Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ЖАЗҒАН ОҚУЛЫҚ НЕГЕ ЖАРАМСЫЗ?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ЖАЗҒАН ОҚУЛЫҚ НЕГЕ ЖАРАМСЫЗ?

Соңғы кезде оқулық туралы, оның сапасы мен кемшiлiгi туралы мәселе Бiлiм және ғылым министрлiгiнде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да көптеп талқыға түсе бастады. Бiлiм және ғылым министрi жанынан арнайы комиссия құрылып, күнi бүгiнге дейiн мүлтiксiз оқытылып келген бiрнеше оқулық қақпанға iлiгiп, оқу бағдарламасынан алынып тасталды.

Алайда, оқулық мәселесi бұнымен бiржола ретке келе қойған жоқ. Керiсiнше, оқулықта кеткен өрескел кемшiлiк туралы әңгiме күннен-күнге өршiп келедi. Естерiңiзде болса, газетiмiздiң алдыңғы сандарының бiрiнде орыс сыныптарына арналған "Қазақ тiлi" пәнi туралы мақала жариялаған болатынбыз. Iле-шала мұғалiмдер тарапынан редакциямызға бiрнеше телефон қоңырауы түсiп, "Алгебра", "Геометрия" оқулығы жөнiнде өз пiкiрлерiн жеткiздi. Бiз де аталмыш оқулықтардың басы-қасында жүрген авторлармен, мамандармен жолығып, жөн бiлiстiк. Мәселе баспасөз беттерiнде жарық көрген "Оқулықты қырғыздарға жаздырды" деп айып тағылған оқулық туралы. Ата-аналар да осы оқулықты нысанаға алған едi. Оқулықтарда өрiп жүрген қателiктерден көзi тұнған мұғалiмдердiң жаны шырқырап жүр. Олардың денi министрлiк бекiткен, 2007 жылы басылып шығып, бiлiм ұяларына таратылған Исак Бекбоев бастаған қырғыз авторларының "Алгебра", "Геометрия" оқулығындағы көзге ұрып тұрған сорақы қателiктердi ашына айтады. Есесiне, 2003 жылдан берi негiзгi оқулық ретiнде оқытылып келген Кәмила Бүкiбаеваның, 1990 жылдан оқулық жазып келген Әбдiқали Шыныбековтiң "Алгебра", "Геометрия" оқулығы қолданыстан алынып тасталған. Кәмила БҮКIБАЕВА, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Бiлiм беру үздiгi, "Геометрия", "Алгебра" оқулығын жазған (7 оқулық және 26 әдiстемелiк құрал) автор: Оқулық жаза алмайтындарға жазғызып, ақшаны талан-таражға салуға қарсымыз 

— Оқулық жазу 1998 жылдан басталды. Байқау жарияланып, оған оқулық жаза алады деген авторлар ғана қатысты. Әрине, оқулық жазуға өзiне сенiмдi авторлар ғана атсалысты. Соның iшiнде мына мен де бармын. Өйткенi, өзiм оқулық жазуға үлкен дайындықпен келдiм. Себебi, өмiр бойы математикалық оқытудың әдiстемесiмен айналысып келе жатқан жанмын. Өзiмнiң кандидаттық диссертациямда да оқулық, оның әдiстемелiгi жайында терең зерттедiм. Алғашқы авторлардың жазған математикалық оқулықтарын 2005 жылы "Оқулық" орталығы ашылып, оған Алма Әбiлқасымова басшы болып келгелi берi түгелдей алып тастады. Алайда, оның орнына жазылған оқулықтар сапалы болса мейлi. Бұл оқулықтар кезiнде бiз жазған оқулықтардан әлдеқайда нашар. Бұған ол туралы баспасөз бетiнде жарияланған әдiскерлердiң, оқытушылардың, ғалымдардың мақалалары куә. Алма Әбiлқасымова бұл орталыққа бастық болып келгенге дейiн бiрталай оқулықтар жарық көрген едi. Айта кету керек, олардың қай-қайсысы болсын мынадай дәрежеде сапасыз болған жоқ. Оның үстiне бұқаралық ақпарат құралдарында қазiргiдей кемшiлiгiн бетiне басып айтатын сыни-пiкiр жоқтың қасы едi. Өйткенi, олар заң бойынша өттi. Мәселен, олар оқулық қандай талдаудан өту керек, қалай басылып шығуы керек, мiне, осы баспалдақтардың барлығынан өтiп, сұрыпталған едi. Әрине, оқулықта кемшiлiк болатыны сөзсiз. Болады. Бiрақ та Әбiлқасымова шығарып жатқан математикалық оқулықтарда дұрыстауға келмейтiн өрескел қателiктер ұшырасады.

