САЛТ-ДӘСТҮРДЕН АЛШАҚ ЖАТҚАН КӨРКЕМ ФИЛЬМДЕР
САЛТ-ДӘСТҮРДЕН АЛШАҚ ЖАТҚАН КӨРКЕМ ФИЛЬМДЕР
Қазiргi қазақ елiнде түсiрiлiп жатқан бiрқатар тарихи кинолар бар. Әрине, тарих бұрмалауға келмейтiн өмiрде болып өткен құбылыс. Ал, салт-дәстүр бiр ұлттың ұзақ уақыт бойы қалыптасқан, қанына сiңiп, кемiгiне жеткен әдетi. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан осы салт өзгерсе, тарихы бұрмаланса, ол ұлт бейнесi өз бояуымен әйгiлене алмайды. Бiздiң сахарамыз сайын дала, асқар шыңдарымыз осы қатпарлы тарихтың куәгерi. Олар сан тауқыметтi бастан кешiрген қайсар халықпен бiрге жасасып келе жатыр.
Әрине, қазiргi кезде олар да заман ауқымынан қағыс қала алмай, қазылып бүлiнiп жатқанымен бiздiң тарихымызды көрсетiп кино түсiруге лайықты жерлерiмiз көп. Бiрақ, бiз оны қалай көрсетiп жүрмiз. Мысалы, Ұлжан Қолдауованың "Тауқымет" фильмiндегi ұлт дәстүрiнiң көрiнiстерi басталған жерiнен шатаса бастайды. Кино басталысымен ауыл бейнесi, оған атпен баса-көктеп келген адамдар көрiнедi. Қалыптасқан дәстүр бойынша, қазақ мына жағдайларда ғана ауылға атпен шауып кiредi және көп аялдамай, айтарын айтқан соң лезде жүрiп кетедi: бiрiншi — елдi жау шапқанда, екiншi — қаралы хабар жеткiзгенде. Оның себебi, бұл жағдайлар өте асығыс жағдайлар. Бiрi — ел басына түскен ауыр күн. Ол жағдай тез хабарланып, бүкiл ел болып қарсы күреске ұйымдасып, халықтың бейғамдықтан қырылып кетуiнiң алдын алып сақтану үшiн. Ал, екiншiсi — қазақ халқының кiсiлiк қарым-қатынас салтында марқұм болған адамның өлiм хабарын оның жақын туыс-туғандары мен ел-жұртына неғұрлым тез жеткiзiп, марқұмды уағында кешiктiрмей жерлеу, тiрi адамдардың өте-мөте айналасындағы көршi-қолаң, ауылдас жерлестерiнiң бас тартуға болмайтын адамдық әрi азаматтық парызы саналады. Және барлығына бiрдей шауып келiп айта бермей, жақын туыстарына тiкелей естiртпей, ауыл ақсақалдары, тiлдi-жақты шешен адамдары жиылып келiп, оспақтай отырып жеткiзедi… Егер, беделдi адамдардың қазасын қанаттас отырған ауылдар мен ру-тайпаларға естiртпей, өздерi жерлесе, ол әдеттегi өкпе-наздан асып, бiр-бiрiн сындыратын сықақ пен ажуаға айналады. Тiптi, бетке салық, сүйекке таңба боларлық әңгiмелерге арқау болып, ағайын мен ел-жұрт арасына жiк түсiредi.
Үшiншiсiн айтар болсақ, ол қуанышты хабар. Әртүрлi себептерден болған жүрекжарды қуанышты сүйiншiлеп жеткiзуге асығады, әрi сүйiншi әкелген адамға iстiң салмағына қарай меселiн қайтармай лайықты нәрсе сыйлап отырған. Басқа уақыттарда ауылға атпен кiрмек тұрмақ, ауылға таяғанда қатты жүрсең де, ауыл ақсақалдарының сөгiсiне ұшырайсың. Бұл фильмде бұдан басқа да «әттеген-айлар» өте көп. Ашу шақырған ерiнiң әйелiн ұрып-соққан көрiнiсi ерекше дөрекi көрiнедi. Су iшiнде ұрады. Тiптi, онымен қоймай, қайдан тапқанын кiм бiлсiн, лай суға қуып апарады. Жiгiт сол лайдан шыққан соң суға барып жуынбай, есiк алдында астына тегене қойып, бiр жiгiтке құманмен үстiне су құйғызып тұр. Ол үстiндегi лайы толық кетпей жүре бердi. Бұл жерiне ешкiм де нанбайды. Дарияның қасынан құдық қазғандай болып, сарқырап ағып жатқан суға жуынбай, құманға жармасу деген не және оның әйелiн басын төмен қаратып салбыратып асып қойғаны салтымызда жоқ нәрсе.
