АҚОРДА КӨРШI АҚЫСЫН ҰМЫТПАЙДЫ

АҚОРДА КӨРШI АҚЫСЫН ҰМЫТПАЙДЫ

АҚОРДА КӨРШI АҚЫСЫН ҰМЫТПАЙДЫ
ашық дереккөзі

Осы аптада Астанаға ресми сапармен Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмон келдi. Жалпы, Назарбаев Орталық Азия мемлекеттерi басшыларын өз ордасында кезек-кезек қабылдап жатқандай көрiнуi де мүмкiн. Қырғыз президентiмен әңгiме ойдағыдай өтсе де, өзбек президентi келiссөздер нәтижесiне онша ырза болмағандай қалып танытты. Ал тәжiк елiнiң басшысы экономикалық әрiптестiк туралы әңгiменi қайта-қайта пысықтап кеттi.

Қазақстан кәсiпкерлерi тәжiк елiнiң тау-кен, ауылшаруашылық, гидроэнергетика, құрылыс саласына инвестиция салуға дайын. Тәжiк делегациясы қазақ инвестициясы үшiн қолайлы жағдай жасауға уәде берiп отыр. 100 миллион доллар көлемiнде жарғылық капиталы бар қазақ-тәжiк инвестициялық қорын құру бастамасы да осы мақсатта құрылмақ.

Осы жолы тағы да Орталық Азия аймағындағы су-энергетика консорциумын құру мәселесi қозғалды. ЕурАзЭҚ аясында осы тұрғыда арнайы тұжырымдама қабылдау қажеттiгi пысықталды.

Бiрақ әзiрше осы аймақта жұмыс iстеп тұрған ұйымдар – ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚКҰ аясында ынтымақтастықты тереңдете беру мәселелерi талқыланды.

Аймақтағы қауiпсiздiк мәселелерi айтылғанда, Ауғанстан территориясында тыныштық пен тұрақтылық орнату мәселелерiне айрықша көңiл бөлiндi. Рахмон журналистердiң сұрақтарына жауап берiп отырып, бұл мәселелердi Нұрсұлтан Назарбаевпен талқылағанын, қазақ Президентiнен шекарашыларды дайындау жөнiнде көмек сұрағанын айтып қалды.

Ақорда көршiлердi қабылдауда белсендiлiк танытуда. Тәжiк президентiнен кейiн Ақорда Кремль басшысын қабылдамақ.

Ресейдiң жаңадан ант қабылдаған президентi Дмитрий Медведевтiң Қазақстанға алғашқы ресми сапары 15 мамырға жоспарланған болатын. Бiрақ Мәскеуден жетiп жатқан хабарларға қарағанда, бұл аптада Медведевтiң өз командасын жасақтаудан қолы босамаса керек. Ресми сапар ресми түрде 22 мамырға белгiленiп отыр.

Бұл — Медведевтiң тұңғыш шетелдiк сапары. Әдетте, жаңадан сайланған президенттiң алғашқы сапарына айрықша мән берiледi. Сарапшылар осы сапар барысын жоспарлауда Қазақстан мен Ресейдiң қарым-қатынасының бұрынғыдай тату көршiлiк, тең әрiптестiк деңгейiнде сақталуына мән берiлiп отыр дейдi.

Медведев алғашқы уақытта Путин салған сара жолдан тая қоймас. Соңғы уақытта Астанада Орталық Азия одағын құру идеясының жоғарғы мiнберден қайтадан айтыла бастауын Кремль елеусiз қалдырмайды. Бұл аймақтың күшеюiнен де Кремль өз мүддесiн iздейдi. Сондықтан Астанамен тығыз қарым-қатынас ұстаудың Ресей үшiн маңызы жоғары болса керек.

Гүлбиғаш Омарова