МАЙДАНГЕР ХАТТАРЫ

МАЙДАНГЕР ХАТТАРЫ

МАЙДАНГЕР ХАТТАРЫ
ашық дереккөзі

ХХ ғасырдағы ең қасiреттi қантөгiс соғысты суреттейтiн ресми құжаттардан басқа, соғыс тарихын зерттеу дерек көзi болып табылатын құжаттардың бiрi — жеке адамдардың майданнан тылға, тылдан майданға жазған хаттары. Олардың көбiсi "Қазақстан Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдары" деп аталатын мұрағат қорында сақталған.

Бұл мұрағат қорының жинақталу тарихының өзi қызықты. Сонау 1943-жылдың өзiнде, алғы шепте шешушi шайқастар жүрiп жатқан кезде, республикамыздың мұрағатшылары майдан хаттарын жинақтау жұмысын бастайды. Осы жұмыс нәтижесiнде 1944-1945 жылдары майдангер хаттарының жинағы жарық көрдi. Мектеп дәптерiнiң беттерiне, кейде газет қиындыларының шетiне жазылған бұл хаттардың қай-қайсысы болмасын адам жанын тебiрентпей қоймайды. Сарғыш тарта бастаған майдангер хаттарын оқи бастасаң, көз алдыңа ерiксiз қантөгiс шайқастардан дамылдаған "үзiлiс" кезiнде хат жазып отырған жауынгер бейнесi елестейдi. Майдангерлердiң жеке басына байланысты жазылған, жүрек түбiнен сыр шерткен хаттардың бiрiне тоқталсақ деймiн.  
5 шiлде 1944 жыл Сыздықбеков А.
 

Мария!

Бүгiнгi айлы жарық түн жымың қағып, әсерiн аймаққа шашып тұр. Мұндай түндер майдан өмiрiнде сирек кездесетiн түн. Бұндай әсемдi, қоңыр желдi түнде дүниенiң бәрi де өзiнiң қалпынан ана ғұрлым әсем көрiнедi. Ал, өзiңдi күндегiден өзгерiп кеткендей сезiнесiң, ұйқың келмейдi. Я жеңiс күндерiнiң бiртiндеп таянып келе жатқаны ма, болмаса ойыңа өмiрдiң қызығына қолым қашан жетедi деген ызың-ызың ойлардың түйдектелiп келiп жатқаны ма, әйтеуiр ұйқым келетiн емес. Мiне, мен осы жағдайдың үстiнде отырмын, ұйқының келуiн осы кiшкене хатты саған жазумен тоспақшымын. Әрине, бұл өмiр сүрудiң хаты, өз мақсаттарына жеткiзудiң хаты. Бiздер сияқтылардың ой-ұйқысын бөлетiн хат. Ал, Марияш! Мен ұйықтадым. Бұл ұйқы мен үшiн өте тәттi және бағалы, өйткенi оның алдында осы хатты саған жаздым. Қазiр де мен өзiңмен бiрге отырғандаймын. Осының бейнесiн тiршiлiк болса өзiңмен бiр күнi толық суреттермiн. Үй-iшiңе сәлем жолда! Хат жазып тұр. Бiз әлi өмiрден алатын еншiмiздi алған жоқпыз. Оны алатын күн алда жатыр. Осыны есiңе сақта! Ақмұқан. Полевая почта 22245-А.
* * *
 

"Алматы қаласы. Қазақ радиокомитетiне" деп жазылған, ол кезде Киров көшесiнiң бойында орналасқан Қазақ радиокомитетiне үшбұрышты хаттар майдан алқабынан көп-көптен түсiп жататын.

Олардың iшiнде туған-туысқаннан қол үзiп қалған, не жастайынан жетiмдiктiң зардабын көрген жауынгерлердiң радиодан хабар беру арқылы жаңа жора-жолдас, жар табу мақсатында жазған хаттары да кездеседi. Ендi осы хаттардан үзiндi келтiрейiк. 1945 жылдың 23 ақпаны. Майданнан хат. Алыста жатқан Қазақстанның астанасы – Алматы қаласына сәлем! Мен Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе қаласынан боламын. Аты-жөнiм Жақашев Айтбай. Соғысқа дейiн темiр жолында кезекшi қызметiн атқарғанмын. Қазiр әскер қатарындамын. Бүгiн бiз фашистердiң ордасы Берлин қаласынан 50-70 шақырым жерде тұрмыз. 1944 жылдың аяғына дейiн сүйген қыздан, ата-анамнан хат-хабар алып тұрушы едiм. Бiраз болды, хат-хабар үзiлдi. Анам о дүниелiк болды, сүйген қызым басқа адам тауыпты. Қазiр жалғыздыққа да үйренiп барамын. Тегiнде соғыс адамды қатты өзгертедi екен. Қан-төгiс майданда дұшпанды қолмен өлтiргенде жүрегiң бүлк етпейдi. Ауылда жүргенде өлiм, залал туралы ойланбаушы едiм. Ендiгi менiң өтiнiшiм, Сiздермен танысу, Сiздердiң көмегiңiз арқылы жаңа жора-жолдас, жар табу. Егерде майданнан аман қайтсам, астанамыз Алматы қаласына барамын. Өздерiңiз күнде естiп жүрген боларсыздар, жеңiс күнi де алыста емес. Қадiрлi жолдастарым, аман-есен, қол ұстасып кездескенше қош-сау болыңыздар. Сәлеммен Жақашев Айтбай. Менiң адресiм: Полевая почта 21089.
* * *
 

Қазақ радиокомитетiне.

Мен 1934-1940 жылдар аралығында балалар үйiнде тәрбиелендiм. 1942-1943 жылдың ортасына дейiн колхозда жұмыс iстедiм. Одан соң әскерге шақырылдым. Финляндия, Шығыс майдандарындағы шайқасқа қатыстым. Қазiр Польша территориясында тұрмыз. Туған-туысым болмағандықтан ешкiммен хат-хабар алыса алмаймын. Қасындағы майдандас жолдастарың хат алып жатқанда өзiңдi жабырқау сезiнедi екенсiң. Қазақ радиокомитетiнен сұрайтыным, радио арқылы менiң адресiмдi берсеңiздер екен. Мүмкiн, менiмен хат жазысатын жолдастар табармын. Сәлеммен Мадалиев Абраим. Полевая почта 33547. Қазақ радиокомитетiнiң қызметкерлерi осындай өтiнiш, жәрдем сұрап жазған жауынгерлерге барынша көмек көрсеткенi белгiлi. Әр апта сайын берiлетiн "Майдангер хаттарына шолу" деген радиобағдарламаны халық асыға күтетiн. Әңгiмемiздiң арқауы болып отырған құжаттар майдан мен тылда фашизмге қарсы бiрдей күрескен қазақстандықтардың ерлiгi мен табандылығының ескерткiшi болып қалғандай. Ұлы Жеңiс күнiне жеткiзген ер жауынгерлерiмiздiң, тылда еңбек еткен ерен еңбекшiлерiмiздiң даңқы ешқашан ұмытылмақ емес. Мұрағатшылардың ең бiрiншi кезектегi мiндеттерiнiң бiрi — сол күндердiң белгiсi болып қалған майдангер хаттарын сақтау, оларды болашақ ұрпаққа жеткiзу. "Өткеннен сабақ ал" деген сөз бар. Болашақ ұрпақта кұны жоқ осы деректердi өз кезегiнде дәрiптеп, оларды бағалай алады деген үмiттемiз.  
Г.ҚАРАТАЕВА