АДАМ САУДАСЫ — КӨЛЕҢКЕЛI БИЗНЕСТIҢ КӨЗI

АДАМ САУДАСЫ — КӨЛЕҢКЕЛI БИЗНЕСТIҢ КӨЗI

АДАМ САУДАСЫ — КӨЛЕҢКЕЛI БИЗНЕСТIҢ КӨЗI
ашық дереккөзі

Көшеге шықсақ, не болмаса, автокөлiк, темiржол бекеттерiне бас сұқсақ хабарландыру тақталарынан "Пәленшеге, түгеншеге iздеу саламыз" деген хабарландыруды көзiмiз жиi шалатын болды. Тiптi, адамның бiржола жоғалуы немесе күндердiң күнiнде бiр-бiрiмен жолығудың сәтi туатындығы жайында ОРТ-ның "Жди меня" хабарын қарап, жүрегiн ауыртатын көрермен дәл сондай мазмұндағы өмiрдiң ащы запырандарына бүгiнде "Хабар" арнасындағы "Бармысың, бауырым?!" бағдарламасы арқылы көз жеткiзудемiз. Демек, бұрын-соңды адам саудасы туралы оқиғалар сюжетiн көк жәшiктегi шытырман кинолардан ғана естiп-көрсек, мұндай жағдайды өзiмiз қатарлы жер басып, тiршiлiк кешiп жүргендер де басынан өткiзедi екен.

Бәрiмiзге белгiлi, қазiр жұмыс көзiн iздеп қалаға ағылатындар көп. Отбасын асыраудың қамымен екi қолға бiр күрек табылып қалар дейтiн апталдай азаматтың көпшiлiгiнiң жолы Алматыға түсiп жатады. "Алып шаһар бiз түгiлi, қаптаған заңсыз келiмсектерге де нан тауып берiп жатыр ғой, өзегiмiзден теппес" деген олар құрылыстың кез келгенiн дөңгелетiп әкетуге белдi бекем буған. Алайда, қарапайым жұмысшы арасында түрлi алаяқтардың алдауына түсiп, сан соғып қалатындары да баршылық көрiнедi. Осындай азаматтың бiрi Сәкен еңбек көзiн iздеп Алматыға жол тартады. Үйiнен шығып бара жатқанда: "Бұйырса, екi-үш айдың iшiнде бiраз ақша тауып ораламын. Аса уайымдамаңдар, өзiм телефон соғып тұрамын" деген ол, сол кеткеннен мол кетiптi. Алғашқы кезде аман-саулығын бiлдiрiп тұруды әдетке айналдырған ол уақыт өте келе үй-iшiне хабарласуды да ұмытқан. Содан берi Алматы жақтан зырылдай соққан телефон қоңырауының аузына құм құйылған. Мұндағы туыстары да оның қайда, не iстеп жүргенiнен бейхабар. Ауылдан бiрге кеткен азаматтың бiреуi де ол туралы ештеңе жарытып бiлмейдi. Баласын уайымдап, күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айрылған ата-ана әбден әуре-сарсаңға түсiп жадау тартқан. Сөйтiп жүргенде, Сәкеннiң отбасы-ошақ қасына оралмағанына бiр жылдың жүзi толыпты. Апта сайын iздеу сапарымен Алматыдағы жақындарына келiп-кетiп жатқан туыстарының, ағайын-бауырларының қолынан келер еш шара жоқ. Кiмнен сұрайтынын, қайда барып шағымданатынын бiлмей егiлiп зар илейдi. Осындай бiр кезектi iздеу операциясымен келген Сәкеннiң ағасы iнiсi туралы бiреу-мiреу қандай да бiр мәлiмет бiлетiн шығар деген оймен қоғамдық көлiк iшiне де ендi. Суретiн әр жолаушыға "Көрдiң бе? Танисың ба?" деп көрсетiп қояды. Ешкiмде үн жоқ. Бiрi оған "жәй ерiгiп жүрген бiреу ғой" деп бей-жай қараса, ендiгi бiрi басына түскен жағдайды түсiнiп, аянышты көзқарас танытып бақты. "Тас түскен жерiне ауыр" деген осы. Ол автобустан шыққан жерден iлесе ере түстiм. Өз тарапымнан бар жылы сөздерiмдi, әманда жақсы бiр жаңалықтың болатынын айтып далбалақтап жатырмын. Мiне, бiр үйдiң асыраушысы Сәкеннiң iзiм-ғайым оралмағанын, оны күтiп отырған үш баласы мен жарының әлi де күдерiн үзбегендiгi жайында мән-жайға сол кезде қаныққан едiм. "Бүйректiң бiр бұрышы бауыр үшiн езiлiп жатқанда, қалай күлiп, қуанасың?! Iшкенiмiз iрiң, жегенiмiз желiм болды" деп әңгiмесiн тәмамдаған едi шерiн тарқатқан ел ағасы. Бәлкiм, отбасы асыға күткен Сәкен күндердiң бiр күнiнде Отанына оралар… Өкiнiштiсi сол, әдеттегiдей күнкөрiстiң қамымен қала кезiп, жұмыс iздеп шыққан адамдардың кейбiрi үй бетiн қайта көрмейдi екен. Адам жоғалу оқиғасы нелiктен көбейiп кеттi? Әлде, бұл елiмiзде адам саудасының қыза бастағанын аңғарта ма, қалай?

Мәселен, статистикалық мәлiметке көз жүгiртсек, бiр Оңтүстiк Қазақстан облысының өзiнде 400-ге жуық адам iз-түзсiз жоғалып, оларға iздеу амалдары жүргiзiледi екен. Ал, 2006 жылы 470 адам iздеуде болса, 2007 жылы iздестiру туралы 472 арыз түсiптi. Қуаныштысы, былтыр 388 адам табылып, отбасына оралу бақытына ие болған. Айта кететiн жайт, өз елiмiздiң ерлерi мен әйелдерi iшкi адам саудасының құрбаны болып қана қоймай, жыныстық қанау мен күштеп жұмысқа салу мақсатында Бiрiккен Араб Әмiрлiгiне, Түркияға, Израильға, Ресейге және Алманияға сатылады екен.

Естерiңiзде болса, былтыр депутат Бекболат Тiлеухан жоғалған адамдарды iздеудiң жаңа жобасын ұсыну үшiн Iшкi iстер министрлiгiне депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда "Қазiргi уақытта қылмыс iстегендер, сонымен қатар iз-түзсiз жоғалып кеткен көптеген азаматтарға iздеу салынуда, осылардың көпшiлiгi қылмыстың құрбандары болып жатады. Iздестiру шараларын жүргiзудi тездету мақсатында ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң басшылығымен "Iздеу салынады" деген атпен мерзiмдi басылымдарды шығаруды ұсынамын" деген-дi. Депутат мерзiмдi баспа беттерiнде сенiм телефоны болуының қажет екенiн, қылмыскерлердiң тұрған жерi туралы анонимдiк хабарларды берген азаматтарға қауiпсiздiк кепiлдiгi болуы керектiгiн алға тартқан. Кейбiр азаматтар, мәселен, бұрынғы жол көлiк апаттарының куәгерлерi, iздеуде жүргендердiң мекен-жайын бiлетiндер жеке басының қауiпсiздiгiн ойлап мұндай мәлiметтердi қажеттi мекемелерге бермейдi. Егер басылым республикамыздағы азаматтардың iздестiру шараларына белсендi қатысуына себепшi болса, оның шығынын ҚР Iшкi iстер министрлiгi қаржыландыруы қажет екендiгiн де кесiп айтқан-ды…

АДАМ САУДАСЫ ЖӘНЕ КIРМЕЛЕР

Жасыратыны жоқ, кейiнгi кезде адам саудасы, адам ұрлау, қорлау қылмыстарында сырттан келген кiрмелердiң қолтаңбасының iзi сайрап жатады. Әсiресе, қыз-келiншектердi өзге мемлекеттерге алдап әкетуде олар арбаушы күш қызметiн атқарады екен. Бейресми деректер бойынша, бүгiнде шетел асырылып жатқандар арасында кәмелетке толмаған жеткiншектер де шамадан тыс көбейген. Жыл сайын адам сатушылардың "тұзағына" 4 миллион адам iлiгедi дейдi. Осы сауда түрiнен халықаралық қылмыстық топтар шамамен жылына 12 миллион пайда түсiредi. Ал, елiмiзде жалпы жыл сайын 7 мыңға жуық адам құлдықта болса, оның денi алаяқтардың арбауына елiтiп, көздi жұмып шетелге аттанып кете барса, сау басын сақинаға салып алғандары қаншама. Яғни, мұндайлар өзге елден жалақысы жоғары жұмыс тауып беремiз деп уәде еткен қылмыскерлердiң шым-шытырық сергелдеңiне түсiп бiр мезетте құлдық пен күңдiкке сатылып кете барады. Жылына әлемде осынау қылмысты ұйымдастырушы қылмыстық синдикаттарға 7 миллиард доллар пайда алып келетiн 4 млн. адам, адам саудасының құрбаны болатын көрiнедi.

Салыстыру үшiн айтар болсақ, 400 жыл iшiнде Африкадан Америкаға барлығы 12 миллион құл сатылған. Оларды тек қана жыныстық қанауға, ауыл шаруашылығына т.б. мақсаттарға ғана емес, сонымен қоса, адам мүшелерiн ауыстырып салу мақсатында да пайдалану үшiн саудаға салады. Әзiрге өткенi үшiн опық жеп, жатжұртта жылап жүргендердiң саны белгiсiз десек те, Әдiлет министрлiгi жылына орта есеппен жетi мың адамның бәзбiреулерге кiрiптар болатынын айтып қалып жүр. Оның үстiне құлдыққа тап болғандар көбiне тиiстi орындарға шағымданудан бас тартып, қорқақтайды. Өйткенi, олар қылмыскерлер құрықталады дегенге күмән туғызса, бiр жағынан басынан өткендi жалпақ жұртқа жария еткiсi келмейдi. Соның салдарынан бойжеткендердiң жезөкшелiкке мүлдем тыйым салынған елдерде тәнiн сатып, түрмеге де түсiп жатқаны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Әлеуметтiк жағдайы төмен отбасыдан шыққан оларды терiс пиғылдылар түрлi қылмысқа итермелеп немесе жезөкшелiкке күштеу арқылы көндiредi. Сорақысы сол, бұндай жағдайлар елiмiзде де жиi тiркелiп, оның бiрталайы келiмсектердiң қолымен жасалып жатқандығы жанға батады. Мiне, осындай бассыздықтарға жол берiп, бейпiл iс-әркет арқылы нанын тауып жүрген қылмыскерлерге қатаң жаза қолдану керектiгiн ескерiп, бiрқатар заңдарға өзгертулер енгiзiп, адам саудасына қарсы тосқауыл қою жүйесiн құру үшiн бiршама жұмыс жасалды. Арнайы заң да қабылданды. Бұдан кейiн адам саудасы — қылмыстық әрекет болып саналып, оған тiкелей қатыстылар қатаң жазасын алады деп ойладық. Алайда, жауапкершiлiкке мейлiнше тек адамдарды алдап-арбаған азаматтар ғана тартылып, олардың өзге де сыбайластары жазадан құтылып кететiн кездер көп ұшырасады.

Былтыр Алматы қалалық Iшкi iстер департаментi қаладағы көңiл көтеретiн орындар мен түнгi клубтарда тәнiн сатып жүрген жезөкшелердi тексеру үшiн арнайы рейд жүргiздi. Осы тексеруге қатысқан "Рейдер" оқыс оқиғалар тiзбегi хабарындағы әрiптесiм жезөкшелiкпен айналысатындардың 70-80 пайызы Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан келген жасөспiрiм, бойжеткен қыздар екенiн айтып жағасын ұстаған едi. Алайда, құжаты жоқ кiрме жезөкшелерге ешқандай шара қолдана алмайтын бiздiң ел, баяғы сауық-сайран құратын еркiндiк елiне қайта жiбере салатыны түсiнiксiз. Демек, Қазақстан — адам саудасының өзбекстандық, қырғызстандық, тәжiкстандық және украиндық құрбандардың шығатын жерi, олардың Ресей мен Бiрiккен Араб Әмiрлiгiне сатылып, осы елдерге баратын сапарында транзиттi аялдайтын нүктесi және оларды сатып әкелетiндердiң елi екенi осыдан-ақ аңғарылады.

Адамдарды сатуға байланысты қылмысқа қарсы күрес, оны болдырмау және оның алдын алу жөнiндегi 2006 — 2008 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары туралы ҚР Үкiметiнiң 2006 жылғы 10 сәуiрдегi N 261 Қаулысы қабылданған. Алайда, бұл құжат өзектi де өткiр мәселе — адам саудасына тосқауыл қоя алмай отырған сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