ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН МЕРЕКЕ
ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН МЕРЕКЕ
Қазақ ұлттық университетiнiң Студенттер Сарайында, өткен аптаның соңғы күндерiнде Алматы қаласы әкiмдiгi жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қорының ұйымдастыруымен ұлттық дельфийлiк ойындар фестивалi өз жалғасын тапты.
Бұл фестивальға Жұбанов атындағы өнер мектебi, Халықаралық банк iсi академиясы, Асфендияров атындағы медицина университетi, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетi т.б. ат салысып, сайысқа түстi. Фестивальге қатысушылар авторлық әндер, дәстүрлi, этрадалық әндер, академиялық әндер, скрипка, қазiргi заман биi, халық әнi, халық аспаптары, саксафон анимация, фотосурет, диджей және де цирк аталымы бойынша бақ сынасты. Ұлттық ойындарға 300-ге жуық үмiткер қатысты. Әрине, қатысушылардың iшiнен лайықты үмiткердi табу қиынға түскенi де анық.
Алматы қаласындағы ұлттық дельфийлiк ойындарда "фортепиано" бойынша 3-орын Уалихан Нұрғалиев, 2-орын Әли Оқаповқа бұйырса, ал 1-орынды Әлия Қарашева иелендi.
Скрипка номинациясы бойынша 3-орын Мадина Мұхамедқызы, 2-орын Еңлiк Қасымбекова, 1-орынды Рамина Мукушева жеңiп алды. "Халық аспаптары" бойынша Құрманғазының "Адайын" баянда орындағаны үшiн Игорь Аналев арнайы дипломмен марапатталды.
"Академиялық ән" аталымы бойынша 2-орынды Қайнаров Аймұрат иеленсе, 1-орын Әуелбекова Жұлдызға бұйырды.
"Эстрадалық әндер" бойынша 3-орын Рахманова Мария, 2-орын Сапарбеков Талғат, 1-орынның иегерi Мейiрхан Мөлдiр атанды.
"Қазiргi заман биi" аталымы бойынша 1-орынды иеленген "Super Pepsi" би тобы көрермен көңiлiнен шықты.
Алматыны екi күн бойы мерекеге айналдырған фестивальдың негiзгi мақсаты — қазiргi таңдағы жастардың өнерге деген қызығушылықтарын арттыру, жастарды елге таныту.
Жадыра СЕРIКҚЫЗЫ