«ҰЛАН МЕН ЖҰЛДЫЗ» НЕНI КӨКСЕЙДI?
«ҰЛАН МЕН ЖҰЛДЫЗ» НЕНI КӨКСЕЙДI?
Естiмеген елде көп. Әлде дұрысы өткендi аңсау деймiз бе? Ненi аңсау, ненi естiдi екен деп сiзде таң қалып отырған шығарсыз. Қызығы сол, бұл жаңалық сiзге өткен күндердiң елесiнен хабар беруi де ғажап емес. Әрине, Кеңес одағының, оның iшiнде кеңестiк партияның дәмiн татқан кез келген адам бұл жаңалыққа тосырқай қарай алмайды. Бiрақ, өткен шақтардың көмескi белгiсiндей болып қалған бұл ақпаратты аяқ астынан, 31 — арнаның жаңалықтарынан қайта естiгенде, сiздi қайдам, өзiмiз аттан ауып түсiп қала жаздадық.
Рас, бiз комсомол болған жоқпыз. Бiрақ, октябряттардың қып-қызыл жұлдызшасын кеудемiзге тағынғанымыз да есiмiзде. Ант қабылдап, алқызыл галстуктi мойнымызға таққанымызда бiзден бақытты адам болмайтын сол шақтарда. Кеңес одағының қып-қызыл жалауымен түстес келетiн қып-қызыл галстук бiздiң пионерге деген адалдығымыздың белгiсiндей болатын. Мойнымыздағы галстуктi шешiп тастауға, үйде ұмытып кетуге, тiптi, умаждап қалтаға салуға да болмайтын. Өйткенi, ол тазалық пен тәртiп үшiн күресетiн коммунистердiң кiшi iнiсi пионердiң басты белгiсi едi. Ол кезде бiз үшiн Павликтер мен Болатбектердiң орны ерекше едi. Бiз оларды үлгi тұттық, қадiрледiк. Алқызыл галстук тағынып, алаулатып от жағатын сәттерде жадымыздан шыға қойған жоқ.
1922 жылы 19-мамырда комсомолдардың бүкiлресейлiк конференциясы жаппай пионерлер отрядтарын құру туралы шешiм қабылдап, сол күнi бүкiлодақтық пионерлер ұйымы құрылған едi. Екi жылдан кейiн оған күн көсемнiң аты берiлiп, пионерлер Лениннiң бейнесi салынған төсбелгi мен қызыл галстуктi тағынатын болды. Сол күннен бастап, бүкiл одақ пионерлерi 19-мамырды ерекше қарсы алатын болды. Сол күнi жер-жерлерде пионерлер слеттерi өткiзiлiп, алаулар жағылып, алау айнала ән салынатын. Тағы бiр қызығы, дәл сол күнге ауыл-ауылдардағы мектептерде де ерекше дайындықтар өткiзiлетiн. Әлi есiмiзде, таза қазақ мектебi болсақ та, бiз пионерлер күнiне орыс тiлiнде даярланатынбыз. "Раз-два, три-четыре" деп сайрай жөнелетiн едiк. Оның себебi, пионерлердiң сапта жүру рәсiмдерiнiң бәрi орыс тiлiнде өтетiн. Неге орыс тiлiнде, неге қазақша емес деген ұғым түсiнiк ол уақытта санамызға кiрмептi де. Тек бар бiлетiнiмiз, қалыптасқан заңдылықтың аясынан шықпау. Жатпай тұрмай, сөз жаттап, тiлiмiз келгенiнше, орысша патриоттық ән шырқайтынбыз. Мұның бәрi кеңестiк идеологияның басты мақсаттары болғанын, кейiн тәуелсiздiк алған жылдары ғана ұқтық.
Мiне, санамыз тазарды. Тәуелсiз елдiң тәуелсiз ұрпағымыз. Бiрақ, арамыздан сол күндi, яғни 19-мамыр күнiн еске алушылар қайтадан табылыпты. "Ұлан және жұлдыз" аталған ұйымның мақсаты қандай екенiн кiм бiлсiн, әйтеуiр жаңалықтардан ұққанымыз, олар бұл күндi атаусыз қалдырғысы келмеген сияқты. Олардың ойы, өткен одақ кезiндегiдей, октябряттар мен пионерлердi қайта жаңғырту. Яғни, жаңартылған нұсқасын өмiрге әкелу. Мұның ерекшелiгi, алқызыл галстук, күн көсемнiң суретi белгiленген төсбелгi тағыну емес, оның орнына көк галстук, бастарына осы тәрiздес телпек кию. Галстуктiң көк болуы себебi, байрағымыздың түсiмен түстес келуiнде жатса керек. Ал, көк галстук тағынып, көк телпек киiнгендердiң пионерлердiң дәстүрлi әндерiн орындауына не жорық?
Кейбiр мәлiметтерге сүйенсек, 1999 жылы құрылған "Ұлан және жұлдыз" ұйымының құрамында бүгiнде 140 оқушы бар көрiнедi. Аталмыш ұйымның құрамындағы 140 оқушының санасында "октябрят" пен "пионердiң" қалуы мүмкiн емес. Демек, бүгiнгi оқушыны кешегi күнге қайта оралту арқылы, өткендi жаңғыртқысы келiп отырғандардың iс-әрекетi бұл. Бұрынғы "октябряттар" ендi "Жұлдыз" деп аталады. Олар төртiншi сыныпқа дейiн "Жұлдыз" болып келсе, бесiншi сыныптан бастап, "Ұлан" қатарына өтедi. Аталмыш бiрлестiктер балаларды отансүйгiштiкке, достық қарым-қатынас пен жаман қасиеттерден арылуға үйрететiн көрiнедi. Отансүйгiштiкке, патриоттыққа тәрбиелегенi дұрыс-ау, бiрақ, дәл бүкiлодақтық пионерлер күнiмен астастырып, сапқа түзудiң не қажетi болды екен деп таңданасың?! Әлде мұның астарында басқа бiр мәселе жатқан жоқ па? Мектеп жасындағы балаларды "жұлдыз" деп, "ұлан" деп бөлмей-ақ, арнайы бiр күндi белгiлемей-ақ, тәрбие сағаттарын өткiзуге болмас па екен?!
Қызығы сол, бұрынғы октябряттар мен пионерлердiң ұраны тазалық пен тәртiп болса, бүгiнгi жұлдыз бен ұланның ұраны нашақорлық пен iшiмдiкке қарсы күрес. Көк галстук тағынудың өзi бiздiң туымыздың түсi. Кiшкентай баланың санасы жақсы нәрсенi ғана қабылдауға тиiс. Бiз өткен жылдары осылай болғанбыз, бiз октябряттар мен пионердiң қатарында болып, өз тiлiмiз бен дiлiмiздi ұмытқанбыз деп тәрбиелеу ме, мұның мақсаты. Тәуелсiз елдiң тәуелсiз ұрпағы өз тарихымен, өз тiлiмен, өз дiлiмен, ұлттық сипаттағы ұлттық құндылықтарымен ғана тәрбиелене алады. Әрi ол бiр күннiң ғана еншiсiнде қалмауы тиiс. 19-мамыр кеңесшiл идеологияның маңдайына жазылған. Ал оны қайталаудың да, жаңғыртудың да қажетi шамалы.
Гүлзина Бектасова