ҚАЗАҚШАҢЫЗ ҚАЙДА, MEGA?!
ҚАЗАҚШАҢЫЗ ҚАЙДА, MEGA?!
Осынау алып дүкеннiң, яғни алып сауда-саттық орталығының iшiн талай рет тамашалағам. Тамашалағам деген бер жағы, талай рет үйдегi кiшкентай бүлдiршiн iнi-сiңлiлерiмдi алып барып, мұз айдынында сырғанақ та тепкенбiз. Алыстан-ақ, «мен мұндалап» көзге түсетiн Ақ сарайдың әсем безендiрiлген көркем келбетi өзiне ерекше тартып тұратындықтан ба, қыдыруға, бiр уақыт демалып қайтуға таптырмас орын екенi даусыз.
Шындығында да, Розыбакиев көшесiнiң бойында орын тепкен "MEGA Алма-ата" дүниеге келгелi көпшiлiктiң сүйiп баратын демалыс аймағына айналған. Онда не жоқ дейсiз, үлкен орталық болған соң, арнайы саябағы да, көркем субұрқақтары да, айнадай жылтыраған шынымен көмкерiлген дүкендерi де, балаларға лайықты демалыс парктерi де, мұз айдыны да, не керек, адам жанынан басқаның бәрi бар. Тек қана қазақ ұлты үшiн жетiспейтiн бiр нәрсе, онда сiздiң тiлiңiз жоқ. Сiздiң тiлiңiз өркениеттiң есiгi саналған "MEGA"-ның табалдырығында қалып қойыпты. "MEGA-сын" былай қойғанның өзiнде, Алматы «Алматы» болғалы қашан?! Ал, олардың "Алма-Атасы" несi деп тағы бiр таңданасыз да қоясыз.
"MEGAzine" журналы тегiн берiледi
Осыдан бiрер апта бұрын, республикалық "Ана тiлi" газетiнде: "MEGA-ға" енсеңiз, шетелде жүргендейсiз" деген мақала жарық көрген. Онда мақала авторы Ләззат Дүйсембекова аталмыш ақ сарайдың iшiндегi ағылшынша, орысша жазылған дүкендердiң атауларының бәрiн жан-жақты санамалап берген екен. Бiлдей бiр республикалық газет шырқырап, мақала жазған соң, жөнделер, жөнге келер деген ой болды. Қайдағы, араға бiрнеше апта салып, аталмыш сауық-сайран орталығына қайта бардық. Бәз-баяғы қалпы, ештеңе өзгермеген, тiптi еден жуып жүрген қазақ қыздары да сол күйiнде.
Кiрсең шыққысыз, алып дүкенге кiрiп келе жатқанда, "Па, шiркiн, бұған тең келер кең сарай Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда жоқ" дейтiн едi, сол рас-ау деген ой келедi. Айналамдағы кiрiп-шығып жүрген адамдарда есеп жоқ. Бiрi баласын, бiрi немересiн жетектеп, сән-салтанат құрып жүр. Расында да, зәулiм сарайдың iшi мұнтаздай, тап-таза. Көркемдiгi көз тар¬тады. Есiктен кiрген беттен-ақ, мұндағы қызметшi қыздардың күлiмсiреп қарсы алғанына дейiн, сарайға ерекше өң берiп тұр. Бәрi жарасымды, тек ресми тiлде. Әуелi көзiме түскенi орталықтың өзiнде шығатын "MEGAzine" журналы. Қызметшi қыздардан бағасының қанша екенiн сұрап едiм, "бесплатно" деп жауап бердi. Қолыма қысқан бойда жоғары өрлей бердiм. Журналдың аты анау, iшi қандай екенi атынан да көрiнiп тұр. Әлем-жәлем боялған түрлi-түстi журналдың қазақшасын сұрамай-ақ қойыңыз. Iздесеңiз де таппайсыз. Ақ сарайдың iшi толған дүкен. Оның аттарының қандай екендiгi бүге-шүгесiне дейiн аталмыш мақалада сайрап тұр.
Шымкенттiң сары басылымдары қайдан жүр?
"КазПресс" деген дүкеннiң алдына келген соң, қызық үшiн арнайы кiрдiм. Елулердi еңсерiп қалған орыс тәтей бiр нәрсе алып қала ма дедi ме, алдымда елпiлдеп жүрiп, қызмет көрсетiп жатыр. Төрт қабырғасын тұтас көмкерген газет-журналдардан көз сүрiнедi. Ағылшыншасын қайдам, Ресейдiң бүкiл полиграф өнiмдерi осында көшiп келдi ме дерсiң?! Өздерiн көрмек түгiлi, аттарын естiмеген журналдарың жетiп артылады. Iшiнен әзер дегенде, "Жұлдыздар отбасы" деген журналды ғана көзiмiз шалды. Сосын амал-жоқ, әлгi тәтейден: "Қазақ тiлiнде өзге газеттер жоқ па?" деп сұрап едiм, "Қазiр-қазiр" деп, төменгi қабаттарда жатқан бiрнеше газеттi алып шықты. Қарасам, өңшең А-4 форматтағы Шымкенттiң сары басылымдары. "Қызық газет" дейсiз бе, "Күн мен түн", "Махаббат" дейсiз бе, т.б. толып жатыр. Республикалық газеттердi шам алып iздесеңiз де, таппайсыз…
Кинотеатрдың маңдайында "Жақында" деген жазу тұр
Ең қызығы, орталыққа келгендердiң көбi дүкендердi аралап, ойын-сауық кешендерiнде демалып, субұрқақтардың түбiнде әңгiме-дүкен құрып отырғанда, қолымызға шам алмасақ та, бiздiң iздегенiмiз төл мәдениетiмiз бен ұлттық дәстүрiмiзге қатысты дүниелер болды. Әрi қазақтың тiлiнде жазылған дүниелер болса, соны қарау. Тек бiр-екi дүкеннiң сыртында ғана жазылған "Таңғажайып заттар әлемiнiң дүкенi" мен "Балалар әлемi" болмаса, қазақ тiлiндегi сөздердi кездестiру мүмкiн емес. "Әкiмшiлiк, Администрация, Central management-те" отырғандар қайда қарап отырғаны белгiсiз?! Әлде оларға қазақтың тiлi мен ұлттық мәдениетi қажет емес пе?
Үшiншi қабаттан екiншi қабатқа, екiншi қабаттан бiрiншi қабатқа секiрiп жүрiп, тапқанымыз – әлгiндегiдей. Аталмыш орталықта 8 залы бар кинотеатрдың жұмыс iстейтiнi белгiлi. Ең құрығында осыдан қазақша бiрдеңе табармыз деген үмiтпен қасына жақындадым. Кинотеатрдың алдында iлiнген хабарландырудың маңдайында "Жақында" деген жазу тұр. "Жақында" деген сөздiң бадырайтып жазылғаны соншалық, анадайдан көзге түседi. Бадырайып көзге түскен соң, көңiлiмiзге бiр қуаныш ұялап едi, бiрақ, бұл да өткiншi болды. "Жақында" дегеннен басқа, бiр ауыз қазақша сөз жоқ. Бәрi ресми тiлде жазылып қойылған. Қабырғадағы хабарландырулардың барлығы дерлiк, америкалық фильмдердiң жарнамасы. Тiптi, Ресейдiң фильмдерi де америкалықтардың алдында жiп есе алмай қалыпты. «Балалардың санасы Батыстың фильмдерiмен уланып жатыр» — деп, бұдан кейiн, қалай байбалам салмайсың?!
Ағылшыннан көз сүрiнетiн ойын орталығы
"MEGA-ның" негiзгi демалушылары – балалар екендiгi тағы белгiлi. Өйткенi, онда балалар үшiн, арнайы демалыс паркi жұмыс iстейдi. Ол паркте компьютерленген дүниелердiң неше атасын табасыз. "Babylon" және "Bamboo Bowling" сияқты ойын атаулары негiзiнен ағылшын тiлiнде жазылған. Бұдан кейiн, өз балаңыздың аузынан келешекте қазақтың ұлттық ойындарының аттарын естудi күтпей-ақ қойыңыз. Ауыл баласын қайдам, қала баласы шетелдiң ойындарының аттарын зырылдата жөнелгенде, жақ сүрiнбейдi. Дүниеге келгенi кеше, мынаның бәрiн қайдан бiлiп алған деп, кей-кейде өзiң аң-таң қалып жатасың?! Ал, шындығына келгенде, ойын-сауық кешенiнiң бәрiнде ойын алаңдарының аттары ағылшынша жазылған соң, жаттамағанда не қылсын?! Бала жетектеген ана да, әке де парктiң iшiнде қыдырып жүр. Әр алаңқайға жақын келгенде баласы да бiр нәрселердi шүлдiрлеп қояды. Соған қарағанда, ағылшынша жазылған парктiң балаға ұнап тұрғаны белгiлi.
Бiрiншi қабаттағы мұз айдынды ауызға алмай-ақ қоюға да болады. Аты ағылшынша, ресми тiлде көмкерiлген мұз айдында балалар сырғанақ теуiп жүр. Қалай десек те, бұл орталық сiзге қазақтың елiн, қазақтың қаласын, сауда-саттық дүкенiн елестете алмайды. Оның есесiне, күнде теледидардан көрiп жүрген Еуропаның немесе Американың төрiнде жүргендейсiң. Бiрақ, ол жақта да қос тiлдiлiк деген жоқ шығар. Оларда көп дүниенiң ағылшын тiлiнде жазылатынын көргендер де, естiгендер де айтып жүр.
Қазақтың сауда-саттық дүкендерi қазақтың тiлiн қашан мойындамақ?
Кеше таңертеңгiлiк "Қазақстан" ұлттық телеарнасының "Қайырлы таң" бағдарламасында мақал-мәтелдерге байланысты арнайы хабар әзiрлеген екен. Таңертеңгiлiк қала көшелерiн аралаған тiлшi қыз алдынан кездескен екi жiгiтке жұмбақ жасырған. Шарт бойынша жұмбағын таба алмаған жан мақал-мәтел айтуға тиiс. Ең қызығы, әлгi қазақтың өрiмдей жiгiттерi қазақша айтудың орнына ағылшынша мақал айтып бердi. Өздерiнiң ағылшын тiлiнде айтқанына өздерi мәз. Қазақша айта алмадым-ау, – деген ой, тiптi қаперлерiне де кiрер емес. Теледидардың алдында отырып, әлгiлердiң қылығына өзiмiз ұялдық.
Алматының төрiнде орын тепкен сауда-саттық кешенiнiң қазақшасы анау, көшеңде қыдырыстап жүрген келешегiңнiң сиқы мынау. Мiне, осылай қазақтың тiлiн менсiнбеген дүкенiң көбейiп, қазақтың тiлiн бiлмейтiн ұланың өсiп келедi.
Республикалық басылым шырылдап, үн қатқан екен. Тiлшiнiң мұң-зарына құлақ асқан ешкiм жоқ. Сонда Орта Азияда жоқ, осынау алып орталықтың тiлi осылай ағылшынша, орысша қала бермек пе?! Сауда-саттық дүкенiнiң табалдырығында қалған қайран қазақтың тiлi, өз елiнде өзiнiң тiлiн өз дүкенiне кiргiзе алмаған қайран қазақ халқы қашанғы шыдар екенсiң!!!
Гүлзина Бектасова