Жаңалықтар

«БIЗ ҚАЛАЙ ТIРI ЖҮРМIЗ?..»

ашық дереккөзі

«БIЗ ҚАЛАЙ ТIРI ЖҮРМIЗ?..»

Көлiктi мас күйiнде айдағаны үшiн үш айда 3766 алматылық ұсталды

Соңғы жылдары Алматы қаласының Әкiмшiлiк соты спирттi iшiмдiк iшiп, мас күйiнде автокөлiк жүргiзушiлерге заңды шара қолданудан қолдары босайтын емес. Бiзге белгiлi болғандай, жаңа жылдан берi қолға түскен мас жүргiзушiлердiң үш жарым мыңы сот шешiмi бойынша бiр жылға дейiн көлiк айдау құқығынан айырылған көрiнедi. Бiрақ, осы жерде заңды сұрақ туындайды. Ал әлгi ұсталғандардың iшiндегi 266 адамға нелiктен ешқандай шара қолданылмаған? Әлде әлгiндейлер бармақ басты, көз қысты әрекет етiп, заң құрығынан құтылып кеттi ме екен? Әлде жоғары лауазымды қызметкерлер болғандықтан олар заңнан жоғары тұр ма?

Сәуiр айына дейiн қала көшелерiнде спирттiк iшiмдiк iшiп, автокөлiк жүргiзген 3766 адамның ұсталуы қала көшелерiнде ешқандай тәртiп сақталмайтынын көрсетсе керек. Тiптi, осы уақыт iшiнде 666 iрi жол-көлiк апаттары орын алып, 53 адам мезгiлсiз қазаға ұшыраған. Олардың 2-i жас балалар.

Орташа есептегенде, әр тәулiк сайын 37-38 жүргiзушi мас күйiнде жол полициясының қолына түсiп отыр. Ал ұсталмай кеткендерi қаншама?

Басқа басқа, ал спирттiк iшiмдiк iшiп, автокөлiк жүргiзу өз өмiрiн қауiп-қатерге байлау ғана емес, басқа адамдардың да тағдырын таразыға салу екенiн әрбiр саналы адам жақсы бiледi. Кез келген адам әлдекiмнiң кесiрiнен өз өмiрiн қауiп-қатерге тiкпекшi. Сондықтан да елiмiзде жыл сайын 14-15 мың адам жол-көлiк апаттарының құрбаны болып, мәңгiлiкке көз жұмуда. Жараланғандар қаншама?! Орасан зор құрбандықтар… Тiптi, кезiнде Ауғанстанда соғысқан Кеңес армиясы 10 жылда 13-14 мың әскери қызметкерiнен өлiдей айрылғанын ойға алсақ, бейбiт өмiрде бiздiң осыншама отандастарымыздың құрбан болып отыруын ештеңемен ақтауға болмайды.

Наурыз айында телеарналардың бiрiнде Алматы қаласындағы жол-көлiк апаттары туралы хабар берiлдi. Жәй ғана демалыс күндерiнiң бiрi. Онда сенбiден жексенбiге қараған бiр түнде жол ережесiн бұзған 60-тан астам жүргiзушiнiң ұсталғаны, олардың 52-53-i спирттiк iшiмдiк iшiп, мас күйiнде рульге отырғаны жөнiнде сөз болды. Қаншалықты қорқынышты деректер?! Әр түн сайын сандаған жүргiзушiлер қала көшелерiмен мас күйiнде машиналарын ызғытып жүргенi ғой. Осындайда жаяу жүргiншiлер: "Қалай бiз әлi тiрi жүргенбiз?" деп ойлаулары заңды да. Расында, қалай?!

Есiрткi пайдаланып, соңынан ес-түссiз қалыпта рульге отыратындар да көптеп ұшырасатын көрiнедi. "Вечерний Алматы" газетiнiң жазуына қарағанда, солардың бiрi 22-жасар Петр С. деген азамат. Оны 17-сәуiр күнi түнде жол полицейлерi Баженов көшесiнiң бойында тоқтатқан. Әлгi Петр есiрткi қолданған болып шыққан. ("Ве¬черний Алматы" газетi, №51, 24 сәуiр, 2008 жыл). Соған қарамастан оны сот 1 жылға ғана көлiк айдау құқығынан айырған көрiнедi. Мүлдем түсiнiксiз жағдай. Кейбiр шығыс елдерiндегiдей есiрткi пайдаланғаны үшiн өлiм жазасына кесу Қазақстанда жоқ. Дегенмен, есiрткi пайдаланатын әлгi Петр бiр жылдан соң қайтадан көлiк рулiне отырып, айналадағы адамдардың өмiрiне қауiп төндiрмесiне кiм кепiл?!

Ал бұрын осындай заңды жазаға тартылып, бiр жыл көлiк жүргiзу құқығынан айрылғандардың кейбiрi еш куәлiктерi болмағандықтарына қарамастан қайтадан рульге отыру мысалдары да жетерлiк. Осындайларға сот қандай шара қолдануда? Бұларды небары бес күнге қамауға алатын көрiнедi. Сот шешiмдерiн сыйламағандықтары үшiн. Бұл да нағыз қисынсыздық емес пе?! Қайта ондайларға неғұрлым қатаң шара қолдану болашақ жол апаттарының алдын алудың оңтайлы жолы ғой.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