс тiлiнде сөйлеспейсiңдер, көктен түстiңдер ме!" деп жеки жөнелетiн. Ауылдан астананы аңсап ендi келген бiздерге олардың бұлай сөйлеуi заңды көрiнетiн, екiншiден, олармен дауласып жатуға тiлiмiз де жетпейтiн, үшiншiден, интернационалдық тәрбиенi жасымыздан миымызға әбден сiңiрiп өсiргендiктен еркiн көсiлуге жасқанатынбыз.

– Аға, ондай жағдай бар қазақтың басынан өттi ғой. Қазiрде жетiсiп тұрғанымыз шамалы, десек те, Кеңес кезiнде Алматыға көшiп келiп үй алу былай тұрсын, қалаға тiркелу мәселесi де қиямет болған деседi ғой. Естуiмiзше, Алматыдағы негiзгi ұлт өкiлдерiнiң санын 25-30 пайыздан асырмау керек деген астыртын нұсқау болған сияқты. Орыстiлдi шенеунiктер, ол тапсырманы асыра орындапты. Зиялы қауым өкiлдерiнiң бiрдi-екiлi айтқан уәждерiн шыбын ызыңы құрлы көрмептi. Сөйтiп, өз елiмiзде өзiмiз жетiм қозының күйiн кешiп, тырп етуге шама жоқ, төзе бермегенде не келедi қолдарынан. Құлдық санамыз да солай қалыптасыпты. Ендi Мәскеуге тәуелдiлiктен құтылып, өз тағдырымызды өзiмiз шешуге қол жеткiзген шақта халық санын 20 млн.-ға жеткiзуге талпыныс жасауымыз арда жетiскенiмiз емес пе? Мемлекеттiк статистиканың мәлiметiне сенсек бүгiнде халқымыздың саны 15 млн. 600 мыңға жетiптi. Қазақтың өсiмi 60 пайызға көтерiлiптi, — дедiм бiлгiрсiнiп.

– Шүкiршiл жiгiтiм, сен не деп отырсың, қайдағы 20 млн.? Ол әшейiн бос қиял. Бiздiң билiктiң халықтың бетiн басқа жаққа бұрып, кезектi алдаусыратудың бұл да бiр құйтырқы саясаты.

– Неге олай ойлайсыз, бұлай деуге қандай дәлелiңiз бар? — Солай айтуым-ақ мұң екен, менiң жолсерiгiм, осы сауалды күтiп отырғандай, сөз тиегiн де ағытып жiбердi.

– Дәлел керек пе? Сен құлағыңды түр, мен саған түсiндiруге тырысайын. Жағрапиялық тұрғыдан қарасақ, Қазақстан алпауыт елдерiнiң қоршауында. Шығысымызда миллиардпен еңсерген Қытай тұр. Қазiр ғаламда Қытайдың экономикалық өрлеуiнен гөрi олардың демографиялық басымдығы көптеген елдердi алаңдатып отырғаны ақиқат. Солтүстiгiмiзде үш ғасырлық отарлаудың елесiнен айрыла алмай, әлi де өктемдiгiн жүргiзуге әрекет жасап жатқан ормандай орысты қайда қоясың? 2020 жылы халқының санын 40 млн.-ға жеткiземiз деп өзбек көршiмiз жанталасуда… Ау, тәубәшiл жiгiтiм, қалғып кеткен жоқсың ба? – деп кенеттен шаңқ ете қалды.

– Жоқ, ағасы, сөзiңiздi жалғай берiңiз, бар ықыласым сiзде, — дедiм тағы да бiр ерсi мiнез көрсетiп қала ма деген сезiкпен.

