Жаңалықтар

«ЖАР ЖАҒАСЫНДА» — жазушы-философтың жаңа кiтабы

ашық дереккөзі

«ЖАР ЖАҒАСЫНДА» — жазушы-философтың жаңа кiтабы

Өткен аптада Алматыда философ-ғалым, академик, сенатор Ғарифолла Есiмнiң "Жар жағасы" атты әдеби-көркем, философиялық новеллалар мен эсселер кiтабының тұсаукесерi болып өттi.

Қазақтың даму тарихын зерделеп, оның ой-санасы туралы пiкiр айтып жүрген ғалымдарымыз жеткiлiктi. Ал, Ғарифолла Есiмнiң ұлттық философиятану iлiмiнде өзге емес, алғашқылардың бiрi болып аты аталады. Неге? Өйткенi ол қазақтың төл философиясын iздеушi жан. Ол кiсi туралы академик Р. Нұрғали "Әдiлетiн айтқанда, философия мамандығы бойынша қазақтың әдеби тiлiмен, көркем тiлмен философиялық еңбектер жазу осы Ғарифолладан басталды" ( Р. Нұрғали: "Қазақтың қазiргi дертiн емдейтiн хирург керек", "Айқара", 2-9 сәуiр, 2008 жыл) деп жазады. "Жар жағасы" кiтабы да қазақтың әдеби, көркем тiлiмен жазылған философиялық туынды. Философ бұл еңбегiнде "Жақсы адамның трагедиясы — жар жағасының бұйырғандығы" деген ой айтады. Әрине, адамдарды "жақсы, жаман" деп категорияға бөлу дұрыс па? Бiр жағынан алғанда бұның өзi шартты сияқты көрiнедi. Дегенмен, жар жағасында жүрудi көп ешкiмнiң маңдайына еншiлей қоймайтынын ескергенiмiз абзал. Демек, тағдырлы, талайлы адамдарға ғана бұйыратын бақ та, сор да — жардың жағасы.

Ғарифолла Есiмнiң бұл жаңа туындысының I бөлiмi "Таңсұлу", "Мұсылман қыз", "Ананың көз жасы", "Күнә" тәрiздi новеллалардан тұрады. Оқырман қауымға бұрыннан таныс "Таңсұлу" новелласы көш бастап тұр. "Таңсұлу" — қазақ әйелiнiң типтiк бейнесi. Жарға адал, халқының ертеңi үшiн өзiн құрбан ете бiлетiн қарапайым ғана ана. Өзгенiң отын тұтатып, жарының атына дақ салғанша, бұл жалғаннан қор болып өтейiн деген асқақ намыстың жетегiндегi әйел бейнесi. Сол секiлдi бұл бөлiмде 30 жылдардағы аштық мәселесi де жақсы өрнегiн тапқан.

II бөлiмi Қорқыт Ата, Қожа Ахмет Иассауи, Лев Толстой, Руми, Жүсiпбек Аймауытов, Фолкнер, Владимир Набоков, Стейнбек, Шыңғыс Айтматов сынды ғұлаламар жөнiндегi эсселердiң тiзбегi. Философ әлеуметтiк ой айту барысында барынша қысқалық пен нұсқалық жолды таңдаған. Бұл туралы Әбiш Кекiлбай "Жанрдың ең қысқа, зергерлiк түрлерiне қызмет iстеу — уақыттың туындатып отырған шарты. Соны Ғарифолла "Жар жағасы" кiтабында жақсы ескерген. Өзiнiң философтығын пайдаланып, уақыттың сұранысын дөп басып, "қазiргi қазақ қауымының назарын не аудару керек?" деген мәселеге байланысты өзiнiң ұстанымдары мен түйiндерiн әдебиеттiң ең қысқа миниатюралық жанрлары, оның iшiнде эссеистикаға, новеллистикаға сыйғызып айтуға тырысқан" ( Ә. Кекiлбай "Ғарифолла — дәрiсханалық емес, әлеуметтiк философ", "Айқара", 2-9 сәуiр, 2008 жыл) дейдi.

Тұсаукесер рәсiмiнде баяндама жасаған филология ғылымының докторы Қансейiт Әбдезұлы, жарыссөзде сөз алған Жазушылар одағының I хатшысы Нұрлан Оразалин т.б. ғалым-жазушылар философтың жазушылық жанрда қалам тартуы жайында өз ойларын көпшiлiк талқысына салды. Қазақ дүниетану тарихында философиялық әңгiме жазуда Абай хакiмнiң аты бiрiншi аталса, қазiргi заманның пәлсапалық жазушысы ретiнде Ғ. Есiмнiң аты аталады. Демек, Ғарифолла Есiмнiң жазушылыққа келгенiн кездейсоқ деп санамауымыз керек.

Есенгүл Кәпқызы