Жаңалықтар

БАРЛЫҚ ӨЗГЕРIС ӨЗIМIЗДЕН БАСТАЛУЫ КЕРЕК

ашық дереккөзі

БАРЛЫҚ ӨЗГЕРIС ӨЗIМIЗДЕН БАСТАЛУЫ КЕРЕК

Республикалық "Ұлт тағдыры" қозғалысы сәуiрден бастап, Қазақстанның сегiз облысында "Ата-тегiмiзге қайта оралайық" деген iс-шара бастаған едi. Жақында осы шара негiзiнде Алматы қаласындағы №147 гимназияда оқушылармен ұлт патриоттарының кездесуi болып өттi. Шараның негiзгi мақсаты — ата-тегiмiзде сақталып қалған санадағы құлдық таңбадан ажырап, қазақы қалыбымызды қайта табуға үндеу. Оның оқушылар арасында өткiзiлiп отыруы да тегiн емес. Кәмелет жасына толып, төлқұжатын қолына алатын баланың зердесiне ұлттық рухты жеткiзе отырып, "ов", "ев"-тан бас тартуды үгiттеу. Сол арқылы оның аты-жөнiнен-ақ тәуелсiз, бостан елдiң азаматы екендiгi әйгiленiп тұруға тарту. Бiз "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшiмнен осы бiр тамаша бастаманың барысы туралы айтып беруiн өтiнген едiк:

— Өздерiң көрiп отырғандай, iс-шараның мақсаты — биыл 16 жасқа толатын жастарды жеке бастың куәлiгiн алатын уақытта фамилияларының соңындағы орыстандыру кезеңiндегi жасанды түрде жалғанған "-ов", "-ев", "-ова", "-ева" қосымшаларын алып тастап, қазақи нұсқада "-ұлы", "-қызы" етiп жаздыруға үндеу. Барлық ұлт өздерiнiң аты-жөндерiн өздерiнiң ұлттық негiздерiн сақтай отырып жазады. Бiз ғана "-ов", "-овалардан" құтыла алмай жүрмiз. 1996 жылдың 2 сәуiрiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы жарлығы жарияланғанын да көпшiлiгiмiз ұмытып кеткен сияқтымыз. Бұл "Ұлты қазақ азаматтарының тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы" деп аталатын құжат. Менiңше, ұлттық ерекшелiгiмiздi жүзеге асырып, ұлттық нұсқаға бәрiмiздiң де көшетiн уақытымыз жеттi.

— Ендеше нелiктен барлық қазаққа үндеу тастамай, тек қана 16 жасқа толған жастармен жұмыс жасап жатырсыздар. Мүмкiн, осындай заң қабылдау керек шығар.

— Әрине, бұндай жұмыстар жоғарғы деңгейден басталса, нұр үстiне нұр болар едi. Алайда ол күндердi күтiп, қозғалыссыз отыра бергеннен ештеңе шықпайды. Ал жастардан бастағанымыздың бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, 16 жасқа толғанда тегi мен әкесiнiң атын өзгертiп, орыс тiлiндегi жасанды қосымшаны алып тастау өте оңай. Екiншiден, бұл да ұлттық тәрбиенiң, азаматтық тәрбиенiң бiр жолы. Олар өз қолдарымен өтiнiш жазып, жаңа құжаттағы тектерiн өздерi өзгертсе, кейiннен де ұлттық мәселеде қарап қалмайтыны анық. Үшiншiден, өкiнiшке қарай, үлкен ағаларымыз бүгiнгi бюрократтық жағдайда сан түрлi құжаттарына кiрiп қалған "-овтарды" алып тастасақ, кейiн "проблемалар болмай ма?" деп қорқақтайды. Төртiншiден, өзiң көрiп отырсың, осы залда отырған 170 оқушы ертең осы үндеудi өздерiнiң iнi-қарындастарына айтып, жалғастыруға дайын. Төртiншiден, бiз сияқты шағын ұйымға осы жұмысты жүзеге асыру да оңай шаруа емес.

— Дос аға, мектептер мемлекеттiк мекеме болып саналатыны белгiлi. Осы жұмыстарыңызға билiк органдарының көзқарасы қалай болды?

— Бiз ешкiмдi зорлап, күштеп ата-тектерiңе қайтып оралыңдар демеймiз. Егер үндеуiмiз балалардың көңiлдерiнен орын алып, қолдау тапса, шешiмдi өздерi жасайды. Ал "Қазақ бол!" деген атпен жүргiзiлiп жатқан осы шараға қарсы адамдар табылса, амал қанша, ата-аналар арқылы жұмыс жасауға тура келедi. Алайда, көптеген бiлiм мекемелерiнiң басшылары жұмысымызға қолдау көрсетiп отырғаны бiздi қуантады. Қалалық, облыстық бiлiм департаменттерiнiң көпшiлiгi түсiнiстiкпен қарағанына тек ризашылдығымызды бiлдiремiз. …Бiрде теледидардан "Валентина күнiн" атап өтiп, сол күнмен мектепте оқушыларды құттықтап түрған бiр қала әкiмiнiң орынбасарын көрiп, жағамды ұстадым. Егер "Қазақ бол!" деген насихатпен келген адамдарды кеудеден итерiп, "Валентина күнiн" уағыздауға есiк ашық болса, болашағымыздан үмiт күтпеймiн. Әрине, кейбiр облыстарда қиыншылықтар да жоқ емес.

Е. ҚҰМАР