– Ал, ендi бiздiң Үкiмет 2015 жылы 20 млн.-ға жету үшiн нақты қандай шараларды iске асырып жатыр? Сараптап көрейiкшi. Әлемдегi барлық қазақты қосқанда (iшiнде бiз де бармыз) жалпы санымыз 13 млн.-ның о жақ, бұ жағында. Бұл дегенiңiз, қазақ ұлтының үштен бiрi шет жұртты паналап, солардың қабағына қарап, жалтақтап бейшаралық ғұмыр кешуде. Ендi бес-он жыл iшiнде шеттегi тарыдай шашылып кеткен бауырларымызды көшiрiп алмасақ, одан арыда өмiр сүрген қазақтарды қандас деп айтуға да бола қоймас. Олардың бәрi қазiр ұлтсызданудың табалдырығынан аттағалы тұр. Көп ұлттың арасына сiңiп кете ме деген қауiптiң бары рас. Ондай құбылыс өткен тарихтан белгiлi. Ендi жоғарыда айтқан "бос қиял" сөзiме қайта оралсақ, бiрiншiден, ең өкiнiштiсi, бiздiң Үкiмет арғы беттегi қазақтарды тездетiп елге әкелуге құлықсыз, тәуелсiз ел ретiндегi өзiндiк ұстанымы, қазаққа деген жанашырлық ниетi сезiлмейдi. Қазiрде шеттегi қандастарымыздың 20 пайызын ғана елге әкелгенiмiз – соның дәлелi. Оның есесiне, шекаралас мемлекеттiң мыңдаған жұмыссыздарын Қазақстанға әкелуге шешiм қабылдап отыр. Бұл жерде кiмдердiң ығына жығылып отырғаны әзiрге жұмбақ. Екiншiден, ТМД-дағы ең бай мемлекет бола тұрып, елдегi қазақтардың жағдайын жақсартуға қаншалықты көңiл бөлiп отыр? Шындығын айтсақ, өте мардымсыз, көңiл көншiтерлiк тiрлiгiмiз байқалмайды. Қарны тойып тамақ iшпесе, басында жеке баспанасы болмаса, ең болмаса үй салуға 10 сотық жер ала алмаса, бала-шағасын шұбыртып, әркiмнiң есiгiнде жүрсе, ондай отбасылар қазақтың демографиясына қайтiп өз үлесiн қоса алады? Балалы-шағалы болғысы келсе де, әлеуметтiк жағдайы мұрша бермейдi. Сөз орайында еске сала кетейiн, Ресейдiң әйелдерге жасап жатқан қыруар әлеуметтiк көмегiн айтпағанда, Германия мемлекетi үш жылға дейiн босанған әйелiмен қоса күйеуiне де ақылы демалыс беретiнiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Мiне, халық санын көбейтем деген үкiметтiң тiрлiгi осылай болса керек-тi, тағы бiр ескеретiн жәйт, бала санын көбейтемiз десек, алдымен ауылдың жағдайын жақсартуымыз керек. Өйткенi көп балалы болудың негiзгi ошағы – ауыл. Ауыл оңбай, бiздiң көсегемiз көгермейдi, ұлт болып ұйымаймыз.

Сөз соңында айтайын дегенiм, Қазақстан халқының санын көбейтемiз деп әлемге жар салудан кемде-кем емес. Ал, жалғыз адамды елге көшiрiп әкелуге, Үкiмет ұялып-қызармай, қаржы жоқ деп сылтаурататынына көп жыл болды. Менiң түнгi ұйқымды төрт бөлiп, мазалап жүрген Қытайда тұратын, сексеннiң сеңгiрiне шыққан, төрiнен көрi жақын, мәшһүр жазушы, ұлтымыздың жанашыр азаматы – Қажығұмар Шабданұлының қайғылы тағдыры. Ол шет жерде жүрiп-ақ өз ұлты үшiн қайғырып, қан жұтып туған жердiң бiр төмпешiгi бұйырса арманым жоқ деп "аһ" ұрып жүрген күрескер жампоздарымыздың бiрi. Өз ғұмырының 40 жылын түрмеде өткiзген қажырлы қайраткер. Жүрегiнiң қанымен Елбасы Назарбаевқа жазған екi мәрте хаты да жоғары билiктi елең өткiзер түрi жоқ. Теңiз тамшыдан құралады емес пе?! Мәссаған 20 млн. керек болса! — деп сөзiн түйiндеген ол "Мамыр-2" аялдамасынан түсiп кеттi. Түс көргендей болып мен қалдым. Қалың оқырмандар арасынан түс жоритындай табылып жатса, редакциямен хабарлассын, ақыл қоссын.

Кәрiм ЖҰМАБАЙҰЛЫ, еңбек ардагерi