— Айтпағыңыз, "Оқулықтарды қырғыздарға жаздырды…" деген мақалада айтылған сын туралы ма? Мәселен, сол "Алгебра", "Геометрия" оқулығында қандай кемшiлiктер кездеседi? — Исак Бекбоев бастаған авторлар тобы құрастырған "Геометрия" оқулығының байқау нұсқасы жасалып, сараптамалық тексеруден өтпесе де 2007 жылы бекiтiлiп, басуға қол қойылған. Оқулықтың кiрiспесiнен бастап соңғы бетiне дейiн толған қате. Айталық, орфографиялық қателердi қоспағанның өзiнде методикалық, теориялық, ғылыми-математикалық қате көп. Керек болса, оқулықта орысша сөз көп, ол аздай қырғыз, қытай сөздерi де кездеседi. Авторлар "ғылым" мен "пәндi", "теорема" мен "салдардың" ара қатынасын айыра алмаған. Мағынасы екiұшты, шұбалаңқы сөйлемнен бас айналады. Көрдiңiз бе, басшылар бiреудiң қаңсығын бiзге таңсық еткiсi келедi. Бiр айта кетерлiгi, қырғыздар бүгiнге дейiн Ресейдiң оқулықтарын оқып келдi. Ал, бiз "Жаңа буын" оқулықтарын дайындауды 1998 жылы бастап кеттiк. Халқымыздың болашағы болып есептелетiн жастар үшiн жанымыз ашиды. Өйткенi, бiз мұғалiмдi, мектептiң жағдайын жақсы бiлетiн авторлармыз. Ал мынандай жағдайда бюджеттiң ақшасын ысырап етiп кiм көрiнгенге, басқа елдiң авторларына, қысқасы оқулық жаза алмайтындарға жазғызып, ақшаны талан-таражға салуға қарсымыз. — Сонда қазақ тiлiн бiлмейтiн басқа шетел азаматтарын бiздiң оқулықтарға автор болуға кiм шақырды? — Алма Әбiлқасымова: "Қырғыздарды әкелген "мен емес, баспа" дейдi. Ал баспа қырғыздарды қайдан тауып алды? Онымен кiм байланыс жасап жатыр? Өйткенi, олардың барлығы Әбiлқасымова диссертация қорғайтын кеңесiнiң мүшелерi. Тiптi, оқулықтың қанша данамен шығатынын да "Оқулық" орталығы шешедi. Соған байланысты баспа өнiм шығарып, пайда көредi. Сол себептен де баспа басшылары бұл орталықтың кесiп пiшкен шешiмiне қарсы тұра алмайды. Оны жалпы халық бiлмеуi мүмкiн. Бiрақ бiз секiлдi жаны күйiп жүрген авторлар бәрiн бiледi. — Сiз авторлық еткен "Алгебра", "Геометрия" оқулықтары қолданыстан шығып қалды ма, сонда? — 2005 жылға дейiн жарық көрген "Алгебра", "Геометрия" оқулықтарын "Оқулық" орталығы түгелдей ысырып тастады. Олардың орнына Әбiлқасымованың және оның адамдарының оқулықтары шығарылды. 7-8-9-10-11 сыныптардың барлығына арнап "Геометрия" оқулығын қазақ және орыс тiлiнде жаздым. Одан кейiн ұйғыр, өзбек тiлiне аударылды. Сөйтiп, оқулығым төрт тiлде жарық көрдi. Оған қосымша ретiнде кешендi есеп кiтабы, мұғалiмге арналған методикалық әдiстемелерi тағы бар. Осының барлығын Алма Әбiлқасымова бiр сәтте лақтырып тастады. Бұл оқулықтың iшiнде көп зиян көргенi 1998 жылы байқауға қатысып, төрт оқулықтың iшiнде жеңiп шыққан 7-сыныпқа арналған "Геометрия" оқулығы. 