Көркем фильм деп "көрiнгендi" шақырып, көне тарихты бұрмалап жiберуге, оны қолдан жасауға батылымыз қалай барсын… Бiр хан, бүкiл ел бiр азаматын қалың қолдың ара¬сына додаға жiберiп, ал өздерi там жастанып тығылып тұру жүрегiнде жылуы бар жанның намысын қоздырмай ма? Сонда бiз қандай халық болғанымыз? Бiздiң бабамыз соғысқа шыққанда бiр жекпе-жектiң өзiнде бес қаруды тегiс қолдана бiлген. "Жетi қараңғы түнде бестi асауды шалмалап ұстап, мiнiп жүре беретiн, тақымына қара шұбар сойылын қысып жортуылға шығатын" деп қалай айта аламыз. Керек десеңiз, бiздiң тарихи фильмдердегi аттардың көбiсiнiң ноқтасы да жоқ, адамдары байлау бiлмейдi. Аттан түссе, аттың басынан асырып тiзгiнiнен ұстайды. Байласа, ағашқа тiзiгiнiнен аса салады. Дәмiр Манабайдың "Кек" фильмiнде ұрысқа сайланған аттардың кейбiрi бiр айылмен ғана келе жатыр. Қазақ баласы соғыс тұрмақ жай шабысқа да "аттың арқасы кетедi" — деп, қос айыл, құйысқан, өмiлдiрiгiмен қоса тағатын, "атты аясаң, айылын тарт" деген мақал тегiн айтылмаған. Бiр айыл дүбiрлi соғыстың қажетiне жарар ма едi?.. Бұны көрген қазiр қалада өсiп, дала салтынан алыстап бара жатқан тебiнгi мен үзеңгiнi, өмiлдiрiк пен құйысқанды, ноқта мен жүгендi, тiптi "н мен ң"-ды бiр-бiрiнен айыра алмай жатқан қазақтың қара домалақ балалары тарихты қалай қабылдайды? Амал жоқ, ата салтынан алшақтай бередi… Және де "Кек" фильмiнде мақалдар да дұрыс пайдаланылмайды. Мақал деген — ол "тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi" — халық әбден жадына сiңiрiп, қабылдап болған нәрсенi мөлшерлеп өзгертуге болмайды. Мысалы, "Қонақтан өш алмас болар" дейдi. Негiзi былай десе жөн болар едi: "Үйiңе келген кiсiге үйдей пәлеңдi артпа" және "Жас кезде не көрсең, ұшқанда соны аларсың" дегеннен гөрi, халық арасына кеңiнен тараған "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың" деген түрiн пайдаланса дұрыс болар едi. Зират басында екi жақты бiтiмге келтiре алмай басы қатқан ақсақал әруақтарға бағыштап құран оқиды. Сол кезде және қателiк жiбередi. Қай қазақ зират басына барғанда құранды тiрi адамға жиылған халыққа қарап оқушы едi? Артында тiзе бүгiп жамағат отырады. Ал сол жердегi барлық әруаққа бағыштаса, зираттықтың шетiне ала барып бүкiл әруаққа бағыштамас па едi.
Бiз кино түсiрудi мақтан көретiн сияқтымыз. Қаржы жетiспей жатыр, тағы басқа толып жатқан сылтаулармен келер ұрпақ алдында жауапкерсiздiк танытып, қалт-құлт етiп әрең оңалып келе жатқан салтымызды, өзiмiз де толық бiлмей жатқан тарихымызды ойымызға келгенше өзгертуге болмайды.
Жалпы мұндай қателiктердi көру арқылы кинорежиссерлерiмiздiң қазақ тұрмысын жете бiлмейтiндiгiн, оған араласпағандығын түсiнемiз. Олар қазақ тұрмысына араласса, мұндай қателiктер жiбермеген болар едi, санасар едi.. Мен барлығын бiркелкi шеттетiп отырғаным жоқ, жақсы жақтары да баршылық. Бiрақ бiлуге тиiстi нәрсенiң арзандап кеткенi адамды ашындырады. Егер, өз ұлтымыздың мүддесiн қастерлей бiлсек, ата-баба әруағы алдында, келер ұрпақ алдында бетiмiз жарық болсын десек, өз салтымызды сақтап, ардақтап, баданадай қылып болашаққа ой тастарлық тамаша кино түсiруге тырыссақ екен.
Мырзабек НӘСIПХАНҰЛЫ,
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студентi