Жаңалықтар

“РУССКАЯ РУЛЕТКА” ТАҒЫ БIР ҰЛТШЫЛ ТАҚҚА ОТЫРДЫ

ашық дереккөзі

“РУССКАЯ РУЛЕТКА” ТАҒЫ БIР ҰЛТШЫЛ ТАҚҚА ОТЫРДЫ

Ресей кеше өзiнiң тарихи дамуының жаңа дәуiрiне аяқ басты. Болашақ орыс оқулықтарында "Путин дәуiрi" деп аталатын күрделi, кешендi кезең аяқталып, сахнаға орыс қоғамына әлi белгiсiздеу, ел басшысы ретiнде беделi де, бiлiктiлiгi те күмәндiлеу жаңа тұлға шықты. Кеше Ресейдiң жаңа сайланған президентi Дмитрий Медведев салтанатты түрде ант қабылдап, өз қызметiне кiрiстi.

Демократиялық елде әр төрт немесе бес жылдан кейiн ел басқаратын тұлғаның ауысып отыруы — белгiлi бiр мерзiм сайын басқару саясатының, iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi ұстындарының өзгерiп отыруы деген сөз. Яғни, өзгерiс бар жерде алға жылжу бар. Мейлi, таза батыстық ұғымдағы "демократия" қағидаларына толықтай сай келмесе де, Ресей мысықтабандап болса да, алға жылжып барады. Ең бастысы, Кремль Кеңестер Одағы күйрегеннен кейiнгi "ұйықтан" шықты. Билiктi ауыстырудың, қолдан қолға берудiң (бұл елде — тура мағынасында) жолын тапты.

Әрине, "тарих дөңгелегi қайта айналып келмейдi" дегенмен, Ресей үшiн Путин заманы қайта тумайды деген сөз емес. Бiрiншiден, ол Үкiмет басшысы ретiнде ел басқару тетiгiнiң басында қалды, екiншiден, Ресей Конституциясына сәйкес, сегiз, тiптi төрт жылдан соң, таққа қайта келуi мүмкiн. Ал осы төрт жыл iшiнде Медведев жаңа реформаларды жүзеге асырмай-ақ, елдегi тұрақтылық пен саяси және бизнес элита арасындағы бүгiнгi тепе-теңдiктi сақтап тұра алса, онда электораттың Путинге қайта дауыс беруi әбден мүмкiн.

Жалпы, Медведевке берiлген билiк — оның болашақ iстерiне берiлген баға, аванс болатын. Ресейлiктер үшiн бұл таңсық емес. Осыдан сегiз жыл бұрын да олар 7-мамыр күнi таққа түр-тұлғасы бұған дейiн белгiсiздеу, танымалдығы аз, iс-әрекетi күмәндiлеу тұлғаны отырғызған болатын. Бiрақ әйтеуiр, одан ұтылған жоқ.

Бiр қарағанда, Ресейдегi саяси ойындар орыстардың өздерi жақсы көретiн "русская рулеткасын" еске салады. Путиндi таққа әкелуде Ельциннiң еңбегi шексiз болса, бұл жолы Путин Медведевтi жас баладай қолынан жетелеп, таққа өзi отырғызғандай әсер қалдырды. Әрине, Медведевке электораттың басым көпшiлiгi дауыс бергенi даусыз шығар. Бiрақ олар әлi таныла, мойындала қоймаған тұлғаға емес, Путиннiң сегiз жылдық жұмысына, орыстың беделiн көтеруде сiңiрген еңбегi үшiн дауыс бердi емес пе?

Сонымен, орыстың жаңа президентi Медведев кiм?

Өзiн баладай мәпелеп, бәйге атындай жаратқан Путин шапанының етегiн қайырып тастап, жеке тұлға бола ала ма, жоқ әлде, саясаттағы "Путиннiң көлеңкесiне" айнала ма?

Көптеген саясаттанушылардың мазасын алған сұрақ бұл.

Қалай дегенмен де, Путиннiң Медведевтен бiр артықшылығы бар едi – ол 1999 тамыз айында (ресми түрде 2000 жылдың басында) билiк басына келгенде екiншi шешен кампаниясы басталып, Ресейдiң тұтастығы мәселесi ушығып тұрған болатын. Путин аз ғана мерзiм iшiнде (үш–төрт айда) Шешенстандағы кикiлжiңдi саябырсытып, үш–төрт жыл iшiнде мәселенi бiржола күн тәртiбiнен алып тастады. Бұл әрекетi үшiн ол Кавказ ұлдары мен қыздарынан қарғыс та естiген шығар–ау, бiрақ орыстың саяси элитасы осы iсi үшiн Путиннiң алдында өздерiн қарыздар сезiнедi. Өйткенi, Шешенстан мәселесiн шешу – Ресейдiң болашақтағы бiртұтастығын қамтамасыз ету болатын. Ресейдiң бүгiнгi бақуаттылығы – құрамындағы тәуелсiз ел болуға ұмтылған елдердi басып-жаншып болса да, бағыныштылықта ұстап қалуда едi.

Путинннiң абыройын айға шығарған Шешенстан болса, Медведев қай майданда "ерлiк көрсету" арқылы бедел жинай алады? Орыс қоғамында "аға болуға" ұмтылыс ғасырлар бойы қалыптасқан империялық әдет-ғұрыптың санадағы сарқыншағы iспеттi. Медведев АҚШ-пен арпалыспаса да, бұрын "одақтас", ендi "әрiптес" болған көршi мемлекеттердi "жуасытуға", оларды Кремльдiң ыңғайына қарай жығылып отыруға бейiмдеу үшiн "жаңа кампания" ашуы мүмкiн. Украина мен Грузиямен қырғи-қабақ қатынас қазiрдiң өзiнде осыған меңзейдi. Десе де, бұл ойымыздың дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсетедi.

Әзiрше, "Медведев кiм?" деген сұраққа жауап iздеп көрелiк.

Аю есiмдi (тұлғалы емес) саясаткерге берiлген алғашқы баға Путиннiң аузымен айтылды: "…Дмитрий Анатольевич Медведев өзiнiң либералды көзқарасын дәлелдеуге мұқтаж бола қоймас, бiрақ ол жақсы мағынасындағы менен асқан орыс ұлтшылы". Қалай қабылдасаңыз да, өзiңiз бiлесiз. Путин орыс тарихы үшiн тағы бiр "ерлiкке" пара-пар iс жасады. "Ұлтшыл", әсiресе, "орыс ұлтшылы" деген сөздi миллиондаған саналарға жақсы мағынасында сiңiрiп кеттi.

Әрине, бұдан кейiн орыстың белгiлi саясаттанушылары "Путин "орыс ұлтшылы" деген тiркестi ұлттық мағынада емес, саяси мағынада қолданды" деп жуып-шайған болды, бiрақ одан бұл сөздердiң салмағы кемiп қалмаса керек.

Сонымен, "орыс ұлтшылы" таққа отырды. Бұл – бiрiншi байлам.

Медведев Путиннен 13 жасқа, қазақша айтқанда, бiр мүшелге кiшi. Яғни, қанша жерден Путиннiң адамы болғанымен, Медведев – жаңа заманның, жаңаша көзқарастың адамы. Жастық, әдетте, бұйданы созып, ноқта үзгендi, тек өзiнiң дегенiмен жүргендi жақсы көредi. Басқаша айтқанда, әлемдегi ең жас президент алғашқы бiр жыл (ары кеткенде екi жыл) Путин салған "сара жолмен" жүрсе де, содан кейiн өзiнiң дара жолын iздеп, шарқ ұруы әбден мүмкiн.

Сонымен, таққа өте жас әрi амбициясы мол (қазақ азуын айға бiлеген дейдi) адам отырды. Бұл – екiншi байлам.

Путин билiкке келгеннен соң көбiне ел күткен сөздердi айтты, орыс халқы iштей құптаған iстердi жасады, оның сегiз жылғы басшылығына, жалпы алғанда "оң" баға берiлетiндiгi сондықтан. Путин айтқан, халқы құптаған сөздердiң бiрi мынау: "Не Ресей қайтадан ұлы державаға айналады, не ол мүлдем құриды". Орыстың астамшыл көңiлiне әбден жағатын сөздер.

Қаласа да, қаламаса да, Медведев осы сөздердi тiкелей басшылыққа алып жұмыс iстеуi тиiс. Өйткенi, Ельциннiң кезiнде iштен ыдырап кетудiң аз-ақ алдында тұрған Ресей Путиннiң кезiнде баяғы империялық кейбiр әдеттерiн еске түсiрiп, дәндеп қалды. Кремльдiң ендiгi басшысы Медведев емес, басқа болғанда да, оның "ұлы державалық" орыс саясатынан бас тартатын құдiретi жоқ едi.

Не ол адам тақта ұзақ отырмайды.

Медведев Кремльдiң iшкi және сыртқы саясатын жасауда осы "ұлы орыс идеясын" басшылыққа алады. Бұл – үшiншi байлам.

Медведев "Газпромның" директорлар кеңесiнiң төрағасы болып тұрғанда, алпауыт корпорацияны мемлекеттiң қарамағына қайтару үшiн барын салды. Ойындағын жүзеге асырды да. Осы уақытқа дейiн президент әкiмшiлiгiн басқарып, үкiмет басшылығында да болып үлгердi. Яғни, Путинмен салыстырғанда Медведев ел басқарудың белгiлi бiр мектебiнен өттi. Ал Путин президенттiң уақытша қызметiн атқарушы болып тағайындалғаннан жарты жыл бұрын ғана өмiрiнде бiрiншi рет үкiмет басшысы билiгiне отырған болатын. Медведев Путинге қарағанда демократ деген пiкiр бар, бiрақ Ресейдiң қазiргi тарихы көрсетiп отырғандай, орыс демократиясының классикалық Батыс демократиясынан айырмашылығы кейде аспан мен жердей. Бұл Медведевтiң экономикадағы мемлекеттiк басқаруды қолдайтындығынан-ақ көрiнедi. Ал, Медведев ұлттық мүддеге қайшы келмейтiн тұста демократ екендiгiне күмән жоқ, әрине.

Сонымен, Медведев – мемлекетшiл тұлға. Бұл – төртiншi байлам.

Соңғы сегiз жылда "құлдың жұмысын iстеген" Путин тақты талассыз босатты. Осының өзi Ресей үшiн алға жылжудың алғышарты iспеттi. Өйткенi, Медведев қанша жерден мықты саясаткер, көреген басшы болса да, Путин салған осы үлгiден аттап кете алмайды. Аурудың кесiрiнен амалсыз тақтан айрылған марқұм Ельциннен кейiн де Ресей мұндай демократиялық бағыт алмаған едi. Дұрыс бағытқа бетiн анық ендi бұрды.

Тағы бiр жайтқа назар аудара кету керек: Ресей мен Орта Азия басшыларының қарым-қатынасы жаңа пiшiн-мазмұнға көшуi мүмкiн. Горбачев–Ельцин тұсында "достар" аталып, Путин тұсында "әрiптес" болған аймақтық президенттер ендi 42 жастағы әлi ауызданбаған арланмен қалай тiл табысар екен?

ЖЕДЕЛ СҰХБАТ

Осыған орай, Ресейдiң белгiлi саясаттанушысы Глеб Павловскийдiң Медведев туралы пiкiрiн бiлудiң сәтi түстi.

ГЛЕБ ПАВЛОВСКИЙ:ҚОЖАЙЫН ЕМЕС, КӨШБАСШЫ КЕРЕК

– Осымен "Путиннiң заманы" аяқталды дей аламыз ба? Таққа жаңадан жайғасқан Медведев қандай саясаткер деп ойлайсыз?

– Менiңше, "Путин заманы аяқталды" деген бос сөз. Бiрақ Медведевтiң дәуiрi басталғаны да даусыз. Ендi ол қаншалықты тартымды болатындығы, өзiнiң мықты басшы екендiгiн қалай көрсете алатындығы Медведевтiң жеке басына байланысты. Президент үшiн ең қиын шаруа ант қабылдап, өз қызметiне кiрiскеннен кейiн басталады. Мысалы, Путин президент болғанда, сегiз жылдан соң қазiргiдей танымал болатындығын және осындай беделге ие болатындығына ешкiм кепiлдiк берген жоқ қой. "Қожайын" мен "көшбасшының" айрымашылығы да осы. Қожайын қожайын болып тұрғанда, оның билiгiне ешкiм қарсы шыға алмайды, беделiне күмән келтiре алмайды. Ал Путин көшбасшы ретiнде беделдi билiктiң арқасында емес, өз еңбегiмен жинады. Ендi билiктен кетсе де, беделден айрылып қаламын деп қорықпайды.

– Бiр кезде ешкiмге белгiсiз болған Путиндi билiкке әкелу үшiн оның имиджiн саяси технологтар қалыптастырды деп жатады…

– Путиннiң имиджiн саяси технологтар жасады деу – қателiк. Әрине, бiзге мұндай мақтау жағады. Бiрақ, менiңше, жұмыстың 90 пайызын Путиннiң өзi жасады. Оның ең мықты шахматтық жүрiстерi – жеке ойының жемiсi. Оны ешқандай саяси технолог ойдан шығара алмас едi.

– Ал Медведевтiң ел басқару қабiлетiн қалай бағалайсыз?

– Медведевтiң ел басқаруға деген қабiлетi өте жоғары. Бiрақ Путинмен салыстырғанда оның стилi, әдiс-тәсiлi басқаша болуы мүмкiн. Ендi ол миллиондаған адамдарды өз стилiне елiктiрiп әкетуi керек. Ол Путинге қарағанда қаталырақ көрiнедi, басқа буын өкiлi болғандықтан да, оның стилiнде қазiргi заманға сай, менеджерлiк сипат басым. Мұның бәрi ел басқарудың алғышарттары ғана. Одан әрi ол өзiн қалай көрсетедi – уақытқа байланысты.

Гүлбиғаш Омарова