2000 жылы оқулық сынақ оқулығы ретiнде жарық көрiп, бүкiл Қазақстан көлемiндегi эксперименттiк мектептерде сараптамадан табысты өттi. Сол кезде "Мына оқулық жарамайды" деген ешбiр сыни пiкiр болған жоқ. Бәрi оң бағалады. Нәтижесiнде 2003 жылы министрлiкте осы "Геометрия" оқулығы негiзгi оқулық ретiнде бекiтiлдi. Үш рет сараптамадан өттi. Қаншама адам пiкiр жазды. Мұғалiмдердiң бiлiмiн жетiлдiретiн институтта елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келген мұғалiмдер, әдiскерлер 7-сыныпқа арналған "Геометрия" оқулығын талқылап, оң баға бердi. Онымен қоймай, олар оқулықтарымның сәттi, сапалы жазылғандығы туралы министрлiкке хат жазды. — Сонымен оқулығыңыз 2003 жылы бекiтiлiптi. Неге бақандай төрт жылдан кейiн қолданыстан алынып отыр? — Төрт жыл бойы табысты түрде елiмiзде оқытылып келдi. Сол жылдың iшiнде бар болғаны "Қиын есептер көбiрек берiлсе екен" деген ұсыныс түстi. Ал бұған берген жауабым: "Бұл оқулық жалпы бiлiм беретiн мектепке арналғандықтан, есептерi орта мектеп деңгейiмен берiлдi. Қажет болса, бұдан былай қиын есептi қосамын" дедiм. Екiншi рет басылып шығарда оқулықты тағы да қарап шығып, бiрталай жерiне қосымша енгiзiп, қиын есептердi қостым. Сөйтiп, кiтабымды "Атамұра" баспасы "Оқулық" орталығына жiбердi. Оқулық сол кеткеннен жым-жырт күйде қалды. Бекiтiлгенi, не бекiтiлмегенi туралы хабар жоқ. Бекiген оқулықтардың тiзiмiн күттiк. Бiрнеше рет хат жаздық, жауап болмады. Әйтiп-бүйтiп жүргенде, орталық бекiткен оқулықтардың тiзiмi жарық көрдi. Оның iшiнде де жоқ. "Не себептен "Геометрия" оқулығы жоқ?" деп хат жазып едiм, Жүкеновтiң қолы қойылған қағаз келдi. Онда кiтаптар нашар болғандықтан өтпей қалғандығы жалпылама сөздермен айтылған. Егер оқулық нашар, сапасыз болса заң бойынша кеңеске авторды, яғни, менi шақырып, кiтаптың қай жерiнде кемшiлiктер бар екенiн айтып, мойындату керек қой. Өйткенi, оған қаншама қыруар ақша жұмсалды, басқа да адамдар еңбек еттi. Мiне, осындай желеумен 7-сыныпқа арналған "Геометрия" оқулығы екiншi рет басылмай қалды. Бұл – заңсыздық. Ал оның орнына шығарылған Бекбоев бастаған қырғыз авторлардың жазған оқулығының түкке тұрғысыз екендiгiн кез келген комиссияның алдында дәлелдеп берем. Менiң оқулығымды алып тастаса да, мұғалiмдер әлi күнге пайдаланып келедi. — Мұғалiмдер тарапынан Бекбоевтардың оқулығы туралы "Оқулық" орталығына сын-пiкiр айтылып жатыр ма? — Министрлiкке айтылып та, жазылып та жатыр. Ешқандай жауап жоқ. — Егер баспа сiздiң оқулығыңызды дұрыс деп танып, министрлiктен қайта шығаруды сұраса ше? — Бұл жерде баспаның сөзi жүрмейдi. Яғни, баспаның оқулықты өздiгiнен шығаратын қақысы жоқ. Бәрiн тек министрлiк жанынан құрылған "Оқулық" сараптамасы негiзiнде бекiтедi. — Айтыңызшы, оқулықтарыңыз "Оқулық" орталығының қаһарына нелiктен iлiгiп отыр? — 2005 жылы маусым айында "Оқулық" орталығы ашылып, оған Алма Әбiлқасымова бастық болып келiп, қазан айында бүкiл авторларды жинап семинар өткiздi. Сол кезде маған: "Қайдосов деген докторантымды 10-сынып оқулығына қосалқы автор ретiнде аласың" деген. Ол жiгiтке "Жарайды, ең құрығанда дидактикалық материалдан бiр вариант бақылау жұмысын жасап әкелшi" десем, қолын қыбырлатқан жоқ. Неге түк жазбаған адамды кiтабыма ортақ қыламын деп, қосалқы автор ретiнде тiркемедiм. Мiне, содан берi А.Әбiлқасымова "Айтқаныма көнбедiң…" деп, заңсыздыққа дейiн барып, бүкiл кiтаптарымды алып тастап отыр. Яғни, 10-сыныпқа арналған оқулығымды алып тастағанымен қоймай, сол кiтаптан көшiрiп алған Жеткербай Қайдосовтардың кiтабын шығарды. Қысқасы, Әбiлқасымова "Оқулық" орталығына келгелi берi бiр жарым жылдың iшiнде өзi бекiткен математикалық оқулықтардың бiрiншi авторы. Бiр адамның соншама кiтапқа автор болуы мүмкiн емес. Ал геометрия оқулықтарын өзiнiң достарына таңып берген. Математика оқулықтарының құлдырап кеткенiне ең бiрiншi жауапты адам – Бiлiм және ғылым министрлiгi жанынан құрылған республикалық "Оқулық" ғылыми-тәжiрибелiк орталығының директоры Алма Әбiлқасымова. Бiрiншiден, ол "Оқулық" орталығының басшысы әрi оқулықтың бас авторы, ғалым ретiнде жауап беруi керек. Егер жақсы мен жаман оқулықты айыра алмаса, өзiнiң кiнәсi. Екiншiден, ол сараптама жасалмаған оқулықтарды бекiтiп жатыр. Нәтижесiнде оқулықтар сапасыз болып жарық көруде. Үшiншiден, жарамсыз оқулықты шығарғаны әрi оған жұмсалған қаржы үшiн жауап беруге тиiс. Әбдiғали ШЫНЫБЕКОВ, Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, "Алгебра", "Геометрия" оқулығын жазған, 20 оқулықтың авторы: Оқулықтың бiрнеше баламасы болғаны дұрыс 

— Автор ретiнде "Алгебра", "Геометрия" оқулығына айтылып отырған сыни пiкiр туралы не айтасыз?

— Математикалық бағытта оқулық жазуға 1989-1990 жылдан бастап бiржола бет бұра бастадым. Басқа ғылым өзгерсе де, математика ешқашан өзгермейдi. 2000 жылы математика қандай болса, қазiр де сондай. Тек қана оқушыға жеткiзу әдiстемесi, құрамы ғана түрленiп отырады. — Оқулықтарыңыз қолданыста бар ма? — 7-11 сынып оқушыларына арналып жазылған "Алгебра", "Геометрия" оқулығым қазақ, орыс тiлдерiнде жарық көрiп, физика-математикалық бағытпен оқитын мектепте қолданып келдi. Бiрақ былтыр 7-сыныпқа арналған оқулықты тоқтатты. Ал қалғаны биылғы шыққан бұйрықтардың бiреуiнде де жоқ. — Қандай кiнәрат тағып отыр? — Бар болғаны есептерге берiлген жауап саны аз дейдi. Қарасаңыз, аз жауабымның өзi 10-11 бет болады екен. Ал қырғыздар жазған оқулықтың жауабының саны бiр жарым бет ғана. "Оқулық" орталығының берiп отырған сараптамасы қарама-қайшы. Егер маған оқулығыма қатысты сын (отзыв)-пiкiр жазса, басқа авторға тура соны дұрыс деп жазады. Демек, мендегi барды жаман деп жазса, екiншi бiр авторға "сiзде мынандай жоқ екен" деп айтады. Бұл деген абсурд. Әрине, бiрiншi басылымда ешкiм де 100 пайыз қатесiз оқулық жаза алмайды, кемшiлiк кетедi. Бiрақ та жөнделетiн және жөнделмейтiн қате бар. Соны ажырата бiлу керек. Не десек те, орталықтың ақ дегенi – алғыс, қара дегенi – қарғыс болып тұр ғой. — Оқулығыңызды бiржола алып тастады ма? — Сараптамадан өткiзiп ештеңе таппаса да, бұйрыққа қоспаған. Бiрақ халық бұған қарамайды. Кей мектепте мұғалiмдер "Комиссия келгенде қырғыздың жазған оқулығын парта үстiне шығара саламыз да, кеткен соң қайтадан Сiздiң оқулығыңызды оқытамыз" деп айтады. Демек, мектепте оқушылар оқулығымды оқып жүр деген сөз. "Бiр ғана базалық оқулық керек" деп, қалғанының бәрiн сызып тастады. Неге десеңiз, басқа оқулық балама ретiнде қатар жүрсе, әлгi оқулықтың шаруасы бiтедi. Мәселен, Ресейде мемлекеттiк экспертизадан өткен 12 оқулық бар. Яғни, 12 автор бар деген сөз. Сол себептен де, бiрнеше балама оқулықтың болғаны дұрыс. Сайып келгенде, оқушыны оқытатын автор емес, министрлiк емес, "Оқулық" орталығы да емес, жәй ғана қарапайым мұғалiм. Сондықтан да оқулықты басқа емес, мұғалiм таңдауы керек. Бүгiнге дейiн 7-11 сыныпқа арнап 20 оқулық жаздым. Оған қосымша әдiстемелiк нұсқа, дидактикалық материалдар жинағы бар. — Сонда мұның бәрiне кiм жауапты? Министрлiк пе, әлде… — Жасыратыны жоқ, республикалық ғылыми-практикалық "Оқулық" орталығы бiлгенiн iстеп жатыр. Тек қана математикалық оқулықтар ғана емес, тарих, қазақ тiлi пәнiне қатысты түрлi дау көп. — Ал қырғыздар жазған оқулықты парақтап көрдiңiз бе? — Көрдiм. Мұқабасындағы суреттен бастап аяғына дейiн қып-қызыл қате. Қазiр оны орыс мектептерi мүлдем оқымай, бiр жағына қарай ысырып тастады. Қазақ мектептерi қай оқулықты оқы дейдi, сонымен оқи бередi. "Алгебра", "Геометрия" оқулығын жазу үшiн қаншама күш-қуатын сарп еткен ардагер-авторлардың пiкiрi осындай. Бiз бұдан соң авторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстейтiн "Атамұра" баспасы басшыларының да осы мәселеге қатысты ойын бiлгiмiз кеп, жолыққан едiк. "Атамұра"корпорациясының вице-президентi Гүлбаршын ЖАРЫЛҒАСЫМОВА: — Кез келген оқулық министрлiктiң бұйрығынсыз шықпайды. Бiз ойымызға келген оқулықты басып шығара алмаймыз. Себебi, бiлiм департаментi де оқулықты тек министрлiктiң бұйрығы болмаса сатып алмайды. Оқулық төрт жылда өңделiп, қайта басылып шығады. Бiз осы уақыт iшiнде мұғалiмдердiң, ғалымдардың, сараптаманың қорытынды-пiкiрiн жинап, келесi басылымға өңдеу енгiземiз. Ал ауыл мектебi кейбiр оқулықты бiрiншi басылымымен оқитын шығар. Қарасаңыз, Ресейдiң оқулықтары оныншы, жиырмасыншы басылыммен жарық көруде. Әр шыққанында көзге көрiнген қателiктер түзетiлiп отырады. Неге екенi түсiнiксiз, мұғалiмдердiң көбi оқулықтың жеңiл болғанын қалайды. Егер тiптен жеңiл болса, оқушы бiрдеңе үйрене ме? — Оқулықтың тiлi ауыр, сапасы төмен деген пiкiр көп айтылып жатыр ғой… — Бәлкiм, сынның көбi бағдарламаға байланысты айтылатын болар. Бiрақ балама оқулықтың өзi де министр бекiткен бағдарлама бойынша жазылады. — "Оқулық" орталығымен тiкелей байланыс жасап отырасыздар ғой. Орталық баспаға, авторларға тапсырыс бере ме? — Төрт жылда бiр басылатын оқулық өндiрiске дайындалып жатқанда сараптамаға өткiзiледi. "Оқулық" орталығы арнайы сарапшы мамандарға бередi. Олар өз ұсынысын жазып бередi. Мiне, осы сараптама қорытындысы бойынша жұмыс iстеймiз де, кемшiлiгi болса түзеп, қайтадан сараптамаға жiберемiз. Содан кейiн ғана "Оқулық" орталығы рұқсатын бередi. — Ал қазiр кiм көрiнген автор болып, оқулық жазып кеттi деген әңгiме жиi естiледi. Жалпы, баспа авторды таңдай ма, әлде автор баспаны ма? — Негiзi төл оқулықтарының авторлық ұжымын құрып, оқулыққа өңдеу жасаған Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ бiлiм академиясы. Көбiне 1-7 сынып оқулықтарын жазатын авторлар осы Бiлiм академиясынан шыққандар. — "Атамұра" баспасы республикадағы мектептердi оқулықпен толық қамтамасыз етiп отыр ма? Кей өңiрде оқу жылының басында оқулықтың жетiспеушiлiгi мәселесi туындайтыны жасырын емес… — Бұл жергiлiктi департаменттiң тапсырысына байланысты. Ал олар тапсырысты қалай жинайтынын бiлмеймiн. Бiрақ та бiзден қанша кiтап сұраса, сонша жiберемiз. Министрлiктiң нұсқауы бойынша, мұғалiм бес оқулықты пайдалануға мүмкiншiлiгi бар. Мәселен, бiр тақырып мына оқулықта жақсы ашылса, екiншi тақырып басқа оқулықта дегендей. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бiз бұл мәселеге қатысты ақырғы сөздi Бiлiм және ғылым министрлiгiнен бiлгiмiз келген. Министрлiктiң баспасөз қызметiнiң өкiлi Мақсат Нұрыпбаевтың айтуынша, "Оқулық" орталығы оқулықтарға сараптама жасайды, одан кейiн оны арнайы комиссия талқыға салады да, оң бағасын берсе, министрлiкке ұсынады. Егер оқулықты министрлiк құптап, бекiтiп жатса, қайтадан "Оқулық" орталығына жiбередi. Ал орталық баспаға басуға бередi. Мiне, оқулықты бекiту процесi осылай өрбидi" дейдi. "Ал, оқулықты қырғыздарға жаздырды деген пiкiр жөнiнде айтарым мынау. Негiзi қажеттi оқулыққа байқау жариялағанда, әр автор өз еңбегiн ұсынады. Сараптамадан ең жақсысы ғана таңдап алынады. Қалған 4-5 автор "менiкiн өткiзбедi" деп бұрқыратып арыз жаза бастайды. Оқулықты қырғыз жаза ма, кәрiс жаза ма, онда тұрған ештеңе жоқ. Әйтеуiр, оқулық қазақ тiлiнде жазылып, бiлiм стандартына сәйкес болса болғаны. Егер де авторлар мен мұғалiмдер қолданыстағы оқулықтың кемшiн тұстарын шұқып көрсетiп, жарамсыз деп тапса, бұл туралы тiкелей министрлiкке арыз жолдасын. Қажет болса, бiз "Оқулық" орталығын тексеруге дайынбыз" дейдi. Министрлiктiң баспасөз қызметi өкiлiнiң бiзге берген жауа¬бы осы. Дей тұрғанмен, бiз бiрнеше жылдан берi оқулық жазумен тiкелей шұғылданып келген авторлар К.Бүкiбаева мен Ә.Шыныбековтiң пiкiрiн Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.  

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