СӨЗ СЕРКЕСIН САРАЛАҒЫШ

СӨЗ СЕРКЕСIН САРАЛАҒЫШ

СӨЗ СЕРКЕСIН САРАЛАҒЫШ
ашық дереккөзі

Басқа мақамда жазушылар көңiлiне алып қалуы мүмкiн десек те (олардың санатына өзiм де қосылуым ғажап емес), публицистика қалай да – сөз серкесi. Әсiресе, бүгiнгi қиял- ғажайып тұрмыстық заманда. Әсiрiсе, бұрындары әрқайсысының өзiндiк өрiстерiн жанр-жанрға ғылыми- теориялық тұрғыда бөлiп- жiктеген сорлы әдебиеттiң жаңа, барлық мәселелерге араласуға творчестволық хақысы бар жоғары интеллектiлi орбитаға көтерiлу мүмкiндiгiн иеленген заманда.

Сол публицистиканың бiрiншi феноменi – күллi фольклордiң, жазба әдебиетiнiң Хауа-анасы бола алатындығы. Жалпы планета ауқымын қамтысақ, кейiнгi, әзiрше бiзге белгiлi тарихтан аталмыш феномен авторлары – Демосфен, Цицерон, Платон, Аристотель, Тациттер екенiн мойындасақ, солардың "есiмiн" қазақтың рухани әлемiнде этнос есебiнде қалыптаса бастаған кезеңiнен-ақ көре алар едiк. Бұл тарихи жағдайды бұдан 90 жыл бұрын гимназист Мұхтар Әуезов: "…өзгеден һәр қилы бiлiмi, адамшылығының кеудесi асқан кемеңгер адам баласының адам деген атына лайықсыз хайуани бұзық мiнездерiн көрген соң, соны түзеймiз деп адамшылыққа, хақтыққа жол сiлтеп, жол нұсқады. Бұл шешен, терең сөздер талайдың көкейiне қонып, көңiлiн оятты…",– деп, бiздiң жазу шаруашылығымызда "шешен, терең сөздердiң" дүниеге келгенiн пәш еткен-дi.

Әдеби- журналистiк әлемде бүгiнгiдей төрден күреп орын алып отырған, Мұхаң айтқан сол құбылысты "Қазақ совет энциклопедиясына" салса: "Публицистика – өмiрдiң әлеуметтiк, экономикалық, өндiрiстiк, ғылыми және басқа рухани құбылыстарын, өмiр фактiлерiн өзiне арқау ететiн әдеби жанр", – дер едi. Ал, "Қазақстан. Ұлттық энциклопедия" болса : "Әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкестi, өткiр мәселелердi қозғайтын саласы… Көркемсөзге тән белгi – ұлттық, мемлекеттiк, басқа да қоғамдық мүдделерден туындайтын мәселеге автордың нақтылы көзқарасы, пiкiрi талдау, сараптама ретiнде жазылып, кейде астарлай меңзеу түрiнде көрiнедi" ,- деп бiледi.

Әрине, аталмыш сипаттамаларда энциклопедиялық басылымдарға тән мейлiнше қысқа қайыру принципi билiк құрғаны белгiлi. Ал, осы салада жүзеге шыққан оқулық дәрәжесiндегi дүниеге қойылар талапты жоғарыдағыдай пайымдаулармен салыстырудың мүлде иiнi жоқ. Қолымыздағы кiтаптың авторы оны әдемi түсiнген.

"Публицистикалық шығармашылық негiздерi"… Журналист-шәкiрттер даярлайтын жоғары бiлiмдi оқу мекемесiнiң үш ширек ғасыр өмiр-тiрлiгiнде мұндай ғылыми да, оқу – әдiстемелiк те дәуiрлiк уақиға болмағанына мен айтпасам да, өздерiңiз куәгерсiздер. Бұл жерде туынды иесi тарапынан: "Алдыңғы түйенiң жүгi жеңiл" тәрiздес өз мақсаты мен мiндетiне жеңiл-желпi қараушылықтың бiр де бiр "соқыр атомы" түгiл, "нейтроны" жоқ!…

Көлемi жарты мың бетке жете- қаба, қызғыш-сарғыш "кiрпiш" кiтаптың нысаны- "қазақ публицистикасын тұтас алып қарастыру, ұлттық таным тұрғысынан баға беру", "бұрын зерттеуге болмайтын қазақ публицистикасының қалыптасуындағы кайшылықты кезеңнiң әдiл бағасын беру", "кеңестiк қоғамның өзiндегi қазақ публицистикасына бүгiнгi тәуелсiздiк ұстанымдары тұрғысынан қараудың", ақыр-соңында "ұлттық, қоғамдық саяси ойымызды қалыптастырудағы маңызын ашу арқылы қазақ халқының әлемдiк рухани ортадағы орнын айқындау" тәрiздi ең маңызды тұратынын "әп" дегенде атап өткен абзал. Осыдан бастау алған маңдайалды жанры – публицистиканың негiздерi – журналистиканың тарихы мен теориясының жан-жақты голографиялық кескiндемесi осы дүниенi зерделеп оқыған әркiмнiң көз алдына келсе керек.

Мұндағы алғашқы тарау – "Публицистика табиғаты"– таза ғылыми-танымдық iзденiстерден тұрады екен. Шынын мойындасақ, автордың бiздiң алдымызға тартып отырған мәлiметтерi бұрын-соңды осындай бiр "орталыққа" жиылып, түбi түптелiп шыққан емес. Және оларда тарихи хронология қатаң сақталған. Әсiресе "орталыққа" протопублицистика- шешендiк өнердi: саясат, билiк, қошемет, бiлiмгiр, уағыз шешен сөзi деп "жiлiктеген" даналық иесi – Ахмет Байтұрсын ұлының дәйегiнен "виртуальды" "бата алғаны" көңiлге қонады.

Соның iзiн ала бере, "бұқаралық ақпарат" деп пайдаланып жүрген өркениеттiң негiзгi бiр эталоны – журналистикаға тән алты мән-мағынасы, үш сатылы принциптерi, оның мәтiнiнiң үш қыры, тақырыбына қарай төрт топқа даралаланатынына көз жеткiзесiз.

Бiз осыған дейiн де, бүгiннiң өзiнде де көбiмiз "журналистика" мен "публицистика" ұғымдарын қазақта "егiз қозыдай" деп атайтын өте етжақын ұқсастықтарын пайдалана беретiнiнен де асып түсiп, "сиам егiздерiндей" бiте- қайнасқан ұғым есебiнде қабылдайтынымыз бар. Мұнымыз шындық- ақиқаттың ауылынан қашықтау екенiн, олардың аражiктерiн ажырататын уақыт жеткенiн бiлiктi журналистикатанушылар мен публицистикатанушылар сезiп жүргендей едi.

Б. Жақып кiтабының, тура бiз күткендей, алғашқы "Публицистика табиғаты" аталатын тарауында дәл "қышыған жердi қасыған". Мiне, қараңызшы: журналистика – әлеуметтiк институт, қызмет түрлерiнiң жүйесi, мамандықтар жиынтығы, шығармалар жүйесi, арналардың бiртұтас жиынтығы, ғылым саласы және оқу пәндерiнiң жиынтығы.

Ал, мәселемiздiң екiншi компонентi – публицистика да "осы салада маманбыз" деген авторлардың үйiп-төгiп берген анықтамаларына жүгiнсек, бiрде – "шығармашылық түрi", екiншiде – "жанр", үшiншiде – "өзiндiк өзгешелiгi бар өнер", төртiншiде – "саяси қызметтiң көрiнiсi", бесiншiде – "газет жанрларының жиынтық атауы", алтыншыда – "проблема көтеру құралы", жетiншiде – "әдебиеттiң бiр саласы", сегiзiншiде – "қоғамдық пiкiрдi қалыптастыру тетiгi"…

Күнделiктi ұшырасып қалатын осындай қарабайыр пiкiрлердiң талайы оқулық иесiне ұшырасқаны сөзсiз. Олардың iшiнде, әсiресе, өзiнiң ұстазы, осы саладағы қазақтың тұңғыш зерттеушiсi, журналистика теориясы бойынша алғашқы профессор Т.Амандосовтың: "Публицистика – өмiрдiң сырлы сыры, Публицистика арқауы – шындық,… Публицистика – адамдар арасындағы әлеуметтiк қарым-қатынастардың көрiнiсi деген сөз, яғни өмiрдiң әлеуметтiк, саяси- экономикалық, өндiрiстiк, ғылыми және рухани тағы басқа құбылыстарын, өмiр фактiлерiн байыптап түсiндiрiп бередi", – деген байламын өзi де мойындап, шәкiрттерiне де қайталап, ұсынып отырғанын ғалым-педагог- автордың әдiлеттiлiгi мен инабаттылығы ретiнде қабылдағанымыз абзал.

Осы тақырыпта туындыгердiң көкейiнде қаншама мәлiметтерi кiтап көлемiне сыймай қалғанына мен кепiл. Ол дәйектеулердiң санатындағы сонау В.Г.Белинскийдiң: "Ломоносовтың қара сөздерiн қайта түрлендiрiп, Карамзин орыстың қарапайым сөйлеу тiлiне жақындатты және орыс әдебиетiне француз публицизмiнiң өзiндiк, айшықтық элементтерiн ектi" деп жазғаны бар.

"Публицистика ғылыми-теориялық және көркем-бейнелеп ойлаудың басын бiрiктiру мүмкiндiгi бар деп қоймайды, тiптi солай болуын талап етедi", – деген Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң профессоры Е.П.Прохоровтың тағы бiрде: "Журналистикада шығармашылықтың публицистiк түрi маңызды орын алады, ол түсiнiктi де: публицистiк шығармашылықтың түрi ретiнде қоғамдық пiкiрге қызмет ету үшiн қалыптасқан, ол қоғамдық пiкiрмен тығыз байланыс – журналистиканың негiзгi мақсаты", – дегенi күнi кешеге дейiн осы саладағы теориялық қағидаларға беделдi пiкiр секiлдi қабылданатын.

Ал оның әрiптесi профессор М.С.Черепаховқа салса, публицистикада пайдаланылатын "көркем образ", яғни "шындықтың "образ-бейнесi" емес, "сөздiк образ". Оның дәлелдеуiнше, көркем бейне "аралас жанрларды", атап айтсақ, очерк, фельетон, памфлет, кейде-кейде репортаж бен суреттеме жанрларында бой көрсетсе керек…

"Әдеби-саяси қызмет түрi мәртебесiндегi публицистиканың тууы мен дамуы" атты еңбегiнде ғалым В.В.Ученова аталмыш мәселеге: "Публицистикаға тән негiзгi сипаттамалар: а) болып жатқан уақиғалар-

ды бейнелеуде басты заңдылықтарды ғылыми-теориялық тұрғыда негiздеу, деректердiң өзара ортақ сипаттамаларын беруде документализммен салыстыру; ә) оларды идеология тұрғысынан сараптау; б) публицистiк сөздiң "әлеуметтiк- жасампаздық бет-бағдары" – дегендейдi қосады…

Қазiр қарап отырсам, осылардай тағы да көптеген публицистикатанушылардың жасаған назарияларынан қасаң коммунистiк пәрменшiлдiктiң ызғарын әлi де сезгендей боламын өз басым. Жоғарыда дәйек сөздерiн келтiрген авторлар әңгiмеленiп отырған нысандарына өмiр тiрлiгiнiң, күнделiктi өркениеттiң қосып жатқан жаңа лептерiнен мүмкiндiгiнше "ат-тонын ала қашқандай" көрiнедi маған. Оның үстiне барлығының дерлiк "жеке-дара теорияларының" қайсы бiрiнiң "дауысы" солист дәрежесiнде оза шықпайтын, барлығы бiр ортақ дұға оқып тұрған шiркеу хоры ма деп қаламын.

Кез келген "зиялымын" (осы қасиеттi сөздi бүгiнде кiм көрiнгенге "сыйлап", тарата бермейiкшi: обал ғой!) деген автор заманның, қай жаққа қарай болса да, күрт өзгергенiн жанымен сезуi тиiс. Ал, публицистика осы заманның, бiз қалайық- қаламайық, қазiр тәртiп сақтау орындары күдiктiлердiң өтiрiк-шын айтқандарын тексеретiн полиграф (бiздiң баспа шаруашылығында айналымдағы терминмен түбiрi бiр екен) аспабы дерсiң. Нақтылы ғылымдар тiлiне салсақ – тырнақ ұшындай терiден адамның бүкiл физиологиялық болмыс-бiтiмiн анықтайтын ДНК. Мiне, осындай қасиеттi мiндет бiздiң қоғамдық сана-сезiмiмiздi, өмiр ғұрпымыздың голографиялық үш жақты бейнесiн беру публицистикаға жүктелген. Сондықтан, "сөз түзелдi, тыңдаушы, сен де түзел" немесе "жаңашаның жырын айт" дегендей, әуелi осы публицистиканың "өзiнiң" табиғатын ашқан жөн.

Жоқ, "ашқан жөн едi". Өйткенi: бұл келер шақтың теориялық объект тiрлiгi болатын. Ендi бүгiндерi оған "едi" деген үш әрiптi қоса аламыз. Және ол "Публицистикалық шығармашылық негiздерi" оқулығының 28 бетiнде былайша айшықталған: "Публицистика дегенiмiз – заман тарихы, дәуiр тынысы, өмiр шежiресi болғанда да, күнделiктi тiршiлiктiң рухани бейнесi, жанды көрiнiсi… Нағыз публицистикада әлеуметтiк-тәрбиелiк ықпал жасаудың орасан зор күшi бар. Өйткенi: ол оқырманға, көрерменге, тыңдаушыға дұрыс бағыт сiлтейдi… Публицистикалық құбылыстарға ғылыми тұрғыдан баға беру, дәлелдеудiң айқындығы, өткiрлiк, барынша ықпал етуге ұмтылушылық тән".

Оқымысты ғалым, ақын- публицист автор осы объектiсiнiң "маңдайына жазған" "творчестволық-теориялық геномдарын" айқындап берумен тыйылмайды. Ол "геномдардың" тарайтын ортасын да нақтылаған. Жанр ерекшелiгi бәрiнен бұрын публицист-автордың көтерген мәселесiне, тақырыбына бiздiң, оқырманның, назар аударуымызға тiкелей қатыстылығын баса көрсетедi. Сонымен қатар аталмыш жанрдың өзiмен "кiндiктес" сфера-салалармен қатыстылығын да нақтылаған. Осы тұста оқулық авторының өзi "сөз алғаны" жөн деп бiлем.

"Публицистика, бiр жағынан, көркем әдебиетпен, поэзиямен, екiншi жағынан, жаратылыстану ғылымдарымен де байланысты. Сондай-ақ, қоғамдық ғылымдардың экономика, философия, саясаттану сияқты тармақтарымен де қабысады, тiптi, өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, техникаға да қатысы бар", – деп тұжырымдағанын көремiз. Мұнымен де шектелмей, творчествоның "публицистiк сиқырына" көркем әдебиет (роман, повесть, әңгiме, поэма, баллада, лирикалық өлеңдер), ғылым (трактат, диссертация,реферат), техника (жобалар, конструкциялар), журналистика (мақала, корреспонденция, репортаж, фельетон, очерк) әр қайсысы өз векторларында елеулi үлес қосатынын нақтылаған.

Қазақта – "сегiз қырлы", геометрияда – "октаэдр" ұғымдарының аясына сиятын публицистика жанрының тиянақталмаған, дәйектелмеген ендi нендей қадiр-қасиетi автор назарынан тыс қалды? Менiңше, ештеңе…

"Қазақ публицистикасының тарихи негiздерi" тарауланғанда, автор өзiнiң ең жақын ұстазы профессор Т.Амандосовтың: "Қазақ публицистикасының пайда болу, қалыптасу және даму тарихы…" – деп, ең алдымен бiз қозғап отырған ғылыми тақырыпты ұсынады. Мұның өзi сол кездегi кеңестiк саясат бiртуар ғалымдарымыздың еркiн зерттеу жұмысын жүргiзуiне көп кедергi келтiргенiн айғақтайды. Мiне, қазақ публицистикасының гнесеологиялық негiздерiн ашып-ақтаратын күнi бүгiн туды" [53 б.], – дегенiн тұтас екiншi бөлiмнiң лейтмотивi есебiнде қабылдаған абзал.

Оқулықтағы "жанрдың Адам-атасы да Хауа-анасы", ғарыштану тiлiмен айтқанда, "космостық старт алаңы" – Күлтегiн жазбалары. "Шындық өмiрдi, ақиқат болмысты көрсеткен жазба – көркем шығарма, тарихи жәдiгер болумен қатар, қазақ публицистикасының да қайнар бастауының бiрi деп батыл тұжырым жасауға болады [49-б.].

Бетке ұстар екiншi рухани байлығымыз есебiнде – Тоныкөк ескерткiшi аталса, олардың эстафета таяқшасын "Қорқыт ата кiтабынан" бастап, әл-Фараби,Баласағұн, Қашқари, Иассауи, Дулати, Жалаирилердiң "дарынды қолдарына тидi". Мiне, қазақ публицистикасының "елең-алаңы" – осылар. Автор оқулығында осы "творчестволық лектi" барлық теориялық қисынымен көрсете бiлген.

XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың алғашқы ширегi тұсында публицистикамыздың қалыптасу процесiне үлкен роль атқарған Шоқан, Абай, Ыбырай, Шәкәрiм шығармашылығы бiрсыпыра онжылдықтан берi жұртшылық ("жақсы" деп кеciп-пiшiп айтпай-ақ қояйын) құлағына сiңiстi болып қалған жайы бар едi. Сол қалыптасқан пiкiрiмiзге "донорлық жасап", автор жаңаша "дем салған". "Көзiмiз қанық" сол корифейлерден басқа, бiрақ солардың жайсаң творчествосын бойларына сiңiре бiлген, "Түркiстан уалаятының газетi", "Айқын" журналының белсендi авторларының туындыларының мән- мағынасын қазiрдегi принциптер тұрғысынан, бейне бiр "қамырдан қыл тартқандай" ғып, әсем саралап бере алған деп бiлемiн. Бүгiнгi тұрпаттағы қазақ публицистикасына бет алар жылдарда оны қалыптастыра бiлген ерен публицистерiмiздiң шығармалары ғылыми да танымдық қолданыста жүргенiн атап айтқым келедi. Әсiресе, Д.Сұлтанғазин, Қ.Жапанов, Ө.Әлжанов, Р.Дүйсенбаев, А.Құрманбаев, М.Сералин, Р.Сәрсеков, Ғ.Қарашевтардың жазба дүниелерiне жеке-жеке тоқтап, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың – "Айқап" журналындағы, Ә.Бөкейхановтың "Қазақ" газетiндегi публицистикасына арнайы тараушалар бергенi кiтап иесiнiң педагогтiк көрегендiгi деп қабылдаған жөн. Ал, "Публицистикалық шығармашылық даралық. (М.Әуезовтiң алғашқы кезеңдегi публицистикасы негiзiнде)" аталатын тарауша ұлы феномен- жазушының, әсiресе, алғашқы жылдардағы творчествосына аталмыш жанрымыздың ықпалын сәттi айқындаған. "Мұхтар Әуезов – публицист" аталған оқу құралынан кейiн араға, мұрқұм Б.Соқпақбаев "табаны трактордай" демекшi, он жыл салып, қайта оралған өзiне етжақын тақырыпты басқаша, тосын "бүйiрiнен" қарастырған екен.

"Қазақ публицистикасының жаңашылдық түрi ретiнде дамуы" бөлiмiнiң ауыз толтырып айтардай көлемi "Сәкен Сейфуллиннiң қоғамдық- саяси бағыттағы публицистикасы", "Жүсiпбек Аймауытовтың көркемдiк бағыттағы публицистикасы", "Бейiмбет Майлиннiң сыншылдық, сатиракалық бағыттағы публицистикасы" тараушалары тек журналист-шәкiрттер ғана емес, болашақ филологтер үшiн де iздеп оқитын дүниелерiне айналатынына шәк келтiргiм келмейдi.

Кiтаптың "етек-жеңдi жинақтатып" соңғы жақтары "Соғыстан кейiнгi жылдардағы публицистика" және әр онжылдықтарға жеке-дара сараланған беттерiнен келедi.Соны өкшелей "Тәуелсiз Қазақстан публицистикасындағы тақырыптық, проблемалық iзденiстер":"90-шы жылдар публицистикасында "синкретизм" аясы кеңейдi, – деп пайымдайды. – Бұл тенденцияның алда қалай өрiстейтiнi қолына қалам алған публицистер қауымының фантазиясы мен танымдық көкжиегiне байланысты болса керек. Оның үстiне жанрлар мен пiшiндердiң өзгерiсi әлемдiк журналистиканың даму бағыттарына да байланысты екендiгiн ұмытпаған абзал" [ 442-б].

Алдымдағы кiтапты оқып шыққасын, мұның "бас кейiпкерi" – публицистиканы "әдебиеттегi "Хаббл" радиотелескобы аспабына теңестiргiм келiп отыр. Галактикамыздың қойын – қолтығындағы жұлдыз – жұлдыздардың радиоимпульстерiнен құпияларын зерттей алатын планетадағы бiрден- бiр озық аспап – сол. Ал, он сегiз мың ғаламның қоғами- саяси- мәдени-ғылыми т.б. жықпыл-жықпылдарын өзiнiң "телескоп – көзiмен" шалып, жаһанға жаятын идеологиялық "барлау құралымыз" – Бауыржан Жақыптың "Публицистикалық шығармашылық негiздерi" болуға тиiс!…

Абдул- Хамид Ф.Мархабаев,

филология докторы, журналистика профессоры