Зәуреш БАТТАЛОВА: ОРАЛМАНҒА АРНАЛҒАН КВОТАНЫ АЛЫП ТАСТАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТТI

Зәуреш БАТТАЛОВА: ОРАЛМАНҒА АРНАЛҒАН КВОТАНЫ АЛЫП ТАСТАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТТI

Зәуреш БАТТАЛОВА: ОРАЛМАНҒА АРНАЛҒАН КВОТАНЫ АЛЫП ТАСТАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТТI
ашық дереккөзі

2-мамыр күнi Астана қаласында "Елiм менiң — Атамекенiм" деген атпен коцерттiк бағдарлама өттi. Назарларыңызға "Азаматтық қоғам" қоры құрылтайшыларының бiрi, Астана қаласындағы филиалының төрайымы Зәуреш Батталованың осы бiр игi жаңалық жөнiнде және оралмандар жайлы "Таным" клубындағы әңгiмесiнен үзiндi ұсынып отырмыз.

Зәуреш Батталова:

– Бiрден айту керек, жат елден оралған қандастарымыздың мәселесi өте күрделi. Тiлден бастап, баспана, жер мәселесiне дейiн өте күрделi. Олардың ең қиналатыны – тiл. Көбi таза қазақ тiлiнде сөйлеп өскен, орыс тiлiн мүлде бiлмейдi. Қазақстанның заңы бойынша қазақ тiлi мемлекеттiк тiл болғанымен, жер-жердегi түрлi деңгейдегi шенеунiктер мен мемлекеттiк мекеме қызметкерлерi құжаттарды орыс тiлiнде толтыруды талап ететiн көрiнедi. Қазақша сөйлегендерiне орысша жауап берiп, мысын басады дегендей. Екiншiден, мына тұрған Өзбекстаннан болсын, Монғолия, Қытайдан болсын елге оралған адамдар ол мемлекеттерде өзге заңдар мен қағидалар бойынша өсiп-тәрбиеленiп келедi де, мұндағы кейбiр заңдылықтарға тез арада дағдыланып кете алмайды. Оның үстiне, Қазақстанда заң атаулының аяқасты болып, орындалмайтынын еске алыңыз. Аяқ бассаңыз, шенеунiк атаулының бюрократтығы мен жемқорлығынан қадамыңыз ашылмайды. Төлқұжатын құжаттау үшiн де, бiр нәрсе беруiңiз керек! Ал соңғы кезде, елге оралған қандастарымыз үшiн орыс тiлiн жедел үйрететiн орталық ашу туралы айтыла бастады!

– Оралмандар туралы заңға қатысты осы жылдың басында парламентте сөз бола бастап едi, соңы аяқсыз қалды ма, қазiр сыбыс естiлмейдi. Сiздiң мұнан не хабарыңыз бар?

– Парламентте оралмандарға қатысты заң туралы сөз болғаны және онда "Квотаны алып тастау керек пе, қалдыру керек пе?" деген пiкiрталас болғаны есiмде. Депутаттар тарапынан "квота қалдырылсын, ал осы квота бойынша Қазақстанға шетте жүрген қазақтардың жоғары бiлiмдiлерi, таңдаулы мамандық иелерi елге оралсын" деген пiкiрлер айтты. Өз басым мұндай пiкiрге қарсымын. Бұл ең бiрiншi адамның құқын шектеу болып табылады. Шетте жүрген кез келген қазақ азаматы өз елiне қай кезде оралғысы келсе, сол кезде оралуға құқылы. Алыстан мысал iздеудiң қажетi жоқ, көршiмiз Ресей квотаны алып тастады. Қазiр жер шарының түпкiр-түпкiрiнен кез келген орыс азаматы елiне еш кедергiсiз қайта орала алады. Оралман туралы заңды қайта қарап, оны оралманның мүддесi тұрғысынан толықтыру үшiн оралмандардың өздерi белсендi түрде атсалысқандары жөн болар едi.

– Шетелден келген қандастарымыздың қоғамдық белсендiлiгiн арттыру үшiн мұндай концерттiк бағдарламалардың, басқа да мәдени шараның көмегi болады деп ойлайсыз ба?

– Мен бұған сенiмдiмiн. 2-мамыр күнi "Конгресс-холлда" өтетiн концерт мұнан жарты жыл бұрын "Қоянды" елдiмекенiнде басталды. Осы жерде "Қоянды" ауылы туралы қысқаша айта кеткен де орынды ма деп ойлаймын. Бiр кезде елге оралған қандастарымызға жергiлiктi әкiмшiлiк өкiлдерi мен депутаттар: "Осы жерге қоныстанып, баспана сала берiңдер, кейiн заңдастырып беремiз" деп, құр уәде берген екен. Кейiн бұл сөздерiн "ұмытып", "баспаналар заңсыз салынған" деген желеумен жер телiмдерiн тартып алмақ болады.

Бiзге арызданып келген азаматтардың арызы негiзiнде, 655 жер телiмiнiң тағдырын халықтың пайдасына шештiк. Осы кезден бастап "Қояндыда" өзiн-өзi басқару комитетiн құрдық. Жер телiмдерiн заңды түрде қорғап қалуға тұрғындар белсене араласты. Бұл комитет қазiр де жұмыс iстеп тұр. Бүгiн комитет мектеп, дәрiгерлiк көмек көрсету жағдайын жақсарту сияқты әлеуметтiк жағдайларын жақсартуға заңды түрде қол жеткiзу жұмыстарымен айналысуда. Осы жерде бәрiмiзге "Мұнан былай билiкте, ел арасында болсын: "Оралмандар тек алақан жайып сұрауды ғана бiледi" деген пiкiрдi жоққа шығаратын iс-шара керек деп шештiк. Сөйтiп, шағын ауыл "Қояндыдағы" оралмандарды ұйымдастырып, концерттiк бағдарлама өткiздiк. Бұған барлық саяси партиялардың өкiлдерiн, жергiлiктi әкiмшiлiк, қалалық көшi-қон департаментiнен де адамдар шақырдық. Сол күннен бастап билiк те "Қоянды" халқына бет бұра бастады, адамдар да халық болып бiрiксе шешiлмейтiн мәселе жоқ екенiн сезiндi. Ал ең қуанарлығы, "Қояндыдағы" концертке қатысқан жастар – Еуразиялық университеттiң студенттерi өздерi бұл жақсы бастаманы қолдап, университет қабырғасында концерттiк бағдарлама өткiзiп, бәрiмiздi қонақ ретiнде шақырды. Өткен жылдың желтоқсан айында, "Қояндыда" өткен шағын концерттiк бағдарламаға қаржы табу үшiн, бiз билет сатқан едiк, ал мына концерттi өткiзуге қала әкiмшiлiгi қол ұшын берiп, "Конгресс-холлды" тегiн бердi. Шақыру билеттерiн жасауды бiрнеше кәсiпкер өз мойнына алды. Келем деушiлерге есiк ашық болды.

Бiз бұл шарадан, үлкен қорытынды – саналардағы сiлкiнiс, адамдардың көңiлiнде ертеңгi күнге деген үмiт оята аламыз деген нәтиже күтiп отырмыз. Бұл мәселенiң екiншi жағы бар – концертке келген адамдар бұл жерде қолөнер шеберлерiнiң туындыларын көрiп тамашалады. Шеттен оралған, өз тiлiмiзде таза сөйлейтiн қазақтар – бiздiң рухани, яғни, әдеби, мәдени, әдет-ғұрып, түрлi өнер саласында баюымызға болатынын түсiнуi керек. Концертте Қазақстанға тоғыз елден оралған небiр таланттар халық алдына шықты. Бұл жолы да бұдан бұрынғы шағын концерттегiдей өзiмiздiң осы елдiң азаматы, осы елдiң иесi екенiмiздi паш ететiн, рухани биiк деңгейде өткiздiк.