Жаңалықтар

АЩЫ ТАМЫРДЫҢ ТӘТТI ЖЕМIСI

ашық дереккөзі

АЩЫ ТАМЫРДЫҢ ТӘТТI ЖЕМIСI

ХХ ғасыр басында ұлт ретiнде мәңгi өмiр сүрiп, өзiн-өзi сақтап қалу мәселесi алға көлденең қойылған алмағайып қым-қиғаш заманда қазақ зиялыларының бiр тобы өткен тарихын анықтап зерттемесе, болашаққа шарықтап ұша алмайтынын тереңiнен түсiндi. Олар – Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердiұлы, М.Тынышпаевтар болды. Кәсiпқой тарихшы болмаса да, ұлтына, Отанына деген сүйiспеншiлiгi, жанашыр махаббаты оларды тарихи тамырын шынайы зерттеуге жұмылдырды. Қазақ тарихын, шежiресiн, руханиятын объективтi қарастырған ғылыми еңбектердi тудырды. Қазақтың тарих ғылымына алғаш дәйектi пiкiрлер бiлдiрiп, тұщымды баға бергендер де осы зиялы ғалымдар.

Алайда зұлмат заманның зардабы алаш арыстарын қамысты орған шалғыдай жайпап өткеннен кейiнгi келген ұрпақ шындықты саналы түрде бұрмалай бастады. Тоталитарлық-коммунистiк идеология режимi тарихымыз үшiн қасiрет жылдары болды. Көптеген кеңестiк тарихшылар шындықты айта алмай тұсаулы аттай кiбiртiктедi. Әрi "…тоталитарлық-коммунистiк режим жағдайында айтылмаған шындық үшiн өзiн кiнәлi санамайтын, сезiнбейтiн жаңа ұрпақ өсiп жетiлдi" (Талас Омарбеков). Сонымен қатар "сақтанып" айтатын және амалсыз екiжүздiлiкке "салынған" тарихшылар қатары қалыптасты. Әрине бұл кеңестiк тұстағы тарихшы қауым идеологияның құрсауында өткендiктен, анық қазақтың шынайы тарихын жаза алмайтын да едi. "…Шындықты дер кезiнде тарихшы айтуға мiндеттi емес. Өйткенi, әрбiр тарих пiкiрi, тарихи оқиға, белгiлi бiр кезеңнен кейiн ғана, әсiресе, кейiнгi ұрпақ тарапынан әдiл бағасын алды" (Талас Омарбеков) деген пiкiрге құлақ асар болсақ, бiлместiктiң базарында өткен тарихшылардың көзқарастарына түсiнiстiкпен қарағанымыз дұрыс та шығар. Неге өткендi еске алып, барлау жасап отырмыз? Өйткенi елiмiз егемендiк алып, кеңестiк кезеңнiң бет пердесi әшкере болғанда тарихымызға терең үңiлу ғасыр басындағы тарихымыздың шынайы көрсете бiлген алаш зиялыларынан кейiн қайта мүмкiндiк туды. Дәл осы тұста көптеген кәсiби тарихшылар қазақ тарихын өзiне қайтарып, архив деректерi мен төл деректердi ақтарып тарихымызды қайта сараптауға кiрiстi. Олардың қатарында Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелдиев т.б. тарихшылар болды. Солардың iшiнде Талас Омарбековтың қазақ тарихы мен халқы, келешек ұрпақ үшiн еткен ерен еңбектерi зор. Бүгiнде Талас Омарбеков – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетiнде ежелгi және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушiсi, тарих ғылымдарының докторы, профессор, қазақтың бiртуар азаматы.

Ендi Талас Омарбековтың өнегеге өрiлген өмiрiнен сыр шерте отырып, тарих ғылымына қосқан үлесi қандай? деген сауалға жауаппен жалғастырсақ.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жакен Қожахметұлы Талас Омарбековке "тәуелсiздiк тарихшысы" деп баға бередi. Олай дейтiнiмiз, ғалым қазақ тарихын зерттеуде тәуелсiздiк тұсындағы яғни жаңа тарихнамалық кезеңнiң көзқарастарын, ұстанымын қалыптастырды. Әрине бұл кез келгеннiң қолынан келетiн оңай шаруа емес-тiн. Коммунистiк идеологияның шарпуы тиген кейбiр тарихшылар егемендiкке қол жеткiзгенде тәуелсiз елдiң ұрпағына сай рухани өнiм бере алмады. Ал Ш. Құдайбердiұлы, Ә.Бөкейханов, Е.Бекмахановтардан кейiн шындықты шырмаудан босатуға баянды күннiң шуағы қылаң беруiнiң арқасында Талас Омарбековтiң үлесiне тидi. Тәуелсiздiк алған түбегейлi өзгерiс жылдары халқымыздың тарихына қызығушылығы оянғанда, тарихи танымын кеңейтуге табанды еңбек еткен тарихшылардың бiрi болды. Кеңестiк дәуiрде тарихшы-зерттеушiнiң алдында шешуi қиын екi мәселе тұрды. Ол қажет деген архив материалдарына қол жеткiзудiң қиындығы, тiптен мүмкiн еместiгi және әдiснамалық (методологиялық) шектеулiлiк. Осы екi қапы кеткен мүмкiндiкке Талас Омарбеков бiршама қол жеткiзгендей болды. Бiрiншi мәселеде тарихшының табандылығынның арқасында архив құжаттарын ақтарып, тарихымыздың ақтаңдақ ақиқаттарын ашықтайтын тың деректердi тауып, ғылыми зерттеулер жүргiздi. Бұл бағыттағы жұмысы 1988 жылы басталған едi. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң жанындағы Партия тарихы институтына аға ғылыми қызметкер ретiнде қызметке шақырылды. Осыдан бастап қазақ тарихын жаңаша, қайта жазу туралы әңгiмелер көтерiлдi.

Талас Омарбеков институт қабырғасында жүрiп, партия тарихының құпия мұрағаттарын iндете зерттеп, 20-30 жылдардағы сұм солақай саясаттың сырын ашып, зобалаң зардаптарын әшкерелейтiн т.б. тарихымызға қатысты ғылыми құнды мақалаларды жаза бастады. Алайда ақиқатты айқын жазу заңғар зерттеушiге оңай тимедi. Себебi кеңестiк дәстүр дертi бойына сiңген институтқа басшылық етiп отырған коммунист тарихшылар тарапынан жас ғалымның еңбектерi сынға ұшырайды. Осының нақты көрiнiсi Т.Омарбековтың "Голощекин геноцидi" атты көлемдi тарихи зерттеуi едi. Бұл туралы сол кезде шынайы ұлтымыздың тарихын зерделеп жүрген тарихшыларға үн қосқан Әмiрхан Меңдекеев былай дейдi: "…институт болса, қазақ тiлiнде мақала жазып жүрген осы зерттеушiлердi қолдап, қуаттаудың орнына олардың мақалаларын сектор, дирекция мәжiлiстерiнде бiрнеше рет "талқыға салған". Талқылаудың барысы мақалалардың деректiк сипатына, ғылыми мән-мазмұнына арналса да бiр сәрi-ау, талқылаудың ұзын-ырғасы мынаған кеп сайыған: "Интервью беруге сенiң құқың жоқ", мақаланы неге жалғыз өзiңнiң атыңнан жариялатасың…", "Мақаланы жариялатардан бұрын институт басшыларымен неге ақылдаспадың?.." және т.с.с." Сол уақытта тарихшылардың көпшiлiгi орыстiлдi болатын. Тағы да Ә.Меңдекеев: "Институт басшыларын қоса есептегенде 30-ға жуық ғылыми қызметкерлердiң iшiнен қазақ тiлiнде ғылыми-зерттеу еңбек жаза алатындар — небәрi үшеу ғана. Олар – М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Р.Әбсаттаров" деп жазады. Қазақ тiлiн ғылыми тiлге айналдырып, қалыптастыру мақсатында алғашқылардың бiрi болып тарихи-ғылыми еңбек жазады.

Алмағайып заманның сарқыншағы әлi де сақталған едi. Сол кездегi адамдардың дертiн әшкерелеген Талас Омарбеков: "Институтымызда сонау әмiршiлдiк-әкiмшiлдiк жүйе, тоқырау заманынан қалған "дәстүрлердiң", қасаң қағидалардың әлi күнге дейiн тоңы жiбiмей келедi. Бұлардың бiразына тоқтала кетейiн. Бiрiншiден, коллективтегi ғылыми қызметкерлер институт басшыларының "бағытын" бұлжытпай сақтауы тиiс. Екiншiден, мұны олар "Коммунистiк партияның бағыты" деп түсiндiрiп келдi. Осының салдарынан қандай да бiр баспасөз немесе ғылыми басылым беттерiнде тың пiкiр айтқан ғылыми қызметкерлер мұнда ашықтан-ашық қудаланады. Өйткенi, қалыптасқан "дәстүр" бойынша жаңалық жаршысы, тың пiкiрдiң иесi институт басшылары болуға тиiс. …көз майыңызды тауысып, "инемен құдық қазып" тапқан дерегiңiз, құжатыңыз – осы институттың архивiнiкi. Және оның үстiне сiздiң өзiңiзде – осы институттың қызметкерiсiз. Сондықтан жариялағыңыз келетiн деректi ең әуелi институт басшыларына көрсетуiңiз керек. Ол сiздiң ниетiңiздi мақұлдай қойса жақсы. Мақұлдай қойғанның өзiнде сiз тапқан құжатқа, сiз жазған мақалаға автор ретiнде бiраз адам "мiңгеседi". …Ал сiз құжатты баспасөзге даярлаушы көп автордың бiрi ғана болып шығасыз. "Коллективтiк жұмыс" дегенiмiз осы. Институт қызметкерлерiнiң архив құжаттарын жарыққа шығару туралы ұсыныспен басшыларға бара бермейтiнi де содан" деп әлгiнде институт басшыларының ретсiз, мезгiлсiз айыптауы жөн емес дейдi. Халқымызға тарихымыздың ақтаңдақ беттерiн таныстыру үшiн осындай кесiр-кедергiлердiң белiнен басады. Ғалымның бар "кiнәсi" – кеңестiк "дәстүрдi" бұзғаны, шынайы қазақ тарихын жазғаны, жаңа көзқарастар қалыптастыра бастағаны. Тағы да "ғылымға керектi, халыққа керектi мәлiметтердi институт басшыларының "рұқсатынсыз" жариялағаным үшiн менi дирекция мәжiлiсiнде "талқыға салып", "кiнәлi" деп тапты…" деп ашынады. Шындығында, "тарих батырлықпен жасалады, батырлықпен зерттеледi, батырлықпен суреттеледi" (Әбiш Кекiлбаев).

Тәуелсiз елдiң ұрпағының сұранысына сай ұлттық тарихымызды, қазақ тарихын өз елiне қайтаруда сананы сансыратар салмаққа қарамастан Талас Омарбеков табандылықпен тапжылмай отырып, ғылыми еңбектердi тудырды.

Ұлттық сана ояна бастаған рухани iзденiс жылдарында Қазақстан тарих ғылымында методологиялық, теориялық дағдарыстар туындады. Сонда Талас Омарбеков тарихты жазуға талаптанушылар "тарихымызды кiмнiң көзiмен яғни қандай көзқараспен жазамыз?" деген сұрақты көлденең қойып, мазалаған сауалдарға былай жауап бередi: "…қазақтың тарихын қазақтың өзi, ана тiлiнде және шынайы жазуы керек. Осы ғасырға дейiн бiздiң тарихымызды басқалар жазып келгенi құпия емес" деп тарихты жазуда ұлттық мүдде, қазақы көзқарас көзiнен жазуды айтса, тарихты жазу бағытында өркениеттiк көзқарасты басшылыққа алуды жөн көредi. Сол кезде маркстiк "киiмдi" шешiп, жаңа өркениеттiк өлшемдерге негiзделген зерттеу әдiсiн меңгерудi, өркениеттiк методологиялық принцип тұрғысынан тарихымызды зерттеудi алға тартады. Тарихи құбылыстарды формациялық қалыпқа салу, таптық тұрғыда ойлау дәстүрiнiң ақыры ұлтымыздың өзiн-өзi тануына (ұлттық идентификация), ұйысуына (ұлттық консолидация) үлкен кедергi жасағаны белгiлi. Сондықтан Талас Омарбеков ресейлiк әрiптестерiне сүйенiп, "Тарих – адам қызметi" деген методологиялық принциптi ұсынып, оның маркстiк-лениндiк "аурудан" айықтыратынын тiлге тиек етедi. Iзденiмпаз ғалымның негiзгi көзқарастары өзiнiң жазған ғылыми еңбектерiнен, мақалаларынан көрiнiс тапты. "Зобалаң" (1994), "Қазақ шаруаларын меншiгiнен айыру және күшпен ұжымдастыру" (док. дис. 1994), "ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасiретi" (1997), "ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзектi мәселелерi" (1998), "Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас" (2004) т.б. ғылыми еңбектерi Қазақстан тарих ғылымына ерекше сара жол салды. Жаңа және қазiргi заман Қазақстан тарихын зерттеушi-тарихшылар Талас Омарбековтың аталмыш диссертациясын, монографияларын т.б. зерттеулерiн айналып өтiп кете алмайды. Сол кезеңнiң шындығын шырмаған шиенi шешiп бердi, ендi әрi қарай тарқатуға кейiнгi зерттеушi буынға ғалымның еңбегi бағдаршам болмақ.

2005 жылдан бастап талантты тарихшының екiншi демi ашылды. Ғалым Хайролла Ғабжалиловпен бiрiгiп, "Алаш" ғылыми зерттеу орталығын ашып, қазақтың этникалық тарихын жазуды мұрат тұтты. Шындығында, қазақтың этникалық тарихы жүйелi жазылмаған едi. Ал осы Талас Омарбеков ғылыми жетекшiлiгiмен жұмыс жасап жатқан "Алаш" зерттеу орталығының көптомдық қазақ тарихын және қазақты құраған ру-тайпалардың ежелгi кезеңнен бергi тарихын зерттеудегi жемiстi табыстары, еңбектерi халқымыздың рухани қазынасын байытуда. 22 том қылып ру-тайпаның тарихын жазды. Екi айда бiр шығып отыратын "Алаш" тарихи-этнологиялық ғылыми журналына осы сарында көптеген ғылыми мақалалар жарияланды. Тұтастай бiр зерттеу институттың жұмысына парапар зерттеу жүргiзiп, жұмысын жандандырды. Ұлттық тарихымыздың шынайы бет-пердесiнiң бiр қыры қазақтың этникалық тарихын кең көлемде зерделеп, осы бағытты теориялық-методологиялық тұрғыдан негiздеуде ғалым зор еңбек сiңiрiп жатыр. Ұлт өз тарихын меңгерсе яғни өз-өзiн таныса болашағы баянды болмақ.

Осыншама ғылым жолында табан ақы, маңдай термен жасаған жұмыстары жаңа буын жас тарихшыларға, шәкiрттерiне үлгi боларлықтай. Талас ағай шәкiрттерiне шынайы ғылымның оңай жасалмайтынын түсiндiрдi, дәлелдедi.

Нағыз шәкiрт, мұғалiм бола бiлгендiктен болар, бүгiнде Талас ағай бүкiл бiр ұлттың рухани қазынасын бiр ұрпақтан екiншi ұрпаққа жеткiзушi, табыстаушы, ұлт етiп қалыптастырушы шалқар көш қызметiн адал атқарып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң тарих факультетiнде ұстаздық қызметiнде мыңдаған тарихшылар толқынын, ғылыми ден қойған жас ғалымдарды тәрбиелеп шығаруда.

Ұстазымыздың шәкiрт шыңдаудағы шеберлiгi, оларға деген қамқорлығы үнемi байқалып отырады. Талас аға бiзге әрқашан ақыл-кеңесiн айтып, бағыт-бағдар берiп отырады. "…сiздер ең алдымен кәсiби тарихшы болуларыңыз керек. Әркiм өз қабiлетiн бағамдау керек. …Менiң ойымша, клубтағы (тарих факультетiнiң жанынан құрылған "Алаш" жас тарихшылар клубы) ең басты мақсат мынау болу керек. Бiрiншiден, жазуы сауатты, өз ойын жетiк бере алатындарды, оқыған-тоқығанын баспасөз бетiнде жариялай алатын қабiлетi, ғылыми еңбек жазуға икемi барларды iрiктеу керек. Мақалаларыңызды "Алаш" тарихи-этнологиялық ғылыми журналына жариялаңыздар. Мақсатымыз – жастардың ғалым-зерттеушi болуына мүмкiндiгiнше қол ұшын беру. Кейбiр кiсiлер жазуға шорқақ, бiрақ оқытушылық жұмысқа бейiм. …Тарих факультетiнде ең алдымен оқытушылар, содан кейiн зерттеушiлер дайындаймыз". ("Алаш" жас тарихшылар клубының отырысында сөйлеген сөзi. 2006.10.21) деп, Талас аға шәкiрттерiне ақыл-кеңес берiп, жанашырлық көрсетiп, әрқашан өзi айтқандай "жастардың ғалым-зерттеушi болуына мүмкiндiгiнше қол ұшын" беруге тырысады.

Мiне, ұлағатты ұстаз, тарихшы ғалым ретiнде Талас аға тарих үшiн, келер ұрпақ үшiн аянбай қызмет етiп, зор жауапкершiлiк жүгiн арқалап жүр.

Шәкiрттерi өнегеге өрiлген өмiрiнен өнеге алады. Шындығында, "ғұламалық – ашы тамырдың тәттi жемiсi" демекшi, ғалымның, ұстазымыздың бүгiнгi деңгейiне жетуi оның "тарихпен өрiлген тағдырында" болса керек. Талас Омарбеков қазақ тарихын өзiне қайтарып, ертеңге шәкiрт шыңдауда.

Дәурен СЕЙIТЖАНҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

тарих факультетiнiң студентi