ТҮБI – БIР, ДIНI МЕН ДIЛI – БIР

ТҮБI – БIР, ДIНI МЕН ДIЛI – БIР

ТҮБI – БIР, ДIНI МЕН ДIЛI – БIР
ашық дереккөзі

Дүйсенбi күнi Түркияның Қазақстандағы төтенше әрi өкiлеттi елшiсi Атилла Гүнай ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа сенiм грамотасын тапсырды. Осыдан он жетi жыл бұрын Қазақстан тәуелсiздiгiн алғаш таныған бауырлас түрiк халқының қазақтар үшiн орны бөлек.

"Қазақстанды бауырлас ел деп санаймыз. Бiздiң пiкiрiмiзше, Қазақстан – Орталық Азияда ғана емес, сондай-ақ, еуразиялық кеңiстiктегi жетекшi мемлекет. Қазақстанның кез келген саяси шешiмi бүкiл аймаққа әсер ететiнiн жақсы бiлемiз" деп ағынан жарылған Атилла Гүнай екi ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрi тереңдете түсуге мүдделiлiгiн жеткiздi. Жаңа елшi маусым айында елшiлiк ғимаратының Алматыдан Астанаға көшiрiлетiнiн мәлiмдедi. Құрылыс нысаны қолдануға жуық арада берiлетiн көрiнедi.

Ресми деректерге сүйенсек, 2006 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 906,6 млн. доллар болса, 2007 жылы 2 млрд. 364 млн. долларға өскен. Екi елдiң басшылары 2010 жылға дейiн тауар айналымын 5 миллиард АҚШ долларына жеткiзудi көздеп отыр. Демек, екi ел арасындағы экономикалық, сауда, мәдени-гуманитарлық, үкiметаралық және парламентаралық байланыстар, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға қатысты мәселелер оңтайлы шешiмiн тауып отыр.

1991 жылдың желтоқсанында тәуелсiздiгiн жариялаған Қазақстанды егемен ел ретiнде алғаш таныған – Түркия. Дiнi мен дiлi, мәдениетi мен тiлi, түбi бiр түрiктердiң екi бiрдей басшысы Тұрғұт Өзал мен Сүлейман Демирел Қазақстанмен арадғы байланыстардың жүйелi де терең дамуына үлкен мән берiп, қыруар шараны атқаруға ықпал еттi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары Түркия сауда-экономикалық байланыста Қазақстанның ең негiзгi серiктесi болатын. Түрiк кәсiпкерлерi қазақстандық құрылыс, ұлялы байланыс желiсi, сауда , қаржы нарығыда белсене араласты. Демек, Қазақстан экономикасының қарыштап дамуына бауырлас түрiк халқы сiңiрген еңбек орасан зор. Оның үстiне, КСРО күйреген кезде дағдарып қалған әрi дербес әрекет етудi бiлмеген ТМД аумағы үшiн Түркия таптырмас серiктес едi. 1995 жылы ТМД елдерiне экспортталған тауардың жартысына жуығы Түркия еншiсiнде едi. Алайда, Түркияға айтарлықтай керi әсерiн тигiзген 2001 жылғы қаржылық дағдарыстың кесiрiнен қазақтар мен түрiктер арасындағы сауда айналымы едәуiр бәсеңдеп қалды. Бұған сол кезде етек-жеңiн жинап алған Қазақстанның әлемдiк деңгейдегi серiктестердi iздеуге көшуi де себеп болған.

Түркия экономиканы алқымнан алған дағдарыспен күресiп жатқанда, алдынан жаңа көкжиектер ашылған Қазақстан ТМД аумағы мен орталықазиялық аймақтағы жетекшi орынды иемденуге талпынып жатқан едi. Кезiнде қазақтарға қолдау көрсеткен түрiктер бүгiнде қазақтардың қолдауына мүдделi. Жуырда Қазақстанға iссапарда болып қайтқан Түркия президентi Абдулла Гүл Түркияда қазақстандық кәсiпкерлерге аса тартымды инвестициялық жобалардың бар екендiгiн тiлге тиек еттi. Қазiргi кезде бауырлас екi ел арасындағы қарым-қатынастарда энергетика, мұнай-газ саласы мен көлiк саласына ден қойылған.

Орыс империясының құрсауында ғасырлар бойы бұғауда болған Қазақстанды алғаш тәуелсiз де терезесi тең мемлекет ретiнде таныған түрiктер бүгiнде тек экономикалық не кәсiпкерлiкте ғана емес, саяси мәселелерде де қолынан келгенше демеуге даяр. Мысалы, Қазақстанның Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуiн де қос қолын көтере қолдаған – Түркия.

Бүгiнде елiмiзде 600-ден астам түрiк компаниясы, Түркияда 180 қазақ компаниясы жұмыс iстейдi. Биыл Анкарада өткiзiлетiн үкiметаралық комиссияның 5-отырысында энергетика, газ бен мұнайға қатысты иәселелер талқыға салынбақ. Гүл мен Назарбаевтың былтырғы кездесуiнде Жейхан портынан мұнай өңдеу зауытын салу туралы мәселе көтерiлген. Қазақстан тарапынан жасалған бұл ұсынысты Түркия жағы қуана құп алды. Өйткенi, еуропалық нарыққа бағытталатын мұнай мен газдың басым бөлiгi түрiктердiң еншiсiнде. Ал табиғи ресурстарға аса бай Қазақстан серiкетстiктi одан әрi тереңдету жолында стратегиялық басымдыққа ие. Сонымен қатар сауда қатынасын жақсарту үшiн Карс-Тбилиси-Ахалкалаки темiржол құрылысын бастау да аса маңызды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