ЕҢБЕКПЕН ӨРIЛГЕН ӨМIР

ЕҢБЕКПЕН ӨРIЛГЕН ӨМIР

ЕҢБЕКПЕН ӨРIЛГЕН ӨМIР
ашық дереккөзі

Сүйiктi қаламыз Алматыдағы халықтың батыр қызы Мәншүк Мәметова мен Фурманов көшесiнiң дәл түйiскен бұрышында екi қабатты аумақты мектеп үйi маған сондай ыстық көрiнедi.

Әлдеқалай жолым түсiп, жанынан өткенiмде басымды иiп, ерiксiз тағзым етемiн. Басқан қадамың, жалынды жастық жылдарың, мақсат-армандарың iзсiз жоғалып кетпейдi, ойыңа оралады.

Ертеректе бұл Жамбыл атындағы 18-шi қазақ орта мектебi болатын. Бiз мұнда Отан соғысы аяқталысымен, 1946 жылы Қостанай облысынан келiп түскен едiк. Ұзын саны 14 баламыз. Мектеп басшылары жылы қарсы алып, интернатқа қабылдады. Қала дегеннiң атын естiгенiмiз болмаса көргенiмiз осы. Айналаның бәрi таңсық, таңдана қараймыз. Жолымыз болып, жақсы ортаға түскенiмiзге қуанамыз. Жатар жерiмiз жайлы. Талпынған тауға шығады. Алыс аймақтан келсек те бiздер де намысымызды қолдан бермеуге тырыстық. Оныншы класты бiтiрiп шықтық.

"Оқуымызды ендi қайда жалғастырсақ, қай институтқа барсақ, хал-жағдайымыз қалай болар екен" деп ойланып-толғанып жүргенiмiзде қуанышты хабар көңiлмiздi көкке көтердi.

Мектеп директоры оныншы сыныпты бiтiрген бiздердi жинап алып құттықтап:

– Жастық – адамның көктем шағы, оған өмiрдiң болашақ жылдарына арнап ұрық себiледi. Осы қағиданы ескерiп үкiмет сендерге тағы да аталық қамқорлық жасағалы отыр. Бас қалаларымыз – Москваның, Алматының қай институтына барсаңдар да, қай мамандықты қаласаңдар да жол ашық. Соғыс салған ауыртпалықтар ескерiлiп, емтихансыз қабылдана беретiн болдық, – дедi.

Күтпеген жаңалыққа қол соғып, қуана қарсы алдық. Ертiс Байзақов Мәскеудегi Ломоносов атындағы университеттiң, Бүкейлен Наданбаев осындағы Тамақ өнеркәсiбiнiң технологиялық институтына, Әбдiғаппар екеумiз Қазақтың мемлекеттiк университетiне, басқа достарымыз да қалаған жоғарғы оқу орындарына жазылды.

Жылдар жылжып өте келе шәкiрттер ұстаздарының сенiмiн ақтады. Мәселен Бүкейлен Наданбаев республикамыздың Тамақ өнеркәсiбiнiң министрi, Ертiс Байзақов профессор, ғалым атанды. Ахмет Қасаев, Қайдар Қарин және басқа да көптеген мектеп түлектерi мемлекеттiк жауапты қызмет атқарды.

«Өмiрдiң алды – ыстық, арты – суық,

Алды – ойын, артқы жағы – мұңға жуық» – деп Абай атамыз айтқандай, өкiнiштiсi сол, бұдан аттай 60 жыл бұрын қол ұстасқан достарымыздың көпшiлiгi бүгiнде арамызда жоқ, дүние салған. Сондай абзал азаматтардың бiрi – Әбдiғаппар Қуандықов досымыз. Әбдiғаппар университетте сабақты үздiк оқып қана қоймай, қоғам жұмысына да белсене араласты. Факультеттiң комсомол комитетiнiң хатшысы болып сайланды. Әртүрлi кездесулер, жиын-кештердiң ортасында жүрiп, ұйымдастырушылық қабiлетiн көрсеттi.

Университеттi ойдағыдай аяқтағаннан кейiн, жас маман Алматыдағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық техникумына оқытушы болып орналасты. Алған бiлiмiн жүзеге асыру жолында жатпай-тұрмай iздендi.

Әбдiғаппар Ысқақұлы Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесiнiң шетелдiк туризм жөнiндегi басқармасының бастығы болған тұста да қоғам қайраткерi ретiнде кеңiнен танылды. Бұл орында 12 жыл бойы қызмет атқарды. Қызметке тағайындалар алдында Дiнмұхамед Қонаевтың өзi қабылдап, әңгiмелестi. Республикамызда туризм саласын дамытып, халқымыздың мәдениетi мен ежелгi дәстүр-салттарын барынша насихаттап, биiк белестерге қалай көтере беруге болады? Қандай тиiмдi жолдарын табу керек? Осындай жайларға ерекше назар аударды. Нақты ұсыныстар жасалған шақта Үкiмет тарапынан көмек көрсетiлетiнiн ескерттi.

Әбдiғаппар туристiк демалыс орындарына салуды қолға алды. Әсiресе шетелдерден келетiн қонақтарды қабылдайтын санаторийлар санын көбейтуге күш салды. Осы тұста Алматыдағы "Отырар", Достық даңғылындағы "Алатау" қонақ үйлерiнiң, "Алма-тау" туристiк санаторийының маңызы ерекше болды. Бұл туристiк орындарының ашылу салтанатына Қонаев жолдастың өзi қатысып, ризашылығын бiлдiрдi. Медеу шатқалындағы үйлерден құралып қонақ қабылдайтын қазақ ауылдары да айырықша көзге түстi.

Әбдiғаппар тындырылған iстерге, алда тұрған мiндеттерге жан-жақты шолулар, сараптамалар жүргiзiп, "Қазақстанның халықаралық туризмдегi орны" деген тақырыпта көлемдi еңбегiн жазды.

Осы мақсатты жүзеге асыру жолында бөгелмей бiрсыпыра елдерде болып, көңiлге ұялайтын жақсы дәстүр-салттарын зерттедi. Мәселен, "Жапон деген бiр ел бар Күншығыста" деген кiтабын айырықша атап өткiм келедi. Мұнда автор жапондардың еңбексүйгiштiгiн, табандылығын, ата-аналарының салт-дәстүрiн берiк сақтап дамытып, жасартып келе жатқандығын тiлге тиек етедi. "Бiздiң өскелең жас ұрпақ та үлгi-өнеге алса артық болмас едi", – деп қорытады. Өрiстi өнеге – көпке ортақ. Достық байланысты жақсарта беруге шақырды.

Расында тәуелсiздiкке қол жеткеннен берi республикамыздың жапон елi мен қарым-қатынасы нығайып келедi. Бiрiншi жапон ғарышкерi Тосхира Акиямен 1990 жылы Байқоңыр космодромынан ғарышқа ұшып, Арқалық қаласының жанына қонып аман-есен елiне оралды.

Қасымхан ЕРСАРИН, дербес зейнеткер